Мұханова Айкенже

Рейтинг:

Білікті басшы, білгір ұстаз

      Адам болашағының қандай болмағы - отбасынан бастау алатыны белгілі. Әрбір бала өсіп - өнген отбасында ата-анасынан тәлім алып, олардың әрбір жүріс-тұрысынан бастап, қалай сөйлеп, жауап қайтаруға дейін үйренеді. Жақсы тәлім алып қанаттанған бала ата-ана жолын қуады, болмаса, жақсы тәрбиенің арқасында жақсы адам болып қалыптасады. Мұханова Айкенже Омарқызы -Қарақалпақстан Республикасы Нүкіс қаласында 1983 жылы 15 наурыздар дүниеге келген. Омарқызы Айкенженің бойынан нәзік те әдемі мейірімділік байқалып тұрады. Ата-ана үшін әр баланың орны ерекше десек те, Айкенже -отбасындағы сүйкімді де ақылды баласы болды. Бала күнінен зеректігін байқайтын анасы оның ұстаздық жолға бетбұратынын айтып отыратын. Әкесінің оқып тауысқан кітаптары Айкенжеге «мұраға» қалып отыратын. Шама-шарқынша алғашында парақтап көріп, қызықты жерлерін тауып оқитын Айкенже келе-келе әдеби ауыр кітаптарды оқып тауыса алатын болды. Әрбір оқыған кітаптарындағы кейіпкерлерді ойша тізбектеп, өзінің жанына жақын келетіндерді ұзақ уақытқа дейін жадында сақтап жүретін. Кітапқұмарлығынан да болар мектепті үздікке оқыды. Қандай да мектепішілік шараларда белсенділік танытып жүрді. Ұстаздары да, сыныптастары да Айкенженің алғырлығына тәнті болатын. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан Айкенже 2000-2004  жылдары Бердах атындағы  мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша оқып, тәмамдады. 
      Экономист маманы болу - заман талабы. 2004 жылдан бастап 2006 жыл аралығында «ҚызылордаТрансГаз» серіктестігінде кадрлар бөлімінде маман болып еңбек жолын бастады. 2006 жылдан бастап 2012 жыл аралығында Қызылорда газ шаруашылығында кассир, 2012 жылы «РЦКУ-Кызылорда» мекемесінде бас маман қызметтерін атқарды. Алайда, балалық кезден бергі арманы балалармен жұмыс жасау болған Айкенже 2014-2016 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Мекетепке дейінгі білім және тәрбиелеу» мамандығы бойынша білім алды. Даму қорымен «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие рәсімдеп, 2013 жылы «Мұханова» деп атау беріп, өзінің жеке кәсібін бастады. Яғни, осы жылдың 1 маусымынан бастап «Томирис жүрегі» деп аталатын жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы болды. Балабақша 100 балаға арналып ашылды. Балабақшада 30 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылды. «Томирис жүрегі» балабақшасында әрқашанда балаларды дамытушылық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге, балалардың болашағы үшін барлық заманауи жағдай жасалынған. «Томирис жүрегі» балабақшасына 2014 жылы Даму қорымен «Старшие сеньоры» бағдарламасымен канадалық  Джейм мырза тәжірибе алмасауға келді. Шетелдік әріптестің тәжірибесін бүгінде балабақшада пайдаланып, нәтижесін де көріп жүр. Балабақшаның жеткен жетістіктері де мол. Ұжымның ауызбіршілігі мен балалардың зеректігі қашан да мақталып айтылып келеді. Аймағындағы айтулы, мақтаулы балабақшалар қатарында екенін де айта кеткен жөн. Балабақша  2017, 2018 жылы, яғни, 2 жыл қатарынан «Жылдың көшбасшысы» номинациясымен марапатталғаны - соның дәлелі болса керек. Ал 2018 жылы қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2019 жылы Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қ.Е.Көшербаев мырзадан «Іскер әйел - кәсіпкерлер» Алғыс хатымен мараппаталған болатын.  Балабақшада әрбір мерекеде, сондай-ақ балалардың айтулы мерекесінде оларға сый-сыяпат табысталып, көңілді ертеңгіліктер ұйымдастырылуда, ата-аналар мен тәрбиешілер арасында тамаша байланыс орнатылғанын айта кеткеніміз жөн. Айкенже Омарқызы - тек ғана бір шаруамен ғана шектеліп қалатын жан емес. Ол - жан-жақты. Қоғамда болып жатқан жайларға бей-жай қарауды білмейді. Ер азамат қана көтере алатын жүкті де қатар алып жүреді. Олай дейтін себеп те бар. Қажет болған жағдайда жаныңнан табылып, ақыл-кеңесін аямайды, ал мұқтаж болғандарға көмегін көрсетіп жүреді. Бала – оның өмірінде бірінші орында. - Әрбір бала бақытты болуы керек, таршылық көрмей, балалықтың бақытты шағын мұңсыз өткізіп, көңілдерін кірбің шалмаса деймін. Ешбір баланы Аллам ата-анасыз қалдырмасын деп тілеймін. Сол сияқты жетім балаларды көрсем, еріксіз жанарыма жас аламын. Бейкүнә тастанды балаларды көргенде, жүрегім қақ айрылады. Адамзат үшін бала Алланың берген баға жетпес байлығы десе, кейбір қаракөздеріміздің белместіктен жасап жатқан тірліктерін көргенде қарным ашады. Әрбір қазақтың қаракөзі ақылды болса екен. Отбасы тәрбиесінде ата-аналар барынша балаларға жақсы тәрбие бере алса, мұндай жағдайлар қоғамда болмас та еді. Отбасынан кейінгі тәрбие  бізде, балабақшада, орын алады. Сондықтан да өзім үйімде де, балабақшада да балаларға бірдей көңілмен қараймын. Бала жылулықты, көңіл бөлгенді жақсы көреді. Олармен жұмыс жасағанда да көңіл-күйді өзгертіп, түрлі әдістерді қолдану керек. Олай болмаса, бала жалығады. Менің өмірім -  балабақшам. Менің кішкентай бөбектерім. Әр күні олардың күлімсіреген жүзін көруге асығамыз. Әр бала келіп тәрбиешісіне еркелейді. Қуана қарсы алады. Бүлдіршіндерді  көргенімізде біз де қуанамыз. Олармен бірге жүргенде балаша шаттанамыз. Біз өз жұмысымызды, балаларды жақсы көреміз. Олар «апайлап» алдымызға келгенде, мейірленіп, барлығын ұмытып кетеміз, бала сондай қылығымен де тәтті. Әр баланың мінез-құлқы әрқалай болғанымен, олар балалыққа салынады. Кейде өтірік те айтады, бұл - заңдылық та болар. Бірақ бала тәрбиесінде баланы өтірік айттың екен деп айыптаудан гөрі, соны қайталамауы үшін «ұят болады», «ұят жасадың» деп ұялту арқылы тәрбиелесек, болашақта балалар ұят дегеннің қадір-қасиетін білетін болады. Мен өз тәжірибемде осыны басшылыққа аламын. Әйтпесе, бүгінгі қым-қуыт қоғамда көзіміз көріп жүргендей, ұяттың қадірі болмай бара жатыр. Жалпы, бала тәрбиесінде нәзіктік, төзімділік керек,-дейді Айкенже Мұханова. Жүрегі нәзік, жомарт Айкенже ылғи да балалар үйіне қомқорлық көрсетуді үрдіске айналдырған.       Бала десе, басқасын ысырып қоятын Айкенже Омарқызы - табыс тауып, асып-тасып өмір сүрудің қамын күйттеп жүрген жан емес. Әрине, пайда да керек. Дегенмен,  кейіпкеріміздің балабақша ашудағы ең басты мақсаты -жоғарыда өзі айтып кеткеніндей, ізгілік пен парасаттылыққа жол көрсетер іргелі орында еліміздің тірегі болып табылатын жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп, сапалы біліммен қаруландыру. Ел үшін игілігі бар істің үлкен-кішісі болмайды ғой. Рас, егер өзге саладағы істерді де қолына алатын болса, Айкенженің оны үйіріп әкетуге білімі де, ішкі қуаты да жетеді. Ал ол ең үлкен, ең игілікті іс - бала тәрбиесі деп біледі. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деген жоқ па еді? Ұлы адам бұл жерде бала тәрбиесін басты мәселе етіп көтеріп отыр. Тәуелсіз еліміздің тілі де, ділі де балабақшадан басталады. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі емес пе? Ал балалармен бірге болудың өзі - керемет. Әу бастан осы істі жүрекпен қалаған Айкенже көпжылдық арманына 2013 жылы қол жеткізді. Жұмысы жайлы, ісі қарқынды. Ұжымы да осал емес. Бастысы - бүлдіршіндердің ата-аналары разы. Бүлдіршіндердің дүниетанымы да кеңейген, көрсем-білсем деген ниеттері зор. Бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі маңызды рөлді балабақша атқарады. Еліміздің ертеңі болар тұлғаны қалыптастыру - бүгінгі балабақша тәрбиешілерінің де еншісінде екенін айта кеткен жөн. Себебі, тәрбиеші-педагогтардың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық етеді. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелтетін бүлдіршіндердің қылығына төзу, олардың еркелігін көтеру, кей сәттерде баламен балаша болу, ойнау, күлу, жадырау, жұбату, тәрбие мен білім беру - төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. «Адамның адамгершілігі - жақсы тәрбиеші ұстаздан басталады»,- деген ақын Абай  бір ауыз сөзбен тәрбиешінің болмысын шынайы суреттеген. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілерді жинақтаған Айкенженің ұжымы мықты. Айкенже Омарқызы - бала үшін жаралған жан. Өмірі мен еңбек жолы балаға білім мен тәрбие берумен ұштасқан. Ұзақ жылдар бойы талай баланы балабақшадан ұшырып, тәлім-тәрбие беруде. Бала күнінен бастап әкесімен бірге кітапхана аралап, түрлі кітаптар оқып, анасының жанында бауырларының жағдайын жайлап өскендіктен де болар, ақылға бай, салмақты, инабатты, ізетті жан. 
      Ұжым басшысы ретінде ол үнемі балалармен, ата-аналармен көптеген жұмыстар атқарып, жұмыстың жандануына, биіктерден көрінуіне күш салып келеді. Басшы ретінде өз жұмысына тиянақты жауапкершілігі жоғары, талапшыл. Адами жағынан да, басшы ретінде де қарапайым әрі адал жан. Кез келген істі уақытылы орындап және оны ұжымнан талап етеді. Ұстаз болуымен қатар, балабақшаның әрін, сәнін келтіру - басты міндет болуы керек. Ұстаз өнерлі болса,  балабақша үшін үлкен қуаныш, керемет жетістік. Айкенженің ұжымындағы тәрбиешілердің бойында ол да бар. Соның нәтижесінде, балдырғандардың бірі суретті жақсы салса, бірі әнді жақсы айтады, ендігісі мың бұрала би билейді.   
Айкенже - табиғатынынан тынымсыз жан. Балабақша ісімен қатар,  2014  жылдың 20 ақпанынан бастап «КМА-ГРУПП» жеке шаруа серіктестігінің құрылтайшысы болды. Қайсыбір істе болмасын, ол табысты бола алды. 2005 жылы Қияқбаев Марат Серікбайұлымен шаңырақ көтеріп, бүгінде екеуі - бес баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған көпбалалы отбасы. Баланың жанына терең үңілген жан ғана оның жүрегіне жол табады. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Тәжірибесі мол Айкенже Омарқызы - іскер әйел ғана емес, аяулы ана, сүйікті жар, ибалы келін. Шығар шыңың биік болсын, Айкенже!
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...