Бекмұханбетова Жайнахан Омарханқызы

Рейтинг:

Білім беру саласының ардагері, 
«ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері

Ұстаздық жолындағы ұлы белес

      Ұстаз есімі қашан да құрметті. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де орны бөлек. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам ол – мұғалім. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандықты таңдаған кейіпкеріміз Жайнахан Омарханқызы жайында тарқатып әңгімелейтін боламыз.
      Жан дүниесіне үңіле қарасаңыз өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі бір жымиғанының өзі адамды шабыттандырып, керемет бір күйге бөлейді. Нағыз шебер ұстаз болу жолында бүкіл саналы ғұмырын, жарты ғасыр уақытын ыждағатты еңбекпен балаға деген сүйіспеншілікке арнады. Ағылшын ағартушысы Уильям Уордт: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», – дегеніндей, парасатты ұстаз осы жылдар ішінде талай шәкірттің жұлдызын жағып, қанатын қақтырды. Тәжірибелі мұғалімнен тәлім-тәрбие алған, ең бақытты шәкірттерінің көбі бүгінгі күні өз саласының мықты мамандары екені даусыз.
      Бекмұханбетова Жайнахан Омарханқызы ҚХР-да 1947 жылы дүниеге келіп, 7 сынып бітіріп, 1961 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Шалкөде ауылындағы Шалкөде орта мектебін (Киров орта мектебін) 1966 жылы бітірді. 1966 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының, физика-математика факультетінің математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша түсіп, 1970 жылы тәмәмдады. Еңбек жолын 1970 жылы Алматы облысы, Шелек ауданы, Қорам ауылындағы Қорам орта мектебіне математика пәні мұғалімі болып бастады. 1974-2009 жылдар аралығында 35 жыл директордың оқу-тарбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Зейнеткерлікке көпбалалы ана ретінде 1998 жылы 50 жасында шықса да әрі қарай 2013 жылға дейін 43 жыл аталған мектепте қызметін жалғастырды.
      Мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласты. Мектептер арасындағы спорттық көркем өнерпаздар жарыстарынан қалмай қатысып, әсіресе, волейбол, шахмат, дойбы ойындарынан жүлделі орындар алып келіп жүрді. Бос уақыт бола қалса өлең де жазып қоятын әдеті бар. Одан кейін де ауданның басқа мектептерінде математика пәні мұғалімі жетіспегендіктен, 2014-2017 жылдар аралығында Шалқар ауылындағы Құрөзек орта мектебінде математика, физика, сызу пәндерінен сабақ берді. 2018 жылы Қайрат ауылындағы Саттаров атындағы орта мектепте 1 жыл, 2019-2021 жылдар аралығында Ақши орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді.
      Елу жылға жуық еңбегінде өзінен білім, тәрбие алған небір ұлағатты, өнерлі, дана шәкірттері ел азаматтары атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде, шартарапта, тіпті, шет елдерде де әртүрлі қызметтер атқарып жүр. Атап айтқанда, Ахметов Руслан – Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі қызметкері. Садуақасов Қайрат – Парламент мәжілісінің депутаты. Белеков Алпысбай, Тойбеков Сәкен – Халық шаруашылығы институтында оқытушы. Шоқанов Серік, Батқалова Шолпан – заң қызметкерлері. Өз жолын қуалап мұғалімдік мамандықты оның ішінде математика, физика пәні мұғалімі болып жүргендер қаншама, Шолпанбаев Елтан, Батқалова Сәуле, Қасенов Бахтияр, Шебеков Берік. 
      Сондай-ақ, мектебінде «Алтын медаль» мен «Үздік аттестатқа» бітірген қаншама шәкірттерін мақтан тұтуға болады. Балғышева Бейбітгүл – химия ғылымының кандидаты, доцент. Батқалова Сәуле – математика пәні мұғалімі. Қиялова Жанат – мұғалім. Жанысова Құралай – мұғалім, мектеп директоры. Көдекова Майра, Көкібаева Сатина – мұғалімдер, Тастанов Мадияр – кәсіпкер. Жасабаев Ерік – заң қызметкері. Дана, Шұға, Толқын Зейнеғабыловалар – банк қызметкерлері. Қоңырова Гүлнар – Аграрлық университеттің оқытушысы. Искакова Мадина – медицина саласында қызметкер. Бибаева Меруерт – математика пәні мұғалімі.
      2004 жылдан бастап мектеп оқушылары үшін ҰБТ басталды. 2004-2009 жылдар аралығында ҰБТ-ға мектепішілік техникалық хатшы болып жұмыс атқарды. Әрбір жылғы ҰБТ тапсырушыларға қамқорлық жасай жүріп, математикадан көптеген шәкірттер дайындап отырды. ҰБТ көрсеткіштері жаман болған жоқ. 2009 жылы өзі оқытып, ҰБТ-ға қатысқан 27 оқушының 21-і «төрт» пен «бес» алып 75 % сапа берді, 80-110 балл жинақтады. 2011-2013 жылдарда үйден дайындаған 11 оқушының 9-ы 100-112 балл жинап жоғарғы оқу орнының грантына түсті. Үйде отырып та ҰБТ-ға дайындауды жалғастырып келеді.       Жылдар бойғы істеген еңбегі бағаланып, бірнеше мәрте аудандық, облыстық грамоталармен, ҚР оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1987 жылы Қазақстан мұғалімдерінің VI съезіне делегат, ауылдық советке депутат, аудан көлемінде бірнеше жыл медалисттердің жұмысын тексеруге қатысты.
      1989 жылы облыс мектептерін тексеру жөніндегі комиссиясының құрамында болды. Жолдасы Шебеков Мәлікпен 1971 жылы отбасын құрып, 53 жыл бірге өмір сүріп келеді. Ол осы Қорам ауылында мал дәрігерлік, зоотехник және мал шаруашылығы жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір зейнеткер. 4 ұл, бір қыз тәрбилеп өсірді. Осы тұста «Білім шырағы» газетіне жарияланған ҚР Журналистер одағының мүшесі Ш.Тұрсынханның жазған мақаласынан үзінді келтіре кетсек:
      ««Алып анадан туады» - дейді халық даналығы, Жайнаханның анасы Тоқтыхан көзі ашық, көкірегі ояу сексенде де қайрат күші сарқылмаған ерекше білімді кісі еді. Қазақ халқының басынан өткен тауқыметтерінің бірсыпырасы басынан кешті. Сексен жасында намазын оқи жүріп, ісмерлікпен айналысқан. Өмірден 86 жасында озды.
      Жайнаханның енесі Сәпен ана да ел-жұртына сыйлы, кең пейілді, еңбекқор, мейірбан жан болып кездесті. Мәлік пен Жайнахан жұмысқа кеткенде немерелеріне көбіне Сәпен ана қамқор болатын. Немерелерінің өрелі азамат боп ержетуіне әжелерінің қосқан үлесі мол. Сәпен ана 103-ке келіп қайтыс болды. Жары Мәлік үлкен отбасының асқар таудай сүйеніші. Жайнаханның ұстаздық жұмысының қиындығын түсініп, отбасында қолдау көрсетіп, балаларына бағыт-бағдар сілтеп отыратын адамгершілігі мол, алыс-жақыннан қолдан келген көмегін аямайтын жомарт жүрек жан».
      Отбасына келер болсақ, үлкен ұлы Берік – аталған мектепте математика-информатика пәні мұғалімі және 7-8 жылдай мектеп психологы қызметін атқарды. Келіні Алмагүл – осы ауылда балабақша меңгерушісі, 6 балалы отбасы. Екінші ұлы – Әділет, жеке шаруа қожалығы бар. Келіні Айгүл – осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі, 5 баласы, 4 немересі бар отбасы. Үшінші ұлы Марсель – күзет қызметкері. Келіні Жазира – аталған мектепте кіші қызметкер, 2 ұлы, бес немересі бар отбасы. Төртінші ұлы Мұрат – КазПидің физика-информатика факультетін бітірген, Алматы қаласында метро қызметкері. Келіні Гуля – үй шаруасында, 2 балалы отбасы. Қызы Динара – ҚазМУ-дің география факультетін бітірген, Абай облысы, Таскескен ауылында география пәні мұғалімі. Күйеу баласы Серікжан – жоғарғы білімді кәсіпкер, 3 қызы бар. Үлкен қызы медицина саласы қызметкері, күйеу баласы кәсіпкер. Жалпы 18 немере, 9 шөберелі бақытты ата мен әже атанып отыр.
      «Мұғалімдік мамандықты таңдау себебің не? – деген сұраққа былай жауап берер едім: адам өмірінде екі маңызды сәт бар екен. Біріншісі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау. Осы екі сәтте де дұрыс таңдағандаймын. Таңдауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өзімнің әкем Омархан мен анам Тоқтықан оқыған, көзі ашық жандар еді. Әкем ұзақ жылдар бойы математика пәні мұғалімі, мектеп директоры, ағарту бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. Әке жолын қуып үлкен ағам Әскерхан да, кіші інім Берікбол да математика пәні мұғалімі болды. Қаннан келген қасиет дерсің, математика пәнін сүйіп оқыдым, өте жақсы көрдім. Екіншіден, мектеп өмірінің балдай тәтті кезеңін бірге өткізіп аздап қиналған сәттерде демеу болған ардақты да аяулы ұстаздарымның көрсеткен үлгісі болды. Әрі сынып жетекшім, әрі алгебра, геометрия, тригонометрия пәндерінің қыр-сырын үйреткен Тұраров Байтұма ағайыма ұқсағым келуші еді. Ол кісі 2022 жылы 102 жасқа келіп өмірден өтті. Марқұмның жаны жәннәттің төрінде болсын. Міне, ұстаздыққа деген махаббаттым осылай басталды. Өміріме разымын», – дейді кейіпкеріміз.
      Бала жанына нұр сеуіп, санасына сәуле шашатын ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерек. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ең алдымен педагогтың біліктілігіне байланысты екені де белгілі. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»,- деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, мектептің мерейі мен баланың болашағы мұғалімнің қолында екендігі даусыз. Осындай жауапты істі арқалап, алтын уақытын ағарту ісіне арнап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындата білген ұлағатты ұстаздың еңбегін ешнәрсемен өлшей алмаспыз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...
15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...