Бала тәрбиесі – ел боламын деген әр елдің, әр басшының, әр халықтың баса назар аударатын мәселесі. Себебі, ертең ұлттың анасына, елдің туын ұстар баласына айналар ұл-қыз бесіктен тәрбие алып, өнегелі тәлім көруі тиіс. Нәзік те жауапты, мейірімділік пен аналық жүзді, шуақты талап ететін тәрбиешілерге деген халықтың айтар алғысы аз емес. Ел алғысын арқалап, әр сәбидің жүзіне күлкі үйіріп, әр жүрекке бір үміт орнатып жүрген тәрбиешілеріміздің бірі – Кубекова Гүлжария Әбдікерімқызы туралы қалам тербегенді жөн көрдік.
Алматы қаласындағы №76 бөбекжай-балабақшасында меңгеруші міндетін атқарып келе жатқан Гүлжария Әбдікәрімқызы 1979 жылдың 27 тамызында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашаруа ауылында дүниеге келді. Үлкен өмірге қанатын қомдап, орта мектептің түлегі атанған Гүлжария 1996-2000 жылдар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын «Сөз сөйлеу жанрының актеры» мамандығы бойынша бітіріп шықса да, алғашқы еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы, Әуезов ауданы №331 бөбекжай балабақшасында тәрбиеші болып бастады. Бала тәрбиесін өзіне медет тұтып, жақсы көрген мамандығын жанын сала істеген Гүлжария бойындағы бүлкіл қаққан ерекше қабілетінің тұнып қалмауы үшін 2004-2006 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады.
Бала жанын түсінетін, керегі мен қалауын айтқызбай-ақ ұғатын, өз ісінің маманы, жүзінен мейірімділік нұрын шашып тұратын жан қай кезде де қоғамға керек-ақ. 2004-2012 жылдар аралығында Алматы қаласы, Алмалы ауданы №6 балабақшасында тәрбиешілік еткенде де
Гүлжария бүдіршіндердің көңілінен шыға біліп, бала бойындағы қабілеттерін айқындап, соған қарай жұмыс жасады.
Тәрбиешілік жолында 2012 жылдары Алматы қаласы, Әуезов ауданы №56 бөбекжай - балабақшасында қызмет етіп, қызметте сатылай өскен Гүлжария Әдікерімқызы 2012 жылы №56 бөбекжай - балабақшасында қазақ тілі мұғалімі болып ауыстырылды. Жұмыс барысында кіршіксіз пәк сәби көңілін қалдырмай, әрдайым күліп, олардың жүзіне күлкі үйіре білетін, қай жұмыста да өзіне тапсырылған жұмыстарды тиянақты әрі жауапкершілікпен орындап, ұжымдастары алдында беделі көтерілуімен қатар басшылықтың сенімінен шыға білді.
Әрдайым өзінің жан-жақтылығы мен ойлау шеңберін кеңейтіп, таным көкжиегін арттырып отыратын Гүлжария Әбдікерімқызы 2014 жылдан бастап №56 бөбекжай-балабақшада әдіскер қызметін атқарса, 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Алатау ауданы, Теректі ықшам ауданында жаңадан салынатын №76 бөбекжай-балабақшасына куратор болып белгіленіп, 2019 жылдың наурыз айынан бастап №76 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
2013 – 2015 жылдар аралығында Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша бітірген Гүлжария өзінің 17 жылдық педагогикалық өтілінде түрлі оқу-әдістемелік оқу құралдарын дайындап, оны жүзеге асырумен қатар, өзі де түрлі деңгейдегі біліктілік курстарына қатысып, білім деңгейін көтеріп келеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандартына сәйкес білім бағдарламаларын, оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырып жүзеге асыруда көп еңбектенген Гүлжария Әбдікерімқызы – жас мамандарды қалыптастыру, педагог шығармашылығын дамыту білім қорын жаңа біліммен толықтырып отыратын ізденімпаз жан. Әлемдегі өзгерістерге сергек қарайтын, жаны жаңалыққа құмар жан озық тәжірибе, озат әдістерді үйренуге дайын білікті маман – бала тәрбиесінде тиімді әрі пайдалы әдіс-тәсілдерді ұсынушы. Ой толғамында тербеліп, шығармашылығының тұсаукесері болған «Жаңа технологияны пайдалансақ» атты әдістемелік құралы 2011 жылы жарық көрсе, 2013 жылы «Заман талабына сай қазақ тілін оқытудың жаңа бағыттары» атты іс-тәжірбиелері үздік қалалық оқулар жинағында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы республика аймақтарына таратылды.
Әр шығармашылық еңбегінде бір айтары бар, өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі бар ұстаз-тәрбиеші Гүлжария Әбдікерімқызы – 2016 жылы «Алматы кітап» тапсырысымен басылып шыққан «Көркем әдебиет» мектепалды даярлық топтарына арналған әдістемелік оқу - құралдарының авторы. Сондай-ақ, өз жанынын туындаған әр еңбегінде шынайылық пен мейірімділіктің, адалдық пен қарапайымдылықтың, әділдік пен ибалық және имандылықтың жұпар иісі аңқып, айналасына көркем мінез бен жылы шырай сыйлап тұрған Гүлжария қызмет атқару кезінде түрлі марапаттар мен Алғыс Хаттарға ие болды.
Атқарған еңбегі, шығармашылық жетістіктері үшін 2013 жылы Әуезов аудандық білім бөлімінің «Мадақтамасымен» марапатталса, 2013 жылы «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі - жаңаша білім берудің сапасын қамтамасыз етудің шарты» тақырыбында өткізілген І қалалық педагогикалық оқуларында «ІІІ дәрежелі дипломды» иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, әдістемелк оқу-құралдарын қолданып ,алғысын алған мекеме басшыларымен қатар 2014-2015 жылдары Әуезов аудандық білім бөлімінің «Мақтау Қағаздарымен» мадақталды.
2016 жылы білім саласындағы қол жеткізген жетістіктері мен ауданның білім саласына қосқан үлесі үшін Әуезов ауданы әкімінің «Мақтау Қағазын» еншілеп, Астана қаласында үздіктер мен жүйріктерді білім бәйгесінде анықтайтын «Үркер» интеллектуалдық орталығының «Алғыс Хатына» ие болды. 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалы «Алғыс Хатын», 201 7 жылы қалалық әдістемелік кабинет ҒӘЗ «Мадақтама Қағазын», 2018 жылы
Әуезов ауданы әкімінің «Мадақтама Қағазын», 2019 жылы «Педагогикалық даңқ» номинациясы бойынша «Білім берудегі үздік» халықаралық энциклопедиясы редакциясының «І Дәрежелі Дипломын» еншілеген Гүлжария Әбдікерімқызы 2019 жылы ҚР ББЖҚ БАРИ Өрлеу «Құрмет Грамотасына» ие болды.
Гүлге суды ерекше махаббатпен құйсаң, гүл қандай орында тұрғанына қарамай құлпырып шығатыны секілді, бала тәрбиесі үшін ерен еңбек етіп, ол ісін көпшілікке жария еткісі келмейтін асыл жүректі жандар бүгінгі күні ортамызда баршылық. Олар өздерінің істеген істері мен атқарған жүмыстарын айтып ешқашан бәлсінбейді, қайта өзінің еңбектерін шәкірттердің кәдесіне жаратып, жасаған ісіне сәбидің көңілі көтеріліп жатса, тәрбиеші мен ұстазға одан артық қандай бақыт керек?! Қарапайымдылық деген, міне, осы! Жазған еңбектері білім бағдарламасында жүзеге асырылып жүрсе де, алға шығуды өзіне артық санап, тек сәби күлкісіндегі риясыз күлкіден өмірдің рахатын көріп жүрген, атқарған істері ерекшеленіп тұрса да, қатардағы тәрбиешілердің бірі болып келе жатқан, жүрегі иман нұрымен көмкерілген Гүлжария Әбдікерімқызы секілді алтын жүректі, асыл жүзді жандардың қатары көп болғай!