Абуов Закария Шүкірбекұлы

Рейтинг:

Білім беру саласының ардагері, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері 

Ұстаздық – ұлы қасиет 

      Қараңғы қазақ көгіне, 
      Өрмелеп шығып, күн болам! 
      Қараңғылықтың көгіне, 
      Күн болмағанда, кім болам?
– деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып кеткендей, бүгінгі күні тәуелсіз Қазақ елінің білімінің дамуына өзіндік сүрлеуін салып кеткен, білім мен ғылым алаңында табан ізін қалдырған, жатып алып жазсаң да, жарқыраған бейнесін толық аша алмайтын, қазақ елінің, жұртының ағарту ісінде өзіндік ізін қалдырып кеткен ұлы тұлғалар, ұстаздар, педагогтар әулетінің ізі бүгін де сайрап жатыр. 
      Біздің бүгінгі мақаламызға да арқау болып отырған кейіпкеріміз Әбуов Закария Шүкірбекұлы да сол бір атаның тектілігін бойына сіңіріп өскен, тәлімінде тәрбие жатқан парасатты тұлға.
      Тектінің тұяғы, алтынның сынығы Закария Шүкірбекұлы 1947 жылы 24 тамызда Ақмола (қазіргі Астана қаласы) қаласында қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келді. Руы Арғын-Тінәлі-Қожақұл. Қазақ елінің тарихында екі-ақ адамға «Паң» атағы берілген. Сол адамның бірі Жантелі паң жетінші атасы болады. 
      Әкесі Әбуов Шүкірбек Әбуұлы – кірпіш зауытында қызмет еткен, Ұлы Отан соғысының ардагері. Шүкірбек әкесінің қолында депортацияға ұшыраған Ингуш-Шешен халқының екі отбасысы тұрған. Солардың балаларымен ойнап өсіп, ингуш-шешен тілдерін де меңгерген. 
      Ол жан-жақты адам болған. Ақмола қаласының Теміржолшылар сарайында Спорттық гимнастика үйірмесіне қатысып, бірінші разрядты гимнаст санатын орындаған. Және ұлттық билер үйірмесіне қатысқан. Кеңес үкіметінің 15 республикасының ұлттық билерін жақсы орындап, постановкасын жасай білген. Соның ішінде хорға тұрақты түрде қатысқан. Бұдан басқа стол теннисі, волейбол ойындарын да жетік меңгерген. Бірнеше музыкалық аспаптарда – домбыра, баян, аккордеон сияқты – ойнаған. Ақмола қаласының №62 қазақ орта мектебінде бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін оқып, білім алған. Өзі оқыған мектептің ұлт аспаптар оркестріне қатысқан. Қазақтың әйгілі күйлері мен дәстүрлі әндерін домбырамен тамаша орындаған. 
      Анасы Досанова Қадиша Жалмағанбетқызы – үй шаруасында болған. Анасы 17 құрсақ көтерген, барлығы ер балалар болған. 17 ұлдың ішінде кенже баласы болған. Алдыңғы ағалары түрлі себептермен шетінеп, 4 ұл аман қалған. Ата-анасы жақсылыққа жорып, 17-ші кенже ұлына Пайғамбардың Закария атын берген.
      Шәкіртке тек сабақ үйретіп қана қоймай, өнегелі өмір сүруге бағыттайтын адами қасиеттерді де бойына сіңіріп, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болған ұлағатты ұстаздарымыздың бірі Закария Шүкірбекұлы мектепті өзінің екінші үйі санаған. Аламанға арналған тұлпардың құлын кезінде бөлек болатыны секілді, бала кезінен спортқа бір табан жақын болып өскен ол мектеп қабырғасында жүрген кезде де, сабақтан тыс уақытын көбіне жақсы көретін ісіне арнайтын. Білімді жас білімге өте құштар болып өсіп, өздігінен ізденіп, кітап оқығанды жаны жақсы көрді.
      Табиғаты тамаша өңірде ойнап-күліп, алдынан кесе өтпеген ауыл ақсақалдарының батасын алып, алғыс айтқандарына риза болатын. «Батаменен ел көгерер» деген сөзді тәлім етіп алған ата-ананың перзенті емес пе, кішкентайынан үлкенді сыйлауды, құрметтеуді ана сүтімен бойына сіңірген. Талай ұлыларды қияға аттандырған іргелі білім ордасын 1966 жылы мектепті аяқтап шығады. Одан әрі Мәскеу облысының Одинцово ауданындағы №11281-Б Әуе-қорғаныс күштері әскери бөлімшесінде әскери борышын атқарып, әскер қатарында жүріп, 1967 жылы Ұлы Жеңістің 22 жылдығына арналған Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен парадқа қатысқан. 
      1969 жылдың жаз айларының басында Қорғалжын ауданы Шалқар ауылында тұратын, мұғалім болып жұмыс істейтін жиен ағасы Қабылхан Құрманұлының үйіне барып, сол ауылдың шөп шабу науқанына қатысады. Сол уақыт аралығында Қорғалжын ауданаралық көркемөнерпаздар байқауы өтіп, өзінің жан-жақты өнерімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп сол жылы тамыз айында мектеп ұжымына кіруге ұсыныс алады. Сөйтіп ұстаздық еңбек жолын 1969 жылы Қорғалжын ауданы Шалқар ауылындағы В.В.Куйбышев атындағы орта мектебінде бастауыш әскери дайындық пәні және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 
      Кішкентайынан алғыр, ойы ұшқыр, ширақ қимылды Закария Шүкірбекұлы еңбек ету барысында да осы бір қабілеті мен қасиеттерінен танбады. Жаңа ортаның өмірі, мерекелік іс-шараларында да ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Белсенді жас қай ортада да беделге ие болатыны секілді, өзінің ашықтығы, аңқылдақтығы, пысықтығы мен пейілінің тазалығының арқасында өз ортасында әрқашан сыйлы бола білді.
      Сол мектепте жұмыс атқарып жүріп, білімі мен іскерлігі бағаланып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындалды. Ол мектептегі, кеңшардағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, басқаларға үлгі бола білді. Күз кезінде комбайн жүргізіп егін оруға, жаз айында ауылдың шөп шабу жұмыстарына, сонымен қатар сақманға да қатысатын. 
      Ауылдың көркем өнерпаздар үйірмелеріне, спорттық жарыстарына қатысып, басқаларға өнеге бола білді. Кез келген жағдайда ауылдастарына, достарына көмектесуге әрқашан дайын тұратын. Қарағанды мемлекеттік университетінің педагогикалық бөлімінің биология мамандығы бойынша 1976 жылы оқуын аяқтады.
      Теңіз ауданына өмірлік ұстазы аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғалиев Балғабек Нұрғалиұлының шақыруымен келеді. 1979 жылы Теңіз ауданының орталығы Баршында Білім бөлімінің инспекторы болып қабылдануына байланысты сол аудан орталығына отбасымен көшіп барды. 1980 жылы Баршын аудан орталығында жаңа мектеп ашылуына орай оның мектеп директоры қызметіне тағайындады. Жаңа мектептің толық материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуіне тікелей атсалысып, басқарды. 
      Жалпы педагогикалық салада ұстаздықтан бастап, басшылық қызметке дейін көтерілген Закария Шүкірбекұлы ел сыйлайтын азамат, шәкірттердің құрметіне бөленген ұстаз, ұжым арасында беделді басшыға айналды. 
      «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, 
      Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. 
      Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

      Ұстаз болу – адамның асылдығы», – деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұстаздық ете білу үшін де үлкен жүрек, күн шуағынан да жылы мейірім мен темірдей төзім, тас басса да қалыңдығы жұқармайтын табандылық керек. Кітапта жазылған сабақты оқушыға айту оңай, ал оқушының түсінгендігін «иә» деген сөзі емес, жүзіндегі алабұртқан сезімі айтады. Сол бір дәрежеге жете білу үшін де ұстазға көптеген жұмыстар атқару керек. Оқушының қоршаған ортамен еркін байланыс орнатып, өзін-өзі дамытуға, достары арасында белсенді болып, әрдайым сабаққа, өмірге, ұстаздарына деген жаңа көзқарас қалыптастыратын айтары мен берер тағылымы ерекше сала. Кейіпкеріміз де тың саланы танып білуге білегін түре кірісіп, беделді ұстазға айналды. 
      1983 жылы Теңіз ауданында Құланөтпес ауылында қазақ орта мектебі ашылып, сол мектепке директор болып тағайындалды. Ол мектепті де оқу процесіне қажетті жабдықтармен толық қамтыды. Жаңа ұжыммен жемісті жұмысын бастап кетті. Мектеп жанынан Құланөтпес ауылына қарасты Ақтүбек, Нығыман, Отарбай бөлімшелерінің оқушылары үшін интернат ашылды. Жаңа мектепке жұмысқа келген жас мамандарға қамқоршы, тәлімгер бола білді. 
      Білім беру саласында 30 жыл шамасында қызмет атқарып, Теңіз ауданының Білім бөлімінің басшысы лауазымына дейін жоғарылады. Педагогикалық салада қызмет еткен жылдары Закария Шүкірбекұлы түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, 1995 жылы Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін ҚР Білім министрлігінің «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 
      Міне, жауынгерлік қызметте де үздік шығып, ағарту саласында да ауыз толтыра айтарлықтай істерді атқарған, «ұғамын» деген талай қыранның қанатын қағдарған, «шабамын» деген жігітке ат берген Закария Шүкірбекұлы отбасында да арқа сүйер азамат, асқар тау әке бола білді.
      Жары Хамзина Қаншай Жақияқызы – Түрксіб теміржол құрылысына қатысқан Жақия Хамзеұлының кенже қызы, Көкше өңірінің бұрымдысы, білім беру саласына еңбегі сіңген жан. Ол орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша дәріс берген, 1986 жылдың 20 тамызында 
      КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «За трудовое отличие» медалімен марапатталған. Екеуі үш қыз, бір ұл сүйіп, төрт баласынан 17 немере, 10 шөбере сүйді. 
      Закария Шүкірбекұлы зейнетке шығар алдында Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Арнайы бағдарламалардың ғылыми-әдістемелік орталығында» бас сарапшы лауазымында қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шыққан. 
      Зейнетке шыққан соң отбасылық өмірге көп көңіл бөлді, немерелерінің тәрбиесіне қатысты. Атасының жолын қайталасын деген ниетпен тұңғыш немересі Мақсатты спорттық гимнастика үйірмесіне жазып, үйірмеге өзі апарып, өзі алып келіп жүрді. 
      Ағарту саласында еңбек ете жүріп, қалам тербеп шығармашылықпен де айналысқан Закария Шүкірбекұлының тұңғыш немересі Мақсат бесікте жатқанда арнаған қуанышты өлең жолдарына кезек берсек:
      «...Үлбіреген, желбіреген гүлдейсің, 
      Таңда оятар сәуледейсің, күндейсің! 
      Иіскесем бойым балқып, маужырап, 
      Тыныштатып сыйқыр, тылсым түндейсің! 
      Жұлдыз балам, Күнім балам, Ай балам! 
      Әдемісің, Әлемімсің жайнаған! 
      Тағдыр сені сыйлағалы жанымда, 
      Көлеңке жоқ, Тек аппақ нұр айналам!»... 

      Баламен жұмыс жасау – өте нәзік іс. Жас шыбықты қалай бағыттасаң, солай өсетіні секілді, мектеп партасына шынтағы тиген әрбір шәкірт үшін де ұстазының тәжірибелі, білімді болғаны маңызды. Сол кезде ғана ол білім айдынында еркін жүзіп, қоғамдық өзгерістерді де оң тарапынан қабылдап, қандай ортада да белсенді болады. Осындай, баланың адам болып қалыптасу жолында, қоғаммен біте қайнасып кету жолында еңбек ете білген Закария Шүкірбекұлы 2024 жылдың 4 қарашасында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Ұлағатты ұстазға мектеп оқушыларының, шарапаты мен шапағатын көрген шәкірттерінің айтар алғысы шексіз! Оның есімі мен еңбегі тарих беттерінде мәңгілікке алтын әріптермен жазылып қалары хақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...
7 мая 2026 13:03
Айым
Сәлеметсіз бе сізге көрінейін деп едім ...