Есбембетова Жайна

Рейтинг:
Қуаныш сыйлау – үлкен бақыт

      Мамандық таңдау әрбір адамзат үшін өте маңызды. Сондықтан да әркім өзінің жүрегінің қалауы бойынша таңдау жасайды. Ал адамның болашағы оның мамандығына тікелей байланысты болады. Өзінің саласын жетік меңгерген адам, мамандығын мақтаныш етеді. Әрі сол салада биік белестерге шығып, жемісті жеңістерін де көреді. Адам баласы үшін өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін шын бақытты сезінетіні белгілі. Өмір үлкен мектеп, жақсы тәрбиеші. Тіршілік тінінде мыңдаған білімге ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатады. Дүниеде қаншама мамандық бар, барлығының өз орыны, өз қажеттіліктері бар. Оған ешбір талас та жоқ. Алайда сол сансыз мамандықтардың анасы ол – ұстаздық дер едім. Адамзат баласын тәрбиелейтін ұстаздық мамандық кез- келген жанның қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу оны биікке жетелеу, үлкен өмірге қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздардың қолынан келетін асыл қасиет. Жақсы ілім үйреткен адамның білімі өмір бойына жететін азық болады. Қоғамда қанша сала болса, соншалықты адамды соған лайықты етіп үйрете алатын жанның еңбегі үлкен бағаға лайықты болмақ. Барлық білім күшін, біліктілігін, қайрат-жігерін, көз майын тауыса ұстаздыққа келетін жандардың парасаттылығы мен сабырлылығына сүйсінесің де қызығасың. Сондай ұлағатты жанның бірі Жайна жайлы талай нәрсе жазуға болады. Есбембетова Жайна Мирзаабдулдақызы – 1976 жылы 17 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Есбембетов Мирзаабдулда қарапайым жұмысшы болған. Анасы Есбембетова Жібек он екі баланы, яғни, бес ұл, жеті қызды дүниеге әкелген «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері. Көпбалалы отбасының қашанда қуаныш берекесі таусылмаған, әрқайсының табиғат берген мінез-құлықтары бар, тату да бауырмал болып есейетінін білеміз. Қарапайым қазақ отбасы өзге отбасылар секілді біруден ілгері, біреуден кейінді өмір сүрді. Қазақы дәстүрмен бала тәрбиесінде имандылық пен мейірімділікке тәрбиелеп, адал, әділ, шыншыл, қанағатшыл болуға үйретті. Әке тәрбиесін алған ұл балалары еңбекқор, отбасына қамқор, дала жұмысына бейім, тепсе темір үзетіндей азаматтар болып ержетсе, қыздарын аналары қолөнерге, отбасының берекесін келтіріп отыратын пысық та жан-жақты өнерлі етіп тәрбиеледі. Әке тәрбиесін көрген ұл балалары бір - бір дипломның иесі болып, үлкен қызметтерде жұмыс істейді.
       Жайна Мирзаабдулдақызы 1983-1993 жылдары Жетісай қаласында Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектепте 11 жылдықты үздікке оқып бітірді. Білімге құштар Жайна мектепте үздіктер қатарында болып, талай пәндік жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Мектептің мақтанышы, ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Жайна да болашақта мұғалім болуды армандады. Ол арманына да жетіп, өзі қалаған оқу орынына 2003-2008 жылдары Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінде тарих және география мамандығына түсіп, дипломын алды. Алайда басқа мұғалімдердей емес, ол өзіндік қиындықтары бар саланы таңдады. 
      -Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым десем болады. Адам баласына көмектесу игілікті істердің бастамасы дейтін болсақ, адам жанына демеу болып, оның толымсыз жерлерін дұрыстап, қолыңнан келгенді жасап, көмегіңді тигізіп, ол өзгенің пайдасына асып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Мен 2009 жылы Шымкент қаласындағы №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Жеті жыл осы мектепте жұмыс жасадым. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты деп айта аламын. Оқушыларыммен бірге қайтадан сабақ оқып, олармен бірге жаңа тақырыптарды талқылап, дарынды оқушыларымды пәндік жарыстарға дайындадым. Шәкірт білім жолында ұстаздан озса, ол ұстаздың жақсы тәлім бере алғаны деп түсінемін. Менің шәкірттерім білім бәйгелерінде оза шауып, бәйге алып келетін. Олар білмеуден қорықпайтын, білмегенді қайталап сұраудан ұялмайтын. Себебі, мен оларды солай тәрбиеледім. Білген кейіп танытып тымпиып отырғаннан, білмегенін сұрап білгені бала үшін де, ұстаз үшін де өте тиімді әдіс. Міне, мен өзімнің өмір тәжірибемде осындай әдісті қолдандым және ол жемісін де берді,-дейді ұстаз. Ерекше білімді қажет ететін балалардың көбеюіне байланысты, өзінің үлесін қосу мақсатында Жайна Мирзаабдулдақызы 2016 жылы Алматы қаласында 3 айлық логопед курсын бітіріп шықты. 2016 жылы Алматы қаласында №16 Ә.Шарипов атындағы жалпы орта мектепте логопед-дефектолог мамандығы бойынша бір жыл жұмыс жасады. Білімге құштар жан әрі қарай өзін дамыту үшін 2018-2020 жылы Шымкент қаласында «Silkway» Халықаралық университетінде дефектолог мамандығын аяқтап шықты. Бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген ұстаз 2017 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясында дефектолог мамандығы бойынша, ерекше білімді қажет балалармен жұмыс жасай бастады. Кейбір оқушылардың «Р», «С», «Ш» және тағы басқа айта алмайтын дыбыстарын қойып шығаратын, оқушылардың қуанғанына балаша қуанатын ұстаз, талай ата-аналардың ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарын да алды. Тіпті, көптеген ата-ана Жайнаға алғыстарын баспасөз арқылы да білдірді. 
      «Екі ай бойы Жайна апайымыздан логопедтің сабағын алдық. Апайымызға рахмет айтқымыз келеді. Сабақтары өте қызықты өтеді, мұғалімдік тәжірибесі өте жоғары деңгейде. Балаларды өзіне тез қаратып алады, осы аз уақыт ішінде балаларды баурап алғанын байқадым. Бала сабаққа барғысы келіп тұрады және үйге берілген тапсырмаларды бұлжытпай өздігімен орындайды. Балам кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмаушы еді. Сол дыбыстарды дұрыс айту деңгейіне де жеттік, баланың басқа да қабілетін таба білдік. Апайдың нағыз профессионал маман екені көрініп тұр»,-дейді 1 сынып оқушысы Махмутжанов Арнұрдың ата-анасы.
      «Төрт ай бойы Жайна апайымыздан логопедтік сабақ алдық. Өте ізденімпаз, өте биязы, адаммен қарым-қатынасы жоғары жан. Өзінің сөйлеу мәнерімен-ақ адамды жылы қабылдап, жылы жымиып, балаларды жақсы көріп, барлық жан-тәнімен беріліп, сабақ жүргізетінін байқадық. Сабақтары өте қызықты өтетінін баламыздың өзі ризашылықпен айтады. Байқауымызша мұғалімдік тәжірибесі өте мол екен. Қайсыбір оқушыға деген назары өте жоғары деңгейде. Балаларды өзіне тез баурайды. Осы аз уақыт ішінде оның ұстазға тән болмысын бағамдадық. Баламыз өздігінен сабаққа барғысы келіп ынтығып тұрады және үйге берілген тапсырмаларын да бұлжытпай орындайды. Кейбір дыбыстарды дұрыс айту деңгейіне жеттік, - дейді 1 б сынып оқушысы Мухаметжан Алуаның ата-анасы атынан Еденова Гүлмира.
       «Қызым Аружан Мұстафанова Әуезов ауданындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының 6 г сыныбында оқиды. Аружан жастайынан пайда болған кекештігіне байланысты уақытында ем ала алмаған еді. Биылғы оқу жылында осы мектептің логопеді Жайна 
Мырзаабдулдақызына жыл басынан бастап қаралып, сабағына қатысып жүрдік. Уақытымен алынған тіл массажы, артикуляционалдық жаттығуларды орындау барысында қызымның кекештігі басылып, таза сөйлей бастады. Логопед Жайна Есбембетова апайға алғысымды білдіремін, - дейді Аружанның анасы.
       - Сөйлеу тілінің бұзылуы – мектеп жасына дейінгі және бірінші сынып балаларында арасында жиі кездеседі. Егер сөйлеу тіліндегі кемістікті уақытымен түзетпесе, бала бастауыш сынып бағдарламасын игеруде қиындықтарға кездеседі. Әр балаға жеке ықпал қойып, бар назарымды аударып түрлі көрнекіліктермен сабағымды өткіземін. Оқушының көңіл-күйін, диагнозын ескере отырып сабаққа деген қызығушылығын арттыруға тырысамын. Түрлі артикуляциялық, тыныс алу, қолдың ұсақ моторикасын дамытатын жаттығулар әрдайым қолданып отырамын. Бұл жаттығулардың бала тілінің сөйлеуіне тигізер септігі мол. Біздің өскелең ұрпағымыз ақылды, мәдениетті, орақ тілді, денсаулығы мықты, парасатты болып өсуі мен үшін мақтаныш. Әр баланың бойына мейірім нұрын төгу маған қуаныш сыйлайды. Мен мамандығымен – мақтанамын! Тіл – байланыс құралы, сондықтан да балаларға көмегімді тигізіп, сөйлеу тілінің дұрыс жолға қоюына септігін тигізгеніме көңіліме қуаныш ұялатады. Мен бақытты жанмын! Жұмысымнан ләззат алып, балалардың былдырлаған балдай тілінен рахат аламын! Әр бала жұлдыз болуға лайық. Тек оған уақытында көмектесіп, дем бергенге не жетсін,-дейді Жайна Мирзаабдулдақызы.
       Тілі дұрыс шықпаған, анық сөйлей алмайтын балалармен ерінбей-жалықпай жұмыс істейтін маман балалармен әртүрлі жаңылтпаштарды, мәтіндерді оқытып, баланың сөйлеуін қалыпқа келтіруде тер төге еңбек етіп жүрген Жайна балалардың жағдайына түсінікпен, жанашырлықпен қарап, оларды қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімдеп келеді. Үлкен төзіммен, кәсіби тұрғыда балалармен жұмыс істей білу, нағыз еңбек дер едім. Себебі, логопед маманы болу – төзім мен еңбекқорлықты талап етеді. Тек балаларды жандүниесімен сезінетін адам ғана, мұғалім-логопед бола алады. Балалардың тілін жетік меңгерту, ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнату білікті маманның жұмысы әрі басты мақсаты. Сөйлеу – бұл баланың сөздік қоры жас ерекшелігіне сай жеткілікті болуы және оны белсенді қолдана алуы. Сөздік қордан өз ойын құрап айта білу, айналадағы адамдардың сөзін түсініп қабылдай білу, сұрақтарға түсініп жауап беру болып табылады. Оқыту-тәрбиелеу жұмысында балалардың сөздік қорын, дыбыстық мәдениетін, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу және күнделікті қарым-қатынаста сөздерді қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше көңіл бөлетін Жайнаның еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Бибігул- 23 апреля 2021 21:50
Жайна өте жақсы логопед-дефектолог!!!Мектебіміздің мақтанышы тамаша маман иесі.Тамаша жетістік.Әрдайым биіктен көрінуіңе тілектеспін!!!!

Бибігул- 23 апреля 2021 21:55
Жайна құтты болсын!!!тамаша жетістік!!

Кунсулу Еспенбетова- 23 апреля 2021 22:39
Жарайсын Жайна бауырым  биз сени мактан тутамыз 😘

Последние новости