Қуашбай Саттар

Рейтинг:

Биіктігі аласармас тау тұлға

      «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім қажет»,- деп шығыстың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов айтып кеткендей, аталарымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап кеткен жеріне Тәуелсіздіктің туын тіктік. Егемендігімізді әлем алдында алпауыт елдерге мойындаттық. Ендігі, мақсат – ғылым-білімімізбен дамыған 30 елдің қатарына кіру. 
      Болаттың қайнауда шынығатыны секілді, болашақ ел тізгінін ұстар ер азаматтар мен сала саңлақтары мектеп және арнайы білім беретін жоғарғы оқу орындарынан шығады. Іргесі мықты үлкен ғимараттың беріктігі алғашқы кірпішінің қалай қаланғанына байланысты болатыны секілді, бүгінгі жас ұрпақтың үлкен азамат болып шығуы – білім ордаларына байланысты. Заман талабына сай келетін іргелі оқу ордасының бірі, бүгінгі таңда үздіксіз жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша болашақ білікті де сауатты мамандарды дайындап келе жатқан, Тәуелсіз еліміздің алғашқы оқу ордасы – «Болашақ» колледжі.
      «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» ,- деп алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейханов айтпақшы, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, тоқыраудың тап бастырмаған толқындарына қарсы жүзіп, ұлт болашағына жауапты ұл - қыздарды тәрбиелеп, білікті мамандарды даярлап келе жатқан «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығының директоры, Шымкент облысы Төле би ауданының «Құрметті азаматы», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан мәслихаттарының «Құрметті депутаты», экономика ғылымдарының докторы, 6 оқулық, 100-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, профессор Қуашбай Саттар 1955 жылы 24 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданына қарасты Алғабас елді мекенінде дүниеге келді. Тұмса табиғаты суретшінің картинасына сұранып тұрған сұлу өлкеде балалығын өткізіп, Ленгір қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. 
      Мектеп бітірген соң, Бірінші мамыр ауылындағы осы аттас кеңшардың комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеген Саттар қолына тиген істі шыр айналдырып жіберетін қолының іскерлігімен көзге түсіп, әрдайым жауапкершілігі мол жұмыстарды атқарды. Бұл жұмыс – Саттардың өмірге деген ұстанымын өзгерткен, өмірге басқаша көзқараспен қарауға қалыптастырған еді. Қолынан іс келетін, ізденімпаз, еңбексүйгіш жастарды демеп, оқимын дегендердің қолтығынан демеп жатқан кез еді. Өзінің де алғырлық танытып, комсомол-жастар бригадасында алдыңғы қатарлы жігіттердің бірі болған Қуашбай Саттар 1975 жылы ҚазГУ-дің дайындық курсына түсіп, 1980 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады.
      Бойында қайраты тасып, қай іске де құлшынып тұрған жас университеттің жолдамасымен Жезқазған мемлекеттік институтына орналасып, өзінің пысықтығы мен еңбекқорлығы, сауаттылығы мен ізденімпаздығының арқасында 1981-1985 жылдары кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Алғашқы еңбек еткен жылдары: «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді»,- деп Қаныш Сәтбаевтың алтыннан да қымбат асыл сөзін ұстаным етіп алған Қуашбай Саттар іргелі оқу орнында ұстаздық ете жүріп, соңынан шырақ алып түскен талапкердің жүзін жарық ететін ғылымға мойын бұрды. 
      1985 жылы Алматы Халықшаруашылығы институтының Шымкент филиалындағы жалпы пәндер кафедрасына аға-оқытушы болып ауысып, ұстаздық қызметі мен шығармашылық жұмыстарын қатар алып жүрген тәлімді оқытушы одан әрі қызметте сатылай өсіп, 1989 жылдан «Қазақ экологиялық орталығында» аға ғылыми қызметкер,1990 жылдан Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында аға оқытушы, проректор, 1996 жылдан «Ұлағат» университетінің Шымкенттегі филиалында директор болып еңбек етті. 
      Әдеп – қоғамның құндылығы болса, білім – адамның құндылығы. Ғылым жолына түскен Қуашбай Саттар өзінің білімін толықтырып, жаңа заманға сай әдістемелік құралдарды пайдаланумен қатар, «шәкірті талапты болу үшін, ұстазы талантты болу керек» дегендей, сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін жиі оқып білім алу керектігін алдына мақсат етіп қойып, 1995 жылы Орта Азия гуманитарлық-экономикалық институтын «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады.
      Өзінің білікті де білімді, қолынан іс келетін, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын үздік маманын аса жауапты жерге жіберетін жазылмаған басшылықтың есебі бар емес пе?! 1999 жылы Мәскеуде аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғап келген соң, Алматы Экономикалық университетінің Шымкенттегі филиалын, 2007 жылы Шымкент университетінің Экономика институтын басқарды. Одан кейінгі 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде докторлық диссертациясын қорғап шыққан ғалым-ұстаз сол жылы Шымкент университеттінің вице-президенті және проректоры болып еңбек етеді. 2009 жылдан күні бүгінге дейін Шымкент университеті экономика институтының директоры қызметін атқарып келеді.
      Тәуелсіз елімізде алғашқылардың бірі болып жеке оқу орындарының іргесін қалай бастаған Қуашбай Саттар алдымен «Болашақ» мектебін, сосын, «Болашақ» колледжін, кейінірек, Алматы экономика университетінің Шымкенттегі филиалын ашып, өзі осы оқу орындарына басшылық етті. Қазіргі таңда оның жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің жемісіне айналған бұл оқу ордасы «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығы 20 жылдық мерейтойын тойлады. Мұнда балабақшадан бастап бастауыш мектеп, орта мектеп, колледж, университет, магистратураны сатылай бір жерде оқып шығуға мүмкіндік жасалған. Білім іздеген әрбір талапкер тарыдай болып келіп, таудай болып шығады.
      Ғылыми төңкеріс аясында жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» жоғары колледжі – Тәуелсіздік алған жылдары Оңтүстік өңірде тұсауы кесілген бірден- бір оқу орны. Алғашқы оқу орындары ішінде белгілі мемлекет қайраткері қызметін білім саласында бастап, мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің болашағы – жас мамандар дайындауды мұрат еткен облыстық мәслихат депутаты, профессор Қуашбай Саттардың құрылтайшылығымен 1999 жылы бой көтерген «Болашақ» жоғары колледжінің орны ерекше. Тоқырау жылдары табандылық таныта отырып ілгері жүріп, өзге өңірлер ғылым мен білім жолына түспек түгілі, шықпа жаным шықпамен отырғанда «Болашақ» колледжі ізденемін деп, білім қуған жастарды қабылдап жатты. Арда азаматтың өмір негізіне айналып, білім мен ғылым әлеміне жол салған «Болашақ» жоғарғы колледжі туралы аз-кем сөз толғап өтсек.
      Колледж 1999 жылы «ШГЭУ» қоғамдық қоры колледжі деген атпен ашылып, 2003 жылы «Болашақ» колледжі, 2017 жылы «Болашақ» жоғары колледжі болып аталды. Мектеп пен колледжді қатар дамыта отырып, өз қаражаты есебінен Ұлыбритания елінің бірнеше қалаларын аралап, оқу орындарының жұмыстарымен танысып, «Болашақ» мектебі үш тілде оқытуды 2000-2001 оқу жылынан бастап енгізді. 2002-2003 оқу жылынан бастап қосымша мамандыққа дайындау бағдарламасын енгізіп, «Экономист-кәсіпкер», «Электрондық-есептеуіш машиналарының операторы» мамандықтары бойынша куәлік беріп келеді. Кейіннен Англияның Стивенэйдж қаласындаға Норд-Хардфиршер колледжіне барып оқу процесін зерттеп, Қуашбай Саттар колледждер арасында студенттердің білім алмасып тұруы мақсатында келісімшарт жасасты.
      Осы жылдан бастап колледждің дамуында жаңа серпін пайда болды. Колледж құрылтайшысы Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Америка Құрама Штаттары, Нидерланды, Венгрия, Австрия, Беларусь елдерінің оқу орындарының жұмыстарымен танысу мақсатында бірнеше рет іс-сапарларға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Әрбір іс-сапардан алынған мол тәжірибелері колледждің оқу процесіне енгізіліп, сапалы мамандар дайындауда үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
      1999-2003 жылдар аралығында колледждің алғашқы директоры «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» Ергешәлі Мамыраев болды. Облыстың білім саласының дамуына зор үлес қосқан Е.Мамыраев «ШГЭУ» қоғамдық қоры колледжінің алғашқы жылдардағы оқу-әдістемелік жұмыс-тарының қалыптасып, дамуына басшылық жасады. 2003 жылдан бастап колледжді «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», педагогика ғылымдарының кандидаты Жапбарова Гүлжан Айдарханқызы басқарды. Сапалы мамандар дайындау мақсатында оқу материалдық - техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Колледжде 6 оқу ғимараты, кітапхана, оқу залы, акт залы, конференция залы, барлық спорт құралдарымен жабдықталған спорт кешені, ашық спорт алаңы, интернет желісіне қосылған 7 компьютер кластары, 3 лингафон кабинеті, әдістемелік кабинет, 18 мультимедиялық интерактивті тақта қойылған кластар, 100 орындық асхана, дәрігерлік көмек көрсету пункті бар. 
      Оқу процесін 1 профессор, 1 ғылым кандидаты, 22 магистр, 12 жоғары санатты, 8 бірінші санатты, 2 екінші санатты, 16 санаты жоқ оқытушылар жүргізеді. Профессор-оқытушылар құрамында 3 қызметкер: құрылтайшы Қуашбай Саттар, директоры Жапбарова Гүлжан Айдарханқызы, директордың орынбасары Тобылов Райымбек Садықұлы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Колледжде теориялық білім мен өндірістік практиканы дуальды жүйеде өткізу мақсатында «Балабақша-бастауыш білім - негізгі орта білім - жалпы орта білім беру – колледж – университет -магистратура» үздіксіз білім беру орталығы құрылған. Білім алушылар «Болашақ» бөбекжай балабақшасында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы, «Болашақ» мектебінде педагогикалық мамандықтар бойынша практикаларын өтіп, өз біліктіліктерін көтеруде. Колледжді бітірген түлектер университетке түсіп, одан әрі өз білімдерін жалғастыруда.
      Медицина, техникалық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кәсіби іс-тәжірибелерін өткізу мақсатында базалық мекемелер және озық мектептермен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жасалған. Осы жылдар аралығында колледжді бітіріп, сапалы маман ретінде облыстың әр саласында еңбек етіп жүргендер саны 4701-ге жетті. Олардың арасында өз мамандығының кәсіби шеберлері ретінде танылып, еліміздің басқару қызметтерінде жүргендер де аз емес. 
      Жаңашылдықпен жұмыс істеуді талап ететін колледж құрылтайшысы тарапынан оқытушылар мен қызметкерлердің білімін жетілдіру жұмыстарына, семинар кеңестер мен конференцияларға қатысуына барлық жағдай жасалған. Колледж директорының орынбасары Райымбек Тобылов Түркия елінің балабақша, мектеп, колледж жұмыстарымен танысу мақсатында Стамбул қаласында 15 күндік іс-сапарда болып қайтты. Республикалық семинар кеңестерге Астана, Алматы және Көкшетау қалаларына барып қайтқан директордың орынбасарлары Жилхайдарова Перизат пен Қаракөз Кадебаева оқу үрдісіне жаңашылдық серпін енгізіп, колледжде бакалавр мамандықтарын дайындауды облыста алғашқылардың бірі болып қолға алуда. Облыс көлемінде бірнеше рет әдістемелік семинар кеңестер өткізген «Болашақ» жоғары колледжі оқу үрдісін ұйымдастырудың бірден - бір шеберлері жиналған оқу ордасына айналды. Сонымен қатар, республика және облыс көлемінде ұйымдастырылған барлық іс-шараларға, ғылыми конференцияларға колледж оқытушылары мен білім алушылары белсене қатысады. 
      2017-2018 оқу жылы «Болашақ» жоғары колледжінде медициналық мамандықтар ашылды. Оқу-материалдық базасы жоғары дәрежеде жабдықталған медицина мамандықтары бөлімі жаңа ғимаратта орналасқан және сапалы мамандар дәріс беруде.
      Осылайша, нарықта бәсекеге қабілетті маман даярлау ісін жетілдіріп жүрген ұлағатты ұстаз-ғалым ауылдық жерлердегі жетім, жартылай жетім балаларды, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының тегін оқуына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, өзі туып-өскен ауданға жылына 20 грант, ал басқа аудандарға 5-10 грантқа дейін ұсынатын институт директоры бұдан бөлек талантты, білім алуға ынталы балаларды іріктеп алып, жылына 50-60 баланы тегін оқытуда. Оларға ай сайын алатын шәкіртақыларымен қоса, жылына екі рет жолақыға қаражат беріледі. Сонымен қатар, бұлақ көрсе, көзін аша жүретін Саттар Қуашбай мырза өнерлі балаларды да қанатының астына алып, түрлі байқауларда өнер көрсетіп, жетістік шыңына жетуіне демеушілік жасап келеді.
      Елім деген ерін халқы қашанда қадірлеп, қастерлеген. Сондықтан, ертеңгі ел тізгінін ұстар ұрпақтың тәрбиесіне үлкен жанашырлық, қамқорлық көрсетіп жүрген азаматты төлебиліктер Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының V және VI шақырылымдарына қатарынан екі рет депутаттыққа сайлап, халық сенім білдірді.
      Саттар Қуашбай облыстық мәслихаттың V және VI шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде өзіне жүктелген міндет – білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт, туризм салалары еді. Сондықтан, халық калаулысының өз сайлау округіндегі осы мәселелерге баса назар аударуы да түсінікті. Мәселен, оның депутаттық ықпалымен Төлеби ауданында 5 мектеп пен Бірінші мамыр ауыл округінде мәдениет сарайы салынып, пайдалануға берілсе, Аққұм ауыл округінде «Момынай», «Жаңа ұйым» мектебі, Бірінші мамыр ауыл округінде «Алғабас» мектебі, М.Әуезов мектебінің қосымша құрылысы, Әл-Фараби орта мектептерінің іргесі қаланды. Сондай-ақ, орталыққа жиі ат шалдыра алмайтын алыстағы ауыл тұрғындары үшін фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Жаны жомарт азамат, Төле би ауданындағы №4 мектеп-интернатында оқитын 250 балаға ағалық қамқорлық көрсетіп, қажетті киім-кешек, мектеп құралдарымен қамтамасыз етті. Осы жақсылығының бәрін ешкімге міндет етпей, жария қылмай жасайтын халық қалаулысы туған жерінің туы жығылмай, бүлдіршіндері ешнәрседен тарықпай жүруін өзінің туған топырағы алдындағы перзенттік парызының орындалғаны деп біледі.
      «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, өзінің ашық та жарқын бейнесімен ғана емес, ғылымдағы өшпес мұрасымен, ғылыми ортада азаматтық болмысымен ерекшеленіп, құрмет төріне көтеріле білген Қуашбай Саттардың ғылым жолындағы еңбегі ілім іздеген жастардың тұсбағдары болып, дұрыс жөн сілтеп тұрмақ. «Елім» деген ердің, «Ерім» дейтін елі болады. Өткенін өнеге етіп қалдыра білген, білім мен ғылым жолында өзінің ғұмырлығын жоймайтын жақсы істері талай талапкерге жігер бірген азаматтық болмыс, қайрау сөздері өшпейтін мәңгілік алаудай жалындап тұра бермек. «Жақсының жақсылыған айт нұры тасысын» дегендей, Қуашбай Саттар білім, ғылым саласында жетістіктерге қол жеткізіп, ел мұңын мінберде билікке айтып, қандай да іске бастамашы болғанының елеуі ретінде түрлі марапаттарға ие болды. Түн қараңғылыған сейілткен жұлдыздай жүрген жерін жарық етіп, әрдайым адамдық болмысымен, кісілік келбетімен, жомарт жүрегімен өнегелі өмір жолын сала білген нар кеуделі азаматтың марапаттарын тізбелеп өтсек;
      ✦ 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, білім департаментінің «Грамотасы»;
      ✦ 1996 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Грамотасы»;
      ✦ 1997 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» медалі;
      ✦ 1997, 2005 жылдары Оңтүстік қазақстан облысы әкімінің «Грамотасы»;
      ✦ 1997, 2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының «Грамотасы»;
      ✦ 2005 жылы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалі;
      ✦ 2006 жылы «Құрмет» ордені;
      ✦ «Нұр Отан партиясы» медалі;
      ✦ 2012 жылы «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі;
      ✦ Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс Хаты»;
      ✦ 2013 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалі;
      ✦ «Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығы» медалі және «Меценат» төсбелгісі;
      ✦ «Семей полигонының жабылғанына 20 жыл» медалі және «Алтын жүрек» номинанты;
      ✦ 2014 жылы «Батыр шапағаты» медалі;
      ✦ 2018 жылы «Парасат» ордені;
      ✦ Шымкент қаласының, Оңтүстік Қазақстан облысы және Төле би ауданының «Құрметті азаматы»;
      Қиын кезеңдерде де иілмеген емендей болып, ауыр жылдары ұлт болашағын тәрбиелейтін «Болашақ» колледжі іргелі білім ордасын ашып, білікті мамандарды дайындаған, ғылым саласында іздер қалдыра білген, биіктігі аласармайтын тау тұлға, атпал азаматтарымыздың бірі Қуашбай Саттар ағамыздай ұлтжанды, асыл тұяқты тұлпарларымыз көп болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

5 января 2026 11:54
Ердаулет Татеков
Мың жасаңыз!!!...
30 декабря 2025 21:16
Камила
Чудесная и достойная история👍 Огромная Вам благодарность, Бану Бияновна! ...
28 декабря 2025 01:12
Гулнар
Саламатсызба +77083784410 осы номерге хабарласыңызшы қолыңыз тисе рахмет ...