Өнегелі ұстаз
Ұстаз болу үшін үлкен жауапкершілік, парасаттылық, пайымдылық пен кіршіксіз көңілді бұзып алмайтындай ұқыптылық, оқушы жүрегіне үңіле білу үшін мейірімділік пен сабырлылық, шаршамайтын шыдамдылық болу керек. Осы кезде ғана шәкірт пен оқушы арасында үзілмейтін байланыс болып, сол оқу орнынан үлкен адамдар, ұлылар, ақындар мен елге пайдасын тигізер азаматтар, ел қамын ойлаған басшылар мен ұлттық құндылықты өмірінен де жоғары қоятын зиялылар шығады.
Ұрпақ тәрбиесінде өнегелі ісі қалған ұстаз еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ғасыр өтсе де ғұмырлығын жоймайтын, ағартушылық салада атқарған еңбегі кейінгі ұрпаққа түн қараңғылығында жарық шашып, жол көрсетіп тұрса, есімдері шәкірт жүрегінде мәңгі сақталмақ. Ұстаз дейтін ұлы есімді еншілеп, артында өлмес өнер қалдырып, қазақ елінің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып жүрген ұстаз – Ибраева Тұрсынхан Жанатқанқызы.
Көптің көзайымына айналып, білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар Тұрсынхан Жанатқанқызы 1965 жылдың 28 наурызында Алматы облысы, Алакөл (Андреевка) ауданы, Андреевка селосында дүниеге келді. Бел ассаң мінген бесті атыңның басын көтермей от алатын бетегесі мол, табиғаты сұлу, суретшінің картинасына сұранып тұрған өлкеде балалығын өткізіп, тау самалымен жарыса ескен желге бұрымын сүйдірген Тұрсынхан 1972 жылы Андреев ауданы, Глиновка селосы А.Безродных атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Құйрық жалын шарт түйіп, кіл жүйріктер топтасып додаға түскен аламанда топ жаратын жүйріктің бала кезінен ерекше болатыны секілді, Тұрсынхан да мектеп қабырғасында жүріп өзін жақсы жағынан көрсете білді. Айтқан сөзді қағып алатын алғырлығы, ұстаздың тапсырмасы мен сабақты ойға салып зерделей білетін зеректігі, оны сынып оқушылары арасында үздік, мектептің мақтанышы болуға итермеледі.
Өмір жолына бағыт сілтеген білім ордасынан түлеп ұшқан соң 1982 жылы Алатаудың етегінде орын тепкен әсем қалада оқуын жалғастырып, шәкірт тәрбиелеу жолындағы мамандықты игеріп, алғашқы еңбек жолын 1986 жылы Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Андреевка селосы №2 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болудан бастады. Баламен жұмыс жасау үшін де біліктілікпен қатар, аналық мейірім керек. Қолына енді ғана қалам алған әр оқушымен жекелей жұмыс жасап, қабілеті мен бейіміне қарай икемдеп, тапсырмалар беріп, ерекше қабілетті дегендердің қабілетін ашу үшін т
![]()
үрлі деңгейдегі тапсырмалар беріп шыңдады. Өзі жетекшілік ететін сыныптағы әр баланың ұстазы ғана емес, сүйікті апайына айнала білді. Осы білім ордасында ұстаздық қызмет ете жүріп, заман талабына сай жан-жақтылығын арттырып, 1993 жылы Талдықорған қаласына кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетіне түсіп, педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі мамандығы бойынша 1998 жылы аяқтады. Қызметті бастаған жылдардағыдай емес, тәжірибесі мен білімі толысқан, кемелдене түскен, бойынан өзіне деген сенімділік пен парасаттылық көрінген Тұрсынхан ұжымдастарының құрметіне ие болды. Бұл да болса білім саласында өзінің сәл де болса үлесін қосу үшін еңбектенген ұстаздың алғашқы жетістіктерінің бірі болатын.
Андреевка селосы №2 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Андреев аудандық білім бөлімінде әдіскер, кадр жұмысын ұйымдастырушы инспектор қызметтерін атқарған Тұрсынхан Жанатқанқызы 2005-2009 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Байзерек орталау мектебінің директорлығына тағайындалып, басшылық қызметті 2009-2013 жылдары Алакөл ауданы Жыланды орта мектебінің директорлығымен жалғады. 2013-2015 жылдары Талдықорған қаласы Еңбек ауылы №22 орта мектепте директор болып тағайындалып, осы жылдар аралығында жаңа мектеп салуына атсалысып, өзінің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен Тұрсынхан Жанатқанқызы 2015 жылдан бері (денсаулығына байланысты) ауысу ретімен Талдықорған қаласы №9 орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек жолын жалғастырып келеді.
Адами асыл қасиеттері әке тәрбиесі, ана сүтімен бойына сіңген Тұрсынхан өзіне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды жоғары деңгейде атқара білді. Кісі көңілін қалдырмайтын ақшаңқан пейілі мен жомарттығы, кісіні өзіне тартып тұрар ерекше бір жылылығымен оқушы жанын баурай білді. Өзі де ұстаздық еңбек ете жүріп, әрбір оқу жылында кәсіби тәжірибесі және біліктілігін дамыту мақсатында арнайы курстарында оқыды. «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 2016 жылы; «НЗМ» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық өлшеулер орталығы» ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қалыптастырушы бағалау: жоспарлау,қолдану, нәтижелерді талдау және кері байланыс беру» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру, Астана, 2017 жыл; «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасы бойынша, мектеп тренері, 2018 жыл; «Өрлеу БАҰО АҚ» ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша вариативті бөлімді жоспарлау түрлері мен мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін арттыру жолдары» курсын 2020 жылдары кәсіби білімін шыңдап отырды.
Сондай-ақ, кәсіби тәжірибесін тарату жолдары барысында 2019 жылы Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған «Инклюзивті білім беру: теориясы мен тәжірибесі» атты республикалық ғылыми – практикалық конференция жұмысына қатысып, «Жаңартылған білім беру бағдарламасы жағдайындағы инклюзия» секциясына жетекшілік етті. Бұл – ғылым жолына бағыт алған ұстаздың алғашқы бастамалары мен жеістіктерінің бірі болатын.
Ғылымның дамуы үшін еңбек етіп, білім ордаларында жұмыс істеу барысында түрлі мадақтарда есімі айтылып, құрмет тақтасында тиісті орнын алған, сонымен қатар, мектеп, қала, облыс және республика көлеміндегі Мақтау грамоталары ұстаздың еңбегіне берілген баға болды. 2019 жылы «Қазіргі білім беру: әдістеме, технология, сапа» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясынан, «Инновации в образовании: траектории международного сотрудничества» халықаралық форумынан және де «Инновациялық технологияларды білім беру үрдісінде ендіру – сапалы білім негізі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияларында іс-тәжірибе таратып, жоғары деңгейде шығармашылық қабілет танытып, іс- тәжірибесін таратқаны үшін марапаттауларға ие болды. Сонымен бірге, өрелі жұмыстар мен жас ұрпаққа үлгі боларлық парасатты қадамдар үшін қала әкімінің Құрмет грамотасы, облыс, республика деңгейінде Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
![]()
Сондай-ақ, білім саласына, шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбегі сіңген ұстаздарға берілетін мадақтардың бірі 1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын иеленген Тұрсынхан Жанатқанқызының жетістіктері мен респбликалық деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген еңбектері мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2019 жылы «Жаңартылған білім – болашақтың кепілі», «Инклюзивті білім алушы балаларға педагогикалық - психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастыру», «Сабақты зерттеу (LS) топтары мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытудың тиімді құралы», «Бастауыш сыныпта тілдік дағдыны дамытуда қолданылатын белсенді әдіс-тәсілдер», «Мектепте инклюзивті білім алушы баламен жұмысты ұйымдастыру», 2020 жылы «Сабақты зерттеу (LS) – сапалы сабақ кепілі» атты еңбектері оқырмандарға ұсынылып, білім ордаларында әдістемелік құрал ретінде қолданысқа енгізілді.
Оқытушылық еткен осынау жылдары өзінің оқып-білгенін шәкірттеріне үйретумен қатар, өзі де таңдаған мамандығынан алыс кетпей, білім кеңістігін үнемі жаңалап отырды. Оқушы сұрағына жауап беру үшін де білім, сауат керек. Сондықтан, әрдайым ізденіп, жан-жақтылығын арттырып отыруды жөн санады. Оқушының санасына ауыр тиетін сабақтарды өз әлінше түрлендіріп, жетілдіріп, алдына келген студенттердің таңдаған мамандықтарын толық игеріп кетуі үшін аянбады. Өз ісіне адалдықпен қарап, оқушыларымен өз баласындай жұмыс істеп, қуанса қуанып, қабағына кірбің түссе халін сұрап, емтихан кездері сынақтан қалай өтудің, жоғары баға алудың жолдарын үйретіп, келешек мамандарды іске шыңдап, алға ұмтылуға жетелеп, өз ісіне деген қызығушылықтарын арттырып отырды.
Білім саласындағы адал атқарған еңбегі үшін 2019 жылы республикалық «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған Тұрсынхан Жанатқанқызы 2020 жылы «Тілді дамыту» таңдау курсы бойынша бастауыш сыныптарға арналған авторлық бағдарлама жазып, құзырлы органдар тарапынан қолдауға ие болып бекітілді. Қолына алған қандай істі де жандандырып алып кететін еті тірілігі мен пысықтығы, оқытушылығынан бөлек басшылық қабілетіне сай келетін сабырлылығы, қиын жағдайда да тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін пайымдылығы, сауаттылығы үлкен қызметтерге сұрандырып тұратын ұстаз 2019 жылы облыстық «Заманауи білім берудің әдістемесі мен мазмұны», 2020 жылы «Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы әдістемелік қызметте коллаборация арқылы сапалы өзгерістерге қол жеткізу, тәжірибе алмасу мен тарату мақсатында өткізілген алаңда шебер-класс көрсетті.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, білгені мен түйгенін өз шәкірттерінің бойына сарқа төгіп, тәжірибесінен туындаған біліктілігін пайдалана отырып, болашақ қазақ елінің ғылым көшін бастайтын, ел тізгінін ұстайтын оқушыларды тәрбиелеп келеді. Түрлі деңгейдегі додаларда топ жарып, пән олимпиадаларында, ғылыми конференцияларда өз еңбегін қорғап, ұстазының мерейін өсірген, «Жас зерттеуші» атты өткізілген республикалық инновациялық ғылыми жоба байқауында жетістіктерге жеткен шәкіртері баршылық.
Оқытушылық пен ғылым дейтін ауқымы кең, жауапкершілігі мол саланы қатар алып жүрген Тұрсынхан Жанатқанқызына лайықты құрмет көрсетіп, талмайтын, қажымайтын күш-жігері мен оқыған адамды елең еткізбей қоймайтын ғылыми еңбектері қандай уәкілетті орган тарапынан да жоғары бағаға лайық болды. Әр оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп, қайырымдылық іс-шараларына жиі қатысатын ұстаздың өмірлік жолдасы Ибраев Сырым Досымқанұлы – білікті педагог. Қос ұстаз – Дина есімді қызын құтты орнына қондырып, сүйікті немере сүйген, әулеттің тізгінін ұстап қалған Ерлан есімді ұлы Москва қаласының университетінде магистратурада оқып жүрген, бақыттың бесігінде тербеліп отырған бақытты ата-әже!Ғасыр өтсе де ғұмырлығын жоймай, дәуір өткен сайын тұғыры биіктей түсетін ұстаз дейтін мамандықты иеленген жандар қандай құрметке де лайық. Тағдыр таңның атысынан түннің қараңғысына дейін еңбек (тәпсір) етіп, берген ғұмырын бала оқытуға арнап, ағартушылық жолда көп еңбектер жазып, артына өшпестей із қалдыра білген бір әулеттен шыққан ұстаз Тұрсынхан Жанатқанқызының саналы өмірі кейінгі жастарға үлгі, шәкірт жүрегіне еккен білім жарығы, келешек қазақ ғылымының өркендеуіне нұрын шаша бермек!