Қуатбекова Карамат

Рейтинг:
Білім шамшырағын жаққан жан

      Біз өмір сүріп жатқан Жер шарындағы миллиардтаған адам баласы көз ілеспес ғарыштық жылдамдықпен жаһандану, яғни, глобализация дәуіріне нық қадам басып, күн сайын техникалық, ғылыми жаңалықтардың ашылуымен бетпе-бет келіп тұрған уақытта азаттық алғанына бар жоғы отыз жылға таяу ғана уақыт толған жас мемлекетіміздің іргесін нығайтып, тұғырын берік ету жолында жасалып жатқан қыруар тірліктің басы-қасында жүрген өз ісінің хас шеберлері бүгінде бейбіт еліміздің түкпір-түкпірінде атқарылуы тиіс маңызды шаруаларға мұрындық болып жүрген жаны жайсаң, көңілі көктем абзал азаматтар мен азаматшалар баршылық.
      Кез - келген дамыған мәдениет пен өркениет көшіне ілесуге ниетті халықтардың ең негізгі табан тіреп, арқа сүйейтіні – білім беру саласы. Аталмыш саланың дамуы мен қанат жаюына бар күш-жігерін жұмсап келе жатқан ардақты да аяулы ұстаздар қауымының қызметтері – ауыз толтырып айтарлықтай үлкен ерлік іс. Сондай жанның бірі – жарты ғасырға жуық ғұмырын ұстаздық етіп, оқушыларды тәрбиелеуге арнаған, жарқын мінезімен ортасы мен айналасындағы адамдарға сыйлы ұлағатты ұстаз, Ақсукент көпсалалы колледжінің директоры, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Қуатбекова Карамат Пердешқызы. Карамат Пердешқызы 1943 жылы қараша айының он тоғызыншы жұлдызында Өзбекстан Республикасы, Жоғары Шыршық ауданы, Жаңабазар елді мекенінде дүниеге келген. Бар саналы ғұмырын ұстаздық етіп шәкірт тәрбиелеуге арнаған педагогтар отбасында ризық-несібесін адалынан тауып жеген, еңбекқор әке мен шешенің тәрбиесін көріп, аялы алақандарының жылуы мен мейіріміне шомылып өседі. 
      Данагөй, сұңғыла ойлы халқымыздың: «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер»,- деген кереметтей өнегелі тәмсілді бойына бойтұмар қылып таққан ибалы қыз көпшілік жиналған жерлерде өзін тәрбие көрген текті елдің баласы екендігін байқатып, қандай ортада болмасын әкесі мен шешесінің абыройлы атына кір келтіріп, дақ түсіріп көрген жоқ. 
      Карамат Пердешқызы өнеге мен тәрбиеге толы жанұядан алған тәлімін өн бойына жастайынан сіңіріп өсіп, оқу-білімге, өнер мен спортқа құмартқан қабілетті, аса ынталы әрі ыждағатты бала болып бой түзеді.1951 жылы Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданындағы №6 Оржиникидзе атындағы орта білім беретін мектепке оқушы болып қабылданады. 
      1961 жылы алтын ұя мектебін тәмамдап, өзіне зор үміт артқан ұстаздар қауымының сенімінің үдесінен абыроймен шығу үшін ақ арманның жетегінен ұстап, үлкен өмірге қадам басты.
      Сол жылы В.И.Ленин атындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1966 жылы жоғары оқу орнын өте жақсы деген үлгеріммен аяқтап, жауапкершілігі ауыр үлкен өмірдегі еңбек жолын Шымкент қаласында орналасқан Қаракөл ғылыми–зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды. Қызметке орналасқан бірінші күннен бастап ұжымдағы үлкен-кіші әріптестеріне аса биязы көңілмен сыйластық танытып, көркем мінезімен айналасын баурап алып, барлық жанмен бірдей сүйкімді қарым-қатынас орнатады. Жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне міндеттелген жұмыстардың барлығын асқан шеберлікпен, ерекше ынта-ықыласпен атқара білді.
      Өзінің жүрек қалауы болған мамандығына шын берілгендіктен, қызметі жоғарылап, аса сыйлы мансаптарға ие бола бастады. 1969-1971 жылдар аралығында Қазақстан ауылшаруашылық инстутының «Органикалық химия» кафедрасының аға лаборанты қызметіне 
тағайындалды. Басшылық тарапынан жүктелген міндеттер мен орындалуы тиіс тапсырмаларды бар ынта-жігерімен орындап, айналасындағы ұжым қызметкерлерімен өте жұмсақ мәмілемен арақатынас орнатып, өз ісіне берілген маман екендігін дәлелдеп, жұмыс барысында кездескен ірілі-ұсақты қиыншылықтарды оңтайлы жолдармен шеше білді.
Карамат Пердешқызы маман ретінде шыңдалып, барлық қырынан өзін тамаша деңгейде көрсете білгендігінің арқасында әр жылдары жауапты мансаптағы қызметтерді атқарған болатын. Атап айтар болсақ, 1971-1974 жылдар аралығында Жамбыл технологиялық инс-титуты «Аналитикалық химия және микробиология» кафедрасының ассистенті қызметіне ауыстырылды. Бұл қызметінде де өз мамандығын аса жоғары деңгейде меңгергендігін көрсете алды. Орындауға міндетті жұмыстар мен қойылған ауыр талаптарға мойымай, барлық келеңсіздіктерді асқан кәсібилікпен шешіп отырды.
      Ұрпақ тәрбиесі мен үлкен ғылымға үлес қосу үшін және өз білімін, тәжірибесін жетілдіру мақсатында 1974-1977 жылдар ішінде Қаз ССР Ғылым Академиясы Химия ғылымдары институтында аспирант болды. Бала кезінен жаны қалаған химия саласында үлкен ғылыми еңбектер жазып шығарсам деген арманы оған сәт сайын жігер мен қуат беріп, алдағы атқарылар істеріне үлкен энергияның көзін ашып берген сыңайлы.
      Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білімі жолында жұмсау үшін бар қайрат-жігерін сарп қылмаққа бекінген ұстаз 1977-1987 жылдар аралығында түрлі лауазымды қызметтер атқарып, жоғары ғылыми дәрежелерге ие болды. Атап айтқанда, Жамбыл педагогикалық институтының «Медициналық кафедрасында» оқытушы, Жезқазған мемлекеттік педагогикалық институында «Биология және химия» кафедрасының аға оқытушысы, Семей медициналық институтында «Биология» кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін аса жоғары деңгейде абыроймен атқарды.
      1987-1997 жылдар аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Биология және экология» кафедрасының доценті қызметін атқара жүріп, үлкен табыстарға қол жеткізді.
      Білген үстіне білсем деген ой-арманмен қанша жылдар бойына жиған ілімін бір жүйеге келтірмек мақсатпен 1994 жылы Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы Мұнай және газ өндіру мемлекеттік Академиясының арнайы ғылыми кеңесінде химия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Ғылыми диссертациясын жоғарғы дәрежеде қорғап, ғылым кандидаты атағына ие болғаннан кейін 1996 жылы Қайнар университетінің факультет деканы қызметіне тағайындалды.
      Карамат Пердешқызы қызмет және шетелдік жоғары оқу орны студенттеріне дәріс беру мақсатымен 2001-2002 жылдар аралығында Инженерлік-гуманитарлық университеттің Ташкент қаласындағы «Өкілеттілік» директоры, 2002-2004 жылдары факультет деканы және проректоры 2004-2007 жылдар аралығында Қазақ-Өзбек университетінің Ақсукенттегі филиалында директорлық қызметін атқарды. Жоғары дәрежедегі білімі мен көпжылдық тәжірибесі ескеріле отырып, Ақсукент көпсалалы колледжінің директоры қызметіне тағайындалды. Карамат Пердешқызының білім беру саласына қосқан өлшеусіз қызметі бағаланып, әр жылдары түрлі сый-құрметке бөленіп отырды. Атап айтар болсақ, жас болашаққа сапалы білім бергені үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Құрмет Грамотасымен», сонымен бірге,Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің «Құрмет Грамотасына» ие болды. Басқа да көптеген құзіретті органдар мен білім беру ұйымдарының Дипломдарымен марапатталды.
      Карамат Пердешқызы – жетпістен астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде, 2 монография, 4 әдістемелік оқулық және 2 әдістемелік-практикалық құралдардың авторы. Ұлағатты ұстазымыздың «Сәулелі ғұмыр» атты эссе кітабы жарық көрді. Қазіргі таңда жастарға білім мен ғылымды қатар ұштастырған ғалым докторлық ғылыми ізденістерін қарқынды түрде жасап жатыр. 
      Құрметті ұстаз жоғарыда айтылған жетістіктерінен бөлек Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының профессоры, Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының білім мен ғылымға еңбегі сіңген қызметкері және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық «Алтын үкі» құрмет сыйлығының иегері, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы», Еуразиялық Одақ мемлекеттерінің «Құрметті азаматы», Білім беру ісіне сіңірген еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Қазіргі таңда Карамат Пердешқызы – «Сократ» атындағы алтын медальді Лондон ғалымдарының қолынан алған әйгілі ғалым Әбдімұса Мұратұлының аяулы жары, үш бірдей перзенттің ардақты анасы.
      Дүние ғаламның жұмбағын ой көзімен шеше білген дана халқымыздың: «...Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, балаңды жұрт мақтаса бәріненде сол игі» - дейтін кереметтей айтылған асыл сөзі бар. Осы бір сөз бойына ғибрат пен хикметті сыйдырып тұрған тамаша тәмсіл Карамат Пердешқызының алтын асықтай үш перзентіне қаратылып айтылғандай. Таза еңбектің арқасында жеткен бұйырғанды қолдан келгенінше перзенттерінің өмірге лайықты азамат болып қалыптасуына сарқа жұмсап өсірген бүлдіршін балапандары бүгінгі күнде әрқайсысы білдей бір әулеттің түтінін түтетіп, ұйытқысы болып отырған бір-бір азамат болып ержетті. Үш баласы да аяулы әкесі мен шешесінің ізін қуып ғылым жолына түсіп, мықты ғалым атанып отырған жайы бар. Үлкен ұлы Нұрлан «әке көрген – оқ жонар» деген халық даналығын жанына серік етіп, ерте ғылыммен айналысып, техника ғылымдарының кандидаты, профессор атанды. Бүгінгі күні 
      Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің президенті қызметін атқарып, жастардың заманауи бәсекеге қабілетті білім алуына мол мүмкіндіктер ашуда. Университет базасын заманға сай нығайтып, озық қалашықтар үлгісінде корпус салып, әке аманатына қиянат жасамай, биік белестерді бағындырып жүр. Әке мінезінің асылдарын бойына сіңірген сабырлылығы мен байсалдылығы арқасында жас та болса ірілік жасап, ағалық танытып жүрген азамат. Ал үлкен қызы Роза – академик, Ә.Қуатбеков атындағы университеттің экономика бойынша проректоры және университет жанынан ашылған «Достық» колледжінің директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор. Ал ең сүйікті кенже қызы Рабиғасы – жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен білім саласындағы заманауилықтан қалыс қалмай, білім беру ісіндегі жаңашылдықтан тыс қалмауды мақсат тұтқан ұстаз. Ерекше табиғи дарыны мен ата-анасынан дарыған қасиеттері арқасында медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, сондай-ақ, Түркістан облысы мәслихатының екі сайланымдағы депутаты дәрежелеріне қол жеткізді. Бүгінде әкеден алған өнеге мен анадан алған тәрбиені үлгі ұстап, университет ректоры қызметін абыроймен жоғары дәрежеде атқаруда. Сонымен қатар, мәслихат депутаты ретінде тындырымды еңбегімен ел сенімін ақтауда. Ең бастысы, өзге шетелдік университеттермен білім сапасы бойынша бәсекеге түсе алатын университет мүмкіндіктерін ескеріп, академиктер мен ғылыми дәрежелі ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар әулетіне сеніп оқуға түскен Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Қытай, Ресей мемлекеттерінен келген жастарға қажетті тұрмыстық жағдайлар жасауда да өнегелік үлгіні көрсетуде.
      Бір отбасында үш академик, профессор, екі ғылым кандидаты болуының өзі – биік белес, жасампаздықтың белгісі. Барға қанағат деп шектелмей, шекарасыз ақпараттық кеңістігінде білімі мен бейімдерін шыңдап, технократиялық заманның иірімдерін игерсе де, адами қасиеттердің үстемдігін сыртқа теппеген жанұя. Ұстазымыздың балалары жоғары лауазымды қызмет атқару барысында қарым-қатынастық мәдениеті мен қазақ үшін ең биік қасиет – мінез байлығына мән беріп келеді. Олай болу себебі, ата-анасынан көргені – қалта байлығында емес, адал еңбекте, сыйластық пен ізгілікте, өз ұлтының жанашыры бола білуінде.
      Балаларын сондай үлкен биіктерге жетелеп, қыран құстай баптап ұшырған, ұрпағының бақыты үшін өмірдің барлық ауыртпалығын қара нардай көтере білген ұстазымыз – Карамат Пердешқызы. Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі десек, сондай жанның бірі, асыл ұстаз Карамат Пердешқызы – қандай құрмет, нендей сый - марапаттың бәріне де лайық жан. Олай болатын себебі, ұлағатты ұстазымыз бар саналы ғұмырын ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілікпен өскелең ұрпақтың жүрегіне білім мен тәрбиенің өшпес шырағын жаға алды.Мейірбан жүректі, ұлағатты ұстазымызға дәйім толағай табыстар тілейміз. Биік белестерден көріне беріңіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...