Бедел биігіндегі азамат
Тегі асыл, парасат-пайымы биік азаматтар арамызда аз емес. Ондай азамат соңына ерген ағайынға, елге қашанда сыйлы болады, маңайына жуығандарға пана да бола алады. Тумысынан табиғат берген келісті мінезді Тасболат Қырғызбайұлы жаны жабырқау жанға көмек қолын созуға асығып тұрады және жанға жасаған жақсылығының арқасында құрмет пен қошеметтен де кенде болған емес. Қазақта талай татымды теңеулер бар ғой. Кейіпкерімізді «Бір ұл бар әкесінен кете туар, бір ұл бар әкесіне жете туар, бір ұл бар әкесінен өте туар» деген тәмсілдің соңғысына лайық азамат деуге болады.
![]()
Жалпы адамға абырой мен бедел деген өз аяғымен келмейтіні белгілі. Ол үшін талай жылдар бойы маңдай теріңді төгіп, бүкіл сабыр күшіңді сарқып жетесің. Абырой мен бедел жинау оңай емес. Сырт көздің сынынан өту, көпке бірдей жаға да бермейтінің рас. Әр адамның қалауынша қызмет етуге құқы бар. Мейлі ол билік лауазымына бара ма немесе жеке кәсіп көзін аша ма, ең алдымен, оның сол іске деген үлкен дайындығы керек-ақ. Адамда сол іске лайықты білімі, біліктілігі, қабілеті, мінез-құлқы, адалдығы, әділдігі, тазалығы, бастысы адамгершілігі мен жауапкершілігі болуы шарт.
Тасболат Қырғызбайұлы жоғарыда айтылған қасиеттерге ие азамат. Талай биік қызметтерді атқарған ол мейлінше елге адалдықпен қызмет қылуға тырысып, еңсесін көтеріңкі, жүзін жарқын, сөзін орнымен айтып, құрметке бөленіп келе жатыр. Ол өз ортасында әрқашан тазалыққа, ашықтыққа, адалдыққа бейім. Сондай-ақ, ол қатарындағы білімі озық, санасы ашық, қабілеті қарымды жандарды тез тани біледі. Ондай адамға қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар береді. Кім-кімнің болмасын бір орында қалып қалмай, жоғарылап өсіп, билік баспалдағына көтерілгенін шын жүрегімен қалап отырады. Кем-кетік, салдыр-салақтықты, жауапсыздықты жаратпайтындықтан, бас-көз демей, сол жерде айтып салатын өзгелерден сәл бөлек әдеті де бар. Алайда, көпшілік оның бұл сынына да үйренген. Мінсіздікті, тұрақтылықты, ұқыптылықты жанындай сүйеді. Өзінің жұмыс орнындағы қаламсаптың өзін әсемдеп жинап қоятын ұқыптылығы да көпке үлгі боларлықтай. Әсіресе, жаңадан келген жас мамандар үшін де бұл таптырмас тәрбие құралы деуге болады. Әдетте дауыс көтеріп сөйлемейтін азамат, өтірік пен екіжүзділікті сезгенде өзгеріп сала береді. Арам нәрселерге жаны қас. Ондай жандарды жанына екінші қайтара жуытпайды. Ниеті бөтеннің ойын да тез біле қоятын Тасболат Қырғызбайұлы адаммен сөйлескенде оның көзіне тік қарайтын әдеті бар. Оның сол қасиетінен жасқанатындар да аз емес. Шыншыл, адал, батыл, ешкімнен қорықпайтын, жалтақтауды, өзеуреуді білмейтін азаматпен қызметтес болудың өзі зор құрмет деген болар едім. Тау тұлғасына жараса кеткен өзіне ғана тән сабырлы қалпы, салмақты да байсалды жүріс-тұрысы, өзінің келе жатқандығын білдіріп, сыпайы жөткірініп қоятындығы, адамдармен жылы сәлемдесетіні, асықпай-саспай жөн сұрасып барып, жұмысына кірісетіндігі, ешкімді қайталамайтын қалпы көпті тәнті етеді.
Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Игембердиев Тасболат Қырғызбайұлы 1966 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданы, қасиетті Қарасаз ауылында дүниеге келген. Сол туған ауылы Қарасазда 1974 жылы мектеп табалдырығын аттап, 10 жылдық орта мектепті ойдағыдай жақсыға оқып, 1984 жылы аяқтап шықты. Мектепті бітіргеннен кейін жас бозбала 1984-1986 жылдар аралығында отан алдындағы борышын өтеу мақсатында Владивосток қаласында Ішкі істер әскерінде қызмет етіп келді. Екі жоғарғы оқу орнын бітірген дипломы бар. 1989-1995 Т.Жүргенов атындағы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтында білім алды. 1987 жылы көне жәдігерлердің және музыкалық аспаптарын қалпына келтірудегі алғашқы жас реставратор, 1990 жылы Мұқағалидың туған жеріне мұражай орнату жөніндегі ұсыныс енгізушілердің бірі болды. 1995-1997 жылдары Медеу ауданының әкімшілік қызметкері болып қызмет істеді. Ал 1997-2001 Үкімет апаратында, 2000-2011 жылдары «Парфюмторг» АҚ Вице президенті қызметінде болды.
![]()
Білікті маман, іскер азамат қай салада қызмет жасаса да өзінің абыройы мен беделін жоғалтпады. Қайта әр қызметте табандылық пен ізденіс көрсете білуінің арқасында, нәтижелі, жүйелі, тындырымды іс бітірді. Оның қолы тиген іс ешуақытта тұралап қалған емес. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құмар азамат заманауи ойлап, істің оңтайлы шешілу жолдарын таба біледі. Ұйымдастырушы ретінде де өте ұтымды жол таба алады. Жұмсақ орынтақта отыра бермей, ойдағы-қырдағы өзінің саласына қатысты мәселелерге тікелей араласып, өз үнін қосып отырады. Қаламгерлікке де қабілеті бар. Уақыт бөліп, қоғамдық мәселелерді қағаз бетіне түсіріп, жергілікті басылымдарға беріп отырады. Өнер мен мәдениетке деген көзқарасы ерекше. Қазақтың төл өнерін, төл мәдениетін, туған тілі мен дінін, сонымен қатар, спортты қатты құрметтейді. Олардың ешқайсысын бөле жармай, бәріне де жанашырлық пейіл танытып жүреді. Жанына келген әрбір жанды өзінің әсерлі әңгімесімен елітіп, жөні түзу сөзімен тәрбиелеп жібереді. Ол 2011-2013 жылдар аралығында Алматы басқару және нарық колледжі директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болса, 2013 жылдан 2019 жылға дейін «Авимед» медициналық колледжінің бір филиалының директоры қызметін абыроймен атқарды.
Қайсы ортада болса да ол қызметтерін қайраткерлікпен, абыроймен атқарды. Қызметтің сан саласынан өткен азамат 2020 жылы Алматы Ұлттық медициналық колледжін ашып, қазіргі таңда осы білім ордасының директоры қызметін атқарып отыр. 2019 жылдан бастап «Аманат-Қарасаз» қорының құрылтайшысы қызметін атқарып, осы 2019 жылы Қарасаз ауылында ауыл азаматтарымен бірігіп спорт кешенін ашты. Қазіргі таңда, басқа да жоспарлар бойынша жұмыс істеуде. «Аманат-Қарасаз» қорының аясында ұлы ақын-жазушы, батырлардың тарихын қалпына келтіруге атсалысты. 2020-2021 жылдары Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын дүние жүзі бойынша атап өту комиссиясының мүшесі атанды.
Пифагор: «Бақытты қуып қара тер болма, оның өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде» деген екен. Тамаша, парасатты адами қасиеттерімен өмірден өз бақытын тапқан Тасболат Қырғызбайұлы 1989 жылы Махамбетова Гүлбазар Мәмбетәліқызымен шаңырақ көтерді. Отбасында төрт бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Балаларынан тәп-тәтті үш немере сүйіп отырған нағыз бақытты азамат. Жұбайы – Гүлбазар Мәмбетәліқызы медицина саласының қызметкері. Үлкен қызы Айбану – білікті ұстаз-психолог, бірнеше кітаптардың авторы. Тұрмыста, екі баланың анасы. Екінші қызы Мөлдір – бухгалтер және кәсіпкер. «Әке балаға сыншы» деген ғой. Ол өзінің бойындағы барлық асыл қасиеттерді балаларының бойына сіңіре алғанын байқауға болады. Өзіндегі іскерлік пен жан-жақтылық, адамға ең қажеттісі адамгершілік қасиеттерін енді немерелеріне де сіңдірмек.
- «Ат, есімді біреу береді, ал тағдырыңды өзің жасайсың, деген бар емес пе?! Бала күнімізден ата-анамыздың «Бөтеннің ала жібін аттама, өтірік айтпа» деген сөзін естіп есейдік. Мектепте үздік болуға, өмірде үлгілі болуға ұмтылып, таза да адал қызмет атқарып абырой жинап келемін. Жұбайыма да, балаларыма да осы ата-анамның сөздерін қайталап айтып отырудан жалықпаймын. Себебі, абыройды қасықтап жылдар бойы, өмір бойы жинайсың, ал оны төгіп алу, айырылып қалу бір сәтте ғана. Сондықтан да мейлі отбасында болсын, мейлі қызмет орнында болсын барынша сабырлы, ақылды болуға тырысамын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бар ғой. Қашанда әлсіздерге, көмек қажет ететін жандарға қолымнан келгенді жасауға ұмтыламын. Адамдарды алаламаймын. Алланың алдында бәріміз бірдейміз, сондықтан туыстық қатынас, көрші-көлем, ауылдас, жолдас деп бөле-жармаймын. Балаларым да солай. Қызмет де ақша сияқты нәрсе, бүгін бар да ертең жоқ. Сондықтан да астамсынып, мақтанып, паңданып жүргенді аса жақтырмаймын. Барынша қарапайым болғанды ұнатамын. Жан-жағым жайлы болса, менің де көңілім жай тауып, жұмысыма барынша ыждағаттылықпен кірісемін. Бос уақытым да жоқ, алда талай жоспарларым бар, соларды жүзеге асыруым керек», - дейді іскер азамат.
Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы Тасболат Қырғызбайұлы қызмет барысындағы кез келген күрделі істе салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіре отырып, мәселені сана-сарабына, тәлім-таразысына салып шешетін азамат. Ол үлкенмен де, кішімен де тіл табыса біледі.
Бойында ұстамдылық қасиеті мен артық сөйлемейтін, әр іс-қимылында білікті тұлғаға лайық байсалдылығы байқалып тұрады.