Үлгілі ұстаз
«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді дана халқымыз. Муслиманы білетіндер оның ақжарқын, мейірбан, парасаттылығы мен білімділігін, адамгершілік қасиетін, өзгелерге көмектесуге асығып тұратын жан екенін айтады. Туған жерін қастерлеп, туған тіліне жанашыр, адаммен бір сөйлескеннен оның мінез-құлқын оқып, қажет болса, ақыл-кеңесін айтып жіберетін қасиеті бар. Өте адал, досқа да, әріптеске де, тіпті, бейтаныс адамға да қылдай қиянат болмауына мән береді. Қашанда қолынан кітаптары түспейді. Тарихты жанындай жақсы көреді. Заңды бір адамдай біледі. Жан-жақты, ізденімпаз, әр іске қабілетті, дамылдауды білмейтін, жаңашылдыққа тез үйренетін, қоғамның мәселелеріне бей-жай қарамай, өз үнін қосып отыратын жан.
![]()
Ахметжанова Муслима Мұхаметжанқызы 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында дүниеге келді. 1985 жылы Үржар ауылында М.Горький атындағы орта мектепті үздікке аяқтады. Өзі қалаған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, тарих және қоғамтану факультетін жақсыға тәмамдады. Өзін үздіксіз дамытып отыратын Муслима Мұхаметжанқызы 2012 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетінде педагогика және психология факультетін де ойдағыдай бітіріп шықты. Ол өзінің еңбек жолын Алматы облысы, Шелек ауылындағы С.Киров атындағы орта мектебінен бастады. 1992 жылдан бастап Абай атындағы мектеп-гимназиясында педагог-психолог, тарих пәнінің мұғалімі болды. Муслима өз шәкірттерінің жоғары деңгейден көрінуіне барынша күш салады. Сабақтарын әр кезде түрлендіріп, оқушылардың қызығушылығын арттыруға жұмыс жасай білді. Әр баланың арман-қиялын көкке жеткізетін білімді ұстаз үнемі тынбай еңбектенудің арқасында өзінің беделін биіктете түсті. Нәтижесінде, оқушылары сайыстардан қоржындарын жүлдеге толтырып келіп жатты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, зерделі мұғалім ғана өз оқушыларының дарынын шыңдай алады. Мұғалім дайын сабақты бере салумен шектелмеуі керек. Муслима балалардың тақырыпты толық игеруіне жағдай жасайды. Сыныптағы оқушылардың саны оған аса маңызды. Бірдебіреуі қалыс қалмай, әрбіріне жеке тапсырмалар беріп, қалып кеткен тұстарын жетілдіріп, өткен сабақтарды пысықтап, әр түрлі әдістерді қолданады. Мұхтар Шаханов: «Әрбір бала – күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапқан ғана аша алады», - дейді. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, оның қажеттілігіне орай білім беруге тырысатын Муслима әрқайсысының тұлғалық қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдап, сауатты да білімді, алғыр да зерек етіп тәрбиелеп келеді.
Мұғалім болу – кәсіп қуу емес. Ол – тәңірден берілетін сый, кез келгенге бұйыра бермейтін сыбаға. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тағылымы мол тәлімгер, тәжірибелі ұстаз Муслима Мұхаметжанқызы – ұжымда ақылшы, жанашыр, еңбекқор ұстаз ретінде беделі зор. Қашанда сапалы білім, мықты тәрбие беру жолында бағыт-бағдар беруді өзінің жауапкершілігі деп біледі. «Өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген емес пе, ол өзінің білгенін, көргенін тек ұжымға ғана емес, барлық әріптестеріне де үйретуден бас тартқан емес. Сондықтан да ол – аудан, облыс көлемінде абыройлы ұстаз. Жаны жаңалыққа құмар ол өз мамандығын жан-тәнімен сүйеді. Қажырлы еңбегінің жемісін де көріп келеді. Ол 1997 жылы жоғары санатты ұстаз атанды. 1999 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты.
Оның көптеген оқушылары тарих, құқық пәндері бойынша жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын арттырып, ұстаз еңбегін ақтап келеді.
Муслима Мұхаметжанқызы 2011 жылы сәуір айынан бастап Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаратұрық ауылындағы А.Саттаров атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Шелек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры қызметіне ауысты. Ол басқарған мектеп ұжымы 2014 жылы «Үздік ауыл мектебі» атанды. Мектептен «Алтын белгі» иегерлері, «Үздік аттестат» иегерлері түлеп ұшты. Өзі оқытқан оқушыларының арасынан ұстаздық жолды таңдағандары да бар.
Тарих пәні бойынша көп жылдар бойы жинақтаған еңбегін бірнеше авторлық бағдарламалар шығару арқылы республика көлемінде таратты. Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыру мақсатында тәрбиелік шаралардың жоспарларын ұсынды.
Муслима Шелек ауылының қауымдастық мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарды да атқарып отыр. Психология ғылымының мүмкіндіктерін пайдалана отырып Үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жасай отыра әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, үй жағдайындағы кикілжіңдерді шешу мүмкіндіктеріне кеңес беруді ұйымдастырып, психологиялық қолдау жүргізеді. Бұл – өте жауапкершілігі зор іс. Өмір болған соң, қоғамда түрлі жағдайлар кездеседі. Алайда, сондай жағдайларға көп адамдардың қарайтын уақыты да жоқ, тіпті, мән де бермейтіндер бар. Бірақ адамның адамшылығы оның жылы жүрегінде, ілтипатында ғой. Муслима сондай жағдайда өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағына алаңдайды. Сондықтан да оған арнайы уақытын бөліп, алдын алуда, одан алып шығар жолды іздеп, жауапты деген адамдармен кездесіп, қиын жағдайдың оңтайлы шешілуіне жұмыс жасап келеді. Бұл жолда ол жалғыз емес, жанында қолдаушылары бар. Сондай-ақ, баспасөз құралдарында ұжымның еңбегін дәріптеу барысында «Мәртебелі директор», «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгілеріне ие болды.
Міндетті жұмыс жоспарынан бөлек, әр мұғалім өзінше ізденуі керек. Муслиманың ұжымы да бұл жағынан жақсы жетістіктермен көрініп жүр. Заманауи жаңашылдықтарға ілесіп, мектептің арнайы парақшаларын Фейсбук және Инстаграм желілерінде ашып, сәт сайынғы жаңалықтармен бөлісіп отырады. Ұлғатты ұстаздардан бастап, қолына қалам ұстап, шығармашылықпен айналысатын шәкірттердің тырнақалды шығармалары мен түрлі байқаулардағы фотосуреттерін сол парақшалардан көруге болады.
- «Өзім көпбалалы отбасында өстім. Біз – алты ағайындымыз. Тарихқа деген қызығушылық отбасында басталды деп ойлаймын. Себебі, анамыз бізге аталарымыз туралы жиі-жиі әңгімелеп беріп отыратын. Өзімнің атам Көкшегіров Ахметжан – 1937-1938 жылдары репрессияға ұшырап, соның құрбаны болған азамат. Нағашы атам Рамиев Есентемір – Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында жарақаттанып, Қазан қаласындағы госпитальда қайтыс болған. Қазан қаласында орналасқан Архангельск зиратына жерленген. Ол зиратқа күтім жасап отырған азаматтарға біздің алғысымыз шексіз. Бала күнімде мұғалімдеріме қызыға қарайтынмын. Олардың сөз саптауы, оқушыларға жаңа сабақтарды үйретуі, берілген тапсырмаларды әр баладан үлгеріп сұрауы, бағалауы, бор ұстап тақтаға жазуларынан бастап – бәрі-бәрі мені тәнті ететін. Сол уақытта мұғалім болсам деп армандайтын сыныптастарым да көп-тін. Тәрбие сағатында «Кім боламын?» деген тақырыпта ойланбастан мен «мұғалім боламын» деп жазатынмын. Рас, көбісінің бала арманы болмай, басқа саланың биігінен көрініп жүр. Мектеп қабырғасында-ақ мектепішілік жаңалықтарды жазып, балалар әдебиетін тауыса оқыдым. Қай кезде де болмасын білімді боламын дегендерге мүмкіндік көп қой. Қазіргідей ол кезде ғаламтор болмады. Алайда, оның орнына жайлы кітапхана болды. Ұстаздарымыз күнделікті сабаққа жайдары қалпымен келіп, әр оқушыны мұқият тыңдайтын. Білуге талпынысы жоқ оқушыны тілдемей, ұрмай-ақ ұялту арқылы зейінді оқушы қатарына қосатын. Ұстаздарымыздың осындай қалыптарына сүйсінгендіктен әрі анамның тікелей тәлім-тәрбиесінің арқасында мен осы мамандыққа келдім», - дейді Муслима Мұхаметжанқызы.
Муслиманың жеткен жетістіктері қаншама?! Оның ерекше үлгі боларлық қасиеттерінің бірі – ізденуі. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен-ақ оның ұстаздығы да жойылады», - деген екен Мұхтар Әуезов. Ұстаздықтың қиын да дара жолын өзінің отбасымен бірге қатар алып жүрген адал жан, аяулы ана, ақылшы-ұстаздың қызы Талшын – заң саласында қызмет атқарып жүр. Ал ұлы Тілек – «Алтын белгі» иегері, қазіргі таңда Қ.Сәтбаев атындығы политехникалық университетінің студенті.
Ұстаз деген ұлы есім ішінде талай дүние сыйып жатқандай көрінеді. Себебі, ол – тек қана баланы тәрбиелеп қоймай, қоғамды, тұтастай ұлтты тәрбиелейді. Сондықтан да олардың араласпайтын ортасы болмайды. Ұлттың көзі ашық, білімді болашағын тәрбиелеу – оңай емес.
Өлшеусіз еңбегің жемісін төксін, Муслима!