Тлеуова Гулнар Нурекешқызы

Рейтинг:
Мұғалімнің мерейлі мәртебесі

      Бұл өмірде адамзат баласы басын иетін ұлағатты ұстаздар қауымының қай кезеңде де мәртебесі жоғары, беделі биік. Өйткені, ұстаз ол - қолымызға қалам ұстатып, әріп танытқан, алғаш "әке", "ана" деген қастерлі ұғымдарды қағаз бетіне түсірте білген даналық иесі. Яғни, басшы болсын, әкім, ақын болсын, барлығы да ұстаздың алдынан өтеді. Міне, осыдан-ақ ұстаз атты киелі ұғымды арқалаған жанның болмысының қаншалықты бөлек екенін айқын аңғаруға болады. 
      Шәкірттерін сапалы біліммен сусындатып, оны саналы тәрбиемен ұштастырып, білім айдынында еркін жүздірген осындай жандардың бірі - Тлеуова  Гулнар Нурекешқызы. Гулнар Нурекешқызы – Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бірік ауылдық округінде дүниеге келген.  Ата-анасының ерке де, есті қызы болған Гулнар қатарластарының алды болды. Оқуда озат, қоғамдық ортада белсенді болған қағылез қыз мамандық таңдауда жүрек қалауына жүгінді. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бойжеткен кішкентай балақайларға әріп танытуды мақсат тұтып, бастауыш сыныптардың ұстазы болуды таңдайды. 
      Оқуға тапсыруға Орал қаласына келіп, сол кездердегі іргелі білім ордасы, мықты мұғалім даярлайтын мектебі қалыптасқан Орал педагогикалық училищесіне құжаттарын тапсырып, студент атанады. Бұл – 1986 жылдың жазы болатын. Одан соң М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша  білім алды.
      Болмысы пысық, ойы ұшқыр жас оқумен қатар жұмысты да бірге алып жүруді көздеп, 1986-1988 жылдары аралығында Казталов ауданына қарасты Қоныс орта мектебінде  алғашқы еңбек жолын мұғалім болып бастайды.   Гулнар Нурекешқызы балалармен  тез тіл табысып, бүлдіршіндерді өзіне  үйіріп әкетеді.  Шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған   аяулы ұстаз Гулнар Нурекешқызы 1988 жылдан   бастап осы уақытқа дейін Ордабай ауылындағы Ордабай бастауыш жалпы білім беретін мектебінің І-санатты бастауыш сынып мұғалімі болып ұстаздық мансабын жалғастырып келеді.  
      Қазақ топырағынан шыққан ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби ұстаз туралы былайша толғайды: "Ұстаз - жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. Ғасыр ғұламасы Әл-Фараби ұстаздардың балаға жай ғана үйретуші емес, темірқазықтай бағыт-бағдар сілтерін айтса керек.         
      Иә, Гулнар апай өз шәкірттеріне әрдайым жөн сілтеп, ақыл-кеңесін аямай, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан үлгілі ұстаз. Апайдың жетекшілік етуімен талай игі іс-шара, мазмұнды да мәнді тәрбие сағаттары, ерекше ашық сабақтар өтіп келеді. Талайдың таңдайын қақтырған тәжірибелі маман ұжымдастарының да алдында сыйлы әріптес. 
      "Шәкіртсіз ұстаз - тұл" - демекші, білім бәсекесіне баптаған оқушылары да Гулнар Нурекешқызының мақтаныштарына айналып үлгірген.  Кезінде өзі алғаш әліппе үйреткен балаң шәкірттері бүгінде ұстаздық салада еңбек етуде. Атап айтсақ, Аменова Әлия, Қазбек Нұрбек сынды оқушылары бастауыш сынып мұғалімдері  болса, Халелова Инабат орыс тілі мен орыс әдебиетінің мұғалімі. Былтырғы оқу жылында бір шәкірті Какимова Нұрсәуле «Алтын белгі» иегері атанып, Гүлнар Тлеуованың мерейін үстем етті. Қазіргі таңда Нұрсәуле Қарағанды қаласындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті. Биыл тағы бір оқушысы Нәсіпқали Ақерке 11-сыныпты  «Алтын белгі» иегеріне үміткер. Міне, осындай шәкірттері алғашқы ұстаздары Гүлнар апайларына өзінің алғыстарын айтады. Бастауыш сыныптардағы білімнің сапалы болуы баланың болашағына әсер ететінін осыдан-ақ байқауға болады..
      Гулнар Нурекешқызының білім саласындағы елеулі еңбегі ескеріліп,   аудандық  Құрмет тақтасына суреті ілінді. Сондай-ақ, әр жылдары үздік шәкірттер шоғырын даярлағаны үшін аудандық білім бөлімінің «Құрмет Грамотасымен»   бірнеше мәрте марапатталды. Аудандық, облыстық, республикалық басылым беттеріне ашық сабақтары тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар ағымдағы жылы Г.Тлеуова «Daryn.online» білім беру платформасы мен «Qaztest.kz» олимпиада сайты бірлесіп ұйымдастырған республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің пәндік олимпиадасында оза шауып, «ІІ дәрежелі дипломмен» марапатталды.  
      Ұлағатты ұстаз Гулнар апай қызғалдақтай үш қызға жарық дүние сыйлаған аяулы ана. Жолдасы Салихов Меңеш ағай – көлік жүргізушісі. Меңеш аға мен Гулнар апайдан тараған ұрпағы әкенің қаны мен ананың сүті арқылы келген ізгілік жолынан тайып көрген емес. Үш қызы да жоғары білімді мамандар. Ата-анасының атына кір келтірмей, берген тәлім-тәрбиелері арқылы дүниеге бір-бір кірпіш болып қаланған асылдар. Қыздарының үлкені магистратураны қызыл дипломмен  бітірген білікті жас. Бұл күнде бір отбасының ибалы келіні. Орал қаласында тұрады. Ортаншы қыздары – аудитор мамандығын алған. Жалпақтал аудандық Казпошта мекемесінде жұмыс атқарады. Отбасылы.  Кенже қыздары – Казталов ауданында Казталов мектеп-лицейінде әлеуметтік педагог болып еңбек етеді. Берекелі жанұяның отанасына айналған жан. 
      Білікті маман Гулнар Нурекешқызы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай оздырылған "Саралау арқылы оқушыға қолдау көрсетудің маңызы" атты тірек мектебі мен магниттік мектептер арасындағы семинарға қатысып, ерекше көзге түсіп «Алғыс Хат» иеленді. Тағы бір жетістігі  ретінде "Талантты балалармен жүргізілетін жұмыс" атты тақырыпта өткізілген республикалық интернет-олимпиадада «І дәрежелі дипломмен» марапатталғанын айтуға болады. Алғыр шәкірттерінің арасында Кулаева Назерке, Қайырлы Мади, Батырғали   Алтынай, Қазбек Қыдырәлі, Батырғали Ілияс, Жанғазықызы Жанерке сынды жас жеткіншектер бар. 
      Еліміздің болашағы – тәртіпті де тәрбиелі,саналы ұрпақ екені даусыз. Сол тәрбиелі, саналы ұрпақ өсіру баршаға ортақ іс, әрі міндет. Осы қиыны мен қызығы мол істе аянбай еңбек етуші – ұстаздар қауымы екені айдан анық. Ұстаздар  халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз" - деген. 
      Бала үшін өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын осындай дара ұстаздың бірі  – Гулнар Тлеуова. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттерінің жанына нұр құятын Гүлнар апай өскелең ұрпақтың білікті де білімді болғанын қалайды. Бойында қайраты тасыған, ерік-жігері мол  жастарға бағдар беретін Гулнар Нурекешқызындай ұстаздың кейінгілерге берері мол.
      Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков:
      Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,
      Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
      Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
      Азбайтұғын адамның асылдығы,-демей ме?
      Білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, абырой биігінен көрінген жандардың бірі  ұлағатты ұстаз – Тлеуова Гулнар. Ол білім саласында қажырлы еңбек етіп, қалтқысыз қызмет жасады. Өнегелі ісімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Гулнар Нурекешқызы сапалы білім мен тәрбие беру арқылы саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейді. Осындай ерен қасиеттерге бай алда алар асуы мен шығар шыңының биік екеніне кәміл сенеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...