Білім беру саласының ардагері, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері
Шәкірт жүрегінің шырақшысы
Өмір жолы – пенде ғұмырын ғана емес, ел жадында сақталатын тағдырлар мен тұлғалардың айқын бедерін айшықтайтын үлкен шежіре. Сол шежіренің алтын арқауында өз маңдай терімен, өз еңбегімен, адамдық парасаты мен ұстаздық жүрегімен із қалдырған азаматтар бар. Олар даңғаза даңққа ұмтылмай-ақ, өмірін үнсіз еңбектің, өнегелі істің, ұрпаққа адал қызмет етудің өлшемімен сүріп, сол арқылы жұртының құрметіне бөленген жандар. Осындай ел қадір тұтып, бүгінгі күні ауыл-аймақтың ақылын айтқан абыз ақсақалына айналған арда азаматтарының бірі – Шерназаров Абдикаюм Шерназарович.
![]()
Адамның мінезі мен болмыс-бітімін айқындайтын ең басты бастаулардың бірі – оның кіндік қаны тамған қасиетті топырағы. Абдикаюм Шерназаровичтің өмір есігін ашқан мекені – Шымкент облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылын қазақ даласының қоңыр тынысы, жусанды жазығы мен самал желі жарастырып тұрған, табиғаты да, тіршілігі де байтақ өңірлердің бірі деуге болады. Бұл ауыл – тек географиялық нүкте емес, сан ұрпақтың тағдырын түйістірген, талай еңбек адамдарының маңдай терін төккен, жүрегінде дала мінезін сақтап қалған құт мекен.
Қарабұлақтың ертелі-кеш бұрқыраған топырақ иісі, жазғы кеште бозторғайы жыр қосқан аспаны, ауыл шетіндегі тұмса жыралар мен жусанды белестер – жас баланың жүрегіне Отанға, жерге деген сүйіспеншілікті ерте сіңіреді. Міне, сондай табиғи дүние, даланың дархан болмысы оның кішкентай күнінен-ақ жан дүниесіне із қалдырды. Балалық шағы қазақы ауылдың қоңыр тіршілігімен, үлкеннің ақ батасы мен ананың әлдиі астасқан жарасымды ортада өтті.
Оның отбасында қайсар еңбек, ауызбіршілік пен қарапайымдылық – өмір салты еді. Анасы – Шерназарова Азиза, көпбалалы отбасының тірегі, бар ғұмырын маңдай терімен адал еңбекке арнаған жан. Колхоз жұмысының ауыртпалығына қарамастан, жеті баланы дүниеге әкеліп, соларды адам қатарына қосуды өзіне парыз санаған ананың әрбір іс
![]()
інен төзім мен сабырдың нұрлы сәулесі көрініп тұратын. «Ана – отбасының жүрегі» деген сөз дәл осындай жанның тағдырынан туғандай.
Абдикаюмның азаматтық тұлғасы мен мінезінің қалыптасуына Азиза ананың мейірімі мен қараша үйдің ошақ қасында айтылған ұлағатты өсиеттері негіз болды. Ауылдағы әрбір еңбек күні ол үшін тіршілік сабағына айналып, үлкендерден естіген даналық сөздер болашақ азаматтың рухани қазынасын байытты. Көпбалалы шаңырақта өскен ол үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы жауапкершілікті ерте сезініп, қазақы тәрбиенің терең тамырынан нәр алды.
Оның балалық шағы ауыл тіршілігінің тынысымен, атап айтқанда, егін басындағы бірлік пен дала төсіндегі еңбекпен өрілді. Осы орта балғын санаға «еңбек еткеннің еті тірі» деген қағиданы ұялатып, маңдай тердің қадірін ұқтырды. Ата-анасының адал еңбегі мен ел алдындағы абыройы Абдикаюмның өмірлік темірқазығына айналып, оның азаматтық тұлғасы мен келешектегі ұстаздық жолының берік іргетасын қалады.
Адам өміріндегі ең жауапты белестердің бірі – білімге деген ұмтылыс, өзін тануға, дүниені тануға деген талпыныс. Абдикаюм Шерназаровичтің балалықтан азаматтыққа бастар жолы да дәл осы білім ордасынан бастау алды. 1968–1978 жылдары Хамзы атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, сол қара шаңырақта он жыл бойы жас ұрпаққа жол ашар рухани азық жинады. Бұл мектеп – оның ой-санасын қалыптастырған, адамдық ұстанымын бекіткен тағылым бесігі болды.
![]()
Ол үшін мектеп – жай ғана білім алатын орын емес, үлкен өмірге жол бастар рухани мектеп еді. Ұстаз тұлғасын қадірлеу, олардың еңбегін бағалау сезімі де сол жылдары бойына берік орнықты. Көптің алдында өзін ұстауы, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытуы – мектеп қабырғасында қалыптасқан адамдық қасиеттер болатын. Мұның бәрі кейінгі ұстаздық жолының мықты іргетасына айналды.
Уақыт өте келе ол азаматтық жауапкершілікті сезінген жас жігіт ретінде 1980–1982 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Әскер – тек саптық тәртіп емес, ер жігіттің жігерін шыңдайтын үлкен өмір мектебі. Бұл кезеңде ол төзімнің не екенін білді, қиындыққа мойымай, әр істі соңына дейін жеткізуді үйренді. Темірдей тәртіп, жедел шешім қабылдау, серіктесіне тірек болу сияқты қасиеттер оның мінезін бекітіп, азаматтық болмысына салмақ қосты.
Әскерден кейін ол кәсіби білімін жалғастырып, 1980–1987 жылдары Еңбекке баулу және еңбек тәрбиесі саласы бойынша оқып, таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгерді. Бұл кезең – рухани толысу мен кәсіби қалыптасу шағы еді. Ол үшін мамандық – жай нан табу құралы емес, адам жанына жол салатын қасиетті кәсіп болатын. «Еңбекті үйреткен ұстаз – өмірді үйретеді» деген сеніммен, әрбір жаңа білімді бойына сіңіріп, тәжірибемен ұштастыра білді.
![]()
Әр адамның өмірінде оның тағдырына бағыт-бағдар беретін ерекше бір кезең болады. Біреу сол жолды кеш аңғарып табады, біреу ерте сезінеді. Ал Абдикаюм Шерназарович үшін бұл жол – адал еңбек пен ұстаздыққа деген ішкі жауапкершіліктің тоғысқан тұсы болды. Еңбекке ерте араласып, өмірдің ащы-тәтті дәмін маңдай терімен татқан ол, әр ісін жауапкершілікпен, әр қадамын салмақпен басып үйренді.
Оның алғашқы еңбек жолы №1 Жылжымалы механикаландырылған колоннада (ПМК-1) басталды. Мұнда 2-разрядты жұмысшы ретінде еңбек етіп, техника тілін меңгерді, ауыр да жауапты жұмыстарды атқарды. Бұл кезең – шыныққан жігердің, төзімнің мектебі еді. Ерте тұрған таң, қажырлы еңбек, бірге тер төккен әріптестер – бәрі де оның өмірлік тәжірибесіне айналды. Адал маңдай тердің қадірін ол сол жылдары ерекше сезінді.
1984 жылдан бастап оның еңбек жолы жаңа арнаға түсті. Киров атындағы мектепке еңбекке баулу пәнінің мұғалімі болып қабылдануы – тағдырдың емес, жүрек таңдауының жемісі еді. Себебі ұстаздық – кез келген жанға бұйыра бермейтін, ішкі сенімі мен жауапкершілігі биік, үлкен төзімді талап ететін қасиетті жол. Ол бұл жолға үлкен дайындықпен, рухани дайындықпен келді.
![]()
Сынып ішіндегі алғашқы сабақ пен шәкірттерінің үмітке толы жанары Абдикаюм Шерназаровичтің өмірлік бағытын біржола айқындап берді. Ол үшін «Еңбекке баулу» пәні тек техникалық дағдыларды үйрету емес, баланы ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және еңбектің шынайы қадірін түсінуге баулитын үлкен өмір мектебіне айналды. Ұстаз «еңбек – адамның асыл қасиетін қалыптастыратын күш» деген қағиданы әр шәкіртінің санасына сіңіріп, олардың бойындағы жасырын қабілетті тани білу арқылы өмірге деген сенімдерін ұштады.
Оның сабақтары темірдей тәртіп пен жылы мейірім астасқан ерекше шығармашылық шеберхана іспетті еді. Абдикаюм Шерназарович шәкірттерінің жүрегін тыңдап, олардың тұлға ретінде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде сан буын түлектердің азамат болып қалыптасып, ұстазына деген шынайы алғысы мен құрметі – ол үшін кез келген ресми марапаттан биік баға. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының марапаттарын иеленсе де, ол үшін ең үлкен жетістік – елдің ықыласы мен ұрпағының тура жолдан таймауы болды.
![]()
Білімге қосқан еңбегі өлшеусіз қалмай, ұлағатты ұстаздың көпжылдық қажырлы еңбегі лайықты бағасын алды. Ол кісінің кәсіби біліктілігі мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталуы – атқарған ісіне берілген шынайы құрмет пен жоғары бағаның белгісі.
Мұндай марапаттар – тек өткен күннің жемісі ғана емес, келешек ұрпаққа үлгі боларлық абыройлы жолдың айғағы.
Киров атындағы №10 жалпы орта мектебінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған, саналы ғұмырын білім саласына арнаған абзал жан 2023 жылы бейнеттің зейнетін көріп, зейнеткерлікке шықты. Алайда зейнет – еңбектің аяқталуы емес, өмір жолын парақтап, жүрекке тоқу кезеңі. Ол әлі де ел ішінде қадірлі, сөзі салмақты, ақылын сұрар азаматтардың қатарынд
![]()
а. Мектеп қабырғасында өткен жылдар – оның маңдайына жазылған ұлы еңбек шежіресі болып қалды.
Адамның өмірінде биіктен көріндіріп, әрбір қадамын берік ететін екі ұлы құндылық бар: бірі – адал еңбек, екіншісі – отбасындағы береке. Абдикаюм Шерназаровичтың ғұмыр жолына көз жүгірткенде, осы екі құндылықтың егіз ұғымдай қатар өрілгенін айқын байқайсың. Еңбекпен өрілген жылдар оның рухын шыңдаса, отбасы – жүрегіне жылу, жан дүниесіне тұрақтылық беріп отырған алтын діңгек болды.
Бүгінгі таңда сала мамандарының тапшылығы сезілген қысылтаяң шақта, білікті маманның тәжірибесіне деген сұраныс оны қайтадан қатарға қосты. Осыған орай, арнайы шақыртумен Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжіне жұмысқа қабылданып, қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша тәлімгер ретінде жас буынды кәсіпке баулып келеді. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білікті тәлімгер ретінде жас буынға кәсіби шеберліктің қыр-сырын үйретіп, өз білімін ұрпақ сабақтастығына арнап келеді.
Сонымен қатар, оның бай өмірлік тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, Индустриялық кеңестің төрағасы ретінде жауапты миссияны атқаруда. Бұл – қажырлы еңбек пен толысқан ақылдың тоғысқан шағында ел игілігі үшін аянбай қызмет етудің шынайы үлгісі.
Оның өміріндегі ең үлкен сүйеніші, сенімді серігі – жары Джамила Усманоалиевна еді.
«Победа» колхозында талай жыл адал еңбек етіп, қара жұмыстың ыстығына да, суығына да мойымай төзім көрсеткен жан. Өмірдің талай белесінен бірге өтіп, қуанышты да, сынақты да қатар көрген қос жүрек бір-біріне тірек болып, шаңырақтың шамшырағын бірге жақты.
Джамила апаның аналық мейірімі, сабырлы мінезі, әр іске ұқыптылығы – шаңырақтың берекесіне айналды. 2018 жылы ол да зейнет керуеніне қосылып, сан жылдық еңбегінің жемісін сабырмен қабылдады.
Бұл шаңырақ – бірлік пен сыйластықтың, еңбек пен жауапкершіліктің ұясы болды. Балалардың әрқайсысы осы үйдің тәрбиесін бойына сіңіріп, ата-ана жолын жалғады.
Тұңғыштары Құрбанали – фермерлік кәсіппен айналысып, туған жердің топырағымен біте қайнасқан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Ол – адал жұмысты, жердің қасиетін бағалай білетін ұл.
Екінші ұлы Бахтиёр – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Бұл да тегін таңдау емес. Әке жолынан үлгі алып, шәкірт тәрбиесіне үлес қосу – әулеттегі мұрагерлік рухтың айғағы. Оның бойынан ұстаздыққа тән сабырлық, ұқыптылық, елге қызмет ету қасиеті сезіліп тұрады.
Үшінші ұлы Уктам – механизатор, техникаға жақын, адал еңбектің дала төсіндегі күрмеуін тарқатар азамат. Төртінші ұлы Мұхаммед-Али – механизаторлық кәсіптің жүгін сүйреп жүрген еңбек адамы. Кенже ұлы Ахмед те – механизатор, әкенің еңбекке деген құрметін, тіршілікке деген жауапкершілігін бойына сіңіріп өскен жас буын.
Отбасы дастарқаны басында айтылған әр әңгіме, ақыл мен әзілге толы отырыстар, шаңыраққа жиылған ұрпақтың бас қосуы – осы үйдің рухани байлығы. Абдикаюм Шерназарович балаларына тек тұрмыс қамын ғана емес, адамдық пен кісілік құндылықтарын аманат етті. «Еңбек ет, елге пайдаң тисін, адалдықты жоғалтпа» деген үнсіз ұстаным олардың жүрегіне жазылып қалды.
Абдикаюм Шерназарович Шерназаровтың тағдыр жолына көз жүгіртсек, оның ғұмыр бойы адал еңбекпен, ұстаздық ұлағатпен, отбасы мен ел алдындағы жауапкершілікпен өрілген нағыз азаматтық өмір сүргенін көреміз. Ол ешқашан даңқ қумай, «адамның абыройы – атқарған ісінің таза табы» екенін өз тіршілігімен дәлелдеді. Уақытпен бірге талай буын ауысса да, оның жүрегінен тараған жылылық, шәкіртке берген тәлімі, ұрпағына қалдырған өнегесі жоғалмай, ел жадында мәңгі сақталып келеді. Бүгінде ол – өткен өміріне тәубе еткен, еңбегінің жемісін көрген, сөзі салмақты, батасы берекелі, тірі тұлға ретінде қадірленетін ақылман ақсақал. Оның өмір жолы – еңбекке адал, парасатқа берік болудың, ұрпаққа із қалдырып өтудің жарқын үлгісі.