Ағартушылық қызметтің шыңына шыққан азамат
«Жақсы кісі көрінер жыл құсындай» - деп маржан сөздің шырайын келтірген, айтыс өнерінің алтын діңгегі, дара дарын Сүйінбай бабамыздан қалған қанатты сөз бар. Əрине, бұл қағида тұла бойынан кешкі самалдай пайым-парасаттың лебі есіп, даралығы мен даналығы таң алдында жарқырап туатын шолпан жұлдыздай еңсесі биік, талғамы терең, арманы асқақ жандарға бағытталғаны белгілі. Мынау жарық дүниеге адам болып келу – кімге болса да берілген Алланың үлкен сыйы десек, сол аманатты азаматтық биікте жүріп орындау – нәсіп, азаматтықтан қайраткерлікке жету, әлбетте, тума даралық қабілетін, уақытын сәттірек пайдалану, тынбай еңбектену. Елімізде өмірінің алғашқы ширегін тәрбие мен білім алуға, екінші ширегін белсенді қызмет атқаруға, келесі ширегін халқының көз алдында жүріп қайраткерлік танытуға арнаған, саналы ғұмырының әр жылын өзі болып өзгелерге арнаған тұлғалар біршама баршылық. Қоғамның алтын діңгегі білім мен ғылым десек, осы екі салаға бүкіл саналы ғұмырын арнаған үлкен ғалым
![]()
, шуақты жан Рахматулла Булат Шияпұлы. Ол – 1942 жылы Алматы облысы, Бөрлітөбе ауданы, Лепсі станциясында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген бала Булат өзінің көптеген тағдырластары секілді ерте есейді. Олар майдан даласын көзімен көрмесе де, соғыстың не екенін біліп өсті, елде қалған қауымның «Бәрі де майдан үшін» деген ұранының терең сырын түйсініп, жеңістің қандай қасіретпен келгенін бала көңілдерімен сезініп өсті. Олар ертеден кешке дейін шапқылайтын ойын балалары бола алмады, ән салып, би билеп, күнде думан, той көре алмады, аштықта, жоқшылықта, қиыншылықта тірлік кешті. Сондықтан да, жастайынан шымыр, мойылдай қатал, қиындыққа көнімпаз болып өсті. Өмірдің қатал да, қуатты мектебінде шыңдалды. Қатал тәртіп тәрбиенің тірегіне айналды. Мұның өзі сана-сезім, ой-парасаттың ерте қалыптасуына, жетілуіне жетеледі. Жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды бала болсада пайымдай алатын болды. Ол кезеңде адамдар өте саналы, байсалды еді, өтірік, ұрлық дейтіндер болмақ түгілі ондай сөздер тіпті естілмейтін. Темір тәртіп таза тірліктің арнасын ашты.
Осындай сынақтар арқылы ержеткен жас бала зерек те зейінді, аса алғыр болатын. Ғылым-білімге ерекше құштарлығымен, ынталылығымен ерекшеленетін. Білімнің қайнар көзі – ұлағатты ұстаздарда деп түсініп, оларды құрметті жандарға балайтын. Шынында да, ұстаз – осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден - бір тұлға екені рас. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды рөл ойнайды, өйткені ол – шәкірт үшін айна сияқты. Ұстазы жақсының шәкірті үздік. Бұл - айнымас аксиома. Бала білімді өз бетінше кітаптан оқып та үйрене алады, бірақ тәрбиені өз бетінше ала алмайды, өнеге мен үлгі, құрмет сияқты ізгі қасиеттер – ата-анадан қан арқылы дарыса, ұстаздан тәлім арқылы жұғады. Бала күнінен ілім-білімге жаны құмар, ұмтылысымен дараланатын бала оқушы күнінен-ақ білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтты. Себебі, заманның ағысын тамыршыдай тап басып, сұңғылалықпен болашақтың білімділер қолында болатынын болжап білген ата-анасы білімнің адамның келешек өміріндегі маңызын, қоғамдық ортада тек білімдарлықпен даралануға болатынын балаларының құлағына құйып отыратын. Жалған дүниедегі жанына аса жақын жандардың ақыл-өсиетін тыңдаумен қатар осыған дейін өзіне беймәлім әлемнің қыр-сыры ашылған сайын тұңғиығына тартатын қасиетке ие екенін аңғарған оқушы Булаттың өз қызығушылығы да күннен-күнге арта түсті. Осылайша, шәкірт Булат 1960 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ертіс селосындағы №1 орта мектепті аяқтайды.
Сол заманның жастарының бойында өмірге деген ерекше бір құштарлық болған. Қолы жеткендер оқудың соңына түссе, оқуға іліге алмағандар білек түріп еңбекке кіріскен. Мектеп қабырғасынан шыққан жасөспірім еңбек жолын Алматы тұрғын үй құрылысы трестінің СМУ-7 құрылыс-монтаждау ұйымында қатардағы жұмысшы болып бастаған. Өзінің ынталы зерделілігімен бұта басын сындыруға жарағаннан бастап-ақ ғылымға, білімге қабат құштарланып, бір жағынан жұмыс істеп, бір жағынан тыным таппай іздене жүріп жұмыс істей жүріп үйренуін жалғастырады.Сондықтан, 1960 жылы еліміздегі аса беделді білім ордаларының бірі, қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік университетіне тарих факультетіне оқуға түседі. Таңдаған мамандығы – «Тарихшы.Тарих және қоғамтану мұғалімі». Мамандандырылуы – қазақстан тарихы. Оқушы кезінен ыждаһаттылығымен дараланатын жігіт аталмыш білім ордасындағы жылдарын барынша пайдалы өткізуге тырысты. Оқу-білімге ынталы, әрбір ісіне мұқият жас жоғары білім бағдарламасын меңгеріп кетуге бар күш-жігерін салады. Мақсаты айқын, оған жететін қадамдары нық болғандықтан университет қабырғасындағы әрбір күннен, дәріс жүргізуші әрбір ұстаздан болашақ кәсібіне қажетті тәжірибені бойына жинай берді. Білімі күннен-күнге толығып, кәсіби қызметінде жаратар дағдыларға да машықтана түсті. Өткізілетін әрбір іс-шарадан да қалыспай, ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете жүріп, белсенділік танытатын.
Булаттың таңдаған мамандығы аса маңызды. Мұғалім – басқа сала мамандықтарына қарағанда, ең қиын, ең ізгілікті мамандықтардың бірі екені анық. Себебі, басты міндет, ең құнды әрі маңызды мәселе – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беру. Сондықтан, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті ұстаздар қауымының мойнында болатындығын жан-тәнімен түйсінетін. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беру үшін көп еңбектенуге тура келетіндігін түсінетін. Оның үстіне туған ел, ұлт тарихына оқыту тіптен маңызы жоғары міндет екенін білгендіктен сабағын барынша үздік оқуға ұмтылды. Сонымен қатар сабырлы, кiшiпейiл мiнезi, iстiң мәнiн ақылмен аңдайтындығы, асықпай-саспай iс iстейтiнi, кiтапты көп оқитындығы арқылы қатарластарына үлгi де бола білді.
Осылай өзінің жан-жақтылығымен сүйсінте отырып, 1965 жылы білім ордасын жоғары дәрежеде тәмамдап, мамандығы бойынша біліктілік алып шығады. Өскен жеріне оралып еңбек майданына араласуды бастайды. Сөйтіп 1965 жылдың тамыз айында Павлодар облысындағы Ермак қаласындағы (қазіргі Ақсу) №4 сегізжылдық мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Теориялық білімін тәжірибеге айналдыру жолын енді бастай бергенінде сол жылдың қазан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Түркістан әскери округінде қатардағы сарбаздан запастағы аға лейтенант шеніне дейін Отан алдындағы борышын адал өтеп қайтады. 1966 жылы запасқа шығарылып, аман-есен ауылына оралады. Әскер қатарынан келгеннен кейін Ермак қаласындағы (қазіргі Ақсу) №2 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырады. Орта мектепте біршама тәжірибе жинақтаған соң білімді жас маманды байқаған басшылық оны жоғары оқу орнында дәріс оқуға шақырады.
Осылайша, 1967 жылы Павлодар индустриалдық институтының жалпы техникалық факультетінде тарих пәні бойынша аға оқытушы қызметіне кіріседі. Ғылым жолына түсуді студент шағынан көздеген соң, 1968-1971 жылдар аралығында Пермь мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыған. 1971 жылы Павлодар индустриалдық институтының жалпы техникалық факультетінде қоғамдық ғылымдар бойынша аға оқытушы болады.
Өзінің ақ адал еңбегімен халқының құрметіне бөленген білгір маман бар күш-қайратын, ерік-жігерін иненің жасуындай болса датуған жерге қызмет етсем, соңымнан жақсы із қалдырсам деген асыл мұраттың жетегіне бағыттады. Ізгі мұратқа жетер жол ілім-білімде екенін ұғынып,соны өзіне бағдаршам етті. Қыран құс шүйліккенін алмай қоймайтыны секілді білгір, білімпаз, жаңашыл, рухани жол бастаушы екендігін ісімен дəлелдеп, діттеген асуын бағындырып, сол соқпақты жолда шарболаттай шыңдалған дарабозға айналды. Аспирантурада оқығандағы ізденген еңбегі зая кетпей, таңдаған диссертация тақырыбының өзектілігі, барлық талаптарға сай жазылғандығы, ізденуші ретіндегі талпынысы бағаланып, 1973 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Ол кезде мұндай ғылыми атаққа екінің бірі қол жеткізе бермейтін.
Ғылыми атаққа өз талпынысымен жеткен азамат 1976 жылы Павлодар индустриалдық институтының жалпы техникалық факультетінде қоғамдық ғылымдар бойынша доценттің міндетін атқарушы лауазымына конкурс бойынша өтеді. Келесі жылдың қыркүйек айында доцент осы білім ордасының «Жалпы инженерлік пәндер» кафедрасының меңгерушісі қызметіне конкурстан өтіп тағайындалады. Бұл қызметіне ақ адал еңбегінің арқасында ие болған Булат Шияпұлы осы лауазымда сегіз жылдан астам отырды. Осы жылдар аралығында алдынан талай шәкірттерді ұшырған ұстаз олардың көбісінің қоғам қайраткері болып танылуына жол ашады. Кейбіреуі үлкен қызметтердің тізгінін ұстады. Олардың білімді де, білікті азамат болып шығуына, халқына адал қызмет етуіне көп септігі тиген. Сол ісі арқылы «Оқытушы қандай болса, шәкірті де сондай»- дегенді ісімен дәлелдеген.1985 жылы сол оқу ордасындағы «Ғылыми коммунизм» кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауыстырылады.
Шәкірт тәрбиелеу ісіне сіңірген еңбегінің арқасында аймақтағы жоғары оқу орындарында есімі жақсы жағынан аталып жүреді. Сондықтан, 1986 жылы Ермак қаласындағы Сібір металлургия институтының «Тарих» кафедрасының доценті қызметіне шақырылады. Ол институтта біршама жылдар абыройлы қызмет жасаған соң, 1990 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт-ВТУЗ (жоғары техникалық оқу орны) – мақсатты даярлау факультетінің «Саяси экономия» кафедрасына доцент қызметіне ауысады. Бұл уақыт еліміздің Тәуелсіздік алып, шаруашылықтың бәрі құлдырап, ел жағдайы шатқаяқтап тұрған кезең еді. Мұғалімдер қаншама еңбек еткенімен жалақы төлеу жағы қиынға соқса да қиындықтан қашпауға дағдыланған Булат ағамыз таңдаған жолынан таймай ұстаздық қызметін жалғастыра береді. 1992 жылы Павлодар университетінің Ақсу оқу-ғылыми өндірістік орталығының доценті қызметіне қабылданады. Осында он жылға жуық қызмет істеп, кәсіби лауазымның келесі сатысына көтеріліп, 2001 жылы профессор ғылыми атағына ие болады.
Сый-құрметке ие ұстаз 2002 жылдың қыркүйегінен бастап осы оқу орнының Ақсу оқу-ғылыми өндірістік орталығының «Металлургия және энергетика» кафедрасының профессоры қызметіне ауысты. 2003 жылы Павлодар университетінің Ақсу филиалының «Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры болған. 2004 жылы осы мекемеде философия кафедрасының профессоры қызметін зейнетке шыққанынша атқарады.
Уақыты жетіп 2005 жылы құрметті зейнет демалысына шыққаннан
![]()
кейін де білім беру ісінен қол үзбейді. Инновациялық Еуразиялық университеттің Ақсу оқу-ғылыми өндірістік орталығында жұмыс істеуін 2008 жылға дейін жалғастырады. Кейінірек университеттің өзінде профессор қызметінде жұмыс жасады. Қазіргі уақытта осы университеттің Бизнес, білім және құқық факультетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық білім және Қазақстан халықтарының ассамблеясы» кафедрасының профессоры. Зейнеткер ұстаздың еңбегі ескеріліп, 2013 жылы академик ғылыми атағы берілген. Ғылыми-педагогикалық қызмет атқарған жылдары 50-ден астам ғылыми және әдістемелік жұмыстарды жариялаған, соның ішінде «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан жастары» монографиясы да бар.
Мәскеу, Ленинград, Алматы, Астана, Ташкент, Новосибирск, Кемерово, Новокузнецк, Гродно, Майкоп, Павлодар қалаларында өткен көптеген ғылыми-әдістемелік конференцияларға қатысушысы. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы бойынша Ресей проблемалық кеңесінің отырыстарына да қатысқан. Ғылыми-ағартушылық мақсатта Қытай, Түркия, Германия, Франция, Италия елдерінде болған.
Білім беру ісімен қоса әлі күнге дейін қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады, радиодан сұхбат береді, газеттерге ғылыми және қоғамдық-саяси тақырыптарда мақала жазады. Сондай-ақ, ұлтжанды азамат тіл жанашыры ретінде «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, ішкі саясат бөлімінің желілері бойынша қалалық іс-шараларға атсалысады. Бірнеше жыл бойы «Знание» қалалық қоғамының төрағасы, Ермак қаласындағы Павлодар индустриалдық институтының жалпы техникалық факультетінің партия ұйымының хатшысы, Қазақстан Компартиясының Ермак қалалық комитетінің мүшесі болған. 2018 жылдан бері Ақсу қаласындағы «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының жетекшісі.
Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнап, әлі де тұғырдан түспеген ағамыздың осы жылдар ішінде алған марапаттары да жетерлік. Олардың ішінде алғыс хаттар да, мақтаулар да, медальдар да бар. Кеңес Одағы тұсында саяси өмірге белсене араласқаны үшін Кеңес Одағы Коммунистік партиясының медалін, коммунистердің күн көсемі В.И.Лениннің 110-жылдығына орай, «Знание» облыстық ұйымының 4 дүркін, Қазақстан Компартиясының Ермак қалалық комитетінің 4 дүркін, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің, Павлодар индустриалды институтының «Құрмет Грамоталарын» иеленген. Екі жыл қатарынан, яғни 1978, 1979 жылдары «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісін жеңіп алған. Шәкірт даярлағаны үшін кіші ғылым академиясының және Шарбақты ауылы №3 орта мектептің «Алғыс Хатына» ие болған.
Тәуелсіздік жылдарында да белсенділігін жоғалтпаған Булат Шияпұлы көптеген мадақтамаларды марапаттар қоржынына жинақтаған. Атап айтсақ, Павлодар университетінің 10-жылдығына орай «Құрмет Грамотасы», Қазақстан халықтары Ассамблеясының, облыс әкімінің, Ақсу қаласы мемлекеттік аудандық электростанциясының, Ақсу ферроқорыту зауыты басшылығының, Еуразия инновациялық университетінің 60 және 70 жылдығына орай, 2016 жылы Ақсу қаласының мәдениет бөлімінің, 2016 жылы Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі дирекциясының, 2019 жылы Павлодар қаласы әкімінің және Ақсу қаласы әкімінің «Құрмет Грамоталары» табысталған.
2017 жылы Ақсу қаласының «Құрметті азаматы» атағы және Павлодар қаласы әкімі орынбасарының «Алғыс Хаты» беріліп, мерейі өсе түсті.
2018 жылы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, сонымен бірге «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Осыншама құрметке ие болып, еңбегінің арқасында жоғары лауазымдарды атқарған өресі биік, өрелі азамат Булат қарапайымдылығынан таймастан жеке, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық өмірімнің осылай қалыптасқаны үшін ата-анасына, мектептегі мұғалімдеріне, оқытушыларына, ҚазМУ және Пермь университеті профессорларына, сонымен бірге ҚР мен РФ көптеген атақты және қарапайым адамдарға қарыздар санайды. Ағамыздың еңбегінің жемісті, шәкірттерінің өзіндей болуына тілектеспіз.