Тәлімі мол тәрбие орталығы Қазақ сахарасында емін-еркін қоныстанып, ұлан ғайыр атырапты билеген бабаларымыз бала тәрбиесінің классикалық методологиясын жасап шығарып, «...бір жылдығын ойлаған ел егін егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, жүз жылдығын ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді»,- деген нақыл сөзді айтып қалдырған. Осы сөз біздің қоғамымызда да мағынасы мен өзектілігін жойған жоқ. Бүгінгідей жаппай жаһандану яғни, глобализация дәуірінде кез-келген ақыл-есі бүтін толыққанды азаматтың міндетті түрде жоғары білімі бар бәсекеге қабілетті, жан-жақты қабілеттерге ие, креативті түрде ойлана алатын қасиеттері болуы шарт. Міне, осындай ең басты әрі ең маңызды деген критерийлер орын-орнына қойылған кезде ғана өскелең жас ұрпақ рухани тоқыраулар мен түрлі сипаттағы деградацияларға ұшыраудан өзін-өзі қорғап қала алатын потенциалға ие болады. Жоғарыда айтылғандай, дәл қазіргі кезде біз тіршілік етіп жатқан қазақ қоғамындағы ең актуалды проблемалардың бірі жоғары әрі сапалы білім және тәрбие беру болып табылады. Аталмыш проблеманың жылдам және оңтайлы шешімін табу мәселесі республикамыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан педагог мамандардың мойнына жүктелген жауапкершілігі мен жүгі ауыр міндет һәм тарихи миссия деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Біздің бүгінгі сөзімізге негізгі арқау болатын отандасымыз балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндерімізге сапалы тәрбие мен білім беру саласына саналы ғұмыры мен бойындағы бар қажыр-қайратын еш аяп қалмастан сарп етіп келе жатқан жан Румаганбетова Наргиза Жасанқызы. Өзіне нәсіп болған саналы ғұмырын жас өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындандырып, еліміздің болашағының кепілі бола алатындай, өне бойындағы күш-қайраты мен энергиясы тасқындап тұрған жауқазын буынға сапалы біліммен қамтамыз ету үшін еш аяп қалмай жұмсап келе жатқан жанның жеке адами болмысы мен тұлғалық бет-бейнесін ашуға тырысып көреміз. Румаганбетова Наргиза Жасанқызы 1980 жылғы 10 мамырда Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында дүниеге келді. Заманның ағымына ілесе білген, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ отбасының құт пен береке қатар дарыған қарашаңырағында дүние есігін шыр етіп ашып, былдырлап тілі шыға бастаған сәттен аяғын апыл-тапыл басқан уақытқа дейін мейірбан мінезді әкесі Румаганбетов Жасан Замадинович пен шешесі Сауырбева Жаныл Ахмедновнаның алақанының ыстығы мен жүрегінің жылуына бөленіп өсті. Балдәурен балалық шақтың қызығына армансыз батып, жаз айларының аптап ыстығы мен қақаған қыстың ақтүтек боранына қарамастан, ертеден қара кешке дейін өзі құралпылас топ балаға қосылып ойнап ержетеді. Шынашақтай ғана бала бүлдіршін ата-бабалары қоныс тепкен киелі топырақтың дертке дауа суын ішіп, топырағына аунап өскен қаршадай қыз бала өскенде де өзі туған топыраққа тартып, ары мен ұятына бекем көргенді үйдің баласы болып бойжетеді. Өздерінің бойына біткен қайрат пен жігерді, өздеріне бұйырған өмірде
![]()
тек қана адал нан тауып жеуге жұмсаған, жан баласының ақысын жемейтін, тірі адамға мысалдай болсын зияны мен залалын тигізбейтін жайсаң мінезді әке-шешенің берген классикалық қазақы үлгідегі тәлім-тәрбиесі мен өнегесі ойын баласы жасындағы Наргизаның адами ұстанымдары мен дүниеге деген балаң көзқарасының дұрыс бағытта қалыптасуына өлшеусіз пайдасы мен септігін тигізгені сөзсіз ақиқат жайт.
Есі кіріп, етек жинай бастаған жасқа келген кезде үй ішіндегі тұрмыстық тірліктерді тез-ақ үйреніп алып, анасына үлкен қолғабыс ететін еті тірі, пысық мінезді қыз бала болып бойжетеді. Жастайынан қоршаған табиғаттағы түрлі жанды, жансыз тіршіліктің барлығын біліп, танығысы келіп тұратын құмарпаз, әркез екі көзі бірдей қызылға ғана түсіп тұратын бүлдіршін қыз оқу мен сызуға келгенде ерекше құлшынысы артып, бар ойлағаны ақ бантик тағып мектепке бару болады. Қуыршақтай сүйікті қыздарының бойындағы білімге деген риясыз талпынысын ертерек аңғарып қалған сезімтал ата-ана көздерінің нұры, бары мен нары болған сүйікті перзенттерін киелі білім ордасы атанған мектеп қабырғасындағы мұғалімдердің қолына апарып тапсырады. Сөйтіп, Ақтау қаласындағы №18 орта білім беретін мектепке оқушы болып қабылданады.Үлкен мектептің табалдырығын имене аттаған шәкірт алғашқыда көпшілік ортаны біраз жатсынғанымен, бойы үйренісе келе әліппені ежелеп оқып, қолына қалам алып жазу жаза бастайды. Өзге сыныптастарына қарағанда алғыр, мұғалімдерінің айтқан дүниесін лезде қабылдап алатын зейіні мықты оқушы бірден көзге түседі. Кітапты еркін жүргізіп оқи алатын хәлге жеткен кезінде мектептің үлкен кітапханасындағы қолына іліккен әр түрлі жанрдағы кітаптарды құмартып оқып, рухани көкжиегін кеңейте түседі. Мектеп қабырғасындағы үздік оқушылардың қатарынан көрініп жүрген жасөспірім оқушы қыз ата-анасы мен мектептегі барлық пән мұғалімдерінің артқан сенімдері мен үкілеген үміттерін абыроймен ақтап шығу мақсатымен күн-түн демей еңбек етіп, өзінің жанына жақын, бала күнінен бері шәкірттерді білім нәрімен сусындатып өсіретін ұлағатты ұстаз болсам деген үлкен арманына қарай алғашқы кішкентай қадамдарын күн сайын жасай береді. Өне бойына табиғат ананың тылсым күші арқылы берілген осынау қарым-қабілетті күн өткен сайын ұштай түсіп, барлық жағынан өзін-өзі дамыта түседі. Болашақ мамандығын жүрегінің ішкі үнін тыңдай отырып таңдап, сол мамандықтың қас шебері атанып шығу үшін бар зейінін оқуға салып, өзіне артылған жүкті он екі мүшесімен түгел сезіне білетін толыққанды азаматша болып қалыптасады.
Әуелден-ақ маңдайына жазылып қойылған тағдыр-тәлейінің айдауымен 1997 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау университетіне құжаттарын тапсырып, барлық емтихан сынақтарынан ойдағыдай үздік бағалармен өтіп, аталмыш жоғары оқу орнының «математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша студенті болып қабылданады. Талай жайсаңдар мен жампоздарды баулып өсірген киелі білім ордасы аталған қарашаңырақтың табалдырығын аттай салысымен бар зейіні мен ынта-ықыласын тек қана сабақтарына аударады. Мыңдаған арман қуып келген жас студенттермен бірге жастық шақтың ең бір кереметтей көктем шағын еш алаңсыз, еш уайымсыз өткізеді. Өз мамандығына деген шексіз махаббатының арқасында үлкен профессор ұстаздардың лекция дәрістерінің бірін де қалдырмай түгел қатысып, том-том кітаптарға арқалап жүріп білім алады. Бойына дарыған алғырлық қабілетін орнымен тиімді пайдалана білген бойжеткен Наргиза студенттік өмірінің алғашқы күндерінен бастап аяғына дейін староста болып, өзі құралпылас курстастарынан оқшау озып шығып, жоғары оқу орнындағы барлық ұстаздарының жылы лебізі мен болашағы зор үміт артып айтқан ақжарма тілектерін естіп қанаттанды. Университет ішінде жиі-жиі өтіп жататын білім бәсекелері мен спорт додаларына белсене қатынасып, жүлделі орынға да ие болып жүреді. Университетішілік өткізілген «Қыз өмірдің қызғалдағы» сайыстарынан III орын және «Тапқыр қыз» аталымының жеңімпазы атанды. Көңіл шіркін көкдөнен дегендей, алып-ұшып тұрған асау жүрек иненің көзінен өтіп тұрған, үріп ауызға салғандай сұлу да сымбатты студент қыздың әппақ арманын қиял жетпес биік белестерге шырқатып әкететін. Жақсы деңгейдегі үлгерімінен бөлек аяулы әкесінің қаны мен ардақты шешесінің ақ сүті арқылы дарыған қазақы тәлім-тәрбиенің керемет үлгісімен айналасына әмәнда шуағын шашып жүретін көркем мінезді инабатты қыз қандай ортада болмасын өзін үлгілі жағынан ғана көрсетіп, өз замандастары мен дос-жарандарының арасына өте сыйлы болады.
2001 жоғары оқу орнындағы төрт жылдық оқуын жақсы үлгерімді үлкен абыроймен тәмамдаған соң, қанша жыл бойына армандаған дипломын қолына ұстаған Наргиза Жасанқызының педагогика саласындағы алғашқы еңбек Қызыл-төбе елді мекеніндегі №18 жалпы білім беретін орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасудан басталады. Осылайша, бойындағы күш-қуаты тасқындап тұрған, өз мамандығы бойынша білдей бір жоғары оқу орнын үлкен абыроймен тәмамдап шыққан жас м
![]()
аман өзінің еңбек жолын бала күнінен бері армандап келе жатқан шәкірттерге білім беру ісіне белін бекем буып, қызу кіріседі.
Жоғары оқу орнындағы ұстаздарының алдында жылдап отырып жинаған терең білімі мен мол тәжірибесін шәкірттердің мықты азамат бола алатын жағдайға жеткізу үшін күні-түні тынымсыз еңбек етті. Мектептегі мұғалімдер ұжымында өзін тек қана жақсы қырларынан көрсетіп, сабақ өткізу барысында оқушылардың білімге деген құлшыныстарын мен махаббаттарын аша білді. Мектеп қабырғасында өтіп тұратын түрлі мәдени және спорттық іс-шараларда түрлі жаңа бастамалары мен креативті идеяларының арқасында мұғалімдер ұжымы арасында ерекше сыйластық пен үлкен абыройға ие бола білді. Барлық жұмыстарына қойылатын өте маңызды жауапкершілік пен талаптарың үдесінен шығып, әрдайым өз мамандығын шебер меңгерген мықты педагог ретінде өзін таныта біледі. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан Наргиза Жасанқызы 2001 жылы ұстаздық ете жүріп республика күніне орай өткізілген сайыстан III орын алды.
2002 жылы Дәулет елді мекеніндегі №19 орта мектепке уақытша информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жаңа жұмысына орналаса салысымен әріптестерімен біріге отырып мектеп оқушыларының сабақ үлгерімі мен тәртіптерін жолға қою мақсатында көптеген тыңғылықты жұмыстар атқарады. Өзін-өзі ылғи жетілдіру процесінде жүретін ұстаз көп жылдардан бері тірнектеп жинаған мол тәжірибесі мен терең білімін ұштай түсу мақсатында 2005 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып, аталмыш жоғары оқу орнының сырттай оқу нысанындағы «Жерге орналастыру және кадастр» мамандығы бойынша бакалавриатының толық курсын тәмамдап шығады. Дәл осы мамандығы бойынша 2004 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы ДГП «МангистауНПЦзем» мекемесінде оператор, специалист по ГИС, жүргізуші специалист ГИС, 2012 жылы осы мекеменің Ақтау қаласындағы филиалында жер кадастрлық жұмыстарын атқарады.
Балабақшаның ел болашағы мақсатындағы маңыздылығы айқын. Әсіресе, күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Тәрбиенің сан алуан келелі мәселесін шешетін, қарапайым дағдыларды бала санасына сіңіретін, бойындағы қабілетін танып, ашу мақсатында үздіксіз жұмыстар жасап, үлкен өмірге тұсауын кесетін, ол – балабақша. Осы мақсатта Наргиза Жасанқызы мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ісіне өз үлесін қосуды мақсат етіп, 2016 жылы анасына Мұнайлы ауданындағы жеке меншік балабақшаның ашылуына көмектесіп, 2017 жылы Ақтау қаласында 100 орындық «Балдырған» балабақшасын ашады.
Осындай жауапкершілігі мен жүгі тым ауыр қызметке тәуекел етіп кірісіп, аз уақыт ішінде өзінің шынайы кәсіби маман екендігін ұжым ішінде түрлі іс-шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыру арқылы мойындата алды. Нәзік жанды әйел адамы болғанына қарамастан білдей бір үлкен орталықтың басшысы қызметін атқару өлшеусіз еңбек етуді талап ететіні анық. Наргиза Жасанқызы басшылық қызметі бабында кездескен әр түрлі келеңсіздіктер мен қиындықтарға мойымай, морт сынбай, төтеп беруі ер азамат қылатын ерлік іске пара-пар.
Балабақшада оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпы бірдей стандартты бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда балабақшада 8 педагог қызмет етіп, жүзге жуық бала төрт топқа бөлініп, мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Балабақшада балдырғандардың қай жағынан да дамуы үшін жағдай қарастырылған. Баланың жасына сай сабақтар, сонымен қатар, қосымша ағылшын, орыс тілі, тіл дамыту, айналамен таныстыру, валеология, сауат ашу секілді пәндер оқытылады. Баланың эстетикалық қабілетін дамытуға арналған музыка және дене тәрбиесімен айналысатын арнайы залдар үздіксіз жұмыс жасап келеді. Заман талабына сай бүлдіршіндердің би өнерін меңгеруі жақсы жолға қойылған тәрбие орталығының ұжымы қала, облыс көлемінде ұйымдастырылған байқауларға белсене қатысып, нәтижесінде көптеген «Алғыс Хат», «Құрмет Грамоталарымен» марапатталып, Дипломдар мен Сертификаттар иемденген.
Дәл бүгінгі таңда республикамыздың түкпір-түкпірін қаншама үлкен ұстаздарымыз бен балабақша тәлімгерлері ел дамуы мен сапалы ұрпақ қалыптастыру жолында бойларындағы бар энергияны аяусыз жұмсап, жан қинап еңбек етіп жатқанына, көгілдір экран немесе мерзімді басылымдар арқылы күніне мың мәрте куә болып жатырмыз десек те болады. Жас өскелең ұрпақтың сапалы білім алу жолында жар құлағы жастыққа тимей жұмыс жасап жатқан жаны жайсаң аяулы да ардақты ұстаздарымыз секілді қолымызда тұрған алтындарымыздың қадірін дер кезінде біліп, түрлі сый-құрметтер көрсете білсек нұр үстіне нұр болар еді-ау! Біздің бүгінгі сөзімізге арқау болған жаны нәзік, көңілі көктем аяулы азаматшаның көңіл күнделігін парақтаған әр адам қаншама ізгілікті істер мен шарапатты жұмыстардың атқарылғанына куә бола алатыны сөзсіз. Көп балалы отбасына, жалғыз басты үлкендерге, жетім балалар үйлеріне көмек беріп тұрады. Жүректеріне кір жұқпаған бүлдіршіндерге тәлімгер болған адамның жан бақшасы абат, таным көкжиегі мейлінше кең болғаны ләзім. Осындай критерийлер мен талаптардың үдесінен шыға білген азаматша көптеген ата-аналардың алғысы мен ақ батасын алып жүрген жайы бар.
Бүгінде біздің Наргиза апайымыз Маңғыстаудай әулиелер мен машайықтарды туғызған киелі атыраптағы құт дарыған қарашаңырағында, мейірімге бөленген отбасында арқа-сүйер азаматы Искаков Алибек Атапкелевичпен бірге алты бірдей сүйікті перзенттерін өсіріп, айналасындағы барлық ағайын-туыс пен дос-жарандарының жанында берекелі ғұмыр кешіп жатыр. Өзінің кең жүрегіне барлық отандастарына деген махаббатын сыйғыза алған жанның бақытты болмауы әсте, мүмкін емес.
Бізде шын жүрегімізбен көктем мінезді жанның басына амандық, деніне саулық, отбасына байлық, ісіне толағай табыстар тілейміз!