Сапаева Гульзира

Рейтинг:
Бала жанының бағбаны

      Адам мамандық таңдамайды, керісінше, мамандық адамды таңдайды дегенді естиміз. Осыны сәл саралап, ой талқысына салып қарасақ. Иә, шын мәнінде солай! Әр адамның бір іске, я кәсіпке бейімі бар. Оны қанша жерден басқа жаққа бұрғыңыз келсе де, бәрібір өзінің көңілі қалаған, ықыласты ісінен асып алысқа бармайды. Құс жолындай самсаған жарықтардың легімен өтіп жатқан өмір ағысында, қанатыңды кеңге жайып көктемі мен күзін қатар көріп өмір сүру адам жаратылысының бір тармағы. Сол көп тіршіліктің ішінде мақсатың мен мұратыңды айқындап алу да сана иесіне берілген мүмкіндік. Суығы мен ыстығын, аязы мен қаһарына сынбай төтеп беру жеңілге соқпасы анық. Бар бақытын бір басыңа үйе салмайтын, оңайға көнбейтін, арыны қатты асау өзендей тоқтаусыз ілгері жылжып отырар көш-керуен ғұмыр. Заманды жасайтын адам болса, сол игілігі мол жарық дүниеде өз ізіңді басқаларға ұқсамастай қылып жасап шығару да үлкен жауапкершілік пен міндет. «Уақыттың тылсым сырғымасы қай дөңге апарып соғары да белгісіз жайт. Белгілісі адам өз өмірін өзі қалыптастыратынында.      Қанатты мен тырнақтылардың арпалысы тоқтаусыз жүрері де ақиқат. Сол биік мұратты жолда өз соқпағында сүрінбей келе жатқан жандардың бірі, өзінің сүйікті ісі, жан-жүрегі қалаған педагог мамандығын меңгеріп, кәсібінің қиынына төзіп, қызығына көңіл қуантып жүрген жанның бірі – Сапаева Гульзира Алпысбаевна. Жер бетіндегі қадірлі болған жаратылыс ол – адам. Ал, адам баласы үшін өскен ортаң мен туған жердің тұмса ауасы мен қасиетті топырағының бойға дарытар құндылығы маңызды. Оңтүстіктің сұлу табиғатындай бұла өскен, сұңғақтық пен сарқылмас жігерді қатар сіңірген 1961 жылы 30 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. 
      Бауырынан талай - талай марғасқа даналарды түлетіп ұшырған қасиетті мекеннің құдіретін жастанып, өскен ұрпағының халқына үлгі болар адам тұлға боп өсуі ақиқат. Сол мекеннің жылуы мен мейірімін бойына дарытқан жас өскін Шымкент қаласындағы Зоя 
Космодемьянская атындағы №23 мектеп лицейінде оқып, жақсы білім сапасымен аяқтады. Білім шаңырағында жүрегі мен ақылына мол қазынаны қоса дарытқан түлек, жеңістер мен табыстарға айқын қадам баса отырып әрі қарай ізденісін жетілдіреді. Арман жолында тамшыдай толассыз жылжып отыру болашағы жарқын жандардың ғана қолынан келер еңбек. Білім сапарында кідірмей, сол жылдың қыркүйек айында 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика-мәдениет институтын «Мәдени-ағарту жұмысының ұйымдастырушы-әдіскері» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Теңіздей толқыған өмір айдынында жасампаздар қатарынан табылу мінезі мен қайраты келіскен жанның ғана бойында бар қасиет. Жай ғана сол қасиетті ұстап жүрмей келешек ұрпақ жолына сарп ету де міндеті ауыр сала. Мәңгі аты тарихта қалар тұлғаларды баулап өсірген, батыры да, ақыны да алдында борыштар болар маман иесі ағартушылық.
      Әдіскерлік – оңай іс емес. Белгілі мекеме мен ұжымда жұмыстың жүйелі жасалуы, жетістікке жетуі әдіскердің жұмысты шебер үйлестіріп, ұйымдастыруына тікелей байланысты. Барлық іс-шараның басы-қасында жүретін де әдіскер. Бір сөзбен айтқанда, ұжым тірі ағза болса, сол ағзаның жүрегін соқтырып, бүкіл денеге тіршілік нәрін беретін қантамыры – әдіскер! Әдіскер де «Ұстаз!» - деп, аталатын, білім теңізіндегі үлкен қайықтың бір ескегі. Демек, білім сапасын дамыту мақсатындағы әдіскерлік те ұстаздық! Қиыншылығымен қоса қызығы да тең жүрер ұстаздық міндетті мойнына артып, сол соқпақты таңдау оңай шешім емес. Барлық адам алдында бас иетін бұл саланың құдіреті шексіз, қарызы өтелмес борыш. Әуелден келе жатқан тәмсіл мен тағылым тамырын жалғап тұрар алтын көпірді үзбей замана көшіне ілестіріп жүретін даналық пен бар асылды дарытқан ұстаздар. Бұл есім мәңгі жадыңда жаңғырып тұрар ұлы есім. Ақ пен қарасы тайталасқан жердің бетінде жақсылардың көп болуы осы тәрбиеші, талмай тәлім үйретер ұстаздар жемісі. 
      Гульзира Алпысбаевна алғашқы жоғарғы оқу орнын бітірісімен түрлі мекемелерде әдіскер болып қызмет етті. 1984-1988 жылдары Шымкент қаласының мәдени-ағарту бөлімінің әдіскері болды. Ал, 1989 жылы қызметін ауыстырып, Балқаш қаласындағы педагогикалық училищесінде педагог-тәрбиеші қызметін атқарды. Педагогикалық оқу орнындағы студенттерге тәлім-тәрбие берді, үйлерінен алыста, оқу-білім қуып жүрген жастарды тек жақсылыққа баулыды. Жігіттердің жігерлерін шыңдап, өмірдің қиыншылығына төзе білетіндей тас-қамал қайраттылыққа үйретсе, қыз балаларды әдептілік пен инабаттылыққа, ер-азаматтар мен үлкендерді сыйлай білуге бағыттады. 
      Сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауы кім-кімнің де есінде. Нағыз «байтал түгіл бас қайғы» дейтін заман еді ғой. Сол жылдар Гульзира Алпысбаевнаға да оңай болмады. Қызметін жиі ауыстыруына да тура келген сәттер аз болған жоқ. 1989-1991 жылдары Шымкенттегі «Бейбітшілік» кинотеатрында әдіскер болды. 
      1991-1998 жылдар аралығында Қазығұрт ауданындағы Жамбыл Жабаев атындағы №11 орта мектепте орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сонау мектепте мұғалім болып жұмыс істеген жылдары оқушыларға орыс тілін терең меңгертіп, орыс әдебиетінің классиктерінің шығармаларымен шәкірт жанын сусындатты. 
      Гульзира Алпысбаевна 1998 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кәсіби қызметі толығымен мектепке дейінгі мекемелермен байланысты. Жоғарыда, сөз басында айтқанымыздай, әр адамның жанына жақын кәсібі бар. Гульзира Алпысбаевна ішкі ізденісі мен жан қалауы – жас бүлдіршіндермен жұмыс жасау еді. Сөйтіп, ол 1998-2002 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы №100 «Тоғжан» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеді. «Таңғажайып балалар әлемінен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні. Балалармен жұмыс жасау үлкен – бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды», - деген Гульзира Алпысбаевна балабақшада жұмыс жасай жүріп балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білген бала жанының бағбаны бола білді. Парасатты жүректің пайымды көзқарасы, зерек сананың зейінді қадамы десек артық болмас. Ғасыр алдында кім болса да жауапты, адал қызмет атқаруға міндетті. Жазира даланың дархандығын, жайлауы мол мекеннің дара әсемдігі мен отбасында атадан, анадан алған тәрбиенің қайнар таусылмайтын бұлағы бар жанның тек мейірім мен шапағат таратуы заңдылық. 2002-2010 жылдары №100 «Тоғжан» балабақшасының педагог-психологы қызметін табысты атқарды. 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін № 24 «Алма» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметінде. Балаң мінезді, бала жанын тез түсінетін педагог-психолог маман – Гульзира Алпысбаевна басшылық қызметінде ұжыммен де жақсы тіл табысты. Әріптестерін сыйлай, өзін де сыйлата білді. 
      Жас бүлдіршіндерді тәрбиелеу ісіне қосқан көп жылғы үлесі үшін Гульзира Алпысбаевна түрлі дәрежедегі марапаттар иеленді. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс Хатын», «Ұлағатты ұстаз», «Үздік қызметкер», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерін айрықша атап өткен жөн.
      Осындай бір адамның ғұмырына лайық еңбек ете білу, сол ғұмырыңда ортадан, қоғамнан алғыс алу адам бойындағы өлмес сезімдерді шабыттандыратыны анық. Шабысқа шабыс қосар кезеңде шамырқанбай, болат найзадай қайсарлық көрсете білу саналы тіршілік үшін ғанибет. «Жылдар өтсе мейлі ғой өте берсін, сәттер өтіп барады осы қиын» - деп, Қадыр ақын жырлағандай уақыттың бағалы сәттері өз бағасын алғаны, өз жемісін бергені деп есептесе артық болмас. Мемлекет үшін мәртебе мен биік тұғыр зиялы қауымның көп болғаны, ұлт алдындағы маңдайы кере қарыс абыз адамдардың арқасы шығар. Сонымен қоса телегей шалқар түбі терең теңіздей ана мен ешқашан аласармайтын шыңы асқар әкенің тәрбиесі болар. Ана сүтімен бойға дарып, әке қанымен тамырда тулайтын тектілік тағылымы жатса керек! Тұлға үшін топырағы құнарлы қасиетті туған жердің де тұмса табиғатының әсері үлкен болар.
      Бала – бауыр ет, бала – болашақ! Осынау еліміздің ертеңгі иелері, бүгінгі жас бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беріп, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуды үйретіп жүрген Гульзира ханымдай нағыз ұстаз, өнегелі басшы, өз маманының шеберіне алғыстан басқа айтар жоқ! Адал еңбек пен ақ жүрегін сара жолда сарп ету адамға ата-анадан, туған жердің ыстық, қасиетті топырағынан даритын таза-мінсіз асыл тастай жүрек, сезім түкпірінен табылар баға-жетпес құндылық. Осы құндылықтардың тоғысар жері мен табысар торабы адамның қоғамға еңбек ету барысында, ұлтқа қызмет ету барысында көрінері анық. Осындай асыл адам тұлғасын көрсетіп жүрген ұстаз Гульзира Алпысбаевна - ардақты тұлға! Ең басты адам өмірінің мәні де осы шығар? Өнегелі, алғыр басшы, кең пейілді қамқор бауыр, ардақты, қазыналы қарттыққа қадам басқан ана. Жарық әлемнің көрер көзге таңсық махаббатты иірімін өміріне сән қылып ұстаған салтанатты ғұмыр кешкен дара тұлға!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...