Бисалиева Алмагүл

Рейтинг:

Танымы терең ұстаз

      Тамырымыздың бастауы болған өткенге назар салып қарасақ, өмір қажеттілігі мен мәңгілік ел болып қалу жолында, парасаттылық пен адамзаттың биік төріне көтерілген алтын тұғырға шыққан әр адамның алғашқы қадамы ұстаз алдында жатыр. Таста ізі мен таңбасы қалған тарихымыздың сары парақтарын ақтарып қарасақ, қазақ елінде, аталарымыздың асыл текті тұлпарларының тұяғы тиген қазақ жерінде өз заманының озық ойлы болған ұлы ұстаздары көп болған. Солардың бірі ретінде, Отырарда кіндік қаны тамып, сары даланың самалымен жарысып өскен Әл-Фарабидің дарыны мен талантынан туындаған еңбектері мен формулалары әлі күнге әлем ғылымында кеңінен қолданып келеді. Міне, ұлыларды тудырған қазақ даласының әр тасы – алтын, топырағы – қасиетті мекен. Ғасыр өтсе де ғұмырлығын жоймайтын ұлы ұстаздың тәлімін үлгі етіп, шәкірттердің жүрегіне білім нұрын құйып, ғылым жолына түскен ардақты ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірі, тек ұстаз ғана емес, білікті басшы, ел мұңын мінберге жеткізген халық қалаулысы – Бисалиева Алмагүл Төлеуқызы. 
      Есімі білім саласындағы ұстаздарға ғана емес, аудан төңірегіне танымал Алмагүл Төлеуқызы 1969 жылдың 14 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында медицина саласындағы қызметкерлер отбасында дүниеге келді. Басын бұлт шалса да, шыңы аласармайтын асқар тау әкесі Бисалиев Төлеу Мұхамбетсалықұлы – ауылдық стационарлық аурухананың бас дәрігері болып қызмет етсе, әлемнің сұлулары тең бола алмас, мейірімі темірді де ерітіп жіберетін анасы Шналиева Света Сарықызы – санфельдшер қызметін атқарды. Еуропа мен Азия деп екі бөліктің көпірі болған Жайықтың жағасында балалығын өткізген Алмагүл талай дүлдүлдердің табан ізі қалған өлкеде бала бойындағы қабілеті мен дарындылығының ауызын аша білді.
      1976 жылы Бұлдырты орта мектебінің табалдырығын имене аттаған бүлдіршін сабақ оқуда алғырлық танытып, сыныпішілік, мектепішілік өткізілген іс-шаралар мен пән сайыстарында зеректігімен көзге түсті. Бұл – ұстаздарының ынта-жігерімен оқытқан еңбегі еді. Ұстаздарына тәнті болған бала Алмагүлдің кеудесінде оянған бір үміттің ұшы өскенде ұстаз болып шәкірт тәрбиелеуде жатыр еді. Алмагүл 1986 жылы мектепті тәмамдап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, студенттік өмірдің қайталанбас сәттерін басынан өткізумен қатар, білім көкжиегін кеңейтіп келе жатты. 
      Тоқырау дейтін көк тұман елдің ішін басқан сонау 1995 жылдары жоғарғы оқу орнын бітірген Алмагүл Төлеуқызы ашқұрсақ болса да, балаларын сабақтан қалдырмаған ата-аналарға демеу болып, тамыз айынан бастап туған ауылының Бұлдырты орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде ұстаздық жолын бастады. Айлап жалақы алмаса да, абыройы мен азаматтық арына дақ түсірмей, оның үстіне ұлттың болашағына бей-жай қарай алмайтын ұстаздардың сапына қосылған Алмагүл білім саласының ішіне еніп кетті. Әр оқушы – әр әлем. Мектеп табалдырығын имене аттаған әр бүлдіршіннің бейіміне қарай іс жасап, бала бойындағы қабілеттің ашылуына, мектеп бағдарламасын санасына сіңіре білуге, келешекте үлкен азамат болуына сеп болып, адами құндылықтарды жоғары бағалауға тәрбиелеу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапты да қиын іс. Ұстаз – оқушының ғана емес, ұлттың тағдырына жауапты. Сондықтан, қашанда ұстаздарға артылар жүктің салмағы қара нардың да белін қайыстыратын ауырлықтай зіл түсіреді. Осындай жауапкершілігі мол жұмыстарды атқара жүріп, шәкірт жүрегіне жол тапқан Алмагүл Төлеуқызы ұстаздық қызметін абыроймен атқара білді. 
      Пән мұғалімі ретінде елеулі істер атқарып, «Әп, Бәрекелді!» деп мақтауға тұрарлық жетістіктерге қол жеткізді. Бойындағы білім-біліктілігінің жоғары екенін паш етіп, 1999 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері болса, республикалық «Жыл сынып жетекшісі – 2001» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде бірінші орынға ие болып, республикалық кезеңінде «Шығармашылық жан-жақтылық» номинациясы бойынша дипломанты атанды. 2002 жылдан бері жоғары санатты мұғалім болып келе жатқан Алмагүл Төлеуқызына мұғалімнің әрдайым өзінің кәсіби біліктері мен қасиеттерін ұштау мақсатындағы талпынысы 2009 жылы өткен «Читающий Казахстан» республикалық бағдарлама аясында аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің олимпиадасында бірінші орынға ие болып, облыстық кезеңінде «Филолог-зерттеуші» номинациясын алуға септігін тигізді. Түлектері орыс тілі пәні бойынша әр жылдарда жоғары білім сапасын көрсетіп, ұлттық бірыңғай тестілеуде, соңғы жылдарда мемлекеттік аттестаттау кезінде де алған білімдерін ақтап келеді. Солардың бірі: Ж.Сахипова, 
      А. Бахытова, Г.Бахытова, А.Джанузакова, А.Джонисовалар «Алтын белгі» белгісінің иегерлері атанса, оқушысы Е.Бахытов «Үздік аттестат» иеленді. Орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша мұғалімнің тәжірибесінен мақалалары мен сабақтары республикалық, облыстық кәсіби басылымдарда жарияланды.
      Жұмыс істеудегі ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғаммен еркін араласуы, тығыз қарым - қатынаста болуының арқасында ұжымдастары алдында беделі көтеріліп, басшылықтың сенімінен шыға білген Алмагүл Төлеуқызы қызметте сатылай өсті. 2002-2004 жылдары Орал қаласындағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясында сырттай оқып, мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша менеджер мамандығын игеріп, өзінің тәжірибесін молайтумен қатар, біліктілігін арттырған ұстаз. 2002 жылдың қыркүйек айында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бекітіліп, өзіне жүктелген тапсырмаларды орындауда қателіктерге жол бермеді. 
      2002 жылдың тамыз айынан 2010 жылдың қазан айына дейін директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымы бойынша еңбек еткен кезінде әріптестерінің аудандық, облыстық деңгейдегі кәсіби байқауларға қатысудың нәтижелі болу әдісін үйретті. Атап айтар болсақ, 2005 жылдың маусым айында жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын - алу шаралары бойынша мұғалімдердің облыстық байқауында жеңімпаз атанды. 2006, 2007 жылдардың жаз айларында Бұлдырты орта мектебінің базасында ұйымдастырылған аудандық «Болашақ» дарынды балалардың жазғы демалыс лагерінің меңгерушісі жұмысын абыроймен атқара білді. 2007 жылы аудандық білім беру бөліміндегі ата-аналар кеңесі қоғамдық бірлестігінің мүшелігінде болған Алмагүл мұғалімдердің аудандық, облыстық конференцияларында бала тәрбиесі тақырыбында, аудандық білім қызметкерлері мен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бірлескен кеңестерінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын - алу бойынша, жастар саясатының жүзеге асырылуындағы бұқаралық тыңдауларда мектеп оқушыларының орны туралы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне қатысты «Сынып жетекшісі», «Мектептегі психология», «Учитель Казахстана» кәсіби басылымдарда мақалалары жарияланды.
      Уақыт өткен сайын парасат-пайымы толысып, тәжірибесі молайып, өз - өзіне деген сенімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болған ұжымдастары мен басшылықтың сеніміне ие болған Алмагүл 2010 жылдың қазан айында мектеп директоры болып тағайындалды.«Білім беру орындарын басқарудың тиімділігін арттыру мәселесі қазіргі кездегі қоғамның даму жағдайында әр мектеп басшысы үшін маңызды екені белгілі. Осы білім ордасына басшылық еткеніне он жылдан асып келеді. Мектептің инновациялық режимдегі қызметі – жақсы білім сапасының кепілі. Мектепті басқару мен барлық мектепішілік процестерді жаңа деңгейге шығаруға септігін тигізу – Алмагүл үшін үлкен мәртебе. Басшы ретінде қызметіндегі негізгі бағыты – мектептегі оқушы мен ұстаздың тұлға ретінде жан-жақты дамуындағы қажеттіліктерін ескеріп, білім сапасын қамтамасыз ететін мектеп пен білім беру процесін басқарудың табысты жүйесін қалыптастыру. Ол басшылық етіп отырған мектеп қазіргі кездегі білім саласындағы мемлекеттің талаптарына сай мектептің нормативтік-құқықтық базасын жаңартып, құқықтық білімін жетілдіріп отырады және интернет-ақпараттан, халықаралық қаржылық-экономикалық даму орталығының (МЦФЭР) кеңестерінен көмек алып келеді. Мектепті басқару – бұл ұжымдық қызмет. «Ұжым еш нәрсеге қол жеткізе алмайды, егер жалғыз басшы ғана ойлайтын болса»,– деген жапондық кәсіпкердің пайымдауына сай мектепте бөлінген көшбасшылықтың болуы – кез - келген ұжымды жоғары жетістікке жеткізетін тиімді жолдың бірі. Мектебіндегі бөлінген көшбасшылық әр ұжым мүшесіне көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Мектеп әкімшілігінің және мектептің көшбасшылары командасының бірлескен қызметі арқылы мектептің даму стратегиясы, оның ішінде, даму басымдықтары, мақсат пен міндеттері, стратегиялық басымдықтардың жүзеге асыру формалары айқындалып, стратегиялық идея іске асырылған соң, бағалау үшін талдау жасалады. Мектептің перспективалық дамуындағы мәселелерін анықтауда мұғалімдер, оқушылар және ата-аналардың пікірлері ерекше орын алады.
      Әр мектептің өзінің даму жоспарында анықталған басымдықтары тек сол мектепке тән болса, білім беру сапасын жақсартудағы ортақ мәселелерді шешу мүмкіндігін мұғалімдер мен мектеп басшыларының желілік қоғамдастығы арқылы алуға болатын жолдың бірі. Мектептің кеңжолақты интернетке қосылғаны – оқушылар мен ұстаздарға өзара байланысты нығайтуды, интернет-ресурстарын, мектеп сайтын тиімді пайдалануды жеңілдетті. 
      Мектепте оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасып, жыл сайын «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» топтарына жоспарлы қабылдау арқылы да саналы тәртіп орнатылып келеді. Мектеп ұжымы ата-аналар қоғамымен, жергілікті қоғамдастықпен әңгімелесуге әрқашан ашық. Мектеп әкімшілігі жанында ата-аналар кеңесі қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, мектептің білім мен тәрбие берудегі қызметінің жетілуінде «Қамқоршылық кеңес» өзіндік рөлін атқарып отыр. 
      2016-2017 оқу жылында мектеп ұжымы – мемлекеттік аттестациядан өткен іргелі білім ордасы. «Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2011-2020 жылдары шағын жинақты мектептерді дамыту мақсатында жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебі тірек мектеп ретіндегі рөлін сәтті атқарды.
      2018-2019 оқу жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімінің қолдауымен мектепте Бұлдырты ауылының топырағында туып - өскен Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы Ж. Досмұхамедовтің 110 жылдығына орай ауыл тарихына арналған мұражай ашылды. Білім ордасы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықтың нығаюына мүмкіндік беретін мектептер» немесе «Салауатты мектептер» жобасына қатысты. Тағы да ерекшелеп айтып өтер мектептің үлкен жетістіктерінің бірі – оқу-тәрбие үдерісінде басшының кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігін көрсететін табысты білім беру ұйымының қазіргі заманауи моделін анықтау және инновациялық қызметтің рөлін арттыру мақсатында өткен «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» аудан мектептерінің байқауында мектептің жүлделі ІІІ орынға ие болуы еді. Қазіргі қоғамда мектеп басшысына менеджер ретінде талаптар жоғарылауда. Сондықтан да, білім саласында енгізіліп жатқан жаңалықтарға ілесіп, ұжымды жетістікке жетуге ынталандыру үшін өзі де білімі мен кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Мысалы, 2014 жылы Қазақстан Республикасында жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша өткізілген, 2016 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру білім бағдарламасы бойынша және 2020 жылы «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайындағы білім беру ортасының мазмұны», «Педагогикалық қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың негіздері» тақырыптарындағы курстарға қатыстым» деп, ұстанымдары мен атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өткен Алмагүл Төлеуқызы 2017-2018 оқу жылынан бастап мектеп білім саласындағы жаңа мазмұндарды игеріп, ортақ мәселелерді шешу мақсатында жетекші мектеп ретінде де танылып келеді.
      Білім саласында әрдайым тың технологияларды қолданып, заманауи үрдістен қалып қоймау жолында үнемі қоғаммен байланыс орнатып отыратын таным көкжиегі кең басшы Алмагүл Төлеуқызы мектеп директоры болып қызмет атқарып келе жатқан он жыл көлемінде атқарылған жұмыстары да аз емес. Еңбек етіп келе жатқан жылдар ішінде мектептің білім беру процесінің дамуына, тәрбие беру жұмысының ұйымдастырылуын жетілдіруге, ата-аналар қауымдастығымен, жергілікті билік органдарымен, жастар қоғамдық бірлестіктерімен байланысты нығайтуға нақты үлесін қосып келеді. Білім беруді ұйымдастыруда шығармашыл инновациялық бағыттардың болуы, педагогтардың арасында шығармашылық топтардың құрылуы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 
      Оқушылардың ғылыми жоба сайысына, пән олимпиадаларына, әр түрлі интеллектуалдық марафондарға қызыға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы, жеңімпаз атанулары, ұжымдағы мұғалімдердің аудандық, облыстық байқауларда жақсы нәтижелерге қол жеткізулері – олардың еңбегіне басшы ретінде бағыт беріп, қолдауының нәтижесі. Мектептің миссиясы – білім алушылардың қабілеттерін дамытып, олардың табысты өзін-өзі көрсетуіне және әлеуметтенуіне үлес қосатын білім беру кеңістігінің дамыту ортасын қалыптастыру. Кадр сапасына жоғары мән бере отырып, мектептің педагог мамандармен 100% қамтылуына қол жеткізді. 
      Бүгінгі таңда мектепте 53 пән мұғалімі мен педагог мамандар қызмет етсе, солардың ішінде: жоғары білімдісі - 48, магистр -1, арнаулы орта білімдісі - 4. Жоғары санаттысы – 12, бірінші санаттысы – 18, екінші санаттысы – 8. Бұл мұғалімдер мен педагог мамандардың сапалық құрамының 72 % құрайды. Аттестаттаудың жаңа форматы бойынша 1 шебер-педагог, 10 педагог-зерттеуші, 18 педагог-сарапшы, 7 педагог-модератор болса, бұл сапалық құрамның 68% құрайды. Ұстаздық жолын жаңа бастаған жас мамандарға қолдау көрсетіліп келеді. Нәтижелі еңбектері үшін мектеп ұстаздары жыл сайын аудан, облыс, республика деңгейлерінде, солардың ішінде ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарына ие болып, ҚР Президентінің «Алғыс Хаты», ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет Грамоталары» мен «Алғыс Хаттарымен» марапатталды.
      Әр жылдағы мектеп түлектері 100% мектептен кейінгі жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуларын жалғастырады. Алмагүл Төлеуқызы басқарып келе жатқан жылдары ішінде 31 түлек «Алтын белгі» белгісінің және 5 түлек «Үздік» аттестаттың иегерлері атанды. 2018 жылы оқушылардың жетістіктері бағаланатын дәстүрлі аудандық фестивалінде мектеп «Үздік мектеп» аталымына ие болды. Жыл сайын оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептері арасындағы оқушылардың білім, спорт, өнер, шығармашылықтағы, сондай-ақ , ұстаздардың кәсіби жетістіктері өлшенетін рейтингте мектеп «Инновациялық режимде жұмыс істейтін мектеп» ретінде танылып келеді. Соңғы 3 жылдағы оқушылардың орташа білім сапасы 60% құрап отыр. 
      2009 жылы Алмагүл Төлеуқызының жетекшілігімен жүрген дайындықтың нәтижесінде мектеп ұжымы «2009-2010 жаңа оқу жылына мектептің үздік дайындығы» облыстық байқауында жеңімпаз атанып, компьютерлік сынып (10+1) ұтты. Міне, бұл – үлкен ұжымның күн-түн демей атқарған жұмыстары мен осы кезге дейін уақытпен санаспай, шәкірт тәрбиесінде атқарылған жұмыстарға берілген әділ баға еді.
      Ресурстық орталықтың моделі, оның қызметін ұйымдастыру мен элективті курстарды жүргізудің тиімділігі жөнінде мақалалары білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында білім ұйымдары басшыларының кәсіби құзырлығын дамыту» жинағына, облыстық ғылыми-әдістемелік «Ұстаз» журналының қосымшасына, аудандық қоғамдық-саяси «Сырым елі» газетінде жарияланды. 
      Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру істеріндегі нәтижесі бойынша еңбектерін бағалап, озат тәжірибелерді жинақтап, таратып отыруға зор мән беретін, әрі мұғалім, әрі талапшыл басшы ретінде қарамағындағы әріптестерімен санасып, пікірлесіп, ақылдасып отыратын Алмагүл Төлеуқызының еңбектері мен атқарған жұмыстары өлшеусіз. 2013 жылдың қазан айынан 2016 жылдың наурыз айына дейін Сырым аудандық мәслихатының №7 сайлау округі бойынша депутаты болып, ел мұңын мінберге жеткізген Бисалиева Алмагүлдің ақ адал атқарған еңбектеріне орай лайықты марапатталып, іскерлігі мен ұйымдастырушылығына, қабілетіне берілген «Алғыс Хаттардың» саны жетерілік. 
      1999 және 2001 жылдары Сырым аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет Грамотасына» екі мәрте ие болса, 2001 жылы Батыс Батыс Қазастан облысы білім басқарамасының «Құрмет Грамотасы» және ББИ КБАРИ -дің дипломымен марапатталды. 20003, 2004, 2006 жылдары Сырым аудандық білім беру бөлімінің және Сырым аудандық МКҚК Тәрбие орталығының «Алғыс Хаттарын» еншілеп, 2005 жылы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының дипломы мен 2007 жылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі жетістіктері үшін облыс ұстаздарының «Құрмет Тақтасы» - нан орын алды. 2021 жылы мектеп басшысы ретінде облыстық басқарманың «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 
      2010 және 2016 жылдары Сырым ауданы әкімінің «Алғыс Хаттарын, 2015 жылы Батыс Қазақстан облыс әкімінің «Құрмет Грамотасын», 2017 жылы Батыс Қазақстан облыс әкімінің «Алғыс Хатын», 2018 жылы «Табысты менеджер» аудандық байқауына белсене қатысқаны үшін білім беру бөлімінің «Алғыс Хатын», «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» «Қос аққу» Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубы» ҚБ-нің медалін иеленген Алмагүл Төлеуқызына ұсынатын орын қай жерде де төр болмақ.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...