Сарсенбаева Камила

Рейтинг:

Жаңғырту жолындағы жасампаз ұстаз

      Елімізде білім жолында табанды еңбек етіп, тер төгіп жүрген арулар қауымы жеткілікті. Солардың бірі де бірегейі – Сарсенбаева Камила Аманбайқызы. Ол 1966 жылғы 21 тамызда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ынталы ауылында дүниеге келген. 
      Адам өмірінің қадір-қасиеті адамзат үшін бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады. Артыңда өшпес із қалдыру үшін өзің сүйген салаға саналы ғұмырыңды арнау кез-келген адамға беріле бермейтін бақыт. Біз сөз еткелі отырған Камила Аманбайқызы осы бір бақытқа қол жеткізген жан. 
      1975 -1978 жылдар аралығында Ынталыда бастауыш сыныпта білім алып, 1979-1985 жылдар аралығында Жамбыл атындағы орта мектебін толық бітіріп шыққан ол жас ұрпақтың іргетасын біліммен қалаған тұлғалардың қатарын толықтыруды ойлап, ұстаздық жолда еңбек етуге бел буады.
      Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ұстазының білімін, берген тәрбиесі мен кеңесін алады. Бұл мамандықты таңдауына және де бір себепші болған ол сынып жетекшілері Тасбике апайға деген сүйіспеншілік болды. Шындығында ауыл балаларымен жиналып, ойын ойнайтын болса, Камила бірден балаларға оқытушының рөлін өзі алатын. Өйткені, мектепте мұғалімдері тақта алдына шығарса, тақырыпты жан - жақты талдап, беріліп айтады. Содан болар өзі білген нәрсені өзгемен бөліскісі, білмегенін үйретіп, түсіндіргісі келіп тұратын қасиеті оны осы бір қастерлі мамандықты таңдауға алып келді, сонымен қатар алға жетеледі.
      Мектеп табалдырығында жүргенде ол математикаға да жақын болды. Сыныптастарының көбі не гуманитарлық, не жаратылыстану бағытының бірінен ғана мықты болса, Камила – екі бағытты да теңдей алып жүре алған дарынды оқушылардың қатарынан еді. Мектептегі әрбір шаралар мен түрлі байқау-сайыстарға белсене араласып, жүргізуші болып жүретін Камила 8-сыныптан бастап, ол мектеп комсомол ұйымының секретары, 1982-1985 жылдары аудандық комсомол комитетінің бюре мүшесі, ал институт қабырғасында жүргенде кәсіподақ ұйымының төрайымы міндеттерін абыроймен атқарады.
      Үйдегі ата-анасының: «Білімге қашанда «аш» бол! Рухыңды тойдыр, ол сені кемелдендіреді. Көзқарасыңды өзгертіп, таным көкжиегіңді кеңейтеді. Қолдағы байлығыңды біреу тартып алуы мүмкін, бірақ басыңдағы білімді ешкім тартып ала алмайды», - деген сөздерін үнемі жадында ұстап, тіпті өмірлік принципі ретінде ұстанды.
      Камила Аманбайқызы білім алу арқылы дүниенің тылсым сырларын оқып үйреніп қана қоймай, жарқын болашағына жол ашылатынына сенімді болғандықтан да кітап оқудан, ізденуден, білмегенін үлкендерден сұраудан шаршаған емес. Осы бір жайсаң қасиеті оны тек алға жетелеп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты.
      Әрбір сәтсіздіктерді – жаңа бір сабақ, қиындықтарды – жаңа деңгей деп бағамдап, әр қадамын аңдап басатын оның табандылығы мен батылдығы да мақтауға тұрарлық.
      1985 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Камила Аманбайқызы ең тәтті студенттік кездерінің өзінде де оқытушы берген тапсырманы ғана орындап қана қоймай, қосымша ізденіп, талдау жасап, тәжірибесі мен ой елегінен өткізе білетін ең жақсы қасиетінің арқасында білім ордасындағы ұстаздарының көңілінен шыға білді.
      Қайтсем де өз ісімнің білгірі боламын деген арман жетегінде оқуға түскен Камила әрдайым «ізденісімді тоқтатпауым керек» дегенді өзіне жиі қайталап айтып, арманының адастырмайтынына риясыз сенеді. Сөйтіп, 1990 жылы физика-информатика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғаш еңбек жолын сол жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Ақкөл ауылындағы «Ақкөл орта мектебінде» физика пәнінің мұғалімі болып бастайды.
      Тәжірибе – жылдармен, уақытпен келетін нәрсе. Оған әлбетте біліктілік пен тынымсыз еңбек бірге ұштасып жатса құба-құп. Камила Аманбайқызы «Ақкөл орта мектебіне» жұмысқа орналасқаннан бастап, алғашқы жылдарда-ақ ол араласқан қоғамдық жұмыстар, сайыстар мен байқауларда оқушылары үлкен жетістіктерге жетіп, мектеп абыройын асқақтатады. Шәкірттерінің әр жеңісі мен жетістігінің артында, әрине, Камила ұстаздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы жатыр деп айтсақ қателеспейміз.
      Тұңғыш педагог, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәріненде қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»,- деген еді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақшы, яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрететін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы», - деген еді. 
      Ұлы ағартушы педагог пен Алаш қайраткерлерінің айтып отырған мұғалімде болу керек асыл қасиеттердің бәрі Камила Аманбайқызының бойында бар. Өзі де шәкірт болған кездері ілім-білімді игеруге құштар боп, кітапты қалай жастанып оқыған болса, бүгінде өз оқушыларының да кітап сүйер болғандарын қалайды. Сол үшін сабақтан тыс шәкірттерімен қоғамдағы әр тақырыпты қамтитын әлемнің үздік кітаптарының аудармасын оқушыларына баяндап беріп, келешекте әрбір кездескен қиындықтарда мойымауға, артқа кері шегінбей, керісінше әрдайым тек алға қадам басуға оларды жетелеп отырады. 
      Камила ұстаздың жаңа технологияларды, әдіс-тәсілдерді жете игеріп, сабақты жоғары деңгейде өткізуінің нәтижесінде білім сапасы да жылдан-жылға артып келеді.
      Ортасында абыройлы, кішіпейіл де инабатты Камила апайды бүгінде әріптестері мен оқушылары, ата-аналар мен достары ерекше қадір тұтады. Өйткені, оның өзгенің баласына өзіндегі барды түсіндіруге жанын салады. Олардың болашағының іргелі болуына бар күш-жігерін сарп етіп жүрген, жоғарғы санатты білікті маман.      Қолы ашық, биязы да сабырлы мінезімен көпке үлгі. Оның жүзінен мейірім мен жылулық лебі есіп тұрады. Адамгершілігі асудай биік, жаны жайсаң, өн бойы адалдыққа толы ұстаз – әріптестерінің арасында да өте сыйлы адам.
      Міне, осы қасиеттерінің арқасында 1996-1999 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2000–2013 жылдары аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 2013 жылдың тамыз айынан бастап аталмыш мектептің директоры қызметін атқарады.
      Қарапайым мұғалімдіктен бастап, мектеп директорына дейінгі лауазымға өзінің табандылығы мен іскерлігінің, біліктілігінің арқасында жетті десек артық айтқандығымыз емес.
      Өзі жетекшілік ететін білім ошағында оқушылар мен ата-аналар немесе ұстаздар тарапына қатысты қандай да бір сұрақтар туындай қалса, түбегейлі зерттеп барып, өзінің ой-пікірін объективті түрде дәлелдермен жеткізіп, айтар сөзін көзқарасымен де түсіндіре де білетін әрі сабырлы басшы.
      Мектеп ұжымдастарының ауызбіршілікті сақтап, шәкірттеріне ең алдымен осы қасиеттерді бойына сіңіру арқылы өнеге көрсету керек екендіктерін үнемі қадап айтады. Өйткені, ең үлкен адами құндылықтармен баланы өсіру үшін де алдымен, тату болуды, мейірімділік таныту мен кішіпейіл болуды үйрету керек. Бұл тұрғыда Камила Аманбайқызы өз миссиясын толық атқарған білікті маман.
      «Кешегі ата дәстүріміз бен бүгінгі заман талаптарын өзара үйлестіре отырып, оқушыларымызды тәрбиелеу барысында адамгершілік пен мейірімділіктің ғажайып үлгілерін көрсетіп, көненің көзіндей тәрбиеге толы тағылыммен айналасына үлгі болуға шақырамыз», - дейді ол.
      Бүгінде ол жауапты басшы, білікті ұстаз ғана емес, қызметтік жолымен бірге отбасылық бақытты да қатар алып жүрген асыл жар, аяулы ана, бақытты әйел.
      1989 жылы Ақкөл аулының тумасы Турушов Қуатбек Ақылтайұлы есімді ер азаматпен шаңырақ көтереді. Өмірлік жолдасы да ұстаздық деген – ұлы жолды таңдаған жан. Қазіргі таңда Ақкөл орта мектебінің «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінен сабақ беріп, оқушыларды түрлі облыстық, республикалық әскери байқауларға дайындайды. 
      Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған жанұяның ұстанатын принциптері де ерекше. Отбасында ата мен апаның да тәрбиесімен өскен балалар үлкенге құрмет, кішіге ізетті болу керек екенін кішкентайынан бойларына сіңіріп өскен. 
      Татулық пен бірлік үйлесім тапқан шаңырақта өсіп жатқан ұл-қыздары да жоғары білім алып, өз салаларында табысты еңбек етіп жүр. Айталық, үйдің үлкені Ақылтаев Қанатбек Қуатбекұлы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Автоматика және телекомуникация институтының электр энергетикасы факультетінің «электр энергетигі» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде «Алатау Жарық Компаниясында» инженер болып қызмет етеді.
      Қызы Ақылтаева Мадина Қуатбекқызы – Ақкөл орта мектебін «Алтын белгімен бітіріп», Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғарғы мектебін «есепші және аудит» мамандығы бойынша «Қызыл диплом» алған маман. Қазір бала күтіміне байланысты уақытша демалыста.
      Екінші қызы Қуатбекқызы Гүлдана – Ақкөл орта мектебін «Алтын белгіге» бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің Заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бакалаврін тәмамдап, ары қарай оқуын «Заң ғылымдарының магистірі» дәрежесін алумен жалғастырады. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы «Мемсараптама» РМК филиалының бас маманы болып қызмет атқарады. Тұрмыста, бір қызы бар.
      Кіші ұлы Съезбек Айсолтан –Ақкөл орта мектебін «Үздік аттестатқа» бітіріп, «Нархоз университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы оқу орнының «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры дәрежесін алған. Қазіргі таңда Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Құқықтану» мамандығының магистранты. 
      Айрандай ұйып отырған отбасының жетістіктерінің бәрі өзінен бұрын өзгеге пайдалы болуға жанталасқан ақ ниетінен шығар деген ойда қаласың.
      Камила Аманбайқызының жетістіктерін жазып тауысу мүмкін еместей көрінеді. Сондықтан, ең негізгілерін ғана назарларыңызға ұсынамыз. 
      Алған «Алғыс Хаттары» мен Сертификаттары:
      ✦ Ы.Алтынсарин төсбелгісі, 2006 жыл;
      ✦Республикалық «Мамандығым-мақтанышым» тақырыбындағы байқауда «Алғыс Хат», 2016 жыл;
      ✦ Облыстық ҚР КҒА 25-ғылыми –тәжірибелік конференцияда «Алғыс Хат», 2016 жыл;
      ✦ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ҚР жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша «Алғыс Хат», 2016 жыл;
      ✦ Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректорының «Алғыс Хаты», 2016 жыл;
      ✦ Аудандық «Үздік мектеп директоры» байқауының І орын иегері «Құрмет Грамотасы», 2015 жыл;
      ✦ Облыстық «ХХІ ғасыр мұғалімі» ІІІ орын дипломы, 2010 жыл;
      ✦ Аудан әкімінің «Алғыс Хаты», 2010 жыл;
      ✦ ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының «Алғыс Хаты», 2009 жыл;
      ✦ Тәуелсіз еліміздің кемел келешегін баянды ету мақсатында ҚР ҰҒА академиясының «Алғыс Хаты», 2009 жыл.
      Камила Аманбайқызының сонымен қатар, еңбек өтіліміндегі де жетістіктері мен халықаралық, республикалық және облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жарық көрген ғылыми мақалалары өте көп. Сондай еңбектерінің нәтижесінің бірі Білім порталына әдістемелік материал және сабақ жоспарларын жасап, әдістемелік тәжірибе алмасып, белсенділік танытқаны үшін «Құрмет Грамотасымен» марапаттала отырып, «Алматы облысының білім басқармасы» ММ «Облыстық әдістемелік кабинеті», МКҚК «Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттырудағы табысты қадамдар» жинағына «Физика пәнін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдары», халықаралық «Шағын жинақталған мектептің білім беру үдерісіндегі интеграция мен дифференциация» конференция «ШЖМ мұғалім қызметінің ерекшеліктері» сынды көптеген мақалаларымен тәжірибе алмасса, «Физика және астрономия» 7-сыныпқа арналған әдістемелік құралының пән мұғалімдеріне де әдістемелік көмегі зор. 
      Мектепке ақ парақтың бетіндей болып келіп, тұлға болып толық қалыптасып шығатын әлеуметтік ортада тер төгіп жүрген ұстаздың еңбегі орасан зор.
      Камила Аманбайқызының ұстаздық жолы өзгеге өнеге боларлықтай. Ол – ынтымағы жарасқан өнегелі отбасының алтын діңгегі. Терең білімі мен іскерлігінің арқасында көптің құрметі мен алғысына бөленген жан.
      Ол – қазіргі жаңартылған білім мазмұнын жете игеріп, жаңа технологиялармен қаруланған, жан-жақты маман. Оның білімді де білікті, зеректі де зерделі, талантты да дарынды, еңбексүйгіш әрі адамгершілік сынды қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды бойына жинақтаған ұрпақ тәрбиелеуге қосар үлесі үшін көпшіліктің сый-құрметі мен ыстық ықыласына бөлене беруін және абырой биігінен көріне беруін тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...