Білім беру саласының ардагері, Үржар ауданының Құрметті азаматы,
«Абырой» медалінің иегері
Қалдырған ізін мәңгілік...
Өмір – адам мен уақыттың арасындағы үнсіз әңгіме. Кейбір ғұмырлар сол әңгімені естіртпей өтсе, енді біреулердің өмірі тұтас ұрпаққа сабақ, халықтың жадында қалған шежіреге айналады. Солардың бірі – Юсбеков Сләм Юсбекұлы. Оның өмір жолы – тағдырлы тарихтың, мағыналы ғұмырдың, адал еңбектің көрінісі. Ол қарапайым ауыл баласынан ел құрметіне бөленген ұстаз, қоғам қайраткері, еңбек майданының майталманына дейін өсті. Оның ғұмыры арқылы бір ғана адамның емес, тұтас дәуірдің тынысын сезуге болады.
![]()
Семейдің сайын даласы, Тарбағатайдың етегіндегі Қызыл Жұлдыз ауылы... Осы қасиетті топырақтан талай арда азамат түлеп ұшты. Солардың бірі – Сләм аға. Ол балалық шағын соғыс көлеңкесінде өткізіп, жоқшылық пен жетімсіздіктің ортасында жүріп те өмірге құштарлығын, адамдық қасиетін жоғалтпады. Сол кезеңнің әр сәті – төзім мен тағдырдың сынағы. Бірақ дәл осындай қиын шақтарда туған ұрпақтың жүрегіне еңбек пен елге адалдықтың дәні егілді. Сләм Юсбекұлының өмірі – қазақ ауылындағы қарапайым еңбектің, ұлттық рух пен отбасылық тәрбиенің шынайы көрінісі. Ол өз тағдырын туған жермен, өз қуанышын халықтың қуанышымен байланыстырды. Қай жерде жүрсе де, ауылдың иісін, ананың сөзін, елдің амандығын ұмытқан жоқ. Өмірдің ауыр сәтінде де мойымаған, еңбекті қадірлеп, ел үшін еңбек етуді басты борыш санаған жанның ғұмыры – ұлт рухының айнасы. Сондықтан да бұл туынды жай ғана өмірбаян емес, бүтін бір дәуірдің куәгерін, ел еңсесін көтерген қарапайым азаматтың өмір жолын баяндайтын көркем очерк. Сләм Юсбекұлының өмірі – ар мен адалдықтың, еңбек пен парасаттың, сабыр мен сенімнің тоғысқан тұсы. Ол артында сөз қалдырған жоқ – іс қалдырды, атақ қалдырған жоқ – халықтың ризашылығын қалдырды. Уақыт өте адам есімі ұмытылуы мүмкін, бірақ оның өнегесі мәңгі сақталады.
Адамның туған жері – оның мәңгілік мекені. Сол мекеннің иісі, самалы, топырағы – өмір бойы бойға сіңіп, жүректе сақталып қалатын ең қастерлі дүние. Сләм Юсбекұлының да ғұмырының бастауы – Семей өңірінің Тарбағатай
![]()
тауының баурайындағы Қызыл Жұлдыз ауылы (бұрынғы аты – Жұмыршақ). Бұл мекеннің табиғаты да, тағдыры да ерекше. Топырағы қоңыр, суы мөлдір, адамдары еңбекқор, сөзі мен ісі тұтас. Сол мекенде 1939 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген бір нәресте кейіннен ауылдың, өңірдің ғана емес, бүтін бір ұрпақтың рухани тірегіне айналарын сол кезде ешкім сезген жоқ. Сол жылдар – ел үшін ең ауыр, ең күрделі кезең еді. Қазақ халқы енді еңсесін тіктей бергенде, 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Ел қайтадан соғыс дауылының ортасында қалды. Әр шаңырақтың шамы күңгірт тартқан, әр ананың жүрегі қорқыныш пен үміттің ортасында соққан шақ.
Қызыл Жұлдыз ауылындағы Юсбек әулетінің де тағдыры сол соғыстың салмағынан тыс қалмады. Бұл әулеттен үш бірдей боздақ – Сләмнің әкесі Юсбек, оның ағасы Ахмет және інісі Іскендір бір үйден аттанып, ел қорғауға кеткен еді. Бір үйден үш бірдей ердің кетуі – бір әулетке ғана емес, бүтін ауылдың жүрегіне түскен жара болатын. Бірақ елдік намыс, азаматтық борыш бәрінен биік тұрды.
Сол үш азаматтың ішінде үлкені – Ахмет. 1903 жылы туған, жастайынан еңбекке араласып, бригадир, есепші, кейіннен «Красное горное орлы» колхозының басқармасы болған қайратты жан. Ахметтің ауылда қалған жылдары
![]()
да ерлікпен тең еді: соғыстағы сарбаздарға азық-түлік, киім-кешек, жылы заттар даярлап, колхоз жұмысын тоқтатпай, тылдағы майданды ұстап тұрған әйелдер мен бозбалаларды ұйымдастырған. Сол кездегі ауыл өмірі – адам төзгісіз еңбектің көрінісі: әйелдер соқа айдап, қыздар масақ теріп, бозбалалар астық тасыған. Күндіз жер жыртып, түнде пілте шамның жарығымен шұлық тоқып, құрт қайнатып, май шайқаған. Бірақ уақыт пен тағдыр олардың еңбегін аямады. 1942 жылы Ахмет те майданға шақырылып, бір жылдан соң, 1943 жылы «Абылханов Ахмет хабар-ошарсыз кетті» деген қаралы қағаз келді. Бұл хабар ауылдың да, әулеттің де үмітін өшіргендей болды. Алайда тағдырдың сынағы мұнымен бітпеген еді.
Сләмнің әкесі – Юсбек те ел арасында еңбекқор, пысық, техникаға жақын, елгезек азамат болатын. Благодарное ауылындағы механизаторлық курсты тәмамдап, 1937 жылы ауылдағы алғашқы темір доңғалақты тракторды жүргізген. Сол заман үшін бұл – нағыз ерлік. Ол тек темір тұлпар тізгіндеген емес, ауылға жаңа өмірдің, жаңа дәуірдің тынысын әкелген жан еді. Ресейден велосипед, патефон, пілте шам, сүт тартатын машина секілді сол кезде таңсық болған құралдарды алдыртып, ауыл адамдарының тұрмысын жеңілдеткен.
Сол сүт тартатын машина соғыс жылдары елдің тіршілігіне талай көмек болды. Жұрт сүтін кезекпен әкеліп
![]()
тартқызады, ал Юсбек пен жары Нұрғайша әрбір көршісіне көмектесуді өз парызы санады. Осындай кеңпейіл, елгезек, өмірге бейім жандарды халық «жақсының ұлы жақсы болады» деп айтпай ма? Сол Юсбек – Сләмнің әкесі. Бірақ 1941 жылдың 12 желтоқсанында ол да Мақаншы аудандық комиссариатының шақыруымен майданға аттанып кетті. Кетерде Нұрғайша ананың екі ұлының маңдайынан сүйіп тұрып: «Ел аман болсын, балаларымның көз жасы тегін кетпесін», – деген екен. 1942 жылы көктемде Юсбектен соңғы хат келді. Ішінде өзінің майдан даласында түскен суреті бар. Хатта: «Ақпан айында жараланып, Қазан қаласындағы госпитальдамын. Еш алаңдамаңдар, балалар аман болсын. Қазір сауығып қалдым, жақында қайта аттанамын...» – деп жазылған. Сол хат – соңғы белгі еді. Артынан 1943 жылы «Абылханов Юсбек хабар-ошарсыз кетті» деген суық қағаз келді.
Ал кенже інісі Іскендір де сол жылдың соңында майданға кетті де, бір айдан соң хабарсыз жоғалды деген мәлімдеме келді. Осылайша бір үйден үш ұл бірінен соң бірі кетті де, үшеуінен де қара қағаз жетті. Ел үшін құрбан болған сол азаматтардың есімін Сләм аға мен оның ұрпақтары бүгінге дейін қадірлеп, жүрек төрінде сақтап келеді. Кейін Сләмнің кенже ұлы Телжан Ресейдің Калинин облысындағы «Братская могила» ескерткішінен Іскендірдің есімін тауып, рухына тағзым еткен.
Сләмнің анасы – Нұрғайша Іргебайқызы. Қазақ әйелінің мейірімі мен төзімінің, адалдығы мен ерлігінің символындай жан еді. 1915 жылы осы Жұмыршақ ауылында туған. Соғыс жылдарында колхоздың бар ауыртпалығы әйелдердің мойнында болды. Нұрғайша апа күндіз егісте, түнде үйде: май шайқап, ірімшік қайнатып, балалардың киімін тігіп, өгіз айдап, жер жыртып, тезек құйған. Киіз басып, қомша жасап, тері илеп, тон тіккен. Ел басына түскен ауыртпалыққа мойымады, керісінше сол ауыр күндердің өзінен үміт іздеді.
Ана еңбегінің қадірін Сләм аға бала кезінен бойына сіңірді. Кейін өзі өмір бойы еңбекке адал, қарапайым, ел үшін тер төккен азамат болып қалыптасқанының түп төркіні – сол ана тәрбиесінде жатты. Сол бір ауыр жылдардан кейін ел де, жер де есін жиды. Бірақ соғыс салған жара ұзақ жазылмады. Көп ананың үміті үзілген, көп баланың әкесі оралмаған. Ал Сләм үшін әкесінің бейнесі өмір бойы бағыт берген шамшырақтай еді. «Адал бол, еңбек ет, елге пайдаң тисін» – деген үнсіз аманат оның жүрегінде мәңгі қалып қойды.
Туған жердің топырағы мен ата-ананың тәрбиесі – адам өмірінің қос қанаты. Сләм Юсбекұлы сол екі құндылықты бойына тең ұялатқан азамат еді. Ол туған ауылына, сол ауылдағы әр төбе мен бұлаққа, әр адамға тағзым етіп өтті. Туған жерін – өзінің алғашқы мектебі, ал ата-анасын – өмірлік ұстазы санады.
![]()
Балалық шақ... Көпшілік үшін ол бейқам ойын мен қуанышқа толы уақыт секілді көрінер. Ал соғыстан кейінгі ауыл балалары үшін ол – өмірдің ең қатал сабағы, ең алғашқы еңбек мектебі еді. Сләм Юсбекұлының балалық шағы дәл осындай ауыр, бірақ рухани бай кезеңге тап келді.
1946 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың қара бұлты жаңа ғана сейіліп, ел еңсесін тіктей бастаған уақыт. Тарбағатайдың баурайындағы Қызыл Жұлдыз ауылында екі бөлмелі, саманнан соғылған, төбесі қамыспен жабылған, іші лаймен сыланған шағын мектеп тұрды. Сол мектептің табалдырығын Сләм атты жеті жасар бала алғаш рет аттады. Ол үшін бұл ғимарат жай ғана мектеп емес, арман мен үміттің есігі еді.
Алғаш әріп танытқан ұстазы – Ұлы Отан соғысының ардагері Ұран ақсақал. Жанары отты, сөзі өткір, бірақ жүрегі баладай мейірімді кісі. Ол Сләмге қарап жиі: – Әй, Іскендір, тақтаға шық! – деп шақыратын. Кейін белгілі болды, ұстазы оны соғыста хабарсыз кеткен ағасы Іскендірге ұқсатып айтады екен. Бала Сләм мұны жүрегімен сезіп, сол сәттен бастап өзін ағасының жолын жалғаушы сезінді.
![]()
Бала болса да, тұрмыс пен тағдыр оны ерте есейтті. Сегіз жасқа толған шағында-ақ еңбекке араласты. Келдімұрат өзенінің бойындағы шөп шабу науқаны кезінде, ауылдың су бөлімінде жұмыс істейтін Рамазан ақсақал оны өзіне көмекші қылып алады. Қолына тізгін ұстатқан – өгізге жегілген шөп шабатын мәшине. Бала Сләм атқа мінген сайын өзінен үлкен әлеммен бетпе-бет келетін. Бір ай бойы еңбек етіп, еңбегі үшін бір арба шөп алған күні оның қуанышы шексіз болды. Сол сәт – балалықтың тәтті естелігі ғана емес, еңбектің қадірін алғаш түсінген күн еді.
Соғыстың салдары ауыл өміріне әлі де салқынын тигізіп тұрды. Киім тапшы, нан аз, тіршілік ауыр. Бірақ адамдардың бір-біріне деген мейірімі, көмектесуге әзір пейілі мол еді. Бірінің бидайын бірі бөліп жейді, барын ортаға салады. Сләм секілді балалар жаз бойы жалаңаяқ жүрсе де, жүздерінен үміт оты сөнбейтін. Қиындық оларды қажытқан жоқ, қайта шыңдады.
Мектептен бос уақытта ауыл балалары егістіктегі тары мен бидай масақтарын жинайтын. Бір уыс дән табудың өзі сол кезде үлкен олжа. Кешке қарай жиналған масақты ұнтақтап, сабан арасына жасырып әкелетін. «Бригадир көріп
![]()
қоймасын» – деп жымиып, балалықпен бірін-бірі қуалап қашатын. Бірақ бұл қулық емес, өмірдің заңы еді. Сол масақ – ананың дастарқанындағы бір тілім нанның кепілі болатын. Жаздың аптап күндері ауыл үстін тезек иісі мен қайнап жатқан құрттың хош иісі аралас самал жел көмкеретін. Әр үйде тезек құю – үлкен дәстүр. Күн белгіленіп, бүкіл көрші-қолаң жиналып, бірінің үйіне бірі көмектесетін. Бұл – ауыл өмірінің нағыз бірлігін көрсететін көрініс еді. Сол кездің балалары үшін «асар» деген ұғым – ең алғашқы мектеп, ең алғашқы тәрбие ошағы болатын.
Сләм мектептен қолы босағанда тезек құюға, малға шөп тасуға, анасына көмектесуге асығатын. Ал кешке ауылдың үлкендері бас қосып, ескі патефонның үніне елтіп, соғыстан аман оралғандарды еске алатын. Бірінің күйігін бірі жеңілдетіп, үмітке сүйеніп өмір сүрді. Сол үміт – соғыстан кейінгі халықтың ең басты тірегі еді.
1950 жылы ауылдағы төрт жылдық мектепті аяқтаған соң, Сләм Үржар ауылына оқуға барады. Бұл оның туған ауылдан алғаш ұзап шығуы, жаңа өмірге қадам басуы еді. Аяғында ескі бәтеңке, қолында қағаз сөмке – бірақ жүрегінде үміт пен сенім. Қаланың жарығы, мектептің жаңа тәртібі, мұғалімдердің талабына бейімделу – бәрі оған сынақтай көрінсе де, Сләм қайыспады. Өйткені ол ауылдан өмір мектебін оқып келгенеді.
![]()
Үржардағы оқу жылдары оның көкірек көзін ашты. Тері илеп, аяқ киім тігіп үйренді, еңбек пен білімді ұштастырды. Сол кездің техникасына, механикасына деген қызығушылығы кейінгі мамандық таңдауына да әсер етті. Өмірдің әр сабағы оның қолынан іс, жүрегінен мейірім шығарды. 1955 жылы мектепте оқып жүріп, Кировка ауылындағы шағын су электр станциясында машинист болып еңбек етті. Бұл – жас жігіт үшін үлкен жауапкершілік еді. Түн ұйқысын төрт бөліп, ауылға жарық беріп, істің қадірін сол кезде түсінді.
Ал 1956 жылы он жылдық мектепті тәмамдар алдында өмірінде ерекше бір оқиға болды. Құда жолдас арқылы апайы Рәштің тұрмысқа шығу мәселесінде оған арнайы елші келеді. Ол кезде дәстүр қатал, тәртіп жоғары. Анасынан гөрі үйдің еркегі деп Сләмнен рұқсат сұраған. Анасы Нұрғайша: – Үйдің ері – Сләм, оның батасы болмаса болмайды, – деген екен. Бұл – қазақы тәрбие мен үлкенді құрметтеудің, ер азаматтың абыройын биік қоюдың көрінісі. Сол дәстүрдің дәні Сләм ағаның бүкіл болмысына сіңді.
1958 жылы мектепті үздік тәмамдаған Сләм Юсбекұлы Алматы техникалық байланыс училищесіне оқуға түседі. Бұл – ауыл баласының өміріндегі үлкен белес. Төскейдегі шағын ауылдан елдің ірі шаһарына келіп, жаңа білім, жаңа өмір жолын бастаған сәт. Бірақ ол өз тегін, шыққан жерін, ата-анасының еңбегін ешқашан ұмытқан емес. «Қайда жүрсем де, ауылдың топырағын сағынамын» – дейтін.
![]()
Сөйтіп, соғыстың көлеңкесінен туған ұрпақ енді елдің болашағына айналып, жаңа дәуірдің іргесін қалауға кірісті. Сләм ағаның да білімге жол ашқан алғашқы қадамы – дәл осы жылдар еді. Ол үшін оқу – жай ғана білім емес, өмірді жарыққа шығаратын шамшырақ болды.
Адамның өмір жолы кейде тағдырдың салған ізімен, кейде өз жүрегінің соғуымен өріледі. Ал Сләм Юсбекұлының ғұмыр жолына қарасаңыз, бұл екі өрімнің тоғысында туған бір ғана құдіретті сөзді көресіз – еңбек. Ол өмір бойы еңбек етті. Бірақ жай ғана қол еңбегі емес – арлы, адал, елге бағытталған мағыналы еңбек. Адамды биіктететін де, ұлттың ұлы болмысын сақтайтын да – сол қасиет.
1958 жылы Алматы техникалық байланыс училищесін тәмамдаған жас Сләм туған ауылдың қара топырағынан алыстап, үлкен өмірге қадам басты. Сол жылы-ақ Павлодар қаласындағы радиобайланыс жүйесін монтаждау басқармасына техник болып орналасады. Қаладағы алғашқы күндер... Түнгі жарығы мен темірдің сартылы, электрдің иісі
![]()
мен адамдардың қарбаласы – бәрі де оған жаңа дүние еді. Бірақ ауылдан келген жігіт бір сәт те тосылып қалмады. Жаңаны үйренуге, заман талабына сай болуға ұмтылды. Әр істі ұқыппен жасап, сымның да, адамның да мінезін ұғуға тырысты. “Байланыс орнату – тек техника емес, ол адамдарды, ауыл мен қаланы, ел мен елді жақындату”, – деп түсінді ол кейін шәкірттеріне. Ол кез – ел еңсесін енді тіктеп, өндіріс пен ауыл шаруашылығы қатар өрлеген кезең. Жастардың арманы – еңбек ету, еліне пайда тигізу. Сләм де сол ұрпақтың өкілі еді.
1961 жылы көктемде ол Совет армиясының қатарына шақырылды. Тағдыр оны Нахичивань жеріне, Кавказдың етегіне алып барды. Туған жерден жырақта өткізген үш жыл оның болмысына жаңа темірдей шыныққан сипат берді. Әскер – тәртіп пен төзімнің мектебі. Сләм үшін бұл өмір сабағының келесі парағы
![]()
болды. Күнделікті жаттығу, қатаң тәртіп, алыс жердің сағынышы – бәрі оның ішкі әлемін шыңдады. Ол бірде хатында: “Мұнда күн сайын өзіңмен өзің күресесің. Бірақ ең қиыны – анаңның даусын естімей, ауылдың иісін сезбеу екен”, – деп жазған екен. Үш жыл өткен соң, 1964 жылы туған жердің самалына қайта оралды. Бірақ бұл жолы ол бұрынғы бала Сләм емес, өмірді таныған, жауапкершілікті сезінген азамат еді.
Әскерден келген соң туған өңіріне оралған Сләм Юсбекұлы Мақаншы сегізжылдық мектебіне физика пәні мұғалімі болып орналасады. Сол сәттен бастап оның өмірі ұстаздық жолмен өрілді. Мектептің ғимараты ескі, құрал аз, бірақ рух биік. Ауыл балаларының жүзінде өмірге деген құштарлық бар. Сләм аға алғаш сыныпқа кірген сәтін кейін жиі еске алатын: – Балалардың көзі мөлдір еді, бірақ білімге деген аштығы бұдан да терең болатын, – дейтін. Сабақ үстінде ол тек физика заңдарын емес, өмір заңдарын да үйретті.
![]()
«Электр тоғы адамға жарық сыйласа, адал еңбек – елге жарық сыйлайды» деп, қарапайым мысалмен үлкен өмірдің мәнін түсіндіретін. Сол кездің ауыл мектебінде мұғалім болу – бір мезетте әрі ұстаз, әрі кеңесші, әрі тәрбиеші, әрі ауылдың рухани тірегі болу деген сөз еді. Сләм Юсбекұлы бұл жауапкершілікті айрықша сезінді.1965 жылы туған жерінде – Қызыл Жұлдыз ауылында өз қолымен үй тұрғызды. Бұл үйдің әр қабырғасында еңбек, әр кірпішінде маңдай тер бар. Ағашты ат арбаға тиеп, Аягөзге дейін 200 шақырым жол жүріп, станокта кескізіп, қайта өз күшімен ауылға алып келеді. Ол үшін бұл – еңбектің ғана емес, ерліктің де көрінісі еді. Сол жылы өмірлік жары – Қадиша Құрманғалиқызымен шаңырақ көтерді. Екі мұғалімнің одағы – мейірім мен парасаттың, рух пен ұстаздықтың тоғысы болды. Олардың шаңырағы кейін ауылдың өнегелі отбасына айналды. Қадиша апай бастауыш сыныптарға, Сләм аға жоғары сыныптарға сабақ беріп, бір мектептің ғана емес, бір буынның тағдырына әсер етті.
![]()
1970 жылы ол Семей педагогикалық институтының биология факультетін сырттай оқып бітіріп, білімін толықтырды. Енді тек мұғалім емес, ұйымдастырушы, жаңашыл тұлға ретінде көзге түсті. 1972 жылы Сләм Юсбекұлының еңбегі еленіп, Мақаншы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалды. Бұл – абыройлы, әрі жауапты қызмет. Әр ауылдың тынысын білу, әр адамның жағдайына үңілу, аудан өміріне бағыт беру – нағыз азаматтық сынақ еді. Ол партия қаулысын жаттап алып жеткізуші емес, халықтың жүрегін түсінетін жетекші бола білді. – Еңбек адамының үнін естімеген басшы – елдің шындығын білмейді, – деп айтатын жиі.
1975 жылы 27 ақпанда ол Еңбек Қызыл Ту орденді «Жарбұлақ» қой совхозына партия ұйымының хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызмет – оның өміріндегі ең үлкен белес. Жарбұлақ сол кезде өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі болатын. Бірақ барлық нәрсе қағазда бар да, іс жүзінде жүйе әлсіз еді. Сләм аға ауылдың тынысын өзгертті. Ол еңбек бригадаларын жаңаша ұйымдастырды: «Арман», «Арай», «Жеңіс», «Алау», «Шағала» атты жастар ұжымдары құрылып, әрқайсысы нақты жоспармен жұмыс істеді. Мал шаруашылығында өнім артты, құрылыс саласында жаңа үйлер бой көтерді.
Жастарға жағдай жасалып, мәдени-тұрмыстық нысандар салынды: монша, жатақхана, мәдениет үйі, спорт залы. Сләм аға үшін еңбек – тек жоспар емес, адам рухының көрсеткіші еді. – «Қой санағанмен ұлт өсіп-өнбейді, адам өссе – ел өседі» деп айтушы еді бір кездесуде, – дейді сол кездегі әріптестері.
![]()
1980 жылдар – совхоздың нағыз гүлдену дәуірі. Сләм Юсбекұлының тікелей басшылығымен шаруашылықта жаңашылдықтар енгізілді. Өңірде тұңғыш рет жер асты суын шығарып, «Фрегат» суару жүйесі іске қосылды. Бұл – мыңдаған гектар жерді суарып, өнім көлемін еселеп арттырған қадам еді. 900 гектар жоңышқа мен сүрлем үшін жүгері егілді. Бір гектардан 40–50 центнер өнім алынатын. Мал азығының сапасы артты, жем-шөп цехы іске қосылды. Бір тәулікте 20 тоннаға дейін сұйық азық дайындалатын.
Осы тәжірибе облыстық деңгейде мойындалып, арнайы семинар өткізілді. Абай ауданының бірінші хатшысы Матаев келіп, – Сіздердің әдістеріңізді біздің ауданда да енгіземіз, – деп жоғары баға берген. Бұл – Сләм ағаның еңбегіне берілген әділ баға еді. 1979 және 1984 жылдары совхоз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Министрлер Советінің, кәсіподақтардың Қызыл Туымен марапатталды.
![]()
450 орынды мәдениет үйі салынып, ауылдың рухани өмірі жанданды. Сол жерде концерттер, жиналыстар, жастар кеші, тіпті республикалық деңгейдегі кездесулер өтті. Ауыл сахнасында әйгілі әншілер – Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев өнер көрсеткен сәттер ел есінде. Бірде Алакөл жағасына ғарышкер Павел Попович келіп, Сләм ағаның ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарымен кездесу өткізеді. Бұл оқиға кейін бүкіл облысқа аңыз болып тарады.1991 жылы ол Бейімбет Майлин атындағы орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Зейнетке шыққанша осы қызметті атқарды. Мектептің қабырғасында жүріп те ауылдың тіршілігімен тыныстады. Әр баланың жүрегіне жол таба білетін мейірімді ұстаз еді. “Білім – адамды биіктетеді, ал тәрбие – оның арқауы” деген қағиданы ұстанды. Сләм ағаның шәкірттері кейін елдің әр саласында еңбек етті. Олардың бәрі ұстаздарын сағынышпен еске
![]()
алады.
Зейнетке шыққаннан кейін де ол ел ісінен шет қалған жоқ. Керісінше, ауылдың ақылшысы, ел ағасына айналды. Көп жыл бойы ақсақалдар алқасының төрағасы болып, ауылдың бірлігін ұйыстырды. Қай мәселе туса да, жұрт Сләм ағаға жүгінетін. Ол кісілікпен сөйлейтін, ұсақ даудан биік тұратын. – Бірлік бар жерде – ырыс бар, ал татулық кеткен жерде – туыс та жат болады, – деп жиі айтатын сөзі елдің жадында. 2023 жылы оның ерен еңбегі ресми түрде бағаланып, «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ «Абырой» медалімен марапатталды. Бұл марапаттар – тек бір адамның емес, тұтас бір ұрпақтың еңбегінің, ел алдындағы адалдығының айғағы.
Сләм Юсбекұлы – еңбегімен елдің жадында қалған тұлға. Ол ешқашан атақ
![]()
іздеген емес, бірақ атақ оны өзі іздеп тапты. Ол мақтау үшін емес, парыз үшін еңбек етті. Елдің өркендеуіне үлес қосқан, ұрпақ тәрбиесіне бар өмірін арнаған мұндай азаматтар – тарихтың алтын өзегі. Қай дәуір өтсе де, олардың есімі халық жадынан өшпейді, себебі олар өз ғұмырын ел мен жерге арнады.Сләм Юсбекұлының өмірі – дәл сондай мәңгі толқынның бірі. Ол өз ғұмырын атақ пен даңққа емес, ел мен жердің игілігіне арнады. Әр күні еңбекпен өріліп, әр ісі адамдықпен астасып жатты. Елдің қуанышы – оның қуанышы, халықтың бақыты – өз бақыты еді. Сол үшін де ол өткен өміріне өкінішсіз қарап, артына өшпес із қалдырды.
Бүгінгі ұрпаққа оның өмір жолы – шырақ, өнеге, тағылым. Қарапайым ауылдан шығып, елдік іс атқарған, ұрпағына имандылық пен еңбектің қасиетін ұқтырып кеткен Сләм ағадай тұлғалар – қазақ қоғамының алтын тірегі. Ол артында сөз емес, іс қалдырды; ескерткіш емес, елдің алғысын қалдырды. Міне, шын өмірдің мәні де, адамдықтың өлшемі де – осында.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()