Ахметжанова Фарзана

Рейтинг:

Тіл жанашыры

      Фарзана оқу мен білімге бала кезінен құштар болды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бойжеткен Фарзананың Өскеменде өзінен үлкен екі әпкесі оқып жүргендіктен, оларға көмектесуі керек болды. Анасынан екі жасында айырылған, ал әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі мүгедегі еді. Отбасында бауырлар болып бір-біріне қамқор болып өсті. Барлығы да қалаған оқу орындарын аяқтап, жақсы саланың мамандары болды. Студенттік шақтарында да Фарзана еңбектен қол үзбей, өз ортасында көшбасшы әрі беделді бола білді. Жан-жақтан келген орыс, украин, неміс жастарымен танысып, бірден-ақ достасып кетті. Ол уақыттың естен кетпес естелігі сол, әр жас өзінің туған еліне апарып, қыдыртып, әсем табиғатын, салт-дәстүрін танытатын. Филолог әрі шығармашыл жастар болғандықтан апта сайын бір-біріне әзіл-шыны аралас өлең шығарып, орталары көңілді болатын. Фарзананың кураторы тарихшы және философ Эмба Санжарқызы Сегізбаева «Менің атым Қожа» фильміндегі басты кейіпкер Нұрлан Сегізбаевтың туған әпкесі болатын. Нурланның өзі де Фарзанамен бірге оқыды. Куратор сағаты өте керемет әсерлі өтетін. Қыздардың тәрбиесі жайындағы бір сағатын Бибігүл Төлегеноваға арнағаны есінде. Көптеген қызықты деректерді, материалдарды жинақтай отырып, оның қызықты әңгімелерін тыңдау тіпті жоғары дәрежеде өткен болатын. Халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен кейіннен де бірнеше рет кездесіп, жүздескен еді. Дене тәрбиесінен дәріс берген Алексей Николаевич Трунов та ұлты өзге болғанымен жүрегі қазақ деп соғатын, елінің жанашыры әрі қазақ тілі үйірмесінің жетекшісі болатын. Бүгінде 
      Фарзананың бірге оқыған курстас достарының барлығы жоғары білімді, көпжылдық тәжірибесі бар үздік педагогтар. Адамның өмірі ең алдымен таңдаған мамандығымен, сонан соң, таңдаған өмірлік серігімен мәнді болады десек, Фарзана бұл екі жолдан жолы болған жан. Мамандығы – мақтанышы. Оның осы жолды таңдауына себеп болған отбасы мен жақындары болса, оларға айтар алғысы шексіз. Иә, мамандық таңдау ең алдымен адамның ішкі мәдениетін көрсететін дүние. Себебі, әр адам өзінің жүрек қалауымен таңдау жасайды. Өз саласын жетік меңгеру арқылы биік жетістіктерге жетеді. Бастысы сол еңбегі арқылы рахат табады. Әрі сол жолда өсіп-өркендейді.
      Ахметжанова Фарзана Рафикқызы 1967 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында орта мектепті тәмамдаған. 1968-1973 жылдары Өскемен педагогикалық институтының филология факультетін «Қызыл дипломмен» аяқтаған. Жас маман ретінде аталмыш оқу ордасында қалдырылған. Сол уақыттан бері аталған оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, тәлімгер-зерттеуші, доцент, кафедра меңгерушісі, институт директоры, кафедра профессоры қызметтерін абыроймен атқарып келеді. ҚР ҰҒА Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып, 1988 жылы диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. 1992 жылы доцент дәрежесін алды. 1996 жылы ШҚМУ профессоры дәрежесіне ие болды.
      Еліміз тәуелсіздікті алған жылдары ШҚМУ-да бұрын болмаған «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы мен қазақ филологиясы кафедрасының негізін қалап ашты. Осы бағытта Қазақстан Республикасында бірінші болып магистратура мен аспирантура ашып, ғылыми жетекшілік қызметін атқарды. 40 жылдан астам уақытта жүздеген шәкірт тәрбиелеп, 30-дан астам магистрлік диссертация, бірнеше кандидаттық диссертация қорғатты. Әңгімені әріден бастайтын болсақ, Фарзана Рафикқызы 1988 жылы ҰҒА-ның А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын ойдағыдай тәмамдап, еліне келіп, жазған ғылыми зерттеуін түркі тілдері, қазақ тілі – шифрімен қорғады. Шығыстың тарихында аталған шифрмен қорғаған тұңғыш, алғашқы аспирант Фарзана Рафиққызы болатын. Әрі ол осы әдіспен басқаларға да жол ашты. 
      1990 жылдары еліміздің шығысында қазақ тілінде оқытатын мектептер санаулы болатын. 
      Институт пен университет дәрежесінде қазақ тілінде оқытатын басқа мамандықтар былай тұрсын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы мүлдем болмаған. Кейіннен аталған мамандыққа қабылдау басталып, оның басы-қасында профессор Ахметжанова Фарзана Рафиққызы жүрді. Бірде университет басшысы Фарзананы шақырып алып: «Қай кафедраға барасың? Қай жерде жұмыс істейсің? Сен қорғаған бағытта ешкім жоқ...», - деді. Бірнеше тілді білгендіктен Фарзана үшін бұл өте ыңғайлы, ұтымды, тіпті күткен жағдай болып көрінді. Себебі, еліміз егемендік алғалы жатты. Күн тәртібінде қостілділік пен көптілділіктің мәселелері көтеріліп, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңы жазылып, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе бергелі жатты. «Қалай ойлайсың, осы Шығысқа қазақ тілі керек пе?», - деген тағы да бір сұрақ қойылды. «Әрине, керек. Ауадай қажет. Шығысқа сенемін. Бұл аймақтағы қариялар – дана, ересектер – парасатты, жастар – талапты да талантты»,- деді өз тілінің шын жанашыры Фарзана Рафикқызы. Ректор: «Ендеше баста, бәрін-бәрін өзің жасайсың, басқа маман жоқ», - деді. Сөйтіп, 1988 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын ашу мақсатымен жаңа ізденістері басталды. Оқу үрдісіне байланысты ондаған, жүздеген қағаздармен танысып, оқу жоспарын жасауға тура келді. Көп кедергі мен қиыншылықтар да болды. Сол жылдың көктемінде барлық қажетті құжаттарды салалық Министрлік арқылы бекітіп, қабылдау комиссиясына басқа құжаттарды дайындай бастады.
      Радио, теледидар, газет, журнал, басқа да арналар арқылы жарнама өткізді. Сол шақта елімізде бұрын болмаған жаңа, оңды, тарихи өзгерістерге әзірлік жүріп жатты. Халқымызға бейтаныс бір көтеріңкі көңіл-күй мен рух пайда болды. Қазақтың өзін тануға деген мүмкіндігі туындады. Сондықтан, жаңа бағыттағы іс-әрекеттер елдің, жердің тағдырына байланысты оңды өзгерістермен бағыттас болып жатты. Айта кету керек, Алматыда халықаралық деңгейде «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтті. Шығыс Қазақстан облысы атынан он түрлі ұлт өкілдерін басқарып Фарзана Рафикқызы олармен бірге жұмысына қатысты. Сол жылдың күзінде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңы бекітілді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы Ата заңы сол жылдары жазылып, қайта-қайта сыннан өтіп жатты. Тарихымызда бұрын-соңды болмаған мемлекет басшыларының серпінді де батыл қадамдарын дұрыс түсінген және елжанды азамат болашақтың іргесі қаланып жатқанын жүрегімен сезді. Рас, жергілікті биліктің кеселінен, министрліктегі кейбір басшылардың түсінбеушілігінен «Шығыста бұрын да қазақ тілі болмаған, қазір де қажеті жоқ, болса шамалы», - деді. Алайда, ректордың тікелей қатысуымен бұл мәселе шешілді. Оқу жоспарын қайтадан жазғызып, мамандықты «қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті» деп бекітті. Оқу мерзімі бес жыл болды. «Біз автономия емеспіз, бөтен өлкеде тұрып жатқан жоқпыз, өз еліміз-жерімізде жасампаздық өмір салтын құрып жатырмыз, «орыс тілі мен әдебиеті» факультеті біздің институтымызда 1952 жылдан бері мамандар даярлайды, бізге таза «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын ашуға руқсат беріңіздер», - деп талай дерек, дәлелдерді келтірген Фарзана Рафикқызының еңбегі зор болды. Алғашқы қабылдауды басынан аяғына дейін өзі өткізіп, әр талапкермен әңгімелесіп, түсіндіріп, келген ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, үгіттеді. Кейін оқу жылы басталғанның өзінде институт басшыларымен ақылдаса отырып, қайта-қайта Алматыға барып, негіздеме жазып, ақыр аяғында дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, келесі оқу жылында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы болып атанды. Осылайша, күндізгі бөлімнің алғашқы түлектерін 1993-1994 жылдары ұшырды. Міне, еңбектің ақталғаны деген осы болар. Бүгінгі күнге дейін түлектерді 27 жыл бойы ұшырып келеді. Жыл сайын білікті, білімді, талантты, дүниетанымы мол, әрі кең, көзі ашық, көкірегі ояу түлектері түрлі қызметке орналасып кетіп жатыр. 
      Фарзана Рафикқызының шәкірті Қалимолдин Марат қазір Алматыдағы бір жоғары оқу орнының проректоры, ал Мұқышева Раушангүл Мажарстандағы (Венгрия) Сегед университетінің Алтайтану кафедрасының қазақ тілі маманы, филология ғылымдарының кандидаты. Сапашев Ораз филология ғылымдарының кандидаты, ШҚМУ-дың ҒЗИ директоры. Сонымен қатар, Фарзана Рафикқызы діні бөлек, дүниетанымы басқа Дэниел Бэлласт есімді АҚШ азаматына аз ғана уақыттың ішінде қазақ тілін үйреткен ұлағатты ұстаз ретінде де танымал. Сол кезде Дэниел Бэлласт 30-ға толмаған жігіт болса керек. Елімізге өз ісін ашуға келгенімен, шаруасы көңілдегідей болмайды. Тілмаш арқылы Фарзана оған ең маңызды нәрсені түсіндірді. «Осында өзіңді іскер азамат ретінде танытуға келген екенсің, қазақ елін зертте, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, жан дүниесімен таныс. Осының бәрін тек қазақ тілі арқылы игересің. Адамның күні адаммен. Қазақтың тілін біліп алған соң қазақпен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы ісіңді жандандырасың», - деген Фарзананың сөзінен кейін, көптеген қиындықтарды бастан өткере отырып, ұстаздың білімі мен іскерлігі, үлкен тәжірибесінің арқасында қазақ тілін жақсы меңгеріп шықты. Елбасы университетке келгенде Дэниел Бэлласт қазақ тілінде баяндама жасап, қойылған сұрақтарға қазақша жауап берді. Қазақ тіліне қызыққаны сонша, оны ауызекі дәрежеде білу аздық етеді деп магистратураға түсіп, Фарзана Рафикқызының ғылыми жетекшілігімен диссертация қорғады. Кейін авторлық бірлестікте үш тілде жазылған сөздік басып шығарды. Дэниел қазір АҚШ-та, білім беру саласында жұмыс істейді.
      Фарзана Рафикқызы ғылыми ортада сөздік жасаушы маман ретінде де таныс. Осы күнге дейін екі жүз елуден астам түрлі еңбегі жарық көрген. Оның бірқатары – сөздіктер. Түрлі сөздіктер, олар бір тілде, екі тілде, үш тілде жазылған еңбектер. Сөздіктерінің зерттеу нысаны – фразеологиялық бірліктер, тіларалық сәйкестіктер, мағыналас ұғымдар. 2009 жылы «Күрделі сөздердің қазақша-орысша сөздігі» атты еңбегі жарық көрді. Сөз түзу, сөздің мағынасын зерттеу, сөздік жасау – ыждаһаттылық пен шыдамдылықты, терең де жан-жақты білімді талап етеді. «Мен жалғыз емеспін. Өмір бойы ақ қағазбен сырласып, білім, тәжірибе жинақтап жүрген пендемін. Өз ісіме ғашықпын және берікпін. Сөзбен, ақ бет қағазбен әрекеттеніп рахаттанамын, бір ғажайып ләззат аламын», - дейді іскер жан.
      Фарзана Рафикқызы Ахметжанова Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2006» мемлекеттік грантының иегері. «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін омырауына таққан. Сонымен бірге, «ШҚМУ-дың үздік оқытушысы-2009», 300-ден астам ғылыми-теориялық және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Қазақстан Республикасы іскер әйелдер бірлестігінің сан мәрте жеңімпазы, Университет жылнамасы беттеріне қосқан қомақты үлесі үшін «Университет мақтанышы – Гордость университета» құрмет белгісінің иегері, ғылыми-педагогикалық еңбегіндегі «Айрықша ерекшеленгені үшін» құрмет белгісінің иегері.
      Парасатты, білікті, білімді, ізденімпаз ұлағатты ұстаздың ғибратты жолы кейінгі жас буын мамандарға үлгі, өнеге. Өз еңбегінен рахат тапқан жан отбасында екі ұл тәрбиелеп, өсірген бақытты ана, олардан немере сүйіп отырған асыл әже.
      Оның бойында қаншама қуат, белсенділік, баланы оқытуға деген үлкен құлшыныс пен құштарлық барын байқайсың. Өмірінде адам алалауды білмейтін жан. Тіл білмейтін жанды ешқашан кемсітпей, шыдамдылықпен оған арнайы уақыт бөлетін, өз жұмысына жан-тәнімен шын берілген адам екенін айтуға болады. Оқудың түрлі әдіс-тәсілін қолданатын ұстаздың сабағына асығып баратын шәкірттері көп. Шаршауды білмейтін ұстаз шәкірттерін қала ішін бағдарлауда үнемі түрлі экскурсия ұйымдастырып жүреді. Ғылым жолында ұстаздың өзіндік ерекше орны бар. «Мәдениаралық коммуникацияның өзекті мәселелері» атты ғылыми мектебін қалыптастырды. Университет және одан тыс білім ошақтарында ғылыми - практикалық конференциялардың ұйымдастырылып өткізілуіне осы күнге дейін белсене араласып, атсалысып келеді. Түрлі тақырыптағы семинарлар, секция отырыстарына төрағалық етеді. Міне, осыдан-ақ тіл жанашырының қаншалықты еңбекқор, терең білімді, жан-жақты, жоғары білікті маман екеніне көз жеткізуге болады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
29 июня 2023 15:51
Салтанат

Тамаша ❤️🔥🌹

Последние комментарии

7 марта 2024 13:56
Рысты
Галя мына естеліктер әкең анаң туралы оте тамаша жазылған екен. Мұхаң әкей туралы халықтан естігеніміз болмаса....
7 марта 2024 13:26
Қалжан
Оқыдым өте дұрыс жазылған нағыз шындық менің әкем де Мұхаңмен Сельхозуправлениеде жұмыстас болған еді бір жылдары бізге...
7 марта 2024 13:08
Насиба
Мұхаш атаны көрген де естіген де жоқпын ғой.Шахта орта мектебінің 70 жылдығында  ма  папаңның кітабын бергенсің. Түгел...