Әбдікәрімова Қалдыгүл

Рейтинг:
 
Бала әлемінің падишасы
 
Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
 Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар. 
Көлеңке жоқ көңілінде, қылауы жоқ, 
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз. 
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз. 
Естеу Нүсіпбеков
 
      Әлемнің тірегі әйелдер жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Әйел-ана әлемнің тірегі. Ананың ыстық жүрегінен ғаламға мейірім, ізгілік тарайды. Ана алдында бас имейтін адам жоқ. Бабаларымыз: «Шаңырақты көтеретін еркек, бірақ оны тігетін әйел» деп әйелдің отбасындағы орнын ерекше бағалаған. Ана – мейір, ана – қамқоршы. Ана жүрегіне бүкіл әлем сыйып кетеді. Ана жүрегі мұхиттан терең. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің мағынасы терең. Бабаларымыз «ананың басқан жерінде пейіш бар» деп текке айтпаған болар. Осы қасиеттің бәрін қосып байқасақ, бүкіл қасиет бір ғана жаннан – Әйелден тарайды.
     – «Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын   менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып бізге сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас жасау маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр ұстаздың бақыты. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің  дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні» - деп білетін, баланың періште әлемінің падишасы боп жүрген жан – Әбдікәрімова Қалдыгүл Низамқызы. 
      Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзін өмірлік ұстанымы етіп алған Қалдыгүл Әбдікәрімова бүгінде, №13 «Аққайың» балабақшасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, өз өмір тәжірибесінен мейірімінің дәндерін бала жүректерге орнатып жүрген жандардың бірі.
      Қалдыгүл Низамқызы 1942 жылдың 1 мамырында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында дүниеге келген. 1960 жылы «Шиелі» ауданындағы қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, арман қуып, білім іздеп Қызылорда қаласына келеді. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деген қанатты сөзді ұстанып, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына құжаттарын тапсырады. Қалдыгүлдің айы оңынан туып, аталған институттың «Химия-биология» факультетінің студенті атанады.
      Институтты бітіргеннен кейін, Қ.Әбдікәрімова алғашқы еңбек жолын 1965 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында лаборант болып бастайды. 1967-1975 жылдары «Астық жән нан» өнімдері басқармасында аға экономист болып қызмет жасайды. Дегенмен, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан, Қалдыгүл Низамқызы жүрек қалауымен таңдаған ұстаздық қызметке ауысады. Ол 1975 жылдың 2 наурызында №13 «Аққайың» балабақшасына меңгеруші болып тағайындалады. 
      Атам қазақ «Асылдан асыл туады» деген емес пе?! Қалдыгүл Низамқызының бойындағы адами асыл қасиеттерінің бәрі ата-анасынан дарығаны шын. «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар» деген тәмсіл бар қазақта. Қалдыгүлдің әкесі Үсенов Низам - Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Үсенов Низам өзі туған өлкеде мектепте ұстаздық пен директорлық қызметті қатар атқарған ұлағатты жан болатын. Білім саласының шамшырағы болып жүрген азамат 1942 жылы 1 шілдеде Отан қорғау үшін соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанып, елге қайтып оралмайды. Анасы Убайдуллаева Күлпан көпшіл, еңбексүйгіш, табанды болатын. Ауылда бас көтерер азаматтардың қатарында болып, бір ферманы басқарады. Өкінішке орай, анасы да өмірден ерте кетіп, Қалдыгүл әкесінің інісі Исатайдың тәрбиесіне беріледі. Азаматтығы мен ақылы сай келген Исатай әкесінің орнын жоқтатпай, бар мейірімін төгіп, Қалдыгүл Низамқызының жоғары білім алуына жағдай жасап, тәлімді тәрбие беріп, саналы азамат болып өсуіне ықпал жасайды.
       - «Меңгерушінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балалардың ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне” бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін бар ынтаммен, ықыласыммен, ерінбей-жалықпай жұмыс істеп, үнемі ізденіс үстінде болуым керек» - деген тұжырымға келдім дейді Қалдыгүл Әбдікәрімқызы өз қызметі туралы ойын сабақтай келе.
      Баланың мектепке дайындығын балабақша мен мектептегі әдіс-тәсілдерді ұштастыру арқылы жүзеге асыруды басты мақсатым деп білген Қалдыгүл Низамқызы осы бағыттағы жұмысты жүйелендірді. Қарамағындағы тәрбиешілерге де осы мақсатқа жету үшін бағыт-бағдар беріп, жол сілтеді: «Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта – жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала рөлде өзі ойнаса, сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын тәрбиеші оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады».
      Тәжірибесі шыңдалып, жетекшіліктің қыр-сырын бір кісідей меңгерген Әбдәкірімова Қалдыгүл Низамқызы 2000 жылы мектепке дейінгі мекемені жекешелендіріп алады. Бүлдіршіндердің отбасынан тыс тәрбиесінің мықты болуын адами да, кәсіби парызы санаған ұстаз, күні бүгінгедейін халыққа осы салада  қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ол №13 «Аққайың» балабақшасын жекемешігіне алғаннан бері, үкіметтен қолдау күтпей-ақ, балабақшаны өз қаражатымен  жоғары деңгейге көтере білді.
      Елбасымыз «Қазіргі жас буын - мемлекетіміздің мығым тірегі» - деп жастарымыздан үлкен үміт күтіп отыр. Әрі бұл халық көкейіндегі ой. «Үйрету-үлкеннен, үйрену-кішіден» демекші, берген тәлім-тәрбие, өнегенің жемісі ұлағатты ұлдар мен тәрбиелі қыздар, бұл – Қалдыгүл Низамқызының басшылығымен балабақшадағы 10 маманның атқарған жұмысының нәтижесі. Ата-анасы болашағын сеніп тапсырған 70 баланың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, олардың жан-жақты дамыған жеткіншек болып шығуларына ерекше назар аударып отырған балабақша ұжымына ата-аналардың да айтар алғысы шексіз.
      Қалдыгүл Низамқызы үшін ең үлкен жетістік - кешегі кішкентай балапандарының үлкен өмірдің бастауы мектеп табалдырығын аттағаннан кейін үздік шәкірт атануы. Әрине, бұл балабақша меңгерушісі мен жоғары санатты тәрбиешілердің әр топтың жас ерекшелігіне сәйкес тынымсыз еткен еңбектерінің нәтижесі.
       Оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын қалыптастыру мақсатында балабақша бүлдіршіндерін мектепке даярлаудың өзі таңдаулы технология мен асқан шеберлікті талап етеді. Баланың балабақшаға келгеннен кейін «Мен бәрін де осы жерден үйренемін» деген тілегін орындау ата-анасының, туған-туысының қатысуымен жүзеге асырылады. «Аққайың» балабақшасының тәрбиешілері балалардың ата-аналарымен үнемі байланыста болып, оларды балабақшадағы түрлі шараларға белсене қатыстырып отырады.
      – «Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан жігерлілік пен еңбекқорлықты қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал, тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Тәрбиешінің жұмысын дәрігермен салыстырамын. Емдеуші адам бойындағы ауру-сырқатпен алысса, тәрбиеші оның ойындағы надандықпен күреседі. Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Оның мұқалмас жігері балаға бұйрық беруге жұмсалмасын деңіз. Тәрбиеші жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді».
      Халық ағарту саласының үздігі Қалдыгүл Әбдікәрімова 45 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келеді. Егеменді еліміздің білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Қалдыгүл Низамқызы білім басқарамасының және басқа да мемлекеттік құрылымдардың түрлі марапаттарына ие болды. Ал, ең бастысы, ол халықтың сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген бірегей жан.
      Махаббат - адам өмірінің тұғыры мен тіреуіші. Махаббат - өзіңді ғана емес, ең алдымен өзгені сүю, жаны ашу, мейірбандық, жақсылық істеу, қамқорлық көрсету осыдан шығады. Көкірегін махаббат жайлаған адам - қашанда қайырымдылықпен, әділдікпен, адалдықпен ауылдас отыруға тырысады. Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Ғаламдық биіктен қарасақ та, махаббаттың орны орасан екені көрінеді. Отанды сүю дегеніміз – ең ибалы сезім. Отанды құрметтеу, ең алдымен, өзіңді құрметтеуден бастау алады. Ал, өзіңді құрметтеу жақыныңды, өз үйіңді сыйлау екені шындық. Міне, өз ісін жан-жүрегімен сүйіп, жан-жағын нұрға толтырып жүрген Қалдыгүл Низамқызы бойжеткен шағында нағыз махаббатын кездестірді. Жастықтың көктемі оған институтта оқып жүрген кезінде тағдыры бір, тілегі бір жанды жолықтырды. Сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің сұлтаны Амангелді Әбдікәрімов ол кезде «Көлік жүргізу» саласында білім алып жүрген болатын. Екеуінің ойы да, арманы да бір болып шыққан соң, олар көп ұзамай отбасын құрады. Махаббатпен құрылған шаңырақты шадыман шаттыққа бөлеп, дүниеге екі ұл, бір қыз келіп, жарасты күндер жалғасып жатады.
      Өз күшімен оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдаған Амангелді Әбдікәрімов көптеген жылдар бойы облыстық автобасқарма мекемесінде басшылық қызмет атқарып, техника ғылымдарының докторы атанады. Қоғамның белсенді мүшесі, адал еңбегімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел аузына ерте ілінген асыл азамат ажал құрығына да ерте ілініп, артына өшпестей із қалдырып, 1997 жылы фәни жалғанмен қоштасты. Арда азаматтың отын өшірмеген Қалдыгүл Низамқызы махаббаттарының көзі - перзенттеріне тәлімді тәрбие беріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп жеткізді.
      Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, орындаушысы, ең бірінші, Алланың сый-сыяпатына кенеледі. Өйткені, Алла Тағала өзінің әмірлерін орындаған құлдарына кешірім беріп, сый-сыяпатқа бөлейтіні хақ. Жүректің әміріне бағынып, жанының қалауымен Қалдыгүл Низамқызы 2009 жылы Меккеге қажылыққа барып, Алла алдындағы бес парызының бірін орындап, рухани жан дүниесін тазартып қайтты. 
      Парасатты, ізгі тәрбие, тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Қоғамды құрайтын жанұяның бір мүшесі ол – бала. Ата-ана болудың зор жауапкершілігін түсінген ерлі-зайыпты Әбдікәрімовтар бала тәрбиесі бәрінен маңызды, жоғары тұруы керек деп санайтын. Өмір – сынақ, сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы – жаманның, обал – сауаптың не екенін, қалай еткенде жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс деген ұстанымда болып, балалаларына саналы тәрбие беруді мақсат етті. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы, теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы үшін өздері үлгі бола білді.
      Баланың әдепті болуы, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсетуі. Міне, мұндай ұрпақ – Абай атамыз айтқандай, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Осындай ұрпақ тәрбиелеген Қалдыгүл ана бүгінде перзенттерінің қуанышы мен немерелерінің қызығын қызықтап, аналық ақ бақыттан салиқалы әжелікке жеткен бақытты жан. Отбасының тұңғышы Әбдікәрімова Ләззат- білім саласында, оның ішінде қалалық білім бөлімінде, облыстық білім басқармасында және білім жетілдіру институтында 18 жыл бойы үзбей жұмыс жасаған белді маман. Қазіргі таңда, Қызылорда облыстық телекоммуникация дирекциясында курстар меңгерушісі болып қызмет атқарады.
      Отбасының тірегі, қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған арда ұл Әбдікәрімов Берік Амангелдіұлы - техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы үкіметінің сектор меңгерушісі. Текті әулеттің ибалы келіні Салтанат – Астана қаласындағы ХҚКО қызметкері. Әбдікәрімовтар отбасының ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі болып жүрген Салтанат халқының қонақжай дәстүрін ұстанған әдепті келін. Шаңырақтың кенжесі  Олжас Әбдікәрімұлы – Астана қалалық Ішкі Істер бөлімінде жұмыс жасайды, ел тыныштығын күзеткен сақшы.
      Қалдыгүл Низамқызы биік те мәуелі бәйтеректей жапырағын жая, тамырын тереңіне тарта ғұмырын көркейтті. Алтындай ұл-қыздарымен, күн мен гүлдей немере-шөберелерімен жанын жадыратты, көңілін албыратты. Немересінің үлкені Әлихан Әбдікәрімов – Облыстық жер комитетінде бөлім басшысы болып қызмет атқарып, қазіргі кезде шағын кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азамат. Берікұлы Низзамедин болса, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Экономика» факультетін бітірген білікті маман. Ал, Гүлбахрам Берікқызы – мектеп оқушысы. Әжесінің сүйікті немересі ғана емес, мектептің маңдай алды оқушыларының бірі, ұстаздарының үкілеген үміті.
      Ежелден-ақ қазақ халқы  өлең сөздің қасиетіне бас иіп, оны өнер атаулының ең биік шыңына балаған. Халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімін өлең сөзбен астасып жатыр. Қарапайым адам да – ақын. Ол да таңдана алады, көреді, сезеді, ұқсата алады. Ғұлама Абай «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегенді бекер айтпаған болар. Өмірге құштар, жаны ізгілік пен сәулелі нұрдан жаралған адам, ұлағатты ұстаз, азаматығын кір шалдырмай ұстаған көкірек көзі ояу, халыққа, өскелең ұрпаққа айтары бар бала жанының бағбаны Қалдыгүл Низамқызының тебіреністен шыққан жыр жолдары 2004 жылы Астана қаласында «Мен халқыма тілеймін амандықты» атты жинақ болып жарыққа шықты. Автордың айтар ойы – адамдық деңгейінен түспеу. «Ешкімге қиянат жасама, өз жолыңды біл» деген ойын білдіреді. Осында айтылғандар кім-кімді де ойлантуы тиіс. Бұл көп жасаған, көпті көрген адамның сөзі. Шын мәнінде құлақ қойып, көңілге тоқып алатын мәнді, дәмді сөз, үлкенге де, кішіге де тұшымды ақыл-кеңес.
      Бақыт дегеніміз – жалпылай айтқанда, тіршілікті қорғап, табиғатты таза сақтау және баянды даму, жеке бас үшін төрт мүшенің дін амандығы мен төккен тердің тегін кетпегені. Бақытқа жету үшін қиындыққа мойымайтын қайсар рух, күн нұрындай мейірімді ыстық жүрек, таудан құлап түссе де түгі қисаймайтын табандылық қажет. Бақытты жер бетіндегі жандардың бәрі іздейді. Ал бақытқа лайық адамдарды бақыттың өзі іздеп табады деген ойдамыз. Сондай бақытқа лайық нәзік жандылардың бірі – Әбдікәрімова Қалдыгүл Низамқызы.
      Бала тәрбиесі-маңызды мәселе. Бұл төңіректе білген-түйгені неғұрылым жан-жақты әрі тереңірек болған сайын, балаға берілер тәрбиенің де соғұрылым жақсырақ болары сөзсіз. Егер балабақша меңгерушісі әр баланы өз баласындай мейірімге бөлесе, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздерін қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Осындай өнегелі тәрбие беріп жүрген жан өз ісін шын сүйген білімді де білікті болса, біздің кейіпкеріміз Әбдікәрімова Қалдыгүл Низамқызы дәл сондай жан. 
      Ол «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп хакім Абай атамыз айтқандай, атыма затымды сай етейін, кісілігімді кішілігіммен көрсетейін, алдыңғы толқынға жұғымды сіңілі, кейінгі толқынға аяулы әпке болайын деген қанатты арманын өмір бойғы қағидасына айналдырған, сол жолдан таймай, барға тасып, жоққа жасымай, пенделікпен пейілін тарылтпай, жан-дүниесі мәуелі бәйтеректің жасыл жапырағындай болып жүрген ешкімді қайталамайтын кесек тұлға, ақынжанды жұмбақ адам. Ерекше қасиеттерінің бірі – рухани биіктігі, ұстамдылығы, төзімділігі. Дегенмен, Қалдыгүл Низамқызының біз әлі де байқай алмаған қыры мен сыры көп секілді көрінеді.
  
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...