![]()
Ұстаздық еткен жалықпас
Ұстаздар жайында қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» ,- деген. Осы ұстаздар берген білім нәрі баланың бүкіл қалған өміріне азық болады. Нағыз ұстаз - өзінің білімділігімен, адами ішкі қасиетімен ерекшеленеді. Десе де, адам тәрбиелеу - ұлы міндет. Осы міндетті атқаратын – ұстаз. Ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өркендетуші, жүрегі жылы, көңілі дархан адам. Сондай мадаққа лайықты жан - Жаңагүл Алиакбарқызы.
Балапанова Жаңагүл Алиакбарқызы Жамбыл облысы Көктерек ауданы Қияқты стансасында 28 желтоқсан 1952 жылы дүниеге келді. Ата-ана кімге болса да ыстық. Оларға деген сағынышты, ішкі бір толқынысты бір үзік сыр етіп айтуға әр перзенттің де құқысы бар. Өмір бұлағының бастауы болған ата - анасы туралы Жаңагүл Алиакбарқызына құлақ түрсек:
![]()
«...Уақыт шіркін бір орнында тұрған ба? «Тұрлаусыз уақыт» дейтініміз де сондықтан ғой. Ал енді, осы «тұрлаусыз уақыттың» бақыты неде сонда? Оның бар баяны – мәнді өмір сүріп, соңында сол ізді жалғайтын ұрпақ қалдыру болар. Менің ата-анам әкем Әлиакбар Түсекеұлы мен анам Зағипа Сыздыққызы – бұл тұрғыдан алғанда, өмірдегі бақытты жандардың қатарындамын деп айтсам, артық айтпағаным болар еді.
Әр жанның өмірінде ата-ананың рөлі орасан зор. Әрбір қуанышың – олардың төбесін көкке жеткізіп тұрады. Сәл сүрінсең, арқасын қамшы осқандай, жүрегіне соққы жасалғандай, жаны ауырып тұрады. Бұл – Алла берген мейірімділік пен қамқорлықтың, сезімнің сәулесі. Ал, жарық дүниеге келген әрбір сәбидің ата-анасымен, әсіресе, анасымен тілсіз байланысы, жүрек ұғынысы бөлек. Сол тәрізді менің әке-шешемнің жүріп өткен жолдары - мен үшін баға жетпес, дара жол!
«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дейді даналық әліппесі. Кейде бала болып шалалық қылсақ, қабақ шытып дауыс көтергенімен, оның арғы жағында, жүрегінің түкпірінде мол мейірімі «менмұндалап» тұрады. Онысы – әр баласын еш уақытта жатсынбайтын, маңдайынан сипауға тартынбайтын, анаға тән ерекше болмысы, табиғат берген жібек мінезі мен Алланың берген сабыры, жаратқанның әйел затына ғана беретін ерекшелігі. «Жұмақ – ананың табанының астында» дейтініміз де осындай асыл қасиетке ие болғанынан болар?!
«Өмір – жанған шырақ, аққан бұлақ»,- дейді ғой халық даналығы. Шынында да, осынау өмірге келген адамның теріп алатын несібесі, хал-қадірінше ден қойып атқаратын ісі, артында қалдыратын ізі болады. Абыроймен атқарған ісің өнегелі болса - ғибрат, ізіңді жалғастырар лайықты ұрпағың болса - ұлағат. Міне, бұл – біздің ана сүтімен, әке тәлімімен бойымызға сіңген, уақыт желі өшіре алмайтын адами қасиеттердің, адалдықтың жиынтығы.
Ата-ана - қай уақытта да баласы үшін бір төбе, асқар тау. Ата-ананың арманы – баласының биікке көтеріліп, асуларды бағындыруы. Әр баланың арманы – қос бәйтерегін көзі тірісінде бағалау, қадірлеу, құрметтеу. Бұл ретте, мен – бақытты жанмын. Әкенің салған сүрлеуімен жүріп, ананың ақылын көңілге тоқып, ойларын тайқымай оқып, анамның жанарына жас іркілтпей, көңіліне қаяу түсірмей келемін...
![]()
Әрбір жан осылай мен сияқты армандаса ғой. Өмірде бақытты жандардың қатары көйбер еді...»
1972-1977 жылдары Тамбов мемлекеттік педгогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті және педагогика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1970-1972 жылдары Қызылорда қаласындағы №173 орта мектепте аға пионер жетекшісі, 1977 жылдан бастап Қызылорда облысы Сырдария ауданы №37 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2011 жылы зейнеткерлікке шықты.
Қай заманда болмасын, ұстаздарға деген құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Әл - Фараби айтқандай, «тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» жандарға ілтипат таныту - адамгершіліктің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету - білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше, кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым»,-деп еске алатын болған екен. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан»,- деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен - өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймайтыны анық. Жаңагүл де Сырдария ауданындағы № 37 мектепте қызмет еткен жылдарда ұлағатты ұстаздары М. Достанов, К.Аяпов, Р.Сатбаев, Ж. Шахарова, Қ. Омарова, Т. Шаймерденовалардың шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибелері мен тәлімдерін өзіне басты бағыт етіп алды. Ал әріптестері: Г. Ярмухамедова, Б.Сырлыбаева, К.Тәжібекова, Н.Алдабергеновтермен мектептегі өткізген әрбір іс – шарасы - өзіне өмірлік ұмытылмас қызықты сәттері еді.
Жаңагүл Алиакбарқызы - ұстаздық жолында мектепте орыс тілі мен әдебиеті бірлестігінің жетекшісі болды. Оқушыларының тіл ұстарту мәселесіне көп көңіл бөлді. Үнемі шығармашылық ізденісте болып, әр сабағын түрлендіріп өткізуді өз тәжірибесінде көп қолданды. Сынып жетекшісі ретінде де тәжірибесі мол, өзіндік бағдарлама жасап, сол арқылы сынып оқушыларын ілгері жетелеп отырды. Өзінен кейінгі жас ұстаздарға өз білгенін үйретуден жалықпады. Олар үшін арнайы ашық сабақтар өткізіп отырды. Республикалық, облыстық, аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша ұйымдастырылған семинарларға жетекшілік жасады. «Словарная работа на уроке русского языка», «Он пел любовь... Шедевры Пушкинской поэзии» тақырыптарымен сабақ өткізді. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің 200 жылдық мерейтойына арнап пән апталығын өткізді. Апталық «Тебя как первую любовь России сердце не забудет» деген атпен өтті.
![]()
Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай мектеп бойынша «Песни военных лет» фестивалін ұйымдастырып, оған барлық сынып оқушылары мен ұстаздарды қатыстырды. Үлкен ауқымды шара өтті. Өз тәжірибесін тарату мақсатында «Двоеточие в бессоюзным сложном предложений» деген кітабы шықты. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мектеп кәсіподақ ұйымын басқарып, оның төрайымы болды. Ұстаздар мен қызметкерлердің жағдайларын басты назарда ұстап отырды. Оқушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануына ықпал жасай білді. Ата-аналармен тығыз байланыста болды. Қазір мектептің ардагерлер ұйымының жетекшісі. Өзі оқытқан шәкірттері еліміздің әр түкпірінде, әр салада жұмыс жасап жүр. Бәрі де жүрген орталарында сыйлы, құрметті. Ұстаздарының жолымен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығын таңдаған, сол пәннен дәріс беріп жүрген шәкірттері де көп. Мәселен Нұратова Г, Ташенова ,Жеңсікбаева Ш, Ходжиева К, Қасымова Қ, Жансейтова М, Ошақбаева Ғ.
Жаңагүлдің жан дүниесіне үңіле қарасаңыз, өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі. Бір жымиғанының өзі адамды шабыттандырып, керемет бір күйге бөлейді. Ол ылғи да жанындағы әріптестеріне: «Жоғары білімі бар диплом алу - сені ұстаз етпейді, адамды нағыз ұстаз ететін - балалар. Нағыз шебер ұстаз болу үшін уақыт пен ыждағатты еңбек, балаға деген сүйіспеншілік керек», - дегенді айтады. Осы ұлағатты жолда ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына сөздері еске оралады: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Иә, саналы ұрпаққа, сапалы білім мен тәрбие беру жолында аянбай тер төккен Жаңагүл Алиакбарқызы - тәжірибелі мұғалім. Өзгелерге берері мол бақытты ұстаз.
Жемісті еңбегі үшін алған марапаттары да жетерлік. Ол - жоғары санатты ұстаз. Еңбектегі жетістіктері үшін 2003 жылы республикалық білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1982-1998 жылы облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық білім бөлімі мен мектеп дирекциясынан алған бірнеше Алғыс хаттары бар. «Сырдария ауданына 90 жыл» мерекелік медалі де омырауында жарқырап тұр. Ш.А.Амонашвилидің «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды...» деген сөзі босқа айтылмағаны белгілі. Себебі, Жаңагүл Алиакбарқызы жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол әр сабағында оқушымен қарым-қатынасты жақсы орнатумен қатар, олармен сөйлесу мәнерін орнықтырып, сабақты ашып түсіндіруі, оқушы бойына қызығушылық туғызып, оның жан-жақты болуына үлкен көзқараспен, сенімділікпен қарай білді. Ол алдына қойған мақсатын жүзеге асыра білді. Балалардың ақыл-ой ынтасын көтеріп, білімді игеруіне, ойлау қабілеттерін шыңдап, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді жас жеткіншектерді тәрбиелеп шығара алды.
Ұстаздық қызметімен бірге отбасы берекесін де келтіре білген Жаңагүл Алиакбарқызы Ертай Тотанұлымен шаңырақ құрып, екеуі отбасында үш ұл тәрбиелеп, өсірді. Оларға жақсы тәрбие берумен қатар, жоғары білім алуына қолдау білдірді. Қазіргі уақытта жеті немере сүйіп отырған бақытты ана, асыл әже.