Махмотов Ербол

Рейтинг:
Химия ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар азамат

      « Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз», - деп кемеңгерліктің кемел үлгісін көрсеткен данышпан Абай атамыз айтпақшы, ел мүддесі үшін тұрмыстық кәдеге жарайтын, адамның рухани жан дүниесін байытатын ғылым саласында еңбек етіп келе жатқан алтын айтулы тұлғалар баршылық. Лағыл жүректі, ғазиз тілекті, төңкеріс болып жатқан табиғаттың болмысын ашып, адамзат игілігіне пайдалануға беріп, іргелі елдің болашағы, химия ғылымының келешегі үшін еңбек етіп келе жатқан ғалымдарымыздың бірі – Махмотов Ербол Сахитұлы.
       Соңына шырақ алып түскеннің жүзін жарық, жолын ашық ететін химия ғылымы саласының дамуына өзіндік зор үлесін қосып келе жатқан химия ғылымдарының докторы, профессор Ербол Сахитұлы 1957 жылдың 17 сәуірінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дәшін ауылында дүниеге келді. Тарихта таңбасы қалған талай дүлдүлдердің туған жерінде балалық кекілін сары даланың салқын самалына сүйдірген ол білім ордасының табалдырығын 1964 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте аттады. Бала кезінен қызыққан затын ұстап көрмейінше тыным таппайтын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізгенше қимылдайтын жауапкершілігі мол жас Махмотов 1979 жылы Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) «техникалық химия және катализ» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіргеннен кейін мемлекеттік комиссияның шешімімен ғылыми жұмысты жалғастыру үшін сол оқу орнында «химия» факультетінің «Техникалық химия және катализ» кафедрасында аға зертханашы болып жұмысқа қалдырылады. Бұл – жас ғалым үшін болашаққа ашылған үлкен есік, мүмкіндік еді. Бірақ, тағдыр желіне қорған болып, баласының болашағынан үлкен үміт күткен, сол кездегі болып жатқан өзгерістерді пайымдай алатын көкірегі ояу, сауатты әкесі Сахит Махмұтұлының ақыл-кеңесімен, Қазақ КСР Ғылым академиясының органикалық катализ және электрохимия институтында инженер болып қызмет етіп жүрген Ербол Сахитұлы әрі өндіріспен жете танысу үшін 1981 жылы сол кезде іске қосылып жатқан Шевченко қаласындағы (қазір Ақтау қаласы) пластмасса шығару зауытына алдымен зауыттың орталық зертханасында, кейіннен стирол шығаратын өндірістік цехында инженер-технолог болып қызмет жасады.    
       Зауытта қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жас мамандар кеңесі төрағасының орынбасары, зауыт техникалық кеңесінің мүшесі ретінде зауыттың дамуына үлес қосты. Бұл зауыт сол кезде Кеңес Одағында, тіпті, Еуропа көлемінде аса іргелі өндіріс болып саналды. Зауытта Кеңес Одағындағы барлық республикадан келген мамандар қызмет жасайтын. Осы зауыт оның өмірдегі нағыз шыңдалу орны болды. Өндірісте жұмыс істей жүріп, Шевченко қаласында орналасқан В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) «жалпы техникалық» факультетінде студенттерге химия пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар, Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым академиясының «Зеленский» атындағы органикалық химия институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, өндіріске қажетті алкилдеу үдерісінде қолданылатын гетерогендік катализаторларды синтездеу бағытында зауыттағы жұмысымен тікелей байланысты ғылыми жұмыспен айналысты. 
       Жарқын болашақты, дамыған экономиканың кепілі болған ғылым саласына түскен Ербол Сахитұлы бұдан әрі 1985-1987 жылдары Шевченко қаласында Маңғыстау мұнай өндірістік бірлестігіне қарасты Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет етіп, сол жылдары негізінен экологиялық проблемалармен, мұнайды дайындау және тасымалдау жөніндегі келелі мәселелермен ғылыми тұрғыдан тығыз айналысты.
       1987-1990 жылдары Алматы қаласында Қазақ КСР Ғылым академиясының органикалық катализ және электрохимия институтының аспирантурасында оқып, 1991 жылы «Көміртектің шала тотығын құрамында рутений бар катализаторлардың көмегімен сутектендіру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сол институттың ғылыми кеңесінде сәтті қорғап шықты. Институт ғылыми кеңесіне құлақ асқан Ербол Сахитұлы докторантураға түсіп ғылыми жұмысын одан әрі жалғастырды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты Ақтау қаласына қайта оралып, қаладағы жоғары оқу орнында педагогикалық жұмысын бастады. Ғылым кандидаты дәрежесін алғаннан соң Республика Білім министрлігінің жолдамасымен сол оқу орнына 1991 жылы аға оқытушы болып қызметке келді. Жастық жалынмен, бойдағы жігерімен факультетті дамытуға, жас мамандарды даярлауға белсене атсалысты.
       Одан кейінгі жылдары жаңадан 1992 жылы филиал негізінде құрылған Ақтау политехникалық институты «Органикалық заттар технологиясы» кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, Институт ғылыми кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарып, 1994 жылы Ақтау университететінің «ғылым және халықаралық байланыстар» жөніндегі проректоры болып тағайындалды.
       Қызмет барысында ғылымды жолға қою, ғылыми зертханалар ашу, аймақтағы өндіріс орындарымен байланысты нығайту, жас ғалымдарды дайындау сияқты көптеген жұмысты қолға алып, оларды іске асыруға белсене араласты. Сонымен қатар, 1994-2000 жылдарда Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университет негізінде Ербол Сахитұлының ұйымдастыруымен және тікелей жетекшілігімен аймақтағы өндірістерді дамыту проблемаларын шешуге қажетті, ғылым мен өндіріс жетістіктерін талдауға арналған көптеген республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырылды және олар жоғары дәрежеде өтті.
       Мамандығын жетілдіру және шет елдік ғылыми-технологиялық кешендермен танысу мақсатында 1996-1997 жылдары Америка Құрама Штаттарының Бостон қаласында Соффолкс университетінде бір жыл оқып, халықаралық ғылыми тәжірибеден өткен, Ш. Есенов атындағы мемлекеттік университеттің проректоры Ербол Сахитұлының ұсынысымен Батыс Қазақстан өңіріндегі шет елдік компаниялармен тікелей байланыс жасау және ғылыми мамандарды аспирантура арқылы дайындау жұмыстары өз жемісін бере бастады. Сонымен бірге, өндіріс орындарына қажетті мамандарды дайындау үшін керекті жаңа кафедраларды университет құрамында ашуды қатар жүргізген Ербол Сахитұлының тікелей араласуымен Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің құрамында мұнай тасымалдау мамандарын дайындайтын «Жобалау, мұнайгаз құбырлары мен мұнайгаз қоймаларын салу және пайдалану» кафедрасының базасында бүгінгі күні жүздеген жоғары білімді маман дайындалды. Қазір олар «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының орталық аппаратында және құрылымдық бөлімшелерінде, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ, «Қазақстан–Қытай құбыры» ЖШС, «МұнайТас» СБҚК АҚ және тағы басқа мекемелерде табысты еңбек етіп жүр. Маңғыстау өңірінің сан-салалы жұмыстарына белсене араласып, 1994-1999 жылдар аралығында Ақтау қалалық мәслихатының депутаты және оның әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде қаланың және облыстың өндірісі мен экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, кадрларды дайындауға, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға барынша атсалысқан Ербол Сахитұлы атқарған ерен еңбегінің арқасында 1997 жылы «Ел есіндегі елеулі адамдар» циклымен шыққан «Маңғыс-
тау энциклопедиясына» көптеген белгілі өндіріс және ғылым қайраткерлерімен бірге енгізілді.
       Өз саласының білгір маманы – қай жұмыс орындарында да таптырмас кәсіп иесі. «ҚазТранс Ойл» АҚ-та қызмет жасаған жылдары Ербол Сахитұлы осы мекеменің құрамында «Ғылыми-техникалық орталық» филиалын (Алматы қаласы) құруға белсене араласып, тұтқырлығы жоғары және жоғары парафинді мұнайларды қосым арқылы тасымалдау технологиясын жетілдіру үшін жүргізілетін ғылыми және инновациялық- технологиялық жұмыстарды үйлестірумен айналысады. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ-та жүргізілетін ғылыми зерттеулердің бағытын анықтауда, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың және инновациялық жобалардың қорытындысын шығаруда, оларды баспасөзде жариялау мен ғылыми зерттеулер бойынша өнертапқыштыққа құжаттар дайындау жұмыстарында негізгі ғылыми жетекші әрі жауапты орындаушы болды.
       Тұтқырлығы жоғары және жоғары парафинді мұнайларды тасымалдау саласында Ербол Махмотовтың үлкен өндірістік және ғылыми тәжірибесі бар. Ол 2002-2016 жылдар аралығында 2002 жылы «Құмкөл – Қарақойын – Шымкент», 2002 жылы «Өзен – Атырау – Самара», 2007 жылы «Жетібай – Өзен», 2008 жылы «Құмкөл – Қарақойын», 2012 жылы «Ақшабұлақ – Құмкөл», 2015-2016 жылдары «Құмкөл– Б.Жұмағалиев – Шымкент», 2014-2016 жылдары «Қоныс – Құмкөл» магистральдық мұнай құбырларында депрессорлық және турбуленттікке қарсы қосымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарын жүргізуге жауапты орындаушы ретінде тікелей қатысты. Білікті басшы, іскер маман,танымы терең ғалым «ҚазТрансОйл» АҚ-та жұмыс істей жүріп, 2010 жылы Органикалық катализ және электрохимия институтының ғылыми кеңесінде «Қазақстан Республикасының мұнайы мен синтетикалық депрессанттар негізінде композициялық көп қызметті қосымдар жасау» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап, химия ғылымдарының докторы ғылыми атағына ие болды. Бұл сала саңлағы Ербол Сахитұлының еңбегіне берілген адал баға, көрсетілген құрмет болатын. Адамзатты дамытып отырған – ғылым. Ғылымды дамытатындар –ғалымдар. Ғалымдар – өз елін, жерін, туған халқын сүйген ойшыл, данышпан адамдар. Олар жазған ғылыми еңбектер, жаңалықтар қашан да халқына, Отанына қызмет етеді.Тасы да, құмы да алтын даланың саф ауасын көкірек кере жұтқан ғалым Ербол Махмотов – мұнай-химия саласы бойынша 160-тан астам ғылыми мақаланың, 50 шақты Қазақстан Республикасының инновациялық патентінің және 10-нан астам кітаптың авторы. Оның авторлығымен (кейбірі әріптестерімен бірге) және тікелей араласуымен мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау саласы бойынша бірнеше кітаптар жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Магистральные трубопроводы», «Магистральды құбырлар», «Қазақстан Республикасы мұнайларының физикалық-химиялық және реологиялықпараметрлері» (қазақ, орыс және ағылшын тілінде), «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбырлары бойынша тасымалданатын мұнай қоспалары» (қазақ, орыс және ағылшын тілінде), «Мұнай және мұнай қоспаларының реологиялық сипаты» (қазақ және орыс тілінде), «Суды «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырымен тасымалдау» (қазақ және орыс тілінде), «Депрессорық присадка (синтезделген, табиғи и композициялық)» (орыс тілінде). Оның синтетикалық, табиғи және композициялық көп функциональды қосымдарды алу жөніндегі еңбектері мұнай дисперстік жүйесінің физика-химиялық механика теориясына қосылған елеулі үлес және ол Қазақстанның тұтқырлығы жоғары және жоғары парафинді мұнай мен мұнай қоспалары үшін тиімділігі жоғары қосымдарды табуға мүмкіндік береді. Ербол Махмотов – Қазақстан Республикасы мұнай саласының аса білікті мамандары санатында. Ол – ғылым-білім саласының да, өндірістік-техникалық жүйелердің де мәселелеріне жетік, жан-жақты әрі жоғары деңгейлі маман. Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай-химия, оның ішінде, мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау саласында өте жоғары деңгейдегі ғылыми-теориялық дайындығы мен практикалық тәжірибесі бар ғалым. Ол ғылым мен өндірістің өзара байланыста дамуына және олардың біріккен жетістіктерін Қазақстан 
       Республикасы мұнай саласының проблемаларын шешуге пайдалануға зор үлес қосты.Е.Махмотовтың тікелей жетекшілігімен және белсенді қатысуымен халықаралық «КIOGE» мұнай және газ көрмесінің аясында (Алматы қ.) 2002-2010 жылдары жыл сайын ғылым мен инновациялық технологияларға арналған «Қазақстан Республикасындағы мұнай құбыры тасымалының проблемалары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Онда қаралған материалдар мен шешімдер елімізде мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау кезінде пайда болатын қиындықтарды шешуде ұтымды пайдаланылуда. 2012-2018 жылдары «SmartTran» жобасы аясында магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнай тасымалдау инновациялық технологиясын әзірлеген Ербол Сахитұлы компанияның мамандарымен бірлесіп атқарған жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Магистральдық құбыр көлігінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды. Химия ғылымы саласында, ел экономикасының өркендеуінде басты рөл атқаратын мұнай саласымен қатар өзге де стратегиялық жобалардың жүзеге асуына үлес қосқан Махмотов Ерболдың марапаттарына тоқталсақ:
       - 1990 жылы Мәскеу қаласында өткен жас ғалымдардың халықаралық конференциясынан үздік баяндамасы үшін III Дәрежелі Диплом;
       - 1996 жылы Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі;
       - Маңғыстау өңірін дамытудағы және облыстағы жоғарғы оқу орнын қалыптастырудағы зор еңбегі үшін облыс әкімшілігінің «Құрмет Грамотасы»;
       - 2005 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ «Құрмет Грамотасы»;
       - 2007 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ 10 жылдығына арналған «Құрмет Грамотасы»;
       - 2009 жылы Қазақстан Республикасы мұнайының 110 жылдығына арналған «Құрмет Грамотасы»;
       - 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ «Құрмет Грамотасы»;
       -2019 жылы Қазақстанның Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасы мұнайына 120 жыл» медалі;
       - 2019 жылы «Алтын қор» фондының медалі;
       - 2019 жылы Қазақстан Республикасы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты; 
       - 2020 жылы «КазЭнерДжи» медалі.
       2015 жылы 22 мамырда Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, 2017 жылы 29 наурызда Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі, 2018 жылы «Мұнай мен газ» атты республикалық ғылыми-техникалық журналдың редакция алқасының мүшесі, екі бірдей шетелдік журналдардың «Наука и технолонии Трубопроводноготранспорта нефти и нефтепродуктов» (ООО «НИИ Транснефть, Москва) және «Pipeline Science and Technology» (published by Pipeline Transport Institute Technical Productions (London) Ltd), халықаралық редакциялық кеңесінің мүшесі болған Ербол Сахитұлы – Қазақстанның химия ғылымында өшпес із қалдырған, ел бағына туған ұл. 
       «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол»,- деген сөз бар қазақта. Елге қызмет еткен нар кеуделі азаматтарға қарап айтылған. Еңбек жолы өнегеге толы, адамдық болмысы мен адалдық, әділдігінің, қабілеттілігінің, тәлімінің арқасында талай игі істің бастамашысы болып жүрген, қарапайымдылық қалпынан айнымаған, жүрегі жомарт, ғылым деп, ел деп жиі басын бұратын Ербол Сахитұлы сынды нардың жүгін арқалаған қабырғалы азаматтардың қатары көп болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...