![]()
ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК НӘТИЖЕСІ
Адам өмірі қамшының сабындай ғана қысқа екен,
досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен.
(Халық даналығы)
Балабақшаның ел болашағы мақсатындағы маңыздылығы айқын. Әсіресе, қазіргідей күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Жақсы өмір сүруге талпыныс, ортаға икемділік, салауатты өмір салтына дағдылану, міне, мұның барлығын бала мектепке дейінгі білім ұйымдарының қабырғасында жүріп үйренуі тиіс.Осындай балабақшалардың қатарына жататын «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны біздің әңгіміміздің арқауы болмақ. «Исатай ауданының Аққыстау ауылдық округі әкімінің аппараты» балабақшаның құрылтайшысы болып табылады.
Мектепке дейінгі білім беруде жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, туған халқының салт-дәстүрін қадірлейтін патриот, жан-жақты дамыған жеке тұлғаға тәлімді тәрбие беруді мақсат еткен бөбекжай-балабақшаны тәжірибелі маман, сындарлы басшы Халенова Тамара Молдашқызы басқарып отыр. Қазіргі кезде балабақшада 56 қызметкер еңбек етеді. Педагог қызметкерлердің жоғары санаттысы – 8 болса, бірінші санаттысы – 9.
![]()
Жалпы ұжым мүшелері өзара өте тату. «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» деген қағиданы ұстанатын қызметкерлер тәжірибелі әдіскер Изтаева Айтолқын Әділханқызынан ақыл-кеңес сұрап, пікірлесіп отырады. Қызметкерлердің басым көпшілігі – тәрбиешілер. Тәрбиешілер балаға өмірдің алуан түрлі, қыры мен сырын, дүние жұмбақтарын танытып, тағылым-талғамға, әдептілікке үйретеді. Сонымен қатар балабақша ұжымы ата-аналармен бірлесіп, баланы өсіріп тәрбиелеудегі басты мақсат – дені сау, рухы таза, ана тілін толық меңгерген ұрпақ тәрбиелеу.
Балабақшада халық педагогикасын бала бойына сіңіре отырып имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиеші өз білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады. Бұл – басқа қызметкерлерге де қатысты. Балабақшада ағылшын тілі, орыс тілі, музыка, хореография, дене шынықтыру, оқу жүйелі түрде жүргізіледі.
Балалардың креативті қабілеттерінің дамуына ерекше көңіл аударатын, балабақша ұжымы «Рухани жаңғыру» жобасына арналған 9 айлық жоспар бойынша жұмыс жасап келеді. «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» тақырыбында танымдық кештер, «Менің Қазақстаным» тақырыбындағы тәрбие сағаттары, «Қарттар – асыл қазынам», «Салауатты өмір салтымыз» спорттық іс-шаралар, «Құндылықты жаңғырту – өркендеудің берік діңгегі» атты семинарлар, ата-ана конференциялары, ұлттық ойындар, салт-дәстүрлерге байланысты тәрбиелік және басқа мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде көптеген жетістіктерге жеткен мекеменің марапаттары да сан алуан.
Балаға жүйелі білім беру, заман талабына сай жеке тұлға ретінде қалыптастыру үшін еңбек ететін «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының 2017-2018 оқу жылындағы ең үлкен жетістігі: Халықаралық «Лучшие в образовании» энциклопедиясына балабақша туралы мақала енгізіліп, І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Ең үздік білім ошағы» номинациясы бойынша үздік деп табылды.
Облыстық «Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылық фестивалінде театрлық – сахналық шығармашылық жанры бойынша: 2015 жылы «Сиқырлы қылқалам» ертегісі, 2018 жылы «Уақыт өлшемі» ертегісі бойынша Бас жүлде иемденді. Аталмыш фестивальдің хореографиялық жанры бойынша 2016 жылы «Тәуелсіздік» биі Бас жүлдемен, 2017 жылы «Суретші» биі І дәрежелі дипломмен, 2018 жылы «Жаяу» биі І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Облыстық «Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылық фестивалінде вокал жанры бойынша 2016 жылы Темір Қарақат «Домбыра» әнімен І дәрежелі дипломмен, 2017 жылы ортаңғы «Наурыз» тобының тәрбиеленушісі Кеңес Анель Қосай Мұқаштың «Жан анам» әнін орындап, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2018 жылы ересектер тобының тәрбиеленушісі Матжан Әли С.Панабердиевтің «Мен, Астанам, бақыттымын сен барда!» атты көркем сөз жанры бойынша І орынды жеңіп алды.
«Болашаққа білімді, дені сау ұрпақ» ұранымен өткен мектепке дейінгі мекеме балалар арасындағы спорттық –интелектуалдық эстафета ойындарының Атырау аймақтық біріншілігінде жалпыкомандалық ойындарда: 2016 жылы – ІІІ орын, 2017 жылы – І орын, 2018 жылы – ІІ орын, 2019 жылы І орынды иеленді.
2017 жылы балабақша меңгерушісі Халенова Тамара Молдашқызы аудандық, облыстық «Үздік балабақша меңгерушісі» байқауынан Бас жүлдені жеңіп алды. Осы жылы облыстық педагогикалық оқудан тәрбиеші Тыныбекова Айгүл Түгелқызы ІІ дәрежелі дипломды, 2018 жылы тәрбиеші Закараяева Жайнар Закараяқызы ІІІ дәрежелі дипломды иеленіп, марапаттар санын еселей түсті.
2017, 2018 жылдары балабақша хореографы Зайнова Қамажай Мұғауқызы, бейнелеу өнерінің жетекшісі Жолдыбаева Ғайни Сабырқызы «Шығармашылық жұлдыз» тақырыбындағы шығармашылық педагогтардың кешін облыстық деңгейде өткізді.
Осындай жетістіктерге қол жеткізген ұжымның білікті басшысы Тамара Молдашқызы 2016 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткен табыстарымен оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет граммотасымен» марапатталды.
Балабақша әдіскері Изтаева Айтолқын Әділханқызы, хореограф Зайнова Қамажай Мұғауқызы, дене шынықтыру жетекшісі Хайруллина Әлия Бақтыгерейқызы, тәрбиеші Мусина Қоңырша Тұқпашқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатын» иемденіп, еңбектерінің лайық бағасын алды.
![]()
Үнемі ізденіс үстінде болып, жетістікке ұмтылатын «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы ұжымы 2012 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ертегісі республикалық Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған балалар шығармашылығы «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» сырттай аймақтық фестивалінің «Театр патшалығы» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері атанды.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған «Ханталапай» интеллектуалдық (қашықтық) республикалық байқауынан ересектер тобының тәрбиеленушілері «Ең үздік бейнематериал» номинациясынан Бас жүлдені жеңіп алды.
2016 жылы Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық шығармашылық фестивалінде «Тәуелсіздік» биі үшін І дәрежелі дипломмен және «Мың бұралған биші» номинациясымен марапатталды.
Балабақша ұжымы, педагогтарының мақалалары республикалық «Бала мен балабақша», «Дошкольный мир», «Самопазнание. kz», «Бала тәрбиесі», «Профсоюзная жизнь» журналдарына, «Ұстаздық еңбек» газетіне және де «Атырау», «Нарын таңы» баспасөз беттерінде жарық көрген.Басшының шынайы беделінің негізгі білімі мен шеберлігі, ұстанымшылдығы мен адамгершілігі болып табылады. Адами қасиеттері мол, біліктілігі жоғары басшы Халенова Тамара Молдашқызының басшылығымен ұжымда бірлесіп жұмыс жасау қалыптасқан. Жетістікке жетудің сыры – ұйымшылдық пен татулықта екенін бұл ұжым мүшелері жақсы біледі. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжымға толағай табыстар тілейміз!