Ұлы маман иесі
Мына теңдесі жоқ құдіреті ғажайып дүниені танып, өмірдің барлық қиырына жол сілтеп, тереңін ұғындырып, қаншама азаматты «адам» ететін мықты мамандық бар. Ол – ұстаздық! Иә, бұл пікірді аса сүйіспеншілікпен бағалап, ерекше құрметке толы ықыласпен қолдайтын жандар мына әлемде шексіз шығар?! Ғалым да, дана да, тіпті, ел басқарған Президент те ұстаз алдынан алған тәлім-тәрбиесі арқылы өсіп-өнеді. Демек, ұстаздық – дүниедегі барлық мамандықтың ұлысы, анасы. Сондықтан да барша жұрт оған басын иіп, құрметпен қарайды. Осындай аяулы ұстазын ардақ тұтып, талай шәкірттерін алдынан самғай ұшырып, ел алдында абыроймен еңбек етуді үйреткен дара ұстаздың бірегейі – Дәрменқұлова Ғалия Аязқызы.
Ғалия Аязқызы 1972 жылы мамыр айының бесінші жұлдызында жыр алыбы Жамбыл туған кең тынысты, киелі өлке Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты «Бірлесу-еңбек» ауылында дүние есігін ашады. Жарық дүниеге әкелген ата-анасы ауылға сыйлы, адал еңбегімен еленген, қарапайым отбасы еді. Әкесі – Дәрменқұлов Аяз Байсалұлы шаруаға бейім, ұзақ жылдар бойы ауылда жүргізуші болып жұмыс істеген. Ал анасы - Мырзатаева Айданақ Манапбекқызы ауылдың қызылша өсіру шаруашылығында жұмыс істеген. Бүгінде ата-анасы зор үмітпен өсірген ұл- қыздарының қызығы мен талмай еткен еңбектерінің жемісін көріп отырған құрметті зейнеткерлер. Ғалия – шаңырақтың үлкені, ата-апасының бауырында өскен ерке қызы боп өсті. Кейіннен отбасында қанаттасып өскен Манат, Мұрат, Жанболат, Нұрболат, Азамат, Сәния, Әсия есімді бауырлары өмірге келді. Кішкене кезінен данагөй Әпуза әжесінің ақылы мен тәрбиесін алған Ғалия жастайынан зерек, өте сезімтал, бауырларына қамқор болып өсті. Әкесі Аяз бен анасы Айданақ әжесінің қызы болған соң, бетінен қақпай,«апасының қызы ғой...» дегеннен басқа сөз айтпады. Өйткені, қазақта үлкенді сыйлап, құрмет көрсетіп, тұла бойы тұңғышын «Ата-апасының қызы» деп, бауырына беру – бұрыннан бар дүние. «Баланың жақсысы нағашыдан» демекші, ұлтын сүйген ардақты нағашы атасы Мырзатайұлы Манапбек жиен немересін көріп, бала Ғалияға ақ батасын берген екен. Нағашы апалары Дәмек пен Бүбікүл де балалардың тәрбиесіне мән беріп, қашанда ақыл-кеңесін беріп отырған. Міне, осындай қамқор, өнегелі екі жақтағы қазыналы қарттардың тәлімі мен өнегесін көріп өскен Ғалия Аязқызы 1979 жылдың күзінде ауыл мектебіне алғаш қадам басып, 1-сыныпқа қабылданады. Кішкене кезінен оқуға құмар, жаратылысынан зерек оқушы Ғалияның алғаш қалам ұстатып, әріптерді танытқан ұстазы – Нұралиева Айымбөбе еді. Оқуда алғыр, озық шәкірттің тіл мен әдеби әлемге деген қызығушылығын арттырып,қазақ тілі мен әдебиетін меңгеріп, осы пәнді таңдауына
![]()
жол көрсеткен ұстаздары Тәжібаев Мәден мен Әбдиева Дүйсекүл ,Сейдуалиев Амантай ағайларының еңбегі ерекше болатын.
Абай, Шоқан, Мұхтар секілді кішкентай кезінен дана әжесінің ертегі –жырын тыңдап , бойына қазақтың салт-дәстүрі мен даралығын сіңіріп өскендіктен бе, шешендік сөздерді, сөз өнерінің құдіретін, өзінше мақаммен жырға қосып сөйлеуді жақсы көретін. «Болар бала жасынан» дегендей, көпті көрген әжесі қасынан бір елі тастамай, қыста беретін соғымбасы, жазда болатын бесік той, шілдехана тойларға барғанда да,тіпті, қыдырып басқа жаққа қонаққа барса да, жанынан бір елі қалдырмай, үлкен кісілердің өнегелі әңгімелері мен жырларын тыңдатып, сөз өнерінің құнарлығын көрсетіп отырды. Сол бір керемет, алаңсыз әжесінің қасында жүрген балғын шағын еске алған Ғалия Аязқызы: «Сондай тәлімі мол үлкен кісілер жиналған кәделі тойларда айтылған жыр-дастандар мен хисса-жырлар айтқанда, құйқа терім шымырлап,үздіге тыңдайтынмын. Сол кезден-ақ қызығушылығым оянып, болашақ мамандықты таңдағанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды қаладым»,- дейді. Әрине, небір дүлдүл даралардың жыр-дастандарын, әжесінің күнделікті ертегі - әңгімесін тыңдап өскен бала мықты әдебиетші болары сөзсіз!
Жасынан әдебиетке ынтық болған Ғалия Аязқызы 1989 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Аққұм» орта мектебін «Күміс» медальмен аяқтап, арманына жету үшін Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтына құжат тапсырып, бірден қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша филология факультетіне оқуға түседі.1989 жылы ҚазПИ-де оқып,(кейін Алматы мемлекеттік университеті болып өзгереді)сол қара шаңырақта білімін толықтырып, 1994 жылы бітіріп шығады.
1992 жылы жұбайы Смағұлов Баукей Сайынұлымен осы оқу орнында бірге оқып жүріп,танысып,отбасын құрады. Шаңырағы шаттыққа толған отбасының Мұхамбет атты ұлы мен Бағжан, Ақжан атты екі ару қызы бар. Ата-анасының жалғасқан өнегелі тәрибесін ұғынып өскен перзенттері бұл күнде абыройлы, елге сыйлы. Әр салада еңбек етіп, Отанына қызмет етуде. Еңбек жолын 1995-1996 оқу жылында декреттік демалыстан соң,Алматы облысы,Райымбек ауданы Нарынқол ауданында білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті әдіскері болып бастайды. Осы жұмыстың арқасында ауданның түкпір-түкпірін аралап, тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатысып, өмірлік сабақ алып, өзі де талай ұстаздарға жол сілтеп, бағдар берді. 1997-1998 жылдары Райымбек ауданының «Көксай» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып орналасады.
1998-1999 оқу жылында Алматы облысы,Талғар қаласына көшіп келіп, С.Сейфуллин қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс жасайды.Осы кезеңдерде алғаш рет білім сынағы ҰБТ-ға оқушыларды шеберлікпен дайындап, кәсіби біліктілігін жоғары деңгейде көрсете білді.Талмай талаптанып, алдындағы оқушыға білімнің керек екенін ұғындырып, еш жалықпастан бар түйгенін үйрете білді. Сол кезеңдерде ардақты ұстаздың білімімен сусындаған талай шәкірті қазір берілген мол білімнің арқасында жемісті еңбек етіп, сауатты маман атанып жүр.Өйткені, сауаттылық, өз тілімізде еркін әрі мәнерлі сөйлеу – қазақ баласына қойылатын ең басты талап деп білеміз. Міне, осындай талап пен тәртіпті меңгеріп, сөз байлығының мәнін ұғып, сөз қадірін білген шәкірттері қай салада болмасын алда келеді. Солардың ішінде мақтан етіп, ұстаз есімін биікке шығарған оқушылары:Нұғыманова Елгүл ,Таубалдиев Айдын,Имадиева Айшолпан т.б. сынды шәкірттерін зор құрметпен айтуға болады.
![]()
Бүгінгі таңда жасынан бойына сіңіп, болашақ азығына айналған мамандығының жемісін, жеңісін көріп отырған Ғалия Аязқызы 2008 жылдан қазіргі күнге дейін Талғар қаласындағы ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынов атындағы №7 лицей орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді.Талай мәрте жетістікке жетіп, еңбегі еленген ұстаздың облыс, аудан, Республика көлемінде алған құрметі мен мәртебесі бір төбе. Ел құрметі мен алғысына бөленіп, зор ықыласқа ие болған ұстаздың талай жылғы еткен еңбегі мен төккен тері бүгінде өз жемісін төгуде. Әрқашан ел алдында сыйлы боп, алғысқа бөленген шәкіртінің жеңісін көрсе бір марқайып, ұстаз жүрегі зор қуаныш пен мақтанышқа бөленіп қалады.Өйткені, ұстаз – дана! Бала үшін жанын беріп, бар білгенін аямайтын, шәкірттерін өз баласындай аялайтын, талай шәкіртінің жүрегінен жол тауып, саналы тәрбиесі мен сапалы білімін аямаған ұстаз еңбегі ерен.Саналы ғұмырын білім жолына арнап, тер төккен ұстаздың шәкірттері:Түлекей Мақпал, Сайынова Бағжан, Қабдыраш Ақмарал, Байқонақ Назерке, Енгебаев Бағжан, Қалиева Нұрай, Жарылқасын Бекзат т.б. секілді жемістері алуан салада адал еңбек етіп,қадірлі ұстаз үмітін ақтауда.
Осындай мәртебелі маман иесінің еңбек жолы мен аянбай баптаған шәкірттерінің жеткен белесі мен жеңісін көргенде, майталман маманның нағыз құрметке лайықты жан екенін бірден-ақ ұғынуға болады. Өйткені, мұғалім болып, сан салалы шәкірт тәрбиелеп, соған сай лайықты тиянақты білім беру,тек мықтылардың ғана қолынан келетін шеберлік. Демек, Ғалия Аязқызы – өз мамандығының майталманы әрі жүйрігі!