Бозымбаев Болатжан

Рейтинг:
Бірегей азамат

      Өзінің парасаттылығымен жүрген ортасының жарық жұлдызындай көрінетін, пайымдылығымен көптің көңілінен шығып, тындырымды істерімен көпті тәнті етіп жүретін бірегей жандар болады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,- дейтін ұлы қағида қазығына сөзі мен ісін байлап, өмірдің сан салалы саласында шыңдалып, шығар биігіне тек ғана адал еңбегі мен таза абыройымен жеткен азамат Болатжан Бозымбаевтай болсын дер едім. Ол қызметтің қай саласын қолына алмасын ойын тура жеткізетін, мінезді, табанды, өз жұмысын бес саусақтай білетін маман. Жан-жақты, қашанда жаңалыққа құлағы түрік жүретін Болатжан жаңашылдыққа, заманауилыққа жаны құмар жан. Қай қызметке келсе де тереңіне үңіліп, жай-жапсарын мықтап біліп барып, барынша қарым-қабілетін салып еңбек ететіні көрініп тұрады. Тәжірибелі маман жайлы сыртта айтылатын пікірлер де тұщымды. Бірі оның мықты басшы екенін айтса, екіншісі адамгершілігі мен әділдігін сөз етеді.
      Қазақтың кең байтақ жерінің әр мекенінің топырағы киелі дер едім. Солардың бірі қазақ халқы үшін қасиетті болып саналатын Қарасаз жері. Бозымбаев Болатжан 26 мамыр 1960 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қасиетті Қарасаз аталу себебі де жоқ емес. «Мен туған жер Қарасаз баурайдағы, Жалғанда жер біткеннің балқаймағы. Есім кетіп жүргенде ес білдірген, Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы!», -деп бір өлеңі бір елдің мұрасындай болған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған жері. Бұл жерді көзбен көріп қайту кез-келгеннің арманы десе болады. «Тәкаппар таулар жатқан жан-жағында, Барып қайт салқын самал малды ауылға. Бір жер бар «Қарасаз» деп аталатын, Көресің жолың түсіп барғаныңда. Көресің көк орманын, жылғаларын, Мөп-мөлдір қайнап шыққан тұнбаларын. Жылғаның жағасында бұзылған үй, Сен соған ей, жолаушым бір қарағын», - деп ауылына деген махаббатын бір өлеңге сыйдырған Мұқағали ақынның бұл туындысын жатқа білмейтін қарасаздықтар кемде -кем. Сол өлкенің перзенті Болатжан Бозымбаев Техника ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Шаршадым деуді білмейтін, сенім үдесінен шығу үшін адал еңбек ететін, елінің өсіп-өркендеуі жолында тынымсыз тіршіліктен қол үзбейтін азамат. Білімді екенмін деп білмегенді кемсітпейтін, басшымын деп құр айғайға баспайтын байсалды мінезді ер әріптестерінің арасында беделді. Жұмыстастарымен сыйлас әрі дос. Жеке өмірде үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ағалық қамқорлық көрсетуден бір айныған емес. Қолынан келген көмегін аянып қалмайтын ер азаматқа жарасымды жомарттығы да бар. Саналы ғұмырында шалыс баспаған, адамгершілігін жоғалтпаған жанды былайғы ел де қатты құрметтейді, төрден орын беріп, сыйлайды. Кейбір замандастарының теріс қадамдарын көрсе, олардың бағытын жөндеуге, шалыс баспай, адамдық жолына түсуіне қолынан келгенше көмегін аянып қалмайды. 
      Болатжан Бозымбаев өзінің еңбек жолын 1986 жылы қыркүйек айында Алматы кинотехникумынан бастады. 1996 жылдың қарашасынан бастап лаборант, кино-видео аппаратурасын жөндеу шебері болып еңбек етті. Кейінірек арнайы пәнінің оқытушысы, тәжірибе жинақтай келе бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Азаматтық арын кіршіксіз таза ұстап, өзіне жүктелген міндеттерді асыра орындап, адамдық қалпынан айнымаған білікті маманның іскерлігі лайықты бағаланып, 1996 жылы желтоқсаны мен 1998 жылдың қыркүйегі аралығында Алматы политехникалық колледжінде директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Өзіне сеніп тапсырылған осындай белді қызметті ақ адал атқара жүріп, ұжым сыйластығы мен құрметіне бөленіп, 1998-2003 жылдары Алматы көлік және коммуникация колледжінде директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, 2003 жылы Орта Азиялық технико-экономикалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Қызметте сатылап өсіп, 2006-2007 жылдары Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде директордың жаңа ақпараттық технологиялар қызметін атқарды. 2007 жылы қыркүйектен 2012 жылы желтоқсан аралығында Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі директорының орынбасары, оқу ісі жөніндегі проректор, ОӘБ төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Басшылық деген қатардағы қызмет емес. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол 2012-2013 жылдары Алматы сән және дизайн колледжінің директоры болып тағайындалды. Жаңа міндетіне білек сыбана кірісті. Жауапкершілігі бар қызметте табандылық танытып, сабырлылықты досы етіп, өзіне артылған сенімнен шыға білді. Қызметтен қол үзбеген азамат 2014-2016 жылы Алматы қаласы, «Өрлеу» БАҰО АҚ-ң техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы болды. «Басшылық» дейтін ақ жағалы абыройға кір жұқтырмай, азаматтың арын кіршіксіз таза ұстап, өзіне міндеттелгендерді мінсіз орындады. Қызметінде де былайғы өмірінде де адамдық қалпынан танбайтын азамат көптің үмітін ақтады деуге болады. Өзін көптің ортасында ұстай білуі, орынды сөйлей алуы, мәселені ушықтырмай шешуі, қайсыбір адамға адами тұрғыда қамқорлық көрсетуі, бәрінен бұрын бір сөзді болуы оның атқарған қызметіне лайықты да еді. Атқарған ісі тиянақты, әрі ер азаматқа тән адалдық пен ержүректілік қасиеттері бар жанды кім-кімде болмасын «Жақсы басшы Болатжандай болсын» дейтіндер де табылды. Қай жерде қызмет атқарса да қиындықтарды еңсере білді. Сабырлы қалпымен істің аяғын күтіп, шешім шығаратын басшы қызметін өте адал орындады. Оның адамдарды қабылдауы, сөйлесіп, тілдесудегі кішілігі мен кісілігін, мәдениеттілігін, қайсыбір мәселелерді шешудегі тәжірибелігі анық байқалып тұрады. Болатжан адамгершілік қасиетті өмірінің бағыты етіп ұстанған. Ол әріптестеріне жақсы қырымен де өнеге көрсете білді. Үлгі болды. Қазіргі уақытта, 2016 жылғы қыркүйектен бастап Алматы электромеханикалық колледжі директоры қызметін де абыроймен атқарып отыр. Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ол қызмет пен ғылым жолын қатар игерген азамат. Білімнің бұл үлкен жолында талай еңбектері де бар. Ол өз ауылының өмірін, ел тынысын, халқымыздың салт-дәстүрін, шұрайлы тілін жақсы білетін жан. Қай тақырыпта әңгіме қозғалса да оған еркін араласып, өз ойын ашық білдіріп отыратыны да бар. Білімді, білгір басшы тындырымдық қызметтерінің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. Еселі еңбегінің қайтарымындай 2010 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін омырауына тақты.
      Отбасында Алла қосқан қосағымен бірге үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырған ардақты әке. Әрбір саналы азамат үшін өмірге келгендегі мақсатын біліп, жаны қалаған ісін істеп, елінің дамуына өзіндік үлесін қосып, сол арқылы өзі рахат тапса, бақыт деген сол болар. Жақсымен бас қосып, алыспен жақындасып, жақынмен бауырласып, шаттықты шаңырақта ұрпағының қызығын көріп, олардың жетістіктерін көріп, марқайса – өмірінің мәні сол болмақ. Болатжан өмірде де, қызмет жолында да айы оңынан туған, шын бақытты адам. Бақытың ортаймасын, қызметіңіз жемісін төге берсін, Қарасаздың бірегейі!



Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости