Баяхметбаева Кунумбала

Рейтинг:

Ұстаздық еткен жалықпас

      Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, адамгершілік жолында бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Өйткені, шәкіртті беймәлім әлемге жүздіруші кеме – мектеп болса, мұғалім – сол кеменің айнасы, діңгегі әрі бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне ежелден қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы мұғалім – мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді»,– деген болатын. Сондықтан да ол – әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Абыройлы міндетті ақаусыз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда ерекше құрмет тұтады. Ұстаздың әр адам жүрегінен алатын орны биік. Қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде - кем. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған ұлағатты ұстаздардың бірі – Баяхметбаева Күнімбала Ізтөлеуқызы.
      Жаны жайсаң кейіпкеріміз жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Күнімбаладай ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.
      Ол 1962 жылдың ақпан айының 2-жұлдызында қазақ халқына талай ұлылар мен дарындарды, дүлдүл дарабоздарды сыйлаған қасиетті де киелі мекен Шығыс өңірінде, яғни, Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында дүние есігін ашқан. Жастайынан ілім-білімге жаны құмар, зерек те зейінді бала оқушы күнінен-ақ білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтты. Себебі, заманның ағысын тамыршыдай тап басып, сұңғылалықпен болашақтың білімділер қолында болатынын болжап білген ата-анасы білімнің адамның келешек өміріндегі маңызын, қоғамдық ортада тек білімдарлықпен даралануға болатынын балаларының құлағына құйып отыратын. Жалған дүниедегі жанына аса жақын жандардың ақыл-өсиетін тыңдаумен қатар, осыған дейін өзіне беймәлім әлемнің қыр-сыры ашылған сайын тұңғиығына тартатын қасиетке ие екенін аңғарған оқушы Күнімбаланың өз қызығушылығы да күннен-күнге арта түсті. Әсіресе, шын ынтамен оқитын, аса еліктірер пәні – әдебиет еді. Әрбір көркем шығарманы оқыған сайын айналасын тарс ұмытып, өзін сол кейіпкерлердің қақ ортасында жүргендей сезінетін. Ұнамаған тұстарын өз қиялымен сюжет құрып жалғайтыны тағы бар. 
      Осылай таусылмас білім әлемін шарлай жүріп, мектептегі қоғамдық іс-шаралардан да қалыспай, белсенділігін көрсетіп жүретін Күнімбалаға ұстаздары мен жақындары үнемі риза болып отыратын. Орта мектепті үздік аяқтап, үлкен өмірге қадам басар тұста қандай мамандыққа барамын деп ойланбастан, тіл білімі саласын әлдеқашан таңдап қойған бойжеткен Семей қаласындағы «Н.К.Крупская» атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің студенті атанып шыға келді. Туған топырақтағы тума таланттардың дарыны жұға ма, әлде өз қалауының табиғи дарынымен үйлескендігінен бе, жан-дүниесі осы салаға тартты да тұрды. Қазіргі күнгі жетістігі – мамандық таңдаудан қателеспегендігінің жарқын дәлелі.
      Студенттік жылдарын жұмыс тәжірибесін жинақтаумен ұштастыруды көздегендіктен, 1984 жылдан бастап Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында алтын ұя мектебінде жас маман «аға пионер вожатый» болып еңбек жолын бастады. Жаны сүйген мамандықты оқып жатқандығы бар әрі жастық жігері жалындаған жас тапсырылған міндеттерді қал-қадерінше еңсеріп кетуге ұмтылып, еңбекқорлығымен бірден көзге түсетін. Жұмыс пен оқуды жеткілікті дәрежеде қатар атқара жүріп, аталмыш білім ордасын 1988 жылы абыроймен тәмамдап шықты. 
      Сонша жыл армандаған, барлық күш-қуатын соның жолына жұмсаған білім дәрежесін куәландыратын құжат қолына тиісімен, сүйікті пәні бойынша шәкірт бойына білім нәрін құюға асқан ынталылықпен кірісіп кетеді. 
      1989-2002 жылдар аралығында қазіргі ШҚО, Аягөз қаласы, Баршатас ауылында С.М.Киров атындағы орта мектепте және Аягөз қаласындағы №2 орта мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс жасады.
      2002-2008 жылдар аралығында қазіргі Семей қаласы №38 мектеп-лицейінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастап, басшы қызметке дейінгі баспалдақтардың барлығынан дерлік сүрінбей өтіп шыққан. Ізденімпаз ұстаз бұл қызметтің де үдесінен шыға біліп, 2008 жылға дейін атқарды.
      Ал, 2008 жылдан 2013 жылға дейін Астана қаласы №53, №56 мектеп-лицейлерінде келесі маңызды сала бойынша, яғни, директордың ғылыми - әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Барлық бағытта жинақтаған тәжірибесі молдығымен, жауапкершілігімен көшбасшылық танытып көзге түскен Күнімбала ұстаз 2013 жылы Астана қаласының Білім басқармасында жоғары біліктілік санатты «қазақ тілі және әдебиет» бөлімінің әдіскері және «қалалық біліктілікті арттыру қызметін үйлестіруші» координаты қызметін жүргізіп келді.      Осы жылдар аралығында біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отыруы арқасында 2016 жылдан «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында республикалық пән тренері ретінде арнайы бағдарламалық курстан өтіп, жаңа білім мазмұны негізінде тренерлік бағытта біліктілігін жоғарылатып, Білім басқармасында 5 жыл көлемінде пән бойынша және мемлекеттік тапсырыс ретінде курс жұмыстарын жүргізді.
      2017 жылдан бастап ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті жоғары екендігі ескеріліп, қазірге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Алаш арысы Міржақып Дулатұлының атындағы №68 мектеп-гимназияның директоры қызметін атқарады. Заман талабына сай оқудың тиімді әдісінің қыр-сырын меңгеріп, көш бастап, мемлекетіміздің жарқын болашағына үлкен үлес қосатын болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар қауымының орны ерекше деп біледі. 
      Әр оқушыға мән беріп, оның білім алуына барлық жағдай жасайтын ұстазы Күнімбала Ізтөлеуқызы басшылық ететін Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназияда 2017 жылдың 5 қазан күні ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған Инклюзивті білім берудің Ресурстық орталығы «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «ДАРА» қорының қолдауымен ашылды. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арнайы сынып бөлмелері жиһаздармен және кеңсе заттарымен жабдықталды (қол арба, арнайы орындық, парта, тік тұрғыш құрал, итере жүру құралдары), оқушылардың білім алуына толық жағдайлар жасалды. 
      Оқушылардың сапалы білім алуы үшін қазіргі заман талабына сай химия, физика, Stem, ІТ кабинеті, кітапхана, психология кабинеттері жабдықталды. 
       «Оқушыларды бос уақытында мәдени, рухани азық беріп, өнерге баулудың мәні зор» ,– деп санайтын Күнімбала Ізтөлеуқызы «Шұғыла» атауымен Оқушылар сарайының (Communiti centre) филиалы және Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен «Батыр боламын» қоғамдық қоры аясында спорт залдардың, ТИР орталығының ашылуына өз үлесін қосты. 
      «Мәңгілік Елдің рухани құндылықтары негізінде Ұлы Дала мұрагерлерін дайындау, «Алаш жолы»» музей істерін жаңғырту мақсатында субъективті музей ашу мақсаты болған. 2018-2019 оқу жылында республикалық деңгейде «Ұлы дала мұрагерлері» тәжірибелік алаң тұжырымдамасы бекітіліп, тиісті істер атқарылды. 2020 жылдан бастап «Алаш жолы» субъективті музейі түрлі бағытта жұмыс жасайды.
      Сонымен қатар, педагогтардың кәсіби - тұлғалық құзыреттілігін дамытуы үшін инновациялық - эксперименттік қызмет пен білім беру саласындағы жобаларға үнемі қатысып келеді. Соның ішінде, «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы жобасы» «SHARE» – білім саласындағы зерттеулерді жүргізу бойынша халықаралық қоғамдастықта жұмыс жасаса, ҚР Білім және ғылым министрінің мемлекеттік тілді латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшу бойынша әдістемелік жұмыс тобы апробация жүргізу үшін құрылып, республикалық деңгейде мектеп-гимназия мұғалімдері мен оқушылары бірнеше нұсқада таңдау жасап, сараптама жұмыстарын жүргізіп келе жатқан іргелі білім ордасы. 2017-2018 оқу жылы «Жарқын болашақ» қоғамдастығы қалалық серіктес мектептер арасында «Lesson Stady» сабақты зерттеу бойынша, 2018-2019 оқу жылында «Білім нұры» негізінде желілік қоғамдастық критериалды бағалау тақырыбында жүйелі жұмыс жасады. 
      Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол, сапалы да салауатты ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық тәрбиеге ерекше назар аударатын Күнімбала Ізтөлеуқызы басшылық жасап отырған мектеп-гимназияда «Өркендеу» жобасы іске асып, «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Ағалар мектебі», «Жеңгелер мектебі» жұмыс жасайды. Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына негіз болатын қазақтың алтықанатты «Киіз үйі» үшінші қабаттың холында құрылған. «Ұлы дала мұрагерлері» тәжірибелік алаңы жұмыстарының басым көпшілігі осы «Киіз үйде» жүргізіледі. 
      Күнімбала Ізтөлеуқызы тек лауазымдық қызметі аясындағы жұмыстарды ғана атқарып қоймай, еңбек жолы басталғаннан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің күрделі тақырыптық мәселелерін көтеріп, туған тілдің жанашыры ретінде мемлекеттік тілдің ауқымды жұмыстарына қала, республика, халықаралық деңгейде атсалысып жүретіндігімен ерекшеленеді. Қолға алған әрбір ісінде жоғары біліктілік деңгейін көрсете білетін, бастамашыл, күш - жігері мен ізденісі мол, ерекше дараланып көрінетін іскер тұлға. Кәсіби құзыреттілік шеберлігі жоғары, ұжыммен жұмыс жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. Нұр-Сұлтан қаласына танымал, әдіскер-педагог Күнімбала Ізтөлеуқызы – іс-тәжірибесін қала, республика көлеміне таратып жүрген білікті маман.       Ұстаз республикалық семинарларда көшбасшылық танытып, модератор қызметін атқарып, әдістемелік тақырыптарда дәріс оқиды. Көпшілік алдында көсемсөздің шебері. Ақпараттық құралдар: теледидар бағдарламаларында, радиохабарларда өзекті тақырыптарды көтеріп, олардың шешілуіне атсалысуда.
      Педагогтың «Өзіндік білім жетілдірудің педагогикалық - әдістемелік құрылымы» атты авторлық жұмысы 2014 жылы Алматы қаласында республикалық білім жетілдіру институтында жарияланды. 2015 жылы «Самғай біл» дарындылықты дамыту орталығы арқылы оқу-әдістемелік бағытта Қазақ әдебиеті: Жалпы білім беретін мектептің 5 - сыныбына арналған «Мұғалімнің жұмыс дәптері, оқу құралы», 10 - сыныпқа «Мұғалімге арналған көмекші құрал», 11 - сыныпқа «Мұғалімнің жұмыс дәптері, оқу құралы» еңбектері жарық көріп, қалалық көлемде ғана емес, республика көлемінде әдістемелік іс-тәжірибесі таратылды. 
      Жан-жақты іскерлігімен танымал Күнімбала халықаралық, республикалық, облыстық кәсіби сайыстарға, конференция, семинар, түрлі іс-шараларға қатысып, әділқазылар алқасы мүшесі ретінде төрелік жасап келеді. Шәкірт тәрбиелеу жолындағы білімі мен біліктілігін дәлелдеу үшін әр түрлі деңгейдегі конференциялар мен байқауларға да үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2010 жылы «Білім беру инновациялары: ізденіс және шешімдер» ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, жүлделі 1- орынды қанжығасына байлады. 2011 жылы Өскемен қаласында өткізілген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда 3-орыннан көрінді. Жеткен жетістігін місе тұтып, бір орнында тоқтап қалу – өз-өзіне қатаң талап қоя білетін Күнімбаланың табиғатына жат нәрсе. 
      2012 жылы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқауға қатысып, бабы жараған ұстаз 2-орынды иеленді. 2013 жылы «Өз оқытуымыздағы әрекетті зерттеу» атты VІІ қалалық оқу конференциясында 1- орын алып, мерейі шалқып, марапаттар қатары толыға түскені бар. 
      Бүкіл саналы ғұмырын сүйікті ісіне, шәкірттерді оқытып, тәрбиелеп, олардың тұлға ретінде қалыптасуы жолына арнауды жас маман кезінен мақсат еткен ұлағатты ұстаздың осы жолдағы қажырлы еңбегі елеусіз қалып көрген емес. Табан ет, маңдай терімен келген, еңбегінің өтеуі іспеттес әрбір жетістігінің, әрбір істің дәрежесі ол кісі үшін заңғар таумен пара - пар. Қызмет қоржынында халықаралық, республикалық, қалалық деңгейдегі Алғыс хаттардан бөлек қаншама шоқтығы биік сый-құрмет, өнегелі істері де жетерлік.
      Сөзімізге дәлел ретінде маңызды марапаттар қатарын атап кетсек. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет Грамотасын» иеленген. 2010, 2015, 2017 жылдары еліміздегі әлеуметтік-саяси жұмыстарға белсене қатысқаны үшін «НұрОтан» ХДП және оның жас қанаты «Жас Отан» тарапынан «Құрмет Грамоталары» табысталған.
      Ал, 2016 жыл – білгір де білікті ұстаз үшін жетістіктен - жетістікке жетіп, небір белестерді бағындырған жыл болды. Үш тілде білім беруді жүзеге асыру мақсатында «Қазақ тілін оқытудағы инновациялық бастамалар: Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі» ІІІ республикалық форумына қатысып, «Алғыс Хат» алса, сонымен қатар, халықтар бірлігі жолындағы жұмысы еленіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс Хатына» ие болды. 
      Өзі қызмет ететін Көктал 2 кенті тұрғындарының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қырағылық пен көрегенділік танытып келеді. Аз қамтылған, көпбалалы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруді қажет ететін (инклюзивті) балалардың отбасы ата-аналарының қамқор ұстазы, жол көрсетер басшысы екенін дәлелдеп жүр.
      Қызмет жолын табысты жүргізіп отырған кәсіби шебер, теориялық білімі терең, күш-жігері мен ізденісі мол, мақсатына жететін, құзыретті, көшбасшы, білікті маман күнделікті өмірде қарапайым әйел міндетін де мүлтіксіз атқарып жүр. Асыл жар, аяулы ана бүгінде екі қыз тәрбиелеп отыр. 
      Әр жыл сайынғы жетістіктің артында өлшеусіз еңбектің тұратыны анық. Еліміздегі білім сапасының артуына өз үлесін қосып, тіл жанашыры ретінде де танылып жүрген Күнімбала Ізтөлеуқызының өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыратынына сенім білдіре отырып, халқына қызмет етуден жалықпай, пайдасын тигізе беруіне тілектеспіз.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...