Білім беру саласының ардагері, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі,
«ҚР Оқу ісінің үздігі» төсбелгісі және «Алтын алқа» иегері
Мейірім мен парасат иесі
Ұлағатты ұстаз Айшахан Қуанышбекқызы өмірінің қырық жылын бала жүрегін нұрға, сана-сезімін сәулеге бөлеп, ұрпақтың тағдырын ізгілікке бағыттауға сарп етті. Қырық жыл – аз уақыт емес. Қырық рет көктем келіп, шәкірттерін ұядан ұшырып, қырық рет күз келгенде жаңа буынға жол сілтеген. Әр жылғы жас жүректердің бал тілін байытып, балғын ойын ұштаған. Сабақ үстінде жай ғана әріп үйретпей, адам болуды үйреткен. Білімнің нұрын жағып қана қоймай, адамшылықтың шамын үрлеп жандырды.
Ұстаздың үйреткені – тек пән емес, айтқан әр сөзі – тәрбие, әр қадамы – өнеге. Балаға ата-ананың мейірімін, дананың парасатын, халықтың қазынасын қатар ұсынып, «Ұстаздан ғибрат алған ұл – елдің ұлы болады, қыз – елдің қызы болады» деген қағиданы өмірінің темірқазығы етті.
![]()
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, білімнің шамшырағы, аналық мейірімнің мәңгілік үлгісі, өмір жолы – ұлағаттың ұлы мектебі, қарапайымдылық пен парасаттың жарасым тапқан мәуелі бәйтерегі болған Қуанышбекова Айшахан Қуанышбекқызы 1941 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келді. Асқар тау әкесі Қуанышбек Солтиев – өз заманының сауатты, көзі ашық, рухани бай адамы болса, анасы Ақыш – қайратты, еш қиындыққа мойымайтын, жігерлі жан болған.
Әділдік пен адалдықты ту еткен отбасында тәлім алып, тағылым бесігінде тербеліп өскен Айшахан Қуанышбекқызы білім ордасының табалдырығын Қастек бастауыш мектебінде аттап, Амангелді ауылындағы жеті жылдық мектебінде, кейіннен жоғары сыныптарды Ұзынағаштағы Крупская мектебінде жалғастырып, үздіктер сапында тәмамдап шыққан соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің филология факультетінде жоғары білім алды.
Өзінің еңбек жолын Жамбыл атындағы орта мектепте аға пионер вожатый болып бастап, оқушылар жүрегін ізгілікке баулыған Айшахан Қуанышбекқызы кейіннен Қарасу ауылындағы Қарасу орта мектебінде 40 жылға жуық уақыт бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған дара тұлға. Жүрекке жол табатын ұлағатты ұстаз, шәкірт өмірін бағыттап, тағдырын айқындап берген ақылшы жан. Айшахан Қуанышбекқызының сабағы – білім берудің ғана емес, адамдықтың, ізгіліктің, ұлттық рухтың сабағы еді. Ол қазақтың сөз өнерін үйреткенде әр сөздің қасиетін, мақал-мәтелдің мәнін, қанатты сөздің қадірін ұғындырды. Қай тақырыпты өтсе де, оның астарына қазақы дүниетанымды, тәрбиелік мәнін қоса өрді. «Тіл – ұлттың жаны» деген ұлы ұғымды шәкірт жүрегіне қондырды.
![]()
Айшахан Қуанышбекқызының біліктілігі республика деңгейінде мойындалып, әзірлеген әдістемелік құралдары Мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі мектептерде қолданыс тапты. Ұстаз ретінде өз тәжірибесін өзгелерге үйреткен, шын мәніндегі әдіскер бола білген ұстаз жоғары санаттағы мұғалім деген атақты адал еңбегімен ақтаған, шәкірттің жүрегін баураған шебер педагог бола білді.
«Қазақстан Республикасы Оқу ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері ғана емес, адам жүрегінің құрметіне бөленген жан Айшахан Қуанышбекқызының алдынан білім алып шыққан талай шәкірт бүгінде ел тізгінін ұстаған азаматтар қатарында. Арасында жоғары оқу орындарының басшылары да, депутаттар да, қоғам мен мемлекет қайраткерлері де бар. Ұстазының «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ұстанымын жадында
![]()
сақтап, өмір жолында соны бағдар еткендер аз емес.
Сөзге жүйрік, ойға бай, қазақтың мақал-мәтелдері мен ғибратты ойларын оқып отыруды әдетке айналдырған, жүрген жерінде өнегелі сөз айтып, ақылын аямайтын, сөзі – майда, ойы – терең, жүрегі – мейірімге толы, жанынан шыққан жылы сөз – талай жанның жүрегіне шуағын төккен Айшахан Қуанышбекқызы тек ұлағатты ұстаз емес, нағыз ел анасы еді.
«Адамның бақыты – балада» деп бекер айтылмаған. «Маған ана бақытын сездірген, өмірімнің мәніне айналған ұл-қыздарым өрісімді кеңейтті, ортамды толтырды. Балаларым арқылы текті әулеттің тамыры тереңге жайылды. Олардың еңбекке араласуына, жан-жақты оқуына, талмай ізденістеріне қарап одан бетер мерейлене түсемін», – деп жиі айтушы еді.
Арқа сүйер азаматы, Жамбыл ауылында дүниеге келіп, кәсіптік-
![]()
техникалық білім беру училищесін, кейін Алматы малдәрігерлік институтын бітірген, партия қатарында болып, бірнеше мәрте ауылдық кеңес депутаты болып елге қызмет етіп, ерен еңбегі үшін медальдармен, алғыс хаттармен марапатталған Әбжан (Әбен) Қожамқұлов екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бойына ізгілік пен адалдықтың, еңбексүйгіштік пен инабаттылықтың дәнін еккен асыл ана. Тек өз ұрпағын ғана емес, төрт қайын сіңлісін де өз қызындай тәрбиелеп, оқытып, ұзатып, өз қолынан шығарып, үлкен өмірге қадам бастырды. Бұл – кең пейілдің, шексіз мейірімнің, адал жүректің ісі. Аналық еңбегі ел тарапынан да бағаланды. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Алтын алқалы ана» атанып, қазақ әйелінің мәртебесін асырды. Оның аналығы – ұлттың аманатына адалдықтың айғағы.
2015 жылы Мекке мен Мәдинаға барып, қасиетті жерлерді зиярат етуі – өмірінің рухани биігі еді. Бұл сапар оның жүрегіндегі имандылықтың, тазалықтың, Аллаға деген шынайы ықыластың көрінісі.
![]()
Сонымен қатар, жақсы сөздерді жадында сақтап, жүрген жерінде айтып отырады. Бұл сөздер жастарға ақыл қосып, бағыт-бағдар беруге көп көмегі тиеді.
Үйге қонақ шақырғанды, оларды күткенді жақсы көреді. «Қонақ күту – үлкен сауап. Қонақ өзімен бірге ырыс алып келеді. Барыңды қойып күтіңдер» деп ақыл-кеңесін жиі айтып отырады. Барлық балаларынан тараған немере, шөберелерінің жақсы қасиеттерін, жетістіктерін айтып мақтап, қолдап отырады.
«Қолдан келсе адамдардан көмек аямайық, көңілдерін қалдырмайық. Дүние жинамайық, ағайын-дос жинайық. Қалғанына Құдай жеткізер» деп бала-шағасының амандығын тілеп, адамдарға қол ұшын беріп, қаншама адамдардан алғыс-бата алып, қайырымды іс тындырғанын есептеген жоқ. Әлі де біреуге жақсылық жасағысы, біреуді қуантқысы, өзі де олармен қуанғысы келіп тұратын жан көп жылғы
![]()
еңбегінің рахатын көрді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Айшахан мен Әбжанның шаңырағында 3 қыз, 4 ұлдан 18 немере, 14 шөбере дүниеге келді. Аллаға шүкір, балаларының бәрі жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етіп келеді.
Жақсы жан туралы айтылар сөз де мағыналы, ықылас та ыстық, естелік те сағынышқа толы болады емес пе, өзі өмірден өтсе де артына өшпес із, өлмес іс қалдырып кеткен кейіпкеріміз туралы айтылған мына бір жазбаға кезек берсек.
– Аллаға шүкір, балаларымның бәрі жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етіп келеді. Мен үнемі: «Бар байлығым – балаларым» деп келемін. Ұл-қыздарымның өмірден өз орнын тауып, уақыт талабына сай еңбек етіп, абыройға бөленіп жүргені мені әрдайым қуанышқа бөлейді. Алладан тек олардың амандығын тілеп келемін, – дейді ол. «Құдайға шүкір, жаман ат естіртпедіңдер. Ризашылығым шексіз. Өздеріңе де балаларың
![]()
бақыт әкелсін», – деп әрдайым тілегін айтып отыратын.
Оның келіндеріне деген көңілі ерекше: «Ұрпағымызды көбейтіп, үйімізді баланың күлкісіне толтырған, өзіме тірек болған, балаларыма адал жар, сенімді серік болған келіндеріме өте ризамын», – деп жүрекжарды пікірін айтып отыр-ды. Бойындағы көрегенділік, сабырлылық, мейірімділік сынды қасиеттерімен Қожамқұловтар отбасының береке-бірлігін асыруға бар үлесін қосып, бір әулеттің ақылшы анасына айналған Айшахан Қуанышбекқызы 2025 жылы 4 сәуірде 85-ке қараған жасында өмірден өтті. Туған туысы, келін боп келген әулеті, артында қалған ұрпақтары асыл ананың аруағына мәңгілік бас иеді. Анамыз оқытқан шәкірттері ақ және қызыл түсті раушан гүл шоқтарын зиратына апарып, мәңгілікке қоштасты.
Шәкірт үшін ұстаз есімі мәңгілік емес пе?! – дейді шәкірттері ана тұлғасына, ұстаз болмысына бас иіп.
Ұрпақтың жүрегінде мәңгі өшпес із қалдырған ұстаз, сөзімен де, ісімен де, жүрегімен де елге өнеге болған ана Айшахан Қуанышбекқызының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға ете отырып, шағын мақаламызды тәмамдаймыз.
![]()
![]()
![]()