![]()
Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады
Саналы ғұмырында өнегелі ісімен артына өшпес із қалдыратындар некен-саяқ. Десе де, арамызда іргелі істердің тұтқасы болып, тиянақты тірлігі үшін атақ-абыройды да, ақшаныда бірінші орынға қоймайтын жандар жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – Мухтарханова Гульшат Тоқтасынқызы.
Үнемі ізденісте жүретін еңбексүйгіш жан 1973 жылғы 26 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Күршім ауылында дүниеге келген.
Балалық шағы әжесінің ертегісін, анасы мен әкесінің ақылын тыңдаумен өтеді. Кітапты жастанып оқуға құмар боп өскендіктен, әрбір
![]()
іске терең бойлайтын жаңа қабілеті ашылады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезден бастап, ұстаздары Гульшаттың өзге балаларға қарағанда зерек те зейінді, алғыр да жауапты екенін бірден байқайды. Оны аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға, олимпиадаларға қатыстырып, Гульшатқа ұстаздары тарапынан мектептің атын тек жақсы жағынан шығару жолында үлкен сенім артылады. Өзіне жүктелген міндет пен қолдауды сезіне білген қаршадай қыз, болашақта өзі де осы саланы таңдамаққа бел буады.
Алтын ұясын жақсы бітіріп, 1995 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі атанады. Оған қоса, Педагогика магистрі дәрежесін де алып үлгереді. Дәл осы жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылындағы орта мектепте ұйымдастырушы-педагог ретінде бастайды.
Атақты педагог-ғалым В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де, қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу»,- деп ұстаздық деген ұлы жолға ерекше баға берген. Мұндай баға – педагогтің айналасына еңбегімен сыйлы, өскелең жас ұрпаққа өнеге бола білген абзал жандарға берілген лайықты құрмет.
Шындығында бұл сөз Гульшат Тоқтасынқызына арналып айтылғандай... Себебі, ол сөзіне берік, пейілі дарқан, ойы ұшқыр, сөзі өткір, талап қоя отырып, шәкірттеріне мейірім мен махаббатты артығымен бере білетін ұстаздардың қатарынан.
Айрандай ұйып отырған ауызбіршілігі мықты ұжымға тез сіңісіп, үлкен тәжірибе жинақтаған ол 1996–2011 жыдар аралығында Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарады.
Осы жылдардың ішінде өз жұмысынан бөлек, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында облыстық институттың штаттан тыс лекторы болып жұмыс істеп, өз тәжірибесімен бөліседі. Қос жұмысты да қатар үлгеріп, жауапкершілікті қашанда алдыңғы орынға қояды.
Шәкірттеріне ізгілік нұрын сеуіп, осынау зерделі мамандықтың жолында жүргеніне бақандай – 25 жыл. Осы уақыт аралығында Гульшат Тоқтасынқызын еңбек жолында кездескен әрбір қиындықтарға қасқайып қарсы төтеп берген, ерік-жігерін сарықпаған мәртебелі маман деп айтуға толық негіз бар.
Өйткені, ұстаз түгілі, ата-ананың өз баласын қарауға, айтқанымен жүргізуге мүмкіндігі жетпей жатқан бүгінгідей жаһандық заманда, әр баланың тілін тауып, оның пікірімен санаса білу кез - келген ұстаздың қолынан келе бермейтін іс.
Бұл ретте, Гульшат Тоқтасынқызы – осы бір аса жауапты істе сенім үдесінен шыға білді. «Еліміздің ертеңі жас ұрпақ болғандықтан, біз қай кезде де сапалы білім беруге ұмтыламыз. Тәрбие мен білім үдерісіндегі үздіксіз жүргізілетін шығармашылық ізденістер, оқушы бойындағы талант пен дарынын аша білу, баланың бастамаларына қолдау білдіріп, жан-дүниесіне үңілу ұстаздық жетістіктің негізгі баспалдағы. Осы ретте менің ұстаз болып қалыптасуыма мәйек болған, қиын да жауапкершілігі мол, абыройлы қызметте бағыт көрсетіп, талабымды ұштаған қызметтес білгір, ақылшы ұстаздарымды әркезде мақтан тұтамын. Білім ошағының жеткен жетістігі, ол ұжымның әр мүшесінің өз ісіне деген сүйіспеншілігінің жемісі», - дейді Гульшат Тоқтасынқызы.
Бүгінде ұстаз «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалында 2011 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеді.
Гульшат Тоқтасынқызы жетекшілік ететін білім ошағында оқушылардың заман талаптарына сай сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Ұстаз: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,- деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы бір қанатты сөзін берік ұстанып, келешектің кемелдігі үшін тер төгумен келеді.
Өз ісін сүйіспеншілікпен істейтін еңбекқор жан әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Тіпті республика, облыс деңгейінде семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізіп, көптің ықыласына да бөленіп үлгерген. Соның дәлелі ретінде 2017 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Алғыс Хатымен», ал 2019 жылы Педагогикалық шеберлік орталығы Өскемен қаласы филиалының «Құрмет Грамотасын» алғаны, сонымен қатар, Педагогикалық өлшеулер орталығына «Мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау бойынша тренер» валидациялық марапатына ие болғанын айтуға болады.
«Ұстаз...Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», - дейді Әл-Фараби.
![]()
Гульшат Тоқтасынқызы заман талабына сай біліммен қаруланған, парасат-пайымы терең, үздіксіз ізденісте жүретін педагогтердің бірі.
Ұстаз бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында «Қоғамға қызмет етемін» жобасының желілік координаторы ретінде тағайындалып, жобаның сапалы іске асуына бар күшін салып келеді. Сонымен қатар, осы бағытта Өскемен қаласының жалпыға бірдей білім беретін мектептері тәжірибесіне «Қоғамға қызмет етемін» жобасын енгізу мақсатында қауымдастық құрып, әдістемелік көмек көрсету шараларын да шебер ұйымдастырып жүр. Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына орай ашылған «Шамшырақ» республикалық педагог шеберлігінің онлайн алаңында Гульшат Тоқтасынқызының тәжірибесі жарияланып, республика ұстаздары арасында асқан қызығушылық туғызды.
Гульшат Тоқтасынқызының ілім мен ғылымның жолында бар күш-қуатын сарп етіп жүргеніне мектеп ұжымы мен ата-аналар, шәкірттері куә. Бұл тұрғыда педагогтың ерен еңбегі де еленіп, таяуда ғана Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның 10 жыл мерейтойлық төсбелгісімен марапатталған. Республикалық «Үздік ұйымдастырушы-педагог» байқауында жүлделі І орынды иеленген.
Гульшат Тоқтасынқызы – өмірлік серігі Мухтарханов Бейімбет Абайханұлымен бірге ұстаздық жолда қызмет етіп, үш бала тәрбиелеп отырған асыл ана, аяулы жар, ардақты ұстаз.
Халқымыздың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен дінін, ділін құрметтейтін саналы ұрпақ тәрбиелеу ұстаздар қауымына жүктелген зор міндет. Ал соны барынша артығымен атқарып жүрген өз ісінің білгіріне шығармашылық толағай табыстар мен жетістіктер тілей отырып, абыройы арта берсін демекпіз!