Бедер Кәдірберген

Рейтинг:

ЖОМАРТ, НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ 
 
      Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
      Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
      Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
      Бұл қайраттан шығады білсең керек.
      Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
      Сонда толық боларсың елден ерек. 
                                   Абай Құнабайұлы             
 
      Қыран бүркіт – киелі, қастерлі құс. Қыран құстың жадағайын қазақ төріне іліп қояды. Оны  «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтады. Дәл осындай текті құстың болмысы қазақтың арда ұлы, қыран текті Кәдірберген Бедер Бедерұлы жайлы ой толғамақшымыз. Қорқыт ата: «Өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бəрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мəңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нəрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нəтижесі», – дейді. Осындай игілікті істердің ұйтқысы болып жүрген,тіршілігіне кісі қызығар, пайым-парасатына жан сүйсінер текті тұлға – Арал ауданының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Бедер Кәдірберген Бедерұлы 1959 жылы 23 тамызда Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келеді.
      Сексеуіл кентіндегі мешітке күрделі жөндеу жасап, 300 орындық асхана, бала оқытатын бөлме салып берген. Ата-анасы жоқ жетім балаларға үй салып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасына үй салып алу үшін материал, көп балалы жесір анаға 2 бөлмелі үй салып берген азаматтың халыққа жасаған қайырымдылық істерінің – бұл бір парасы ғана.
      Көкірегі ояу әрбір пенде жарық дүниеде жүйткіген уақыт кемесінен қалып қоймай, бойындағы барын, көкейге жинаған нәрін халқының игілігі үшін жұмсауға талпынары хақ. Турашылдықты ту етіп ұстаған  кеңпейілді азамат Кәдірберген Бедерұлы алған бағытынан таймай келеді. Үлкенді інілік парасатымен, кішіні ағалық көрегендігімен бірден баурап алатын қасиеті – оны басқалардан ерекшелендіріп тұратыны анық.
      Баланың ер жетуі үшін ең маңыздысы, әрине, ана тәрбиесі дегенімізбен, әкенің адам өмірінде алатын орны айрықша. Ғалымдар әкесі бар бала мен әкесіз өскен баланың ойлау қабілеті, тұлға болып қалыптасуында үлкен айырмашылық болатынын айтуда. Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз жалғыз басқа балаларға қарағанда батыл келеді, өзіне-өзі сенімді болады. Батыс ғалымдары мектеп оқушыларын зерттей келе, әкесі көп көңіл бөлген балалардың оқу үлгерімі де басқаларға қарағанда жақсы болатынын анықтаған. Әкенің иісін сезіп өскен бала ер жеткенде кездескен қиындықтарға морт сынбай, өмірден өз орнын адаспай табатыны да белгілі.«Әкелі бала – жау жүрек, әкесіз бала– сұм жүрек» деп, қазақ тегі бекер айтпаса керек.
      Өмірде сан қилы мамандықтар бар. Соның ішінде мұз жастанып, жантақ жейтін саланың бірі – темір жол саласы. Ардақты әкесі Бедер Таласов – ұзақ жылдар бойы темір жол саласында  жұмыс жасап, еңбексүйгіштігімен көпке үлгі болған машинист болатын.Темір жол саласының қызметкерлері туралы әкесі:
      – Басқалар қалай ойлайтынын қайдам, ал мен теміржолшы болу үшін, асқан төзімділік керек деп ойлаймын. Бұл саланың табалдырығын кездейсоқ аттағандар түптің-түбінде жерсіне қоймайды, оның темірдей тәртібіне, тегеурінді талабына шыдас бермейді. Себебі, сырт көзге темір жолдың жұмысы оңай секілді көрінгенімен, ал шынтуайына келсек, бұл сала ең қиын салалардың қатарына жатады. Неге десеңіз, темір жол өткелі қашан да қауіпті аймақ болып есептелетіндіктен, апат та, шығын да аяқ астынан, күтпеген жерден болуы әбден мүмкін. Сондықтан жол бойында қызмет ететін әр жұмыскер темір жол желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтап,  өз міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Бұл тек қана темір жолдағы пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтау емес, адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтаумен де байланысты. Сондықтан барлық қызметкерлерден қырағылық пен іскерлік талап етіледі.
      Сұрапыл соғыстың зұлматын сезінген, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстары, тұрмыстағы қиындық пен ауыртпалықты бір кісідей көрген әкесі қара басының ғана қамын күйттемей, бүкіл ауылдың жағдайын ойлап жүретін азаматтардың қатарынан еді. Адам жанын түсіне де түйсіне білетін адамгершілік қасиетін оны танитын жандар кейінгілерге үлгі етіп айтып отырады. Адал еңбекпен нан табуды ғана ойлайтын әкесі үнемі: «Бес күндік фәни өмірдің қалай болғанда да, көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатыны белгілі. Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән беруі тиіс. Әрбір адам қандай қиындық немесе кедергі кездеспесін, адал жолмен табыс табуға міндетті. Тауға барып тас уатса да, табысы адал болуы тиіс. Қандай адам болмасын, Жаратушы рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз ету өте маңызды. Өз еңбегімен адал табыс тауып, осыдан күнкөрісін қамтамасыз етіп жүрген адам не жұмыс істесе де, бұдан намыстанып, ұялмауы қажет. Базбіреулер кейбір жұмыстарды менсінбей, мұрнын шүйіріп қараса да, Алланың алдында адал жолымен тапқан табыстан артық абыройлы іс жоқ», – дегенді айтудан ешқашан жалыққан емес.
      Жаны жайсаң, ақкөңіл, аузын ашып сөйлей қалса, көмекейі көрінетін мінсіз әйел анасы Ұлболсын отағасына үнемі қолдау танытып отыратын. Үнемі Алланның бергеніне шүкіршілік танытып, бұйырғаны болар деп қанағат айтудан жаңылған емес. Өзіне тән оптимистік көзқарасын берік ұстанып, ісіне көрік пен береке кіргізіп жүретін жан. Тіпті келіндеріне де қол ұшын беріп, жөн-жосықты көрсетіп отырады. Атам қазақ «Абысын тату болса, ас көп» – деп бекер айтпаса керек. Ұлболсын абысындарымен жұмылып іс атқарғанда, бір үйдің қызындай бірігіп тірлік жасайды. Әулеттерінің жақсылығы мен қуанышын да осы абысындары тігісін жатқызып, бәрін орынымен реттейді. Анасы балаларын имандылыққа, ізгілікке баулыды. Ата-анасының тәлімді тәрбиесі кейінгі өмір жолында бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаюына, өмір жолында кездескен қиындықтарға мұқалмай, мұздақ жерде тайғанақтамай, аяғын нық басып, өмір белестеріне қарай батыл қадам басуына көмектескені айқын.
      – «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген емес пе атам қазақ? Ел ырысын тасытып, еңбектің тайқазанын қайнатқан жемісті жылдар біртіндеп өз нәтижесін берді. Атақ-даңққа, құрметке ие болуым – еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің арқасы, аяулы ата-анамның маған берген ұлағатты тәлім-тәрбиесінің нәтижесі деп нық сеніммен айта аламын.
      Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ойы мен сөзі, өнегесі уақыт сынынан сүрінбей өтіп келеді. Қандай да қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», –  деп, бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен.
      Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. 
      Ақын еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Хакім Абай, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді.
      Осыны ерте түсінген талапты жас Кәдірберген мектеп бітіре сала текке уақыт жоғалтпай, қызу еңбекке білек түре араласып кетті. Алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Сексеуіл Локоматив депосында қарапайым жұмысшы болудан бастады. Тындырымдылығы мен жауапкершілігінің арқасында 1981 жылдан бастап инженер, бригадир, цех басшысы қызметтерін тиянақты атқарды. 1989 жылы Ақтөбе темір жол техникумын, 2003 жылы Алматы Темір жол және Коммуникация институтын ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алып,  өз саласына түбегейлі бет бұрды. Ел ағасы – бүгінде «Қазақстан-Отын энергетикалық кешені» ЖШС-нің Сексеуіл филиалының басшысы. Осыған дейін атқарған елеулі істері  жоғары бағаланып, түрлі мақтау мен мадақтарға ұсынылды. Облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, грамоталарымен, «Мәслихаттың 20 жылдық» медалімен, Көлік және коммуникация министрлігінің, «ОЭК-Қазахстан» ЖШС-нің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
      Француз ойшылы Жан де Лабрюйер:«Мақсатқа жетуге ұмтылушы адамдардың көбі таңдап алған жолымен танбай жүріп отырудың орнына көбінесе бір-ақ рет қатты қайраттанып қалуға бейім келеді. Жалқаулық пен тұрақсыздықтың салдарынан олар көбінесе өздерінің ең жақсы бастамаларының жемістерінен айырылып қалады да, сапарға өздеріне анағұрлым кеш аттанып, баяу, бірақ оның есесіне тоқтаусыз жүріп отырғандарды өздеріне оздырып жібереді», – деген болатын. Кәдірберген Бедерұлының өмір көрсеткен іскерлігі, еңбексүйгіштігіне ешкімнің дауы жоқ шығар. Өз ісіне жан-тәнімен берілген, абыройлы,өнегелі, ардақты жан өзі басқарған мекеменің жұмысын реттеп, қызметкерлерді айрандай ұйытып, кадрларды дайындап, оларды жетілдіру жолында түрлі жұмыстарды  жүзеге асырды. Беделді басшы Кәдірберген Бедерұлы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалі де омырауында жарқырады.
      Бақытты отбасы болуды армандамайтын жұмыр басты пенде жоқ шығар, сірә!? Отбасы үшін маңызды дүние – сенім. Сенім болған жерде отбасының ынтымағы артатыны белгілі. Бедер Кәдірберген – білікті басшы болумен қатар, бір отбасының қамқоршысына айналған отағасы, әулеттің көшбасшысы.
      – Менің пайымдауымша, жанұядағы бақыттың кілті – азаматтың абыройының артуында, өзіңнің дүниеде сүйіп қосылған жарыңның адалдығында. Зайыбым Базаркүл – өмірлік серігім, балаларымның аяулы анасы, немерелерімнің сүйікті әжесі. Отбасы үшін маңызды дүние – сенім. Сенім болған жерде отбасының ынтымағы артатын болады.  Бір-бірімізге деген қалтқысыз сезіміміз бен ыстық ықыласымызға көз жеткізгеннен кейін отау тігіп, шаңырақ көтердік. Ерінбей еңбек еттік.  Жаратқанның сыйы – балалы болдық. Өмірдің ащы сәттерін де, бақытқа толы шақтарын да басымыздан бірге өткеріп, бір-бірімізге демеу болып келеміз. Біз ешқашан өз балаларымыздың өзімізге қарап бой түзеп өсетінін естен шығарған емеспіз. Бұл күнде бірнеше жермен құдандалымыз. Ұл-қыздарымыздың тәрбиесі, тәлімі, оқуы аналарының басшылығымен болды. «Жұмақ ананың табанының астында» деген сөз бар Құран Кәрімде. Бауыр еті – баласы үшін, жаны қалмай күйіп-пісіп, отбасының ырыс-берекесінің сақталуына ұйытқы болатын жан – аналар. Ал біз, ер-азаматтар, қызмет бабымен түздеміз. Отбасы бақытының кілті отағасы мен отанасының ішкі жарасымдылығында, татулығында деп білемін.
      Менің әкем, мен үшін асқар таудай алып тұлға болатын, мен де жақсы әке атану үшін, барымды салдым деп ойлаймын. Біздің балаларымыз – біздің өміріміздің жалғасы. Ұл-қыздарымызды мейірімді, көпшіл, еңбекқор етіп тәрбиеледік. Атақты жазушы  Ғабит Мүсірепов  былай деп жазған екен: «Қазақ әйелін “жан жолдасым” дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой». Бұл ойға өз басым толықтай қосыламын.
      «Аман болсын ата-анамыз бізді өсіріп баптаған,
      Аман жүрсін баурымыз алыстағы аңсаған.
      Берік болсын босағамыз, отауымыз қосылған,
      Ең керегі–тату-тәтті болсын менің жанұям», – деп жырлаған ақынның айтпақ ойы, менің ішкі сезімдерімнің нәзік иірімдерін дөп басады. Бұл – бақытты отбасының тірегі боп жүрген азаматтың жан сыры екені анық.      Бүгінде әулеттің дарағына айналған жігіт ағасы Кәдірберген Бедерұлы жары Базаркүл екеуі 2 ұл мен 1 қыздан көрген немере мен жиендерінің қызығын көруде.Үлгілі отбасына айналған осы әулеттің  көбейе беруіне біз де тілектеспіз.
      Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Оның сыртында, мешіт табалдырығын аттаған жан қадамына сауап жазылады.  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.Зерделей келе Сексеуіл кентінің әкімі С.Мырзағазиевтің Кәдірберген Бедерұлының бастамасымен мұнан бірнеше жыл бұрын кенттегі мекемелер «Тілеуқұл ишан» мешітіне күрделі жөндеу жүргізгені туралы деректерді таптық. Айта кету керек, кәсіпкер жеке қаражатынан алты миллион теңге жұмсап, мешіт жанынан 300 орындық асхана да салып берген екен. Мешіттеріміздің мұсылман жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескерсек, Бедерұлының бұл қадамын сауапты іс деп бағалағанымыз жөн.
      Асханада алты адам тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасының бірінің көне тұрғын үйін жаңадан салдырып берсе, енді біріне тұрғын үйге қажетті құрылыс материалдарын алып беріпті. Бұл екі отбасы үшін Кәдірбергеннің өз қалтасынан төрт жарым миллион теңге шығындағанын естігенде 
      «Ар-ожданын алмастырмас алтынға,
      Қазағымда жігіттер бар – нар тұлға», – деген жыр жолдары ойға оралып,нар тұлғалы азаматтың жомарттығына сүйсіндік, іштей риза болдық.
      Кәдірберген Бедерұлы мұнымен тоқталып қалмайды, тағы бір кент тұрғынына кенттегі кәсіпкер азаматтармен бірлесіп тұргын үй салып берсе, «Арал-Сексеуіл» бағытындағы автотрасса бойына өз қаражатынан (тоғыз жүз мың теңгеге) кент төлқұжаты бейнеленген арканың құрылысын жүргізіпті. Сауапты істердің басы - қасында жүретін Бедерұлының бастамасымен өткен жылы мектеп бітіргендеріне қырық жыл толған түлектер «Тілеуқұл ишан» мешітін толықтай темір қоршаумен қоршап, қақпасын жаңартыпты. Сонымен қатар ол жалғызбасты қарттардың қыстық отын-суына көмектесуді де өз мойнына алған.Үйі тозып, құлаған жандарға материалдық тұрғыдан көмектесіп, кейбіреуіне жаңадан үй салып беріп, тіпті, алыс ауылдағы мешіттердің құрылыс жұмыстарының жүруіне қаржылай көмектесіп жүрген халық қалаулысы жуырда  мектептің жөндеу жұмыстарына демеушілік жасап, жеке балабақша салғанын жерлестері мақтан етеді. Биылғы жылы Сексеуіл, Арал қаласы, Жақсықылыш кентіндегі тұрмысы төмен отбасылардың алты оқушы баласына қомақты қаржы бөліп, Тараздағы «Таң нұры» лагеріне тынығуға жіберді.Адамгершілігі мол, сөзіне берік, ісіне нық, көңілі дариядай дарқан, туған жер үшін, өзім деген адамға жанын беруге бар, қолдағы жиған-тергенін ел игілігінен аямайтын жомарт, қамқоршыл, жанашыр, қарапайым азаматың осындай қайрымдылық істеріне тәнті болдық.
      Бұл күндері бір отбасының ғана емес, бүтін әулеттің ақыл айтар азаматы, туған жерінің қамқоршысы, алып бәйтерегі. Өз саласының үздігі.
      Жанының жайсаңдығы жомарттығымен біте қайнасып, үлгі етуге тұрарлық қызмет шылбырын тиянақты тізгіндеп жүрген жандардың бірегейі – Кәдірберген Бедерұлы. Саналы өмірін отандық энергетиканы дамытуға арнап отырған оның бүгінде  облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де атқарған бар тірлігі берекеге толы. «Депутат, ол – кім?» деген сұраққа облыстық мәслихаттың депутаты былай деп жауап берді. «Депутат – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Негізінде  халық қалаулысы жарғақ құлағы жастыққа тимейтін нағыз еңбектің адамы болуы керек деп ойлаймын.Ел аралағанда байқайтыным – халық бұрынғыдай емес. Саяси сауатты, бәрінен хабардар. Елдегі оқиғаны жақсы біледі. Шын мәнінде депутаттың жұмысында қиындық өте көп. Өйткені, арбаны да сындырмау керек, өгізді де өлтірмеу керек. Расында, халықтың сенімі деген – үлкен жауапкершілік. Кейде халықтың шымбайына батқан мәселені қозғасаң, билікке жақпайсың. Билікке жағамын деп, бұқараның аманатын да аяқасты ете алмайсың. Негізделіп келген нәрселерді тәжірибе жүзінде қолдануға апаруы керек. Халықтың көңілінен шығуымыз керек. Екеуін де жымдастырып бірдей етіп шығару – оңай мәселе емес».
      Әр ісінен адалдықтың табы білініп, әр қадамынан нағыз еңбектің зейнеті сезілетін тұлғаның қызметтік тұғырынан бөлек қырлары да  жетерлік.
      – Біз бала күнімізден ата-әжеміздің ертегілерін, қисса-жырларын, жаңылтпаштарын, мақал-мәтелдерін тыңдап өстік. Анамыздың айтқан бесік жырларынан бойымызға ананың сүтіндей рухани нәр алдық десем, артық айтқаным болмас. Жалпы, менің замандастарым, мектеп жасынан бастап, қандай пәнге әуестенсек те ана тіліне, халқымыздың әдебиетіне құмартып өстік. Біздің балалық шағымызда қазіргі біздің немерелеріміз әуестенетін ғаламтор, ұялы телефондар арқылы қолданылатын әлеуметтік желілер сияқты ақпарат көздері болмағандықтан, біздің буын газет пен журнал, әдеби кітаптар оқуға бейім болды. Сондықтан да біздің  рухани байлығымыз бен патриоттық сезіміміздің қалыптасуына қазақтың ана тілі мен қазақ әдебиеті негіз болды. Қазақтың қай баласы да екі ауыз әңгімесіне бір ауыз өлеңді жанынан шығарып қоса салады. Біздің буын да солай өсті, біз де солай тәрбиелендік. Өз басым, ғаламтордың құлы болғаннан, осылай емін-еркін өсіп, ұлт құндылығын бойға сіңіріп ержеткенді құп көремін және немерелерімді де қазақтың рухани бай әдебиетімен сусындатып тәрбиелеуге тырысамын.
      Әдебиет пен өнер адамдарын құрметтеймін. Қазақта: «Тілеуқорың болмаса, тойға барма!» деген қанатты сөз бар. Халқымыз ежелден үлкен астарға, тойларға, жәрмеңкелерге бәйгеге түсер атын шабандозымен, күреске түсер палуанын, әншісі мен күйшілерін, кір тасын көтеретін күшті жігіттерін арнайы дайындап алып баратын болған. Оларға үнемі демеушілік жасайтын елдің ауқатты азаматтары болған. Оны тілеуқор деп атаған, қазіргілер «демеуші» деп жүр. Қазақтың әйгілі ақыны Төлеген Айбергеновтің: «Бәйге берем жығылған балуанға да, Адалдығы көрініп тұрар болса...», – деп жырлауы осының айғағы болса керек.
      «Сегіз қырлы, бір сырлы» мекеме басшысы осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мекеменің, тіпті, кенттің көркейіп, сәулеттенуіне барынша үлесін қосып жүрген ел ағасы алдымен, өзі басқарып отырған мекемедегі 30-дан астам жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасады. Компанияның жаңа типтегі май бекетін салып, ұжыммен бірлесе отырып, бірнеше шақырымдық көлік қатынасын жақсартып, темір жол өткелін де тұрғызды.Әсіресе, кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасы бар ағаның, көптеген адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтып өтпеу қисынсыз. Яғни, «Бедер-Ик» ТОО-дағы жалға берілетін техникалар кент тұрғындарының қажетіне жарап, онда жұмыс жасайтын тоғыз адам тапсырыс берушілердің сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Ал, Шалқар ауданындағы «Бедер», Ырғыз ауданындағы «Мадияр шаруа қожалықтары» түйе, жылқы өсіріп, мал басын көбейтіп, ет бағытындағы жұмыстарын жандандырып жатыр. Ондағы малшы, сауыншылар ақкөңіл жанның қамқорлығын сезінуде. Сонымен қатар, кенже ұлы Мейрамбек асыл тұқымды жылқы өсіріп, сәйгүліктерді баптап, бәйгеге қосудан жалыққан емес. Шабондоздары жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мерейін үстем етіп жүр. Әке жолын қуып, кәсіпке түбегейлі ден қойған ол 2014-2016 жылдары республика көлемінде «Аламан бәйге» ұйымдастырып,  желмен жарысқан тұлпар иелеріне автокөліктің кілтін табыс еткенін ел біледі.
      Осы жерде  ертеден келе жатқан бір  аңыз әңгімені еске түсірсек...
      Өте бай және жомарт болған хазіреті Абдуллаһ бин Жафар-и Таиар бір құрма бағының жанынан өтіп бара жатқан еді. Бір қара нәсілді құл бақшада жұмыс істеп жатқанда, оған үш мезгіл тамақ әкеледі. Сол сәтте бір күшік құлдың қасына жүгіріп барады. Тамағының бір бөлігін оған бергенінде, күшік бірден жеп қояды. Екіншісін де, кейінірек үшінші бөлігін де береді. Бұны байқап тұрған хазіреті Абдуллаһ бұл құлдың қасына жақындап сұрайды:
      – Әй досым, не үшін өзің аш бола тұрып, үш мезгіл тамағыңның бәрін күшікке бердің?
      – Мырзам, бұл күшік алыс жерден келген. Өте аш және несібесін іздеп жүр.
      – Жарайды, ал өзің не жейсің? – Аш жүріп, сабыр сақтаймын.
      Хазіреті Абдуллаһ көрген естігендеріне әсерленіп: «Халық мені жомарт деп біледі. Ал мына қара нәсілді құлдың жомарттылығы менікінен де артық», – дейді. Құрма бағын және осы құлды қожайынынан сатып алады. Құлды азат етеді де, еркіндік береді. Құрма бағын да ішіндегілерімен бірге өзіне сыйға тартады.
      Сол кезде хазіреті Абдуллаһқа біреу айтқан екен:
      – Сен қазір одан да жомарт болдың.
      – Өкінішке орай олай емес. Өйткені, ол қолындағы иеленген мүлкінің бәрін берді. Ал мен, иеленгенімнің аз ғана бөлігін бердім, – деген екен. Замана ағымына  ілесе білген жомарт жан  Бедерұлы Кәдірбергеннің қайырымдылығы мен парасаттылығы  ұштасқан  хазіреті Абдуллаһтан қай жері кем?!Жанының жайсаңдығы жомарттығымен біте қайнасып, үлгі етуге тұрарлық қызмет шылбырын тиянақты тізгіндеп жүрген жанның бірегейі – Кәдірберген Бедерұлы. Саналы өмірін отандық энергетиканы дамытуға арнап отырған оның бүгінде  облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де атқарған бар тірлігі берекеге толы. Конту бекетіндегі бастауыш мектепті ашуға ұйытқы болғаны да қуанышты жайт. Ұдайы жас жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасаған ағамыздың еңбегін ақтаған оқушылар да бар. Мәселен, жақында аймақтағы танымал тұлғалардың «100 жаңа есім» жобасына енгізуді көздейтін аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәскелестік» атты  тарихи-танымдық шарасы өткен болатын. Онда көптеген дарынды оқушылар заманауи Қазақстанның келбетін қалыптастыруға атсалысқан тұлғалардың еңбегін зерттеді. Солардың бірі–Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектептің оқушысы Саяжан Тәуіржан Кадірберген Бедердің өмір жолын, кәсіби біліктілігі мен жеткен жетістіктерін,ұрпаққа үлгі болар ізгі қасиеттерін кеңінен насихаттағаны үшіна алғыс хатқа ие болып, өнегелі өмір иесінің есімі «100 жаңа есім» кітабына енді.
      Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді. 
      Кәсіпкерлікті дамыту – нарықты  дамытудың кепілі. Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын көрсетеді. Осыны жақсы түсінген Бедерұлы отбасылық бизнестің табыс көзі негізінде «Қарақат» ойын-сауық сауда  орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған орталық заманауи құрал-жабдықтармен, соңғы технология жетістіктерімен толықтай жабдықталған. Тіпті, мұндай сауда орталығы қаламызда әлі күнге бой көтермегені анық. 44 бутик пен 10 дүкеннен тұратын орталықтың астыңғы қабаты балалардың ойын-сауық құруына арналған алаңқайға айналуда. Тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі – абзал азаматтың арқасында, көптің тілегі орындалып, жаңа заманауи үлгідегі монша ел игілігіне пайдалануға берілді.
      Алдына биік мақсаттар қойып, әрдайым сол мақсаттарға жетуді қалайтын танымал кәсіпкер жетістікке жету сыры туралы ой бөліскен еді.
      – Мен қолымнан келгенше жоқ-жұқа жандарға қайырымдылық жасауды өзіме азаматтық парыз санаймын. Осы уақытқа дейін  тұрмысы төмен, жалғыз басты аналарға, қарт кісілерге, қамқорлыққа зәру балаларға қолымнан келгенше көмектесіп келемін. Ол үшін өзімнің атымды шығаруды мақсат тұтпаймын. Адамшылық қасиеттер, соның ішінде еңбек этикасы туралы әлем даналарының ой-пікірлерін толықтыра әрі тереңдете түсіп, өз тарапынан тың жаңалықтар ашқан, сөйтіп, жүйелі ілім жасаған кемеңгер Абай:
      «Бақпен асқан патшадан,
      Мимен асқан қара артық.
      Сақалын сатқан кәріден,
      Еңбегін сатқан бала артық», – деп, еңбектің адамның табиғи қажеті екенін асқан көрегендікпен тамаша тұжырымдап берді. Өзім – данышпан Абайдың  қанатты сөздерін өмірлік ұстанымыма айналдырған жанмын. Ерінбей еңбек ету адамның мақсатына жетуіне көмектеседі. Табандылықпен еңбек ету адамның өмірін көркейтеді және адамның өзіне, өзгелерге қуаныш, бақыт әкеледі. Бүгінгі күнде өзімді басқа салада елестете алмаймын. Жастыққа тән албырт сезім менде де болған. Өмірлік жолымда ақыл-кеңесін айтып, қолтығымнан демеген мейірімді жандар көп болды. Мен де өз білгенімді жастарға үйретуден жалықпаймын. Бұл менің азаматтық әрі ағалық парызым деп білемін. Қазақ ақындарының бірі Шортанбай Қанайұлы: «Жалқаулық пен жалғыздық – жалғанның жаман тарлығы» деген сөз қалдырған. Шынында, бұл жалғандағы ең жаман нәрселердің бірі – жалқаулық. Жастарымыздың жастық жігері мен талапшылдығы мені қуантады. Дегенмен, арасында «дайын асқа тік қасық» болып жүргендері де кездеседі. Оларға айтарым – бәрі өз қолдарыңда,  дүниедегі барлық жақсы нәрселердің тек адал еңбек арқылы келетінін ұмытпау керек. Халықтың әл-ауқаты артқан сайын, рухани жағынан да биіктей беретіні хақ.
      Саланың үздігі болу қажырлы еңбекті қажет етсе, сол саланың басшысы атанып, жүгін арқалау – үлкен жүректі керек етеді. «Абырой – адамдықтың тағы», – депті бір ғұлама. Бүгінде білдей бір мекемені үйіріп отырған, өз саласының ғана үздігі емес, білікті басшы ретінде таныла білген халық қалаулысы Кәдірберген Бедерұлы тура жүріп, тік сөйлеп әділін айтатын, қанына қазақы қасиетті ұялатқан, бір ауылға емес, ауданға танымал азаматқа болашақта да мерейіңіз үстем болып, халықтың алғысына бөленіп, «абырой» атты тақтан түспей өтіңіз деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...