Чимирова Спакүл

Рейтинг:

Парасатты жан

      Тек ұлтым деген ұстаздар ғана «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болып», қазақ баласының санасына білім мен тәрбиенің нәрін құйса ғана келешегіміз кемел болады. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелесе, ол мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты дей аламыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- деп хәкім Абай айтпақшы, біз әңгімелегелі отырған Спакүл Дильбарханқызы ақ шашын күн сүйіп самайлап, үлкендік жасқа жақындаса да, бір сәтке де өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес.
      Чимирова Спакүл Дильбарханқызы Түркістан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген. Мектепті өте жақсыға оқыған Спакүл сыныбында көшбасшы болып, ұстазының мақтанышы атанды. Қатарластары арасында белсенді болды. Мектепті ойдағыдай аяқтап, 1966 жылы өзі арман еткен жоғары оқу орнына түсті. Ізденімпаз, жан-жақты белсенділігімен, жауапкершілігімен, тындырымдылығымен ол оқу орнында да мақтаулы болды. 1969 жылы өте жақсыға бітіріп шығып, сол жылы қыркүйек айында Киров ауданы, Ленин мектебінде (қазіргі Сарыарқа) ұстаздық жұмысын бастады. 
      Руханият жанашыры ретінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман атануы оның Тәңірінің маңдайына жазған ең ұлы сыйы деуге болады. Әсіресе, балаларды сөз құдіреті арқылы тәрбиелеп, ақындықтың қасиетін сездіру, мәнерлеп оқуға, көркем сөйлеуге талпындыру ұстаз алдындағы ұлы мұраты болды. Мұратына қағаз бен қалам арқылы емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жеңістері мен жетістіктері арқылы жеткен ұстаздың Алаш руханиятының алдындағы еңбегі ұшан-теңіз дер едім.
      Спакүл Дильбарханқызы: «Ағаш өсіп мәуелі бәйтерек болуы үшін тамырынан бастау алып, топырағы құнарлы, нөсермен сіңген нәрі мол болуы керек. Бала – тал, топырақ – мектеп, жаңбырдың тамшы нәрі – білім тәрізді. Ұстаз – осы үшеуінің ортасындағы дәнекер», - дейді.
      Бастауыш сынып мұғалімі болған ол өз ісіне берілген, ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігі өте жоғары жан. Әдебиетті, өнерді сүйген адам сол кісідей-ақ болар. Жас сәбидей жүрегі ақ, көңілі кіршіксіз таза. Оның тұла бойындағы қуаты мен әлемі әдебиетке айналып, сүйегіне өнер сіңіп кеткен саф болмысты нағыз ұстаз деуге болады. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағалы емес пе?! Әрдайым өзінің шәкірттерін түрлі сайыстардан, пәндік жарыстардан қалмай қатыстырып, жүлделі орындар алуына көп ықпал жасай білді.
      Білімді де білікті, көпжылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып ұстазы жайында «Өскен өңір», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде арнайы мақала дайындап шығарды. Суретті жарық көрді. Қысқы кеңес, Тамыз кеңестерінде оның дайындаған баяндамалары озып шығып, жүлделі орындарды, сыйлықтар мен грамоталар алды. Сыныпаралық жарыстарда алдыңғы орындарды жеңіп шығып, марапат төрінен көрініп жүрді. «Жақсымын деп мақтанба халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» деген ғой, оның адал атқарған еңбегін ел жоғары бағалап, шәкірттері қазіргі кезге дейін іздеп келіп, құрмет көрсетіп жатады. Өзі зейнеткерлікте жүрсе де асыл жүректі ұстаз қоғам өміріне де белсене атсалысып, аймақтық, мектептік іс-шараларда өзіндік үнімен, ақыл-кеңесімен даралана білді.
      - «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау»,- деп Мұхтар Әуезов айтқан емес пе?! Алтын уақытыңмен санаспай, балдырған балалардың болашағы үшін аянбай тер төгіп, еңбектене түссең, сол еңбегің түбінде жемісін береді. Ақ, адал атқарған еңбек еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрінде білемін» деп айтуға болмайды. Мен үнемі осыны өзімнен кейінгі жас мамандарға айтудан жалықпадым. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орында тұрмайды ғой. Заман өзгерісте болады, жаңалықтар үнемі алға жылжып отырады. Соған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыруы керек. 
      Білген сайын келеді біле бергім,
      Біле беру емес пе тілегі елдің?!
      Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
      Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
      Сондықтан да келеді біле бергім...

      Ұстаз деген бала алдында өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен, яғни, барлық жағынан үлгі болуы қажет. Менің өзім бала кезімнен сынып жетекшіме еліктеп өстім. Бұл жол үлкен жауапкершілік екенін түсіндім және алда кездесетін қиындықтан қашпадым да. Қиындықсыз іс болмайды ғой. Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысқанымды мақтан етемін», - дейді Спакүл Дильбарханқызы.
      Ұлағатты ұстаздың Алла берген 3 перзенті бар. Үшеуі де білікті мамандар. Ғани ұлы және Әлия қызы акушер-гинеколог. Екеуі де өз салалары бойынша абыройлы қызмет етіп жүрген ортасына беделді жандар. Қызметтері үшін алған медальдары, грамоталары жетерлік. Гүлмира қызы провизор. Балаларынан қазіргі күні 18 немере сүйіп отырған бақытты ана. Екі немересі де медицина саласында. Тұңғыш немересі – тіс дәрігері. Осы жылы дипломын алды. Қалғандары мектеп оқушылары. 
      Қайсыбір елдің болмасын болашағының жарқын болуы оның халқының денсаулығына байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Адам саналы түрде ауырмай тұрып, сол аурудың алдын алуы керек. Сондықтан да әрбір отбасының үлкендері салауатты өмір салтын ұстанып, балаларына да жастайынан ауырмаудың амалын жасап, алдын алуды үйретіп отыруы ләзім. Дегенмен ауру айтып келмейді. Сондайда жаныңа медеу болатын жан Алладан кейінгі қорғаушың болатын ол әрине, ақ халатты дәрігер.
      Елге еңбегін сіңіріп, ақ халатына адал болып, антын бұзбай көпке қызмет ете білудің өзі ғанибет емес пе?! Дәрігер деген атты алып жүру, елдің алғаусыз алғысын алу жанды жадыратып, бақыт етері сөзсіз. Адам өміріне жауапты болу, қандай жағдайда болмасын уақытпен санаспай жұмыс жасау оңай шаруа емес. Сондықтан да дәрігер болу көптің көңіліне үміт сәулесін шашатын, нағыз алғысқа лайықты жан. Иә, дәрігер кең ұғымды қастерлі мамандық. Медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Ауру жас талғамайды ғой. Ал ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қарттың баратыны рас. Есесіне дәрігерлердің алатын алғыстары да соншалықты. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған әрбір науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші өмір сыйлап жататын дәрігерлердің еңбегі расында өлшеусіз. Олар денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп, бір туысындай болып кеткен жандар. Себебі, адамға ем дарытып қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де солар.
      - «Дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ. Адам мамандықты саналы түрде таңдайды ғой. Мен бала күнімнен мұғалім болсам дедім. Ата-анам не мектебім маған кім боласың дегенде, алғаш жаныма жақын мамандық ретінде «Мұғалім боламын!» дедім. Сол бала жүрегіммен айтқаным жан қалауым екенін түсіндім. Бүкіл саналы ғұмырымды ұстаздыққа арнадым. Менің балаларым да өз мамандықтарын саналы түрде таңдады. Дәрігер болуды арман ететіндер көп. Алайда, бұл салаға екінің бірі келе бермейді. Дәрігерлікті оқып дипломын алуы мүмкін, бірақ жұмыс жасауға келгенде кейін тартатындар да бар. Бұл адам өміріне жауапты болу ғой. Ең алдымен құлшыныс мықты болуы керек, бір сөзбен айтқанда әр адам өз ісінің маманы болуы керек. Өзімнің балаларым мамандық таңдағанда «Уақытың босқа кетпесін!» деп бірауыз сөз айтатынмын. Себебі, ата-анам да маған осылай деген. Өзінің жан қалауын таппай біресе ана оқудың басын, біресе мына оқудың басын бір шалып жүріп, жасының да келіп қалғанын байқамай, ақыр соңында екі қолға бір күрек деп, нәпақа қамымен кеткен талайларға куәмін ғой», - дейді кейіпкеріміз.
      Ұлағатты ұстаздың бала тәрбиесіндегі ерекшеліктерін айтып тауысу мүмкін емес. Алла Сізге қуат берсін!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
23 ноября 2021 20:28
Гани

Анашым,  құтты болсын атағыңыз.  Алланың назарында,  бақыттың базарында болыңыз.  Алла ұзақ ғұмыр берсін сізге 

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...