Мусин Тілеген

Рейтинг:


ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫНА АДАЛ  ЖАН
 
      Жансың ба жаурағанға от беретін,
      Жомарт бол, аздың өзін көп көретін.
      Ағалық борыш та бар атқаратын,
      Бір өзің іні алдында өткеретін.
 
      Қайғыны, бірге көрдік, қуанышты
      Көгіне кеудемізден қыран ұшты.
      Борыш бар азаматтық ел алдында,
      Қалай да өтеу керек сол борышты.
      Тұманбай Молдағалиев
 
      Біз – тарихы мен тағдырында бұралаңы көп жылдар мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басымыздан өткерген елміз. Бүгінгі күні біз «ереуіл атқа ер салып», «егеулі найза қолға алып» ел үшін, жер үшін жауға шапқан Махамбет пен Исатай, Сырым мен Мұрат сынды талай батырларымыздың арқасында тыныштықпен тәуелсіз күн кешудеміз.
      Ақ Жайық өзені Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Ақ Жайық – еркелей аққан Еділдің кербез сыңары. «Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген. Таудағы тарлан шұбар біз едік» деп Махамбет жырына, «Ағады шалқып, Аққулары қалқып, Еділ мен Жайық!» деп Ілия Жақанов сырлы әніне арқау еткен сұлу өзен Орал тауының оңтүстік сілемдерінен бастау алып, қарт Каспиидің қазақ даласындағы бөлігіне құяды.
      Жер үсті – ырысқа, асты – қазынаға, төскейі – малға, өзені мен теңізі – балыққа толы бай өлке. Сол өлкедегі осы бір ерекшеліктерді бойына жиған киелі де тарихи мекен Жаңақала  ауданы – халқыма қорған болсам деп талай ерлердің еңіреп өтіп, «қарындас қамы», «ел қамы» үшін садақ асынған көптеген батырлардың, жезтаңдай жыраулар мен ақиық ақындардың мекені. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында талай тарландар мен атақты адамдар өмірге келген.
      Мусин Тілеген Теміржанұлы 1969 жылдың 1 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында  дүниеге келеді. «Шын жаратқан ұл болсаң, құдай тағалам өзі берер нәсіпті» деп Бұқар жырау айтқандай, өмірге келгеннен бастап, ата-анасына, айналасына шаттық сыйлаған өрен 1985 жылы қазақтың әйгілі күйші композиторы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепті тәмамдайды. 
      Арман – адамды алға жетелейтін құдірет. Күнде таң сібірлеп атқанда, аялы арманымыз алыстан сағым боп қол бұлғайды, өзіне шақырады. Аяқтан тұрғызып, күш береді. Арманның шегі де, шеті де жоқ. Оның бір ұшы мамандыққа келіп тіреледі. Таңдаған мамандығың өмірлік серік болып, сені не өсіреді, не өшіреді.  Мектеп, аурухана, шағын кітапхана, шаң басқан көше мен кең даладан басқа ештеңесі жоқ ауылда балалық шағы өтіп жатқан балалар не жайында армандайды екен? Болашақта кім болғысы келеді?
      Жасөспірім Тілегеннің алдында да сан тарау өмір жолдары тұрды. «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» – деген Әбу Насыр Әл-Фарабидің сөзін басшылыққа алып, ол бірінші еңбекке араласқанды жөн көрді. Алғашқы еңбек жолын 1985-1987 жылдары Жаңаталап қой совхозында қосалқы жұмыстардан бастады. Сөйтіп жүргенде Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін кез де келіп жетті. Армия қатарында болу – республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету. 
      Әскер – жастар үшін есею, күш-қуаттың толығу, ақыл-ойдың орнығу мектебі. 1987-1989 жылдары бозбала Тілеген де осы мектептен өтіп есейді, шыңдалды, жігерлі жастардың қатарына енді.
      Өмірге позитивті көзқараспен қарай білу, кез келген ортаға бейімделу, икемделу, адаммен тез тіл табыса білу сияқты жақсы қасиеттердің бәрі осы кезеңде пайда болып, өмірге деген құлшынысы артты.
      Қазақ халқы – білімге талпынған халық. Бабаларымыз білім алудың маңыздылығын ұрпақтарына өсиет еткен. Қазақтың данасы Абай атамыз:
      «Пайда ойлама, ар ойла,
      Талап қыл артық білуге.
      Артық ғылым кітапта,
      Ерінбей оқып көруге», – деп білімнің пайдасы туралы өзінің қара сөздері мен өлеңдерінде көптеген толғамды насихаттар айтқан болатын. Тілеген де жоғары білім алу керек деп шешті. 1989 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, студент атанады. Университет қабырғасында жүріп, ұлы классиктердің шығармаларын оқып, отандық және әлем әдебиетіне терең бойлайды. Әсіресе, Джек Лондон, Жюль Верн шығармаларын қызыға оқиды.
      Джек Лондонның,  маңдайына тағдыр небәрі қырық жыл ғана ғұмыр жазған. Сол қысқа ғұмырының он алты жылын таза шығармашылық жұмысқа арнаған ол артына жиырма төрт том еңбек қалдырған. Бір қызығы, Джек Лондонның өзі әрбір шығармасында өмірді қандай шынайы бейнелей алған болса, әлгіндей азап пен бейнетке толы еңбегі жөнінде  ешқандай көлденең көбік сөз қоспаған. Жазушы шығармаларындағы биік белесі – Мартин Иден.
      Мартин Иден – Джек Лондонның автобиографиялық романы. Шығармадағы бас кейіпкердің ұраны – «мықтылар аман қалады». Дөрекі, добал, бірақ сондай күшті, мақсатына ұмтылған жас жігіт әйелге деген махаббаты үшін биікке ұмтылып, оқымаған қарапайым теңізшіден танымал жазушыға айналады. Сонымен қатар романда  автордың өзіндік тұлғасы, қоғам мен қоршаған ортаны тануы, шығармашылық өнер жөніндегі ойлары көрініс тапқан. Бұл кітап – ешқашан берілмеуге үйрететін шығармалардың қатарына енеді. Тілеген бұл шығарманы оқып шыққаннан кейін, көп нәрсеге көз жеткізді. Дөңгеленген дүние болғаннан соң, сол дүниенің бір қалыпта тұрмайтынын, кейде бүкіл әлемнің бар ауыр жүгі иығыңда тұрғандай, өзіңді ауыр сезініп, бәріне қолыңды бір сілтеп, күресуді доғарғың келетінін,  мұндай сәтте ең бастысы – сынып  кетпеу, құласаң да қайтадан тұрып, ары қарай қадам басу қажеттігін түсінді.
      Француз жазушысы, ғылыми-фантастикалық роман жанрының негізін қалаушылардың бірі –  Жюль Верн  шығармаларын да Тілеген бір кездері бас алмай оқыған болатын.Тілегенге көбірек ұнағаны – жазушының «Капитан Гранттың балалары» мен «Он бес жасар капитан» атты шығармалары. Бұл кітаптарда суреттелетін табиғат пен теңіз асты әлемінде кездесетін әртүрлі жағдайларды дәл бейнелеуі ғылым жетістіктерімен үндесіп жатады. Кітап құмар жанды  қызықтырған да осы еді. Жюль Верннің  кітаптарының басым көпшілігі саяхат жайындағы қызықты оқиғаларға толы. Бұл жас жігітті  орындай алмай жүрген арман-тілектеріне  ынтықтыра түсіп, өмірді басқа қырынан тануға көмектесіп, білімін  одан әрі шыңдай түсті.
      Қазақ әдебиетінің біртуар тұлғалары, ұлт мақтанышына айналған Ілияс Есенберлин, Əзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Саттар Ерубаев, Қасым Қайсенов, Əди Шәріпов, Бауыржан Момышұлының туындыларын оқып, талап-талғамын қалыптастырды,халқымыздың мол мұрасын бойына сіңірді.  Ұлттық сана-сезімі оянып, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, эстетикалық талғамы жоғары, арлы, намысты, еңбекқор болуды үйренді. Халқының жақсы қасиеттерін бағамдады.
      – Көркем әдебиеттің мен үшін алатын орны ерекше. Жас ерекшелігіңе қарай талғам да өзгеріп отырады екен. Университетте оқып жүргенде шытырман оқиғалы, детектив, фантастика жанрындағы шығармаларды  іздеп жүріп оқыдым. Есейе келе психология, жан ілімі, өзіңді жетілдіру, астрология, саясат, экономика, тіпті эзотерикалық əдебиетке деген қызығушылық та болды. Ал қазір тақырып та, оқиға да қуалап оқымаймын, идея іздеймін. Өз əлеміңе жəне қоғамыңа пайдасы тиетін, өзгеріс алып келе алатын, ойландыратын, жаныңа тыныштық жəне үйлесім сыйлай алатын кітаптарды оқуға тырысамын. Хакім Абайдың «Қара сөздер» атты керемет философиялық мұрасына қызығушылығым артқанын жасырмаймын.Себебі данышпан Абай алдағы өмірге барлау, талдау жасайды. Адам мұраты, өмірі мен еңбегіне еркін енеді. Өмірдің бұралаң жолдарына, кəсіп-дағдыларға, тұрмыс-тірліктің мың сан арналы, тараулы жолдарына көңіл тоқтатып, көз жібереді. Əсіресе ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу сынды сан салалы, алуан арналы бағыт-бағдарларға, өмір-тұрмыстың, уақыт-сынаптың сырлы сипаттарына ден қояды, – дейді жігіт ағасы.
      Еңбектену, тіршілік ету – адамның өз нәпақасы мен нәсібін өзі табудың өзгермейтін қағидасы. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегімен тапқан нәрсесінен қайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, маңдай термен тапқанын жеген».
      Тепсе темір үзетін жігіттердің қатарындағы Тілегеннің жастық шағы тоқырау жылдарымен тұстас келді. Бұл жылдары елімізде өте қиын жағдай қалыптасқан еді. Зауыт-фабрикалар жабылып, елді жаппай жұмыссыздық жайлап, мемлекеттік салада қызмет істейтіндердің айлығы, қариялардың зейнетақысы кешіктіріліп берілді. Жұмыс тапшы, ақша жоқ, «екі қолға бір күрек» таба алмаған кейбір зіңгіттей жігіттердің дені шарасыздықтан маскүнемдікке салынып, көптеген шаңырақтың ырысы мен берекесі ыдырап, қоғам әлеуметтік қопарылыстардың сәл-ақ алдында тұрды.
      Осындай қысылтаяң шақта адамның қорғаны ақыл емес пе?! Күнделікті өмірде үлкен кісілердің «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп, Жаратқаннан тілеу тілеп отыратындарын Тілеген жиі еститін. Жасында кездескен бейнетке жасып қалатындардың қатарынан емес қой. «Жігіттік – ақ семсердің жүзі емес пе...» дегендей, тоқырауда тоқтап қалу – намысына түскен өшпес дақ емес пе?! Оның үстіне атам қазақ «Қарт келсе асқа, Жас келсе іске» деп бекер айтпаса керек-ті.
      Елбасының Жолдауындағы он басым бағыттың бірі – агроөнеркәсіп кешенін серпінді дамыту. Соның ішінде, мал шаруашылығын қарқынды өркендетуге түбегейлі қамқорлық жасап, азық-түлік қауіпсіздігін толықтай шешу. Жолдауда атап көрсетілген үш міндеттің Көпжасар ауылына тікелей қатысы бар. Жері шұрайлы Көпжасар ауылына ежелден мыңғырта мал өсіріп, табысты тасқындатуға мүмкіндігі толық аймақ.
      Рас, сонау жекешелендіру тұсында шаруашылықтар бытырап, қоғам малы жеке иеліктерге таратылды. Мұндай солақай шешім алғашқыда опа бермеді. Бұрын-соңды соншама көп малды жеке-дара бағып көрмеген ауыл халқы абдырап, шаруаларын үйлестіре алмады. Бөлініп берілген малдар өлім-жітімге ұшырап, ас-су үшін оңды-солды жұмсалып, мал саны күрт кеміді. Осындай аласапыран кезеңде тыңға түрен салған шаруагерлердің алдыңғы легінде Тілеген Мусин де болды. Адал еңбектің дәмін татқан жаңашыл азамат қазақтың шұрайлы жеріне шетелдің өзгеше пародалы малын өсіріп, ата кәсіпті өркендетуім керек деген шешімге келді. Ендігі мақсат – сол ойын іске асыру, жеке кәсіпкер ретінде мал шаруашылығын дамытуды қолға алу. Әрине, тың бастаманың кедергісі көп болатыны баршамызға белгілі. Бастапқыда біраз қиындықтар кездесті. Техниканың тапшылығы, жемшөптің аздығы мал санын көбейтуге теріс әсер етті. Бірақ, талап тас жарады. Т.Мусин басқаратын «Муса» шаруа қожалығының еңбекқор жандары ауыртпалықты жеңудің жолдарын тапты. Аула-қорасын сайлап, жемшөптің жеткілікті қорын жасақтады.
      Оның иелігіндегі «Муса ШҚ» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылды. Батыс Қазақстан бойынша алғашқы болып 2013 жылы Американың Монтана штатынан лизинг арқылы  етті әрі сүтті 124 бас герефорд тұқымын алып келді. Ата кәсіпке тың серпін беріп, соны соқпақпен жүре бастады. Жаңашыл кәсіпкердің ұйқысыз түндері мен тынымсыз ізденісі өз нәтижесін берді, асыл тұқымды мал өсіру нәтижелі болды. 2014 жылы Герефорд Республикалық Палатасының заңды мүшелігіне енгізілді. Осы жылы  «ҚазАгроҚаржы» ұйымының қолдауымен 400 бас ангус тұқымын Батыс Қазақстан  жеріне әкеліп, Республикалық Ангус Палатасының заңды мүшесі болды.
      Тірлігі алға басып, айқын мақсатына қол жеткізген Тілеген Теміржанұлы ата кәсіп туралы өз ойын былай өрбітеді:
      – Көптеген ғасырлар бойы көшпенділік салтпен өмір сүрген ата-бабаларымыз табиғат аясында, ен жайлау, кең қыстауда көшіп қонып жүріп, өздеріне оңтайлы өмір сүрудің сан түрлі тәсілдерін ойлап тапқан. Үздіксіз дамытып отырған. Қазақ халқы сол далалық дәстүрдің негізінде адамды таңқалдырар алуан сипаттағы шеберлік тәсілдерді пайдалана отырып, өздеріне ғана тән кәсіптік энциклопедиясын қалыптастырған. Біз атакәсібіміз деп мал шаруашылығын айтамыз. Кейбір жаңашылдарымыз жерініп қалатын бұл кәсіп түрі – көшпенділер өркениетінің негізгі табыс көзі, күнкөріс тірегі болды. Үй жануарларын «төрт түлік» деп атап, әрқайсысын қадірлеп, малдың пірі болады деген түсінік қалыптастырды. Шопан ата, Ойсыл қара, Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек ата деп атады. Әр малдың пірі бар деп түсінді. Біз қазақтың «ата кәсібінің төресі» деп мал шаруашылығын айтудан қымсынып, қымтырылмайық. Қайта күллі әлемде асылдандырылып, қолға алынып жатқан шаруашылықты өркендетуге күш салайық. Халқымыздың ата кәсібі болып келген, оның үстіне ауыл тұрғындарының басым бөлігі еңбек етіп, өз кәсіптерін ашуға ықылас танытып отырған осы саланы қолдауға мемлекеттен қыруар қаржы бөліну үстінде. Материалдық жағынан көрсетілген қолдаудың арқасында  мал шаруашылығын өркендетуге қажетті асыл тұқымды 150 бас қашар мен  15 бұқа, бірнеше бас баспақ-қашар алдық.
      Жалпы алғанда герефорд пен ангус тұқымдары өнімді болып келеді. Табиғаттың адуынды мінезіне де шыдас беретін мал түрін қолданатындар баршылық. Ет бағытындағы ірі қара малына басымдық берген шаруашылық барлық стандарттарға сай дәрігерлік талаптарды алдыңғы қатарға қояды. Өйткені, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуді негізгі ұстаным етіп алған. Бұл күнде қожалықта 550 бас асыл тұқымды аналық пен бұқалар бар. Олардың күтімін жасап, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
      Жоқтан бар жасағаннан, қолда барды ұқсатуға көбірек көңіл бөлу қажет деп түсінді. Бастапқы кезде шаруашылықтың еншісінде мың жарым гектар жайылымдық жер мен 30 бас сиыр  мен тозығы жеткен ескі МТЗ-80 тракторы ғана болды. Осылай бастаған шағын қожалық бұл күнде облыстың маңдайалды шаруашылықтарының біріне айналды.Төгілген тер мен жұмысты өз дәрежесінде ұйымдастыра білген басшылықтың арқасында қазіргі кезде шаруа қожалығында 7 МТЗ тракторлары, 3 престелектор,5 үш жолақты кескіш пен 6 тіркеме және тасымалдауға арналған  Зил-131 маркалы 2  автокөлік жүйелі және жоспарлы түрде жұмыс жасауда.
      Елбасы Үндеуіндегі үлкен жобалар Базарқұдықта кең өріс алған. Табиғаттан электр энергиясын өндіру – солардың бірегейі емес пе?!         Бұл екінің бірінің қолынан келіп, ешкім ауласына қондырып қойып жатқан жоқ. Сондықтан бұл елейтін еңбек екені даусыз. 
      – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – жаңа заман талабы. Соның көрінісі ретінде шалғайда жатқан екі қыстауымызды ғаламтор желісіне қостық. Ғаламтормен қоса ұялы байланыс та келді. Алматылық «ASTEL» компаниясының «KAZSAT-3» спутнигі арқылы сигнал қабылдайтын «Doraline» антенін құрдық. Бұл отандық құрылғының біреуінің құны – 285 000 теңге. Ал әкеліп қондырып, қосып беруінің ақысы 69000 теңге. Үш қыстаққа үшеуін қондырттым. Ғылымның дамығаны деген сол, жер талғамайтын бұл тәуелсіз қондырғы телефон және жоғарғы жылдамдықтағы ғаламтор байланысын қамтамасыз етеді, – дейді Тілеген Теміржанұлы.
      Үш қондырғының бірі Жиенқұм қыстағына қуаныш сыйласа, екіншісі – Базарқұмда. Ал үшінші қондырғы Тілегеннің інісі Ербол Мусиннің Сәдір қыстағына орнатылған. Ағайындылар кәсіпті өркендетуге жол бастаған. Ербол – «Ақбота» шаруа қожалығының басшысы. Қожалықты 2011 жылы ашқан олар бұл күнде 365 бас мүйізді ірі қара, 300 бас қой мен 100 бас жылқы ұстап отыр. 
      Ербол – ағасы тәрізді жаңа бастамаларға жаны құмар жан. Елбасы бастамасымен қолға алынған кооператив құру ісін бастады. Шағын шаруашылықтар мен фермерлердің басын құрап, мақсаттарын бір арнаға тоғыстыруға бекінген. Бұл бастамаға қуанған Тілеген Теміржанұлы әрдайым назарында ұстайды.
      Әрине, қазір жағдай басқаша, дамыған нарық экономикасы, соған бейімделген халықаралық рыноктар еттің стандартқа сәйкес болуын, сапасының жоғары, бағасының арзан болуын қажет етеді. Оның үстіне, етті-сүтті және сүтті малдарға қарағанда таза ет бағытындағы асыл тұқымды малдан ет өндіру бір бөлек. Олардың шығындары мен технологиялары да өзгеше. Негізінде етті мал шаруашылығы аз шығынды қажет етеді. Себебі оған талапқа сай жемдеумен қатар табиғи жайылымдықтарды пайдалануға болады. Бірақ сапалы ет бере алатын осындай  асыл тұқымды мал шаруашылығы қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуге де талай уақыт керек екені сөзсіз.
      – Мен не көрсем де еліммен бірге есейдім, еліммен бірге марқайып, осы әлеуетке жеттім. Ендігі жерде ұрпағымыз да халқының қажетіне жарар қабілетті азамат болса, Қазақстан мемлекеті осы алған бағытынан айнымай, қарыштап алға баса берсе екен деймін. Біздің байлығымыз – жерімізде, еліміздің ынтымағында. Содан ажырамайық. Қолда барды ұқсатып, ерінбей еңбек еткен адам әйтеуір дегеніне жетеді екен. Менің өмірден түйгенім – осы, – дейді ол ағынан жарылып. «Білгенің қайсы, білмегенді үйретпесең» деген бар, өзінің білгенін, жүріп өткен жолын өзгелерге үйрету үшін шаруашылық иесі Базарқұдықта арнайы оқу-семинар, тәжірибе алмасу мектебін өткізіп тұрады. Бұл өз кезегінде талай жас талапкерлердің ой-арманын ұштайтыны анық. Тіпті мұндай шараларға ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсаттаров пен Едіге Насамбаевтарды қатыстырып отырады. Ғалымдар шаруа қожалықтарда асыл тұқымды мал өсіру және ветеринарлық жұмыстарын жүргізу хақында дәріс оқып, асыл тұқымды малды табынға қосқанға дейінгі бағу-күту, жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу, жұмыстарын түсіндіреді. 
      Тілеген Теміржанұлы 2015 жылы Жиекқұмға үш қыстақ салдырды. Жел және күн электр станцияларын сатып алып, Базарқұдық қыстағына 20 кВт, 13 кВт қуаттылықта Қонақайға және   8,5 кВт қуаттылығы барын Жиекқұмға орнатады. Заман талабына сай жабдықталған шаруашылықта  барлығы 30 адам жұмыс істейді.Үлгілі еңбек ұжымы – ел дамуының кепілі. Басқарудың  ұйымдық-әкімшілік әдістері ұжымдарға  және солар арқылы өндіріс процестері мен  кәсіпорынның шаруашылық қызметіне  ықпал еуге үлкен роль атқарады. Басқарудың ұйымдық-әкімшілік әдістері дегеніміз – өндіріс процесінде қызметкерлер арасында қалыптасатын ұйымдық қатынастарға   тікелей басқарушылық ықпал жасау тәсілдері мен жолдары құралдарының жиынтығы болып табылады. Бұл ықпал жасау әдістері жұмыстағы айқындық пен ынтымақтастықты, тәртіптілікті, жүйе жұмысының орамдылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, жұмыста қажетті реттілікті сақтауға, басшы органдармен адамдардың барлық шешімін  іске қосуға, кадрлар мен жұмысты іске асыруға тиіс.
      Өндірістік ұжымдар мен жекелеген қызметкерлерге белгілі бір экономикалық тұтқаларды (өзіндік құн, пайда, баға, жалақы, материалдық көтермелеу қорлары) пайдалану жолымен ықпал ету экономикалық әдістер деп түсініледі.
      Басқарудың экономикалық әдістерінің негізгі мақсаты – кәсіпорынның ұжымды, жекелеген қызметкерлерді барынша белсенділік көрсетуге  ұмтылатындай экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету. Бұның негізінде материалдық қызықтыру мен ынталандыру  жатыр. Ынталандыру жүйесі еңбек өнімділігін өсіруге, зат сапасын көтеруге, үнемділік тәсілдерін игеруге бағытталуы тиіс. Мұның барлығы Мусин Тілеген Теміржанұлының ұжымды тиімді басқару тәсілдері болып табылады.
      «Алға ұмтылу – өмірдің мақсаты осы ғой. Өмірдің мәні мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттің парасаттылығы мен пәрменділігінде, ендеше тұрмыс-тіршіліктің әрбір сәтінде алда үлкен мақсат тұруға тиіс», – деген танымал орыс жазушысы М.Горькийдің сөзі бүгінгі күні де өміршеңдігін жойған жоқ . Ірі ойлайтын, мақсатшыл, талапшыл жан тек алға ұмтылуды мақсат етіп қойған. Сонымен қатар кәсіпкер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, қайырымдылық шараларына да үзбей қатысады. Осындайда қазақ айтысын халқымен қайта қауыштырған Жүрсін Ерманның:
      «Еліңнің қамын ойлай жүр,
      Қырандай көкке ұштың ба?
      Көлеңкесі жерде болады,
      Аспанда жүрген құстың да!» – деген өлең жолдары ойға оралатыны рас.
      Есесі қайтқан еңбек игі.Оның өмірінің қай белесінде де ізгілік ізі сайрап, ізетті ісі жайнап жатыр. Өзінің өмірін адал еңбекке, ата кәсіпті жетілдіруге, ел-халықтың мүддесіне, үлкенге қамқор, кішіге қалқан болуға арнаған  Тілеген Теміржанұлы аузы дуалы ақсақалдардың батасын, кие қонған кейуаналардың алғысын алды. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік марапаттарға да лайықты деп табылады. Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы» Т.Мусин «Парыз» дипломымен,  «ҚР Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен, бірнеше рет ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің, ҚазАгроҚаржы басқармасы төрағасының «Құрмет грамотасымен»,  «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
      Тілеген Мусин үшін басты міндет – ол еңбек адамының көңіл күйін, тіршілік қамын тамырындай тап басып біліп отыру деп біледі. Бабалардан қалған:«Жақсылығыңды елге жаса, сол үшін елдің тізгінін ұстап отырсың» деген ұлағатты сөзді өз қағидасындай көреді.
      Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін Тілеген Теміржанұлы: «Мен басшы болғаныммен, істің тағдыры жұмыс істейтін адамдардың қолында», – дейді. «Жұмысы жемістінің  өмірі келісті» деген аталы сөз кімді де болмасын еңбекті сүйе білуге, өз ісін ыждаһаттылықпен орындауға шақыратыны анық. Зейнетке  жол салатын бейнеттің сапалы, мәнді-мағыналы болғаны керек-ақ.
      Өмір бойы уақытын босқа өткізіп, өзгелерге өкпелеп жүрген талай жандар бар. Ал Мусин Тілеген Теміржанұлының ізгі қасиеті – өзін дамытып қана қойған жоқ, тұтас ауылдың рухын көтерді. Елге «титімдей болса да үлесім тисін» деп дамыл таппады. Нәтижесінде құлдилап бара жатқан ауылдың бейнесі нұрланды. Иә, туған елге туын тіккен бір жан болса, Тілеген Теміржанұлындай болсын дейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...