Еңбегімен елге танылған қадірлі ұстаз Ғалым да, кеншi де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің», - деп басталатын ән жолдары мұғалім мамандығына берілген лайықты баға секілді. Әннің әсерінен санада сақталған сағынышты, қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаз өмірі кинолентадай зырғып, көз алдыңыздан өткенін сезінесіз. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз мамандық ішіндегі құдіреттісі – ұстаз екені даусыз. Әлемді дүрліктірген ұлы қолбасшы Александр Македонский: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», - деген екен. Осы бір даналық сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Халық даналығында: «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы», - деген тәмсіл бар. Демек, ұстаз шәкірт айнасы. Осындай жанның бірегейі, өмірі өнегелі, ұстаздардың ұстазы атанған – Уполходжаева Сарсенкуль (Зоя) Сергазиевна еді.
Ол 1949 жылы 19 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Балауса қыздың туып-өсіп, тәлімді тәрбие алған отбасы алты Алаштың анасы атанған Сыр өңіріне атағы жайылған әйгілі Уполходжаевтар әулеті болатын. Әулет тірегі, асқар тау әкесі Серғазы Уполходжаев жалған дүниеде ер-жігіттің басына түсер небір қиындықтардан қайыспай өтіп, жарасымды жанұя құрып, алтын асықтай ұл-қызды тәрбиелеп, адал еңбегімен үлкен биіктерді бағындыра білген аса еңбекқор, батыл жан еді. Үш жасында әкеден, 8 жасында шешеден айырылған жетім бала, байлардың малын бағып күнін көрген. 13 жасында темір жол станциясының тауар сарайына жүкші ретінде жұмысқа тұрып, 22 жасқа дейін жұмыс істеген. Жастайынан қара жұмысқа әбден шыныққан жігіт, ел басына күн туғанда шет қалмастан Азамат соғысына, сұрапыл зұлмат – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, абыроймен елге оралған. Санаулы ғұмырын мағыналы өткізе білген абзал азамат темір жол саласында еңбек етіп, жетістікке де жете білді. Соның бірі – 1935 жылы көлік қызметкерлерінің салтанатты жиынына Сыр елінің теміржолшыларынан өкіл ретінде Кремльге барып, И.В.Сталинмен кездесуі. Сонымен бірге, 1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің №103 Қызылорда сайлау округі бойынша бірінші шақырылымының депутаты болып сайланған. Халық арасындағы беделінің жоғарлығы соншалық, сайлаушылардың 99,1%-інің дауысын жинаған. Осыншама жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай білген Серғазы Уполходжаұлы депутаттық міндетін мүлтіксіз атқарып, Қызылорда облысының әлеуметтік саладағы көптеген мәселелерінің шешілуіне тікелей ат салысқан. Көмекке мұқтаж жандарға қамқорлығын көрсетіп, қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын тұратындығымен ел есінде сақталған еді. Ерен еңбегі ескеріліп, көптеген марапаттарды иеленген. С.Уполходжаев Отан алдындағы Еңбек және Жауынгерлік еңбегі үшін екі рет Ленин орденімен (1936 жыл, 1951 жыл) – КСРО-ның жоғары мемлекеттік наградаларымен, Қызыл Жұлдыз орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Қызылорда қаласының атынан 1968 жылдың желтоқсан айында С.Уполходжаевқа облыс орталығының тұрғындары арасында бірінші болып «Құрметті азамат» атағы берілді.
Осындай ел білген атпал азаматтың өмірлік қосағы да осал жан болмасы анық. Аяулы анасы Раушан отағасының жайын жасап, балалары мен үй-жайға алаңдамауын қамтамасыз етіп отыратын. Ерінің тапқанын құрап, үкімет жұмысынан келген жолдасының үй шаруасына қам жемеуін қамтамасыз етіп, балаларына аналық жылуын арнап, отбасының ұйытқысы бола білген жан еді. Күйбең тірлігі бастан асатын ауыл әйелдерінің еңбегі ерен деуге болады. Өмірде адал жар, ерінің беделіне нұқсан келтірмеген абзал ана ретінде көпшіліктің есінде. Ардақты ата-ана балаларының бойына Отанға, еңбекке
![]()
деген сүйіспеншілікті қалыптастыра білді. Әрбір артылған сенім жүгіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбегіне ғана сүйенудің маңызын өз үлгілерімен жеткізе білді. Әкесі: «Еңбек жолын төменнен бастаған жөн», - деп айтып отыратын.Осындай отбасында тәрбиеленген балалардың барлығы бала күндерінен-ақ асқан жауапты азамат екендіктерін байқатып, ата-ана атына кір келтірместен, барлық жерде қатарларының алды болуға ұмтылатын. Қызылорда қаласындағы №2 орта мектептің табалдырығын аттап, білімге құмарлығы мен оқуға деген таудай талабы жетелеген бала Сарсенкульдің ғылым-білім әлеміне ұзақ та қызықты сапары осы уақыттан бастау алған еді. Балалық шағы сұрапыл соғыстың зардабымен күресу жылдарына тап келгендіктен болар, ол заманның балалары өз жасынан ересек ойлай білетіндігімен, білімнің, еңбектің қадірін біліп, барынша қадірлей алатындығымен ерекшеленетін. Солардың қатарында балауса қыз Сарсенкуль де оқу-білімге айрықша құмартып тұратын. Бұрын беймәлім дүниенің құпиясына бойлауды, білмегенін анықтағанша тыным таппауды, оқу-ғылымның қызықты сырларын білген сайын тереңдете бойлап ұмтылуды әдетке айналдырды. Ізденімпаздығына тумысынан бойында бар алғырлығы мен зеректігі қосылып, орта мектеп бағдарламасын еркін игеріп, озат оқушылардың қатарынан көрінеді. Барлық пәннен үздік нәтиже көрсеткен оқушы Сарсенкуль сабағын озат оқуымен қатар, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласқан еді. Қоғамдық тапсырмаларды ешқашан аяқсыз тастаған емес. Мұнысымен жауапкершілік деңгейінің жоғарылығын байқататын. Сонымен қатар спорттан да құр алақан еместігін көрсетіп, мектебінің баскетболдан құрама командасының сабында тұрақты өнер көрсетіп, көптеген жарыстарда жүлделі орындарды иеленген. Командадағы құрбылары қысқа әрі нұсқа – Зоя деп атап кеткендіктен, азан шақырып қойған атынан гөрі жұртшылық осы есімімен танитын еді. Келешек өміріне қажетті білім қорын жинақтауымен қатар, бойда бар қабілетінің барлығын іске қосып, оқушылық жылдарын ұтымды әрі пайдалы өткізе білген жасөспірім қыз 1966 жылы аталмыш білім мекемесін үздік бітіріп шығады. Үлкен өмірдегі қадамын, жоғары білім алумен жалғастыруды жөн санайды. Сөйтіп, асқар тау әкесінің ақылымен, оған қоса өзінің арманын жүзеге асыру мақсатында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына құжаттарын тапсырады. Сол уақыттың өзінде, ел болашағы шет тілін жетік білуге тікелей байланысты болатындығын сұңғыла көрегендікпен болжай білген әкесі «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығын таңдауға кеңес береді. Тумысынан қайсар аруды ұстаздық кәсіптің қиындығы жасытып, райынан қайтара алмады. Осындай жауапты мамандықты бар жанымен қалап, шет тілін өскелең ұрпаққа үйретуге құштарланған қыз, емтиханнан сүрінбей өтіп, тәуекелге бой ұрған жастың тілегі орындалып, маңдайалды оқу орнының студенті атанады. Жоғары оқу орнында үздік оқу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Әсіресе, тіл білімі саласы, оның ішінде шет тілдері мамандықтары. Оқу-білімге ынталы, әрбір ісіне мұқият, алғырлығы жағынан қатарластарынан оза шапқанға дағдыланған балауса Сарсенкульге, институт бағдарламасын меңгеру біраз қиындықтар тудырғанымен, батыл қызды алған бетінен қайтара алмады. Ізденімпаз, білімге құштар қыз, ұстаздарының берген дәрістерінен бөлек, қосымша оқып үйренуден жалыққан емес. Өйткені, таңдаған саласының үздік маманы болып шығуы үшін, білімін жан-жақты толықтырып, реті келсе тәжірибелік дағдыларды да бойына жинақтауы қажет екенін түсіне білетін. Осылайша, мақсаты айқын, оған жететін қадамдары нық Сарсенкуль әрбір күннен, әрбір ұстаздан болашақ кәсібіне қажетті тәжірибені бойына жинай берді. Білімі күннен-күнге толығып, кәсіби қызметінде қажетіне жаратар дағдыларға да машықтана түсті. Тумысынан ашық-жарқын, кез-келген адаммен тіл табысып кете беретін жан, білім ордасында өткізілетін әрбір іс-шарадан қалыспай, ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете білді. Жауапкершіліктен қашуды жаны сүймейтін шәкірттің, бастаған ісін аяқсыз қалдырған кезі болмады. Оқу үлгерімі жағынан болсын, қоғамдық тапсырмаларды орындауы тұрғысынан болсын, ұстаздарынан тек алғыс естіп, ата-анасының мерейін өсіре жүретін. Жеке бас тәртібі жайлы ешқашан теріс пікір естіген емес. Осылай жан-жақтылығын таныта жүріп, аталмыш білім ордасын 1970 жылы тәмамдап, «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шығады. Білім ордасынан қанат қағысымен кәсіби қызмет жолын бастап кетеді. Алғашқы жұмыс орны –Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектептен бұйырады. Осында үш жылдай уақыт аға пионер вожатый болып еңбек еткен. Жастық жігері бойында буырқанған, жас маман мектеп өміріне белсенді араласып, пионерлер арасында үлкен тәрбие жұмысын жүргізді, мектепте интернационалдық достықтың клубын (КИД – клуб интернациональной дружбы) басқарды, оқушыларды жер бетінде достықтан күшті және қуатты тіл жоқтығына үйретті. Сонымен бірге ол ағылшын тілі сабақтарын жүргізіп, оқытудың әртүрлі әдістерін енгізді. Бұл оқушыларға ағылшын тілін тез меңгеруге мүмкіндік берген болатын. Адал еңбегіне ғана сүйеніп, адам баласына қастандық жасауға жаны қас, пендешіліктен адамдық арын жоғары қоятын өресі биік жандар қызмет жолында жоғары белестерді бағындырса, қуанарлық әрі құптарлық іс. Қатардағы мұғалім кезінде асқан еңбекқорлығымен қоса адамгершілік қасиеттерімен танылған жас маманды 1973 жылы В.И.Ленин атындағы №2 ағылшын тілін тереңдете оқытатын, өзінің алтын ұя мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне шақырады. Жастығына қарамастан осындай жауапты қызмет ұсынылғанда, іштей қысылғанымен, ұстаз Сарсенкуль бұл міндетін орындауға да асқан жауапкершілікпен кіріседі. Мұғалімдік қызметіне қоса ұжымның жұмысын, оқушылардың тәрбие жұмысының бағыт-бағдарын дұрыс ұйымдастыра білу міндетін абыроймен атқарып, осы лауазымда 1983 жылға дейін, яғни, 10 жыл көлемінде тапжылмай өткерді. Осы жылдар аралығында жеке бас қасиеттерінен бөлек, басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін байқаған аудан басшылығы, 1983 жылы аталмыш білім мекемесіне директор етіп тағайындайды. Қызметтік жауапкершілігі бұрынғыдан еселене түскен Сарсенкуль Сергазиевна бар күш-қуатын өзі басқарып отырған ұжым жұмысының өркендеуіне жұмсайды. Мектепті Сыр өңіріндегі ең үздік білім мекемесіне айналдыруды мақсат тұтады. Ол үшін оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, мұндағы ұстаздарға ыңғайлы атмосфера жасауды қолға алады. Еңбегі еш кетпей, осы мектепте баласы оқуын қалайтын ата-аналар қатары өсіп, мектепке қабылдану үшін конкурстық іріктеуден өтуге тура келетін. Мұнда ағылшын тілі 2-сыныптан бастап оқытылатын. Ол үшін Қызылорда педагогикалық институтының «Ағылшын тілі» кафедрасының оқытушыларымен біріге отырып, сонымен қатар Бейбітшілік корпусынан шақырылған еріктілердің көмегімен көптеген жұмыстар іске асырылды. Нәтижесінде, 1978 жылдан бастап мектеп оқушылары ағылшын тілі бойынша халықаралық, республикалық, облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздары атана бастайды. АҚШ мен Ұлыбританияға оқуға жіберу мүмкіндігі туындайды. Сол шәкірттердің көбі оқуын шетелдік жоғары оқу орындарында жалғастырып, бүгінде еліміздегі және шет мемлекеттердегі танымал компанияларда топ-менеджер қызметін атқаруда.
Оқушылармен қатар мектеп мұғалімдері, Сарсенкуль ұстаздың өзі де шетелдік тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып жүрді. Америка Құрама Штатттарының бірнеше штатында болып қайтты. Бұдан бөлек мектепте «Stepbystep» халықаралық жобасы, экономика, логика, азаматтық құқық бойынша факультативтер, шешендік өнер сабақтары енгізілді. Ең ауқымды білім бәйгесі «21 ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны өткізілетін. 2003-2004 оқу жылында мектеп аймақтағы ең үздік білім мекемесі атанып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Грамотасына» ие болып, республика бойынша «100 үздік мектеп» рейтингіне енді. Осының бәрі ұжым жұмысын табысқа жетелей білген Сарсенкульдей білікті басшының ерен еңбегінің арқасы еді. Еңбекқор азаматшаның ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті жоғары екендігі ескеріліп, 2004 жылы Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Қала ағарту жүйесінің материалдық базасы нығаюына үлкен үлесін қосып, мұнда да табысты еңбек етіп, 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Кейін де еңбек жолын жалғастырып ағарту ісіне үлес қосып, 2007-2009 жылдар аралығында «Сырдария» балалар лагерінің басшысы қызметін атқарды. Аймақтың білім беру ісіне осыншама ерен еңбек еткен абзал жанның еңбегі ескерусіз қалып көрген емес. Көптеген «Алғыс Хаттар» мен «Құрмет Грамоталарынан» бөлек шоқтығы биік марапаттары жетерлік.
2001 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлық бойынша «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жыл» мерекелі медалімен, педагогикалық қызметтегі үздік табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» медальмен, «халық ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен, 2018 жылы мемлекеттік награда – «Шапағат» медалімен марапатталып, әкесі Серғазы атамыз секілді «Қызылорда өңірінің Құрметті азаматы» деген атаққа 50 жылдан кейін ие болды. Қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалі кеудесінде жарқырады.
Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымастан үнемі позитивті, оптимист қалпын сақтаған Сарсенкуль апайымыз өмірінің соңына дейін өзінің басты ұстанымы – адамдарға жақсылық жасауға деген құштарлық еді. Сол жарқын бейнесіне қаяу түспей, аз ғана сырқаттанып, 2020 жылы 18 шілдеде өмірден өтіп кетті. Еңбек жолын адал атқарып, оқушыларға білім беру және тәрбиелеу ісінің жай-күйіне жаны ауыра білген нағыз ұлағатты ұстаз, мерейлі басшы бола білген Сарсенкуль Сергазиевнаның ғибратты өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.