![]()
Аласармас Алатау
Шәкіртке деген шексіз мейірімі мен оларға деген аналық махаббаты бір көргеннен сезіліп тұратын, алыстаған сайын биіктей түсетін асқаралы Алатаудай, өміршеңдігін жоймайтын ұлы мамандықты меңгерген ұстаз, білім саласына соны үдеріс пен тың жаңалықтар, заманауи оқу-әдістемелік оқулықтар, құралдар енгізген сауатты жан – Ноғайбаева Жанат Ескермесқызы. Ол 1965 жылдың 1 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Байтал ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Тағдыр желі соқса да қалқан бола білген мызғымас алып бәйтерегі әкесі Ноғайбаев Ескермес еңбек ардагері болса, жүрегіндегі мейірім жүзінен нұр болып төгіліп, «айналайыны» көңілдегі мұзды ерітіп жіберетін анасы Қоспанбетова Күмісжан он бала тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты, «Батыр ана» алтын жұлдызының иегері.
Жанат Ескермесқызы 1982 жылы «Байтал» ауылындағы орта мектепті «Үздік аттестатпен» аяқтап, үлкен қалаға жол тартып, Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетіндегі «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша күндізгі оқу бөліміне оқуға түсті. Аталған оқу орнын 1987 жылы үздіктердің қатарында тәмамдап шыққан Жанат Ескермесқызы Жезқазған облыстық білім басқармасының жолдамасымен Балқаш қаласындағы №25 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Талай тұлпарларды тағалап, талай қыранның қанатын қомдаған осы білім ордасында ұстаздық ете жүріп, тәжірибе жинақтаған Жанат Ескермесқызы қызметте сатылай көтеріліп, 1990 -1994 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1995-1999 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін жауапкершілікпен атқарды. 2000-2011 жылдары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Шығанақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істеген кездері де ұстаздық болмысымен, сабырлылығымен көріне білді. Парасаттылық пайымында даналық бұғып, сабырлылығында сенімділік пен сарабдалдық басым түсіп, ұстаздықтың аласармас төбесінің биігіне көтеріліп келе жатқан Жанат Ескермесқызы 2011 жылдан бері Алматы қаласы, Алатау ауданы №178 физика –математика бағытындағы лицейде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етіп келеді. ортасында құрмет төріне көтеріле біліп, әділдігі мен парасаттылығының арқасында 2018 – 2020 жылдары аудандық пәндер олимпиадасы комиссиясының мүшесі болды. Мектептің қоғамдық іс-шараларынан қалыс қалмай, ішінара араласып, үлкендік ақылы мен кеңесін айтып отыратын Жанат Ескермесқызы 2017-2020 жылдары №178 лицейдегі қоғамдық - гуманитарлық пәндер кафедрасына жетекшілік етіп, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі болып, жас мамандардың тәлімгері атанып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен қатар, тапсырылған жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарайтын, мектепте тәжірибелі үздік сынып жетекші, әдіскер - ұстаз.
![]()
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»,- дейді қазақ даналығы. Бойларында бұла күші бұлқынып тұрған, өзгелерден ерекше, қабілетті де талантты шәкірттері түрлі пән олимпиадалардан жүлделі орындар иемденіп жүр.
2018-2019 жылдарында «Совершенствование мастерства учителя посредством применения инновационных методов в преподавании», «Методические рекомендации по использованию цифровых образовательных ресурсов в учебном процессе», «Лексика и фразеология русского языка», «Речевой этикет в мире школьника» авторлық бағдарламалары жарық көруі –ұстаздың ғылым жолындағы жаққан шырағының нұрлы сәулесі. Ілім іздеген шәкірттердің жүзін сәулелендіріп, ұмтылдырып келеді. 2019-2020 оқу жылында «Внедрение ТРИЗ – педагогики в образовательный процесс в школе» (из опыта работы творческого объединения учителей сети школ АОО «Назарбаев Интеллектуальные Школы» и школ г.Алматы) республикалық әдістемелік құралының авторлық ұжымының мүшесі болса, 2020-2021 оқу жылында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мұғалімдерінен құрылған Республикалық шығармашылық топпен «Внедрение стратегий и методов ТРИЗ – педагогики на уроках ЕМН и ОГН с целью развития исследовательских навыков у учашщихся» тақырыбында апробоциялық жұмыс жасауда.
33 жылдық педагогикалық қызметте жүріп, қатардағы мұғалімнен мектеп басшылығының орынбасарлығына дейін көтерілген «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері Жанат Ескермесқызы басшылық тарапынан, түрлі білім мекемелері тарапынан марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ұстаздық жолында жеткен жетістіктері мен марапаттарына назар салып өтсек:
✦ 1989 және 1990 жылдары Балқаш қаласы Білім басқармасының «Құрмет Грамоталары»;
✦ 1992 жылы Жезқазған облысы Білім басқармасының «Құрмет Грамотасы»;
✦ 1992 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2004, 2006, 2008, 2009 және 2010 жылдары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы білім бөлімінің «Құрмет Грамоталары»;
✦ 2007 жылы Жамбыл облыстық педагог қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2013, 2014 және 2019 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық білім бөлімінің «Құрмет Грамоталары»!;
✦ Алматы қаласы Білім департаментінің «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2014 жылы АҚ «Өрлеу» білім жетілдіру орталығының «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2015 жылы Алматы қаласы Алатау аудандық әкімінің «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2016 және 2019 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық Білім бөлімінің «Алғыс хаты»;
✦ 2016 жылы Білім саласындағы айрықша еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісі;
✦ 2017 және 2018 жылдары Алатау ауданы «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының «Мақтау Қағаздары»;
✦ 2018 жылы www.IQCENTER.kz интеллектуалды білім порталында өткен республикалық шығармалар байқауына оқушыларды қатыстырғандығы үшін «Алғыс хат»!;
✦ 2018 жылы №178 лицей директорының «Алғыс хаттары»;
✦ 2018 жылы мектепішілік өткізілген сайыстан «Үздік кабинет» аталымы бойынша ІІ дәрежелі диплом;
✦ 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
Қанша жазсақ та аздық ететін, мәңгілік тақырыпқа айналған ұстаздар туралы қанша айтып, жазсақ та артық етпейді. Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында ұжым арасында сыйлы, білімді маман, инабатты да сенімді әріптес, жібек мінезді, ашық жүректі, әрқашанда үлкенге құрметі бөлек, кішіге ізет білдіретін жүрегі кең, пейілі ақ, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң Жанат Ескермесқызының ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға үлгі болып қала бермек!