![]()
БОЛМЫСЫ БИІК, АБЫРОЙ ТӨРІНДЕГІ ҰСТАЗ
Құмырсқаның илеуіндей құжынап, соқтығыса, сапырылса нан табуға ұмтылған бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, ғасыр өтсе да аласармайтын ұлы тұлғаларымыз бен үлкен өмірге алғашқы қадам бастырған ұстаздарымыздың еңбегі көп жерде қалтарыс қалып жатады. Қарыштап дамыған заманның жорға шабысына ілесеміз деп, рухани жан дүниеміздің көк бестісіне бұғалық салғанымызбен тұсауынан босата алмай, ұстаздық еткен ұлы тұлғаларымыздың кісілік келбеті мен болмысына әділ бағасын бере алмай келеміз. «Уақыт жоқ» өзімізді алдарқатқанымызбен, есімі шәкірт жүрегінде, еңбегі өшпестей болып өткен күннің парақтарында қалған ұстаздарды бедел биігіне көтеру, екінші орынға ысырып тастамайтын, кезек күттірмейтін мәселе.
"Ұстазды - алтын діңгекке теңер едім", – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.Ұстаз – үлкен өмірдің баспалдағына бастар, жиегі алтынмен өрілген шәкірт есігінің алтын тұтқасы. Адами болмысымыздың аспанын бұлт торлап, көңіл көктемін қар басып жатса да, ұстаз еңбегін ұмытпауымыз керек. Қолымызға қалам ұстатып, жазу мен сызуды үйреткен апай мен ағайларымыздың еңбегін, есік қайырылысында жәутеңдеп қалған баладай етіп қалдыруымыз, пенделік арымызғы сын, шәкірттік ұстанымымзға қайшы, тарихқа жасалған қиянат.
Журналистік қаламымызды сияға малып алып, ой қозғап отырғанымыздағы осы бір жай, білім шуағын шәкірт жүрегіне төге білген ұстаздар жайлы жазбақпыз. Ғасырлап құм астындап жатса да, құны мен қасиетін жоғалтпайтын алтын кездіктей, уақыт өткен сайын түғыры биіктей түсетін ұстаздар қауымына барлық адамзат қарыздар. «ұстазсыз - шәкірт тұл»- деген, ұстаз алдын көрмеген шәкірт, бүл дүниеде жоқ шығар, сірә?! Ұлы суретшілердің өзі ұстаздық болмысын ашып суреттей алмайтын, жазушылардың қалам күші жетпейтін ұстаздар туралы сыр шертіп, ұстаз беделін көтеруге сәл де болса септігін тигізсек деген арманмен «ұстаз» құдіреті туралы жазуға, еңбегін елге танытуға, шәкірттік парызымызды орындау үшін қолға қалам алдық.
Мектептің ғана емес, ауданның, облыстың мерейін өсіріп, түрлі белді қызметте отырған азаматтарды тәрбиелеп, талай тұлпарды тағалап, талай қыранға қанат бітірген ұлы ұстаз - Ахметова Айнагүл Мақсотқызы 1976 жылы ақпан айының 7 жұлдызында Атырау облысы, Махамбет ауданы, Алмалы селосында дүниеге келді. Қыстың көзін қырау жапқан кезеңде келсе де, әлі күнге көктем шуағындай айналасына нұрын шашып келе жатырған Айнагүл қарапайым шаруа отбасында өсіп жетілді. Адалдықтың туын жықпаған, кісінің алдын кесе өтпеген асыл жандар асқар таудай әкесі Мақсот пен жүрегіндегі мейірім жүзінен төгіліп тұратын асыл жүректі анасы Марияның құшағында бойжеттті. Өнегелі обасының тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, үлкенді сыйлай, кішіні құрметтей білді. Осы бір ыстық жанұяның мейірі мен қамқорлығы шығар, әлі күнге жанына жарық нұрын шашып, қамқорлық танытып келеді.
Қар кетсе, ерте көктеген дала гүлімен бірге қауыз жарған жауқазындай кішкентай кезінен-ақ бойындағы ерекше қабілетін таныта білген жас, ата-анасының ғана емес ағайынның қошеметіне бөленіп, алғыстары мен ақ батасын ала білді. Ауыл төріндегі мектепті бітіргеннен кейін 1993-1997 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тәлім алып, «орыс топтарындағы қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игеріп шықты. Бойын жалын кернеген, шәкірт тәрбиелеймін деп алып ұшқан көңіл Айнагүлді 1998 жылы №1 Ленин атындағы орта мектепте ұстаздық етуге алып келді. Шығамын - деген талаптыға тау биік болған ба, бар ықыласы мен ынта-жігерін бала оқытуға арнаған жас, өзін де дамытып, ізденіп оқып, толықтырып отырды. Уақыт өте келе еңбегі бағаланып, тәжірибе жинақтап, ұстаздық біліктілігін де арттырып, өз ортасында беделі де өскен Айнагүл 2004 жылы ЖБМ «Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғарғы колледжіне» директордың өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымды қызметіне тағайындалды. Міне, осы кезден бастап Айнагүлдің асығы алшысынан түсіп, өзінің қарым-қабілетінің арқасында қызметте жоғарылап өсе берді. Уақытпен таласа дамыған ғылым да өзгеріп отырады. 2010-2012 жылдары Атырау мұнай-газ институтынан «Экономика ғылымдарының магистрі» мамандығын игеріп шыққан соң, түбі терең ғылыми салада еңбектерін жариялап, қазақ ғылымының бір кірпіші болып қалануы үшін үздіксіз, аянбай еңбеніп келеді. Шәкірттер мен ата-аналардың, ұстаздар қауымының ерекше ықыласы мен сеніміне ие болған Айнагүл Мақсотқызы 2017 жылдан бастап колледжінде директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.
Үлкен ғимараттардың іргесі берік қалануы үшін, алғашқы кірпішінің сапалы болуы маңызды екені секілді, шәкіртке бір сөйлемді түсіндіріп, жаздыру үшін бір кітаптық білім керек болады. Үнемі ізденіс пен тынымсыз еңбек шәкірт бойындағы отты ұшқындатып қана қоймай, бедел биігінде мәңгілік қалу үшін өзін аяған емес. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, ғаламтор арқылы жан-жақтылығын тексеріп, білім министрлігінің түрлі бағыттағы курстарында болып, содан идеялар іздеп, білген-түйгенін қолданысқа енгізіп келеді. Атап айтар болса, 2013 жылы "тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологиясының инновациялық жолдары" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына, 2016 жылы "техникалық және кәсіптік білім беруді модернизациялау аясында дуальды оқыту жүйесін енгізу" республикалық конференциясына, 2018 жылы «институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу теориясы, әдістемесі мен технологиясы» семинар-тренингке, 2018 жылы "кәсіпхор холдингі" қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске асыру туралы, «Подходы по локализации целей устойчивого развития» практикалық семинар мен конференцияларға, тренингтерге қатысып келеді.
Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Оның мұғалімдік қабілетімен қатар спортқа да бейімі бар. Қазақтың әйгілі жазушысы Ғ.Мүсірепов "Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім" - демекші, Айнагүл Мақсотқызы бірнеше топтардың кураторы. Студент жастарға оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз. Ол сонымен қатар колледждің талапты да талантты студенттерінен құралған "Кәусар" драмалық театр үйірмесінің көркемдік жетекшісі. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін беруде.
Сонымен қатар, дәріс берген топтары арасында ақын-жазушылардың шығармаларын тап-таза қазақ тілінде насихаттап жүр. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін студенттерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайтын Айнагүл Мақсотқызының еңбегі ерекше. "Мансаптық өсу, түлектерді жұмыспен қамту және кәсіптік бағдар беру" орталығының басшысы. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға үнемі көмектесіп отырады. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған ұстаз ғана емес, ол үш баланың анасы, ерен еңбегінің арқасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі «Мақтау грамоталарымен», үздік ұстазға берілетін «төсбелгілерімен» мараптатталды.
Жетістіктері мен марапаттары:
- 2011 жылы Германияның Целле қаласында "Дуалды оқыту жүйесі бойынша" Аксель Брунс мектебінде тағылымдамадан өтті;
- 2013 жылы облыстық білім беру жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ»;
- 2013 жыл "техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту" жобасының сертификаты; / ҚР білім және ғылым министрлігі дүниежүзілік банк/;
- "Тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологиясының инновациялық жолдары" халықаралық ғылыми -практикалық конференция жұмысынан сертификат;
- 2013 жылы Атырау қаласында өткізілген мемлекеттік тіл оқытушыларының облыстық "қазақ тілінің үздік оқытушысы" облыстық байқауынан «Бас жүлде»;
- 2013 жыл Астана қаласында өткізілген «Үздік оқытушы" республикалық байқауында көрсеткен шеберлігі үшін ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінен МАРАПАТ;
- 2014 жылы Стамбул/Туркия «тренинг для преподавателей технического и профессионального образования» бойынша 07.04-20.04.2014 жылдар аралығында тағылымдамадан өтті;
- 2014 жылы Астана қаласында өткізілген "Үздік оқытушы" республикалық байқауынан III орын;
- "СПЕЦИАЛИСТ ГОДА 2015" ұлттық сертификат иегері;
- 2015 жылы Атырау қаласы әкімінің «Алғыс хаты»;
- 2015 жыл- Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты»;
- 2016 жылы Атырау облысы әкімінің «Алғыс хаты»;
- 2016 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ»;
- «Үздік оқытушы -2016» номинациясының иегері;
- 2016 жылы Астана қаласында өткен «техникалық және кәсіптік білім беруді модернизациялау аясында дуальды оқыту жүйесін енгізу» республикалық конферециясынан сертификат;
- 2017 жылы ҚР білім және ғылым министрлігінің «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ»;
- 2017 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ»;
- 2018 жылы Атырау облыстық «Үздік педагог-2018» байқауынан «Бас Жүлде»;
- 2018 жылы «Асыл ұстаз» республикалық төсбелгісінің иегері;
- «Кәсіпқор» КЕАҚ холдингінен сертификат;
- 2019 жылы қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестен «Білім беру саласының үздігі» марапатының иегері;
- 2019 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері;
- 2019 жылы «жоғары колледждің 15 жылдығы» мерейтойы қарсаңында «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері;
- 2019 жылы Атырау облысының әкімінің «Алғыс хаты»;
Жалпы жоғары колледж ұжымы-облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлердегі іс-ашаралардың белсенді қатысушысы. техникалық және кәсіптік білім мазмұнын жаңғырту бағытындағы көптеген жобаларға араласып, Еуропалық білім қорымен тығыз байланыс жасауда. аталған жобалар шеңберінде әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарымен тәжірибе алмасу мақсатында, Айнагүл Мақсотқызы Германия мемлекетінде тағылымдамадан өтті. Беларусь Республикасының Минск қаласында тағылымдамадан өтіп, қазіргі таңда модулдік бағдарламалармен жұмыс жасап жүр. Қазіргі ғылыми педагогикада оқу әрекетін қалыптастыру негізінде оқытудың дамытушы және тәрбиеленуші ықпалының пәрменділігін арттыру көзделуде, яғни, оқытудағы басымдылық жеке тұлғаны дамытумен тәрбиелеуге беріледі. «Оқу мен тәрбие –егіз» десек, осы екі саланы бөліп-жармай еңбек етуде Каспий өңірінің қазіргі замандағы жоғары колледжінің орыс топтарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ахметова Айнагүл Мақсотқызы оқыту мен тәрбие үрдісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған маман.
«Жақсының - аты, Ғалымның хаты - өлмейді» атқарған істері өзіне лайық бағасын алып, құрмет мінберінен өзіне лайықты орын алған Ахметова Айнагүл кейнгі жастардың ісінде мәңгі қалары анық. Білім саласына түрлі жаңалықтар енгізіп, әлі әртүрлі тәсілін толықтырып келе жатырған ұстаздың есімі «Білім» дейтін ақ шаңқан ұшын ғылымның мұздықтары мен қары жапқан асқаралы Алатаудың бір шыңына өз есімін мәңгілікке қалдырар, болмысы биік алып тұлға. Жастарды Отан сүйгіштік, жоғары мәдениеттілікке тәрбиелеуде көш бастап келе жатқан жоғары колледждің қолтаңбасының қалыптасуында өзіндік үлесін қосқан ұстаздар қауымы көп болғай!