Дюсебаева Ұлжалғас

Рейтинг:

Ұстаз – өмірдің тұтқасы
 
Адамгершілігі барлар, басқаларға тірек болады, 
осыны өздері де қалайды, 
Басқаларға жетістікке жетуге көмектеседі, 
өзі де сол жетістікке жетуді қалайды.
 Конфуций
      Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман – уақыт талабы. Көк туын желбіреткен егемен елімізді өркениетке жетелейтін білім бастауында мектеп, ал сол мектепте жас ұрпақ бойына білім негізінің мәңгілік іргетасын қалаушы ұстаз тұрады. «Мұғалімдер — қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, ең «сынампаз» бөлігі болып табылады», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев бекер айтпаса керек. Сондықтан да, бүгінгі таңда тәуелсіз елімізге білікті маман, өз ісінің шебері қажет, сондай заман талабына сай білім беріп келген ұстаздардың бірі де, бірегейі — Дюсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы.
      1968 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1974 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген жас маман алғашқы ұстаздық жолын, Жамбыл орталау мектебінде мұғалім болып бастаған еді. Алғашқы жылдары-ақ өзінің ерешелігімен көзге түскен ұстаз барлық мұғалімдер секілді таң рауаны тарала мектепке асығып, бойындағы білімін алдындағы шәкірттеріне сіңіріп, аз уақыттың ішінде тәжірибе жинақтап, өзіндік орны бар маманға айналады. Ұстаздық жолдың қиындығы болса да, Ұлжалғастың жүрегінде балаларды оқытуға деген қызығушылық болғандықтан, сол қиындықтар шымыр етіп шыңдады, өз мамандығының қыр-сырын меңгеріп, келешегіне жол көрсетті.
      1979 жылы Ұлжалғас Бурасанқызы Екпінді ауылында «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Қай жұмысты болсын жауапкершілікпен орындайтын Ұ.Дюсебаева өзіне артылған сенім үдесінен шығу үшін үнемі ізденіс үстінде болды. Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге  баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Бала жас тал болса, ал ересектер оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Меңгеруші ретінде балабақша ұжымының  алдына қойған міндеті - балабақшадағы әрбір балдырғанның бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналып, бүлдіршіндерге тәлімді тәрбие негізі балабақшадан қаланады. 
      1982 жылдан бастап Дюсебаева Ұлжалғас Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылындағы  № 2 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Осы кезден бастап теориялық білімін жетілдіріп, жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол,  ғылыми-мәдени өрісі озық етіп тәрбиелеу үшін өз үлесін қосуды алдына мақсат етіп қояды. Ол қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабағының барынша қызықты да тартымды өтілуіне назар аударады. Ұлжалғас Бурасанқызының өз сабақтарында жиі қолданатын әдіс-тәсілдері: сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық-коммуникативтік технологиясы, диалогтік оқыту әдісі, жұптап, топтап оқыту тәсілдері т.б. Ұлжалғас Дюсебаева оқыту үрдісінде оқушылардың өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын қалыптастыруларына, олардың өзіндік ізденістеріне, ортаға тез бейімделулеріне, ең бастысы өмірде өз орындарын таба білуге бағытталушылық, жол сілтеушілік бағытына басты назарды аударады.
      Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерге жұмыс жасау машығын меңгеруде дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды», - деген болатын. Қазіргі оқушы жан-жақты, рухани бай тәрбиелі болуы тиіс. Баланың тәрбиесі, адамгершілік қасиеті болмаса құрғақ біліммен одан жеке тұлға қалыптаспайды. Сондықтан болар, Дюсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыздың өміршең сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдырды.      Тіл мамандарына оқу процесінде оқушының сөйлеу қабілетінің дамуына әсер ететін жайға көп көңіл бөлу қажет. Себебі: тілі жетік оқушы барлык гуманитарлық пәндерден жақсы нәтиже көрсете алады. Тілдік норма жетілу үшін оқушының ауызекі сөйлеу тілін, жазба тілін дамытқан жөн. Әр ұстаздың білімі мен біліктілігі, пәнді меңгерудің әдіс-тәсілін жетік меңгеруі, осы әдіс - тәсілді іс жүзінде тиімді қолдана алуы – бүгінгі күннің талабы. Оқу инемен құдық қазғандай екендігін ескерсек, пәнді меңгерту ұстаздан тамшыдан көл жасағандай үздіксіз ізденісті, үлкен қажыр-қайрат жұмсауды қажет етеді. Міне, осындай білікті мамандардың алдыңғы қатарына жататын ұстаздардың бірі Ұлжалғас Бурасанқызы десек, артық айтқандығымыз емес.
      «Жақсы адам өзіне байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады»-деген әдемі нақыл Ұлжалғас Бурасанқызына  арналғандай. Әркез ертеңгі өмір үшін аянбай еңбек етіп, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған жылы шыраймен жанға шуақ шаша білетін ізгі жанның бірі Дюсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы 1949 жылы 1 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Көлбай ауылында дүниеге келеді. Ол 1956 жылы осы ауылдағы Комсомол орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, мектепті 1966 жылы үздік бітірді. 1966-1968 жылдары сол заманның талабы бойынша ауылдағы комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеді. Бұл да жалындаған жастың қандай жұмысқа да тастүйін дайын екендігін көрсетпей ме?! Оның еңбекке деген көзқарасы да сол кезде қалыптасқан болатын. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған Ұлжалғастың көктемі мен жазы, қыруар күзі жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған. «Ұстазым менің ұстазым, өзіңмен өткен қыс, жазым» деген ыстық махаббат осындай ұлағатты ұстаздарға арналса керек.
      Дюсебаева Ұлжалғас Бурасанқызының педагогикалық жұмыс өтілі 43 жыл болса, Қабанбай ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектепте 1982 жылдан бастап 2016 жылға дейін еңбек етті. Өз білімін жетілдірумен үздіксіз шұғылданып, облыстық білім жетілдіру курстарынан өтіп, сонымен қатар алған білімін жоғарғы біліктілікпен пайдалана білетін жан.
      «Шәкіртсіз ұстаз тұл» - бұл қаншалықты жаттанды болғанымен Ұлжалғас Бурасанқызы сияқты ұстазға қарата айтқанда соншалықты жанданып, бояуы құлпырып кететін сөз. Бүгінгі таңда шәкірттері де кез келген сайыстардан, олимпиададан қатардан озып, үнемі жүлделі орындар алып келеді. Қалалық іс-шараларда ұстаздың өзі де,оқушылары да бас жүлдені ешкімге берген емес десек, қателеспейміз.
      – «Ата-аналардың алғысы мені машақаты көп ұстаздық қызметті абыроймен атқаруға бастаса, ұжымымның қолдауы жеңісті күндерге жеткізді. Ал, көз алдымда есейген шәкірттерім бір төбе. Орыстың ойшыл ғалымы Д.М Менделеев: «Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкіртінде, өзі нұрын шашқан ұрпағының өсіп-өнуінде» деген екен. Баланың жанына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табатын да – ұстаз. Ұстаздық жолымда балаларды киелі өнерге баулып, кейін сол өнер жолын таңдап танымал өнер иелері атанған шәкірттеріммен де мақтана аламын.», – деді өз сөзінде үйреткені көп, үйретері одан да мол білім беру саласының үздігі.
      Ұ.Дюсебаеваның еңбек жолының тағы бір қыры бар. Ол 1989 жылы «Әдіскер мұғалім» атағын алды. Ұлжалғас Бурасанқызы – әлемдік мәдениетті жетік меңгерген, мәдениетті, байсалды да байыпты, қиындықтарға қарсы тұра алатын, тығырықты мәселеде айқын шешім қабылдай алатын  адам. Әріптестері осылайша бағалай келе, оның қазақ ұлтының мәдениеті мен әдебиетін терең білетініне, биік сөз шеберлігіне тәнті болады. Ұ.Дюсебаеваның 1997 жылы 5, 6, 7-сыныптарға арналған «Тіл мәдениеті» атты бағдарламасы жарық көрді. Ал, 2010 жылы Ұлжалғас Дюсебаеваның «Ұстаздан ұлағат» атты әдістемелік кітабы жарық көрді.Ұлжалғас Бурасанқызы өзінің сүйікті ісі — жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде білім саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз атсалысып келеді. Осыншама мол, игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық. Оның үстіне ұстаздың еңбегінің сан қырлы екеніне көзіңіз жетеді. Ең алдымен, бала тәрбиесіне жан дүниесімен берілген, оның нағыз майталман маманы, осы бір білім саласының бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан ардақты ұстаздың әдістемелік кітап жазуы заңдылық деп қабылдағанымыз жөн болар.
      Өз ісінің шебері, ардақты ұстаз Ұлжалғас Бурасанқызы шәкірттермен бірге жас мамандарға да білгенін үйретуден жалыққан емес. «Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық ету – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Бұдан асқан қиямет-қайым қиындық, азап пен бейнет жоқ. Осы қиындықты жеңген, осындай азап пен бейнетке көнген ғана - ұстаз», - деп академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, Ұлжалғас Бурасанқызы бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған аяулы жан. «Білмегенімізді сұрап барсақ, білгенін үйрететін ұстаздардың ортамызда жүргені біз үшін зор бақыт. Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әрбір адам осы қасиеттерге ие болуы керек», - дейді Ұ.Дюсебаева. Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп тұратын ұлағат иесі жайлы үлкеннен де кішіден де тек ыстық лебіз ғана естисіз. 
      Тек ұрпақты ғана емес қоғамды да тәрбиелеген, ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Ұлжалғас Бурасанқызына қандай мақтау, мадақ айтса да артық етпейді. Өз ісінің білікті маманы, қайтпас қажыр-қайрат пен зор ізденіс арқасында Ұлжалғас Бурасанқызы талай марапатқа бөленді. Шығармашылық пен ізденістерге толы ғибратты ғұмырында 1996 жылы Білім беру саласы кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамотасы» берілсе, 2003 жылы Алматы облысы әкімінің «Алғыс хаты» және арнайы сыйақысын алды.
      Ұлжалғас Дюсебаева 2004 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», 2004-2005 жылдары «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының «Мақтау грамотасымен», 2006 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2006 жылы Дюсебаева Ұлжалғасқа «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.
      2002 жылы Ұлжалғас Бурасанқызы Республикалық мұғалімдер съезінің делегаты болып сайланды. 2011 жылы ұстаздың жетекшілігімен ұйымдастырылған дарынды балалардан құралған «Алакөл» тобы «Жетісу» телеарнасы мен облыстық Тілдерді дамыту басқармасының «Асыл сөз» зияткерлік телебайқауының «Бас жүлдесін» жеңіп алды.
      Дюсебаева Ұлжалғас 2011 жылы «Тәуелсіздікке - 20 жыл» медалімен марапатталды. 2012 жылы жерлестері үлкен сенім артып, Ұлжалғас Бурасанқызын Алматы облысы, Алакөл аудандық маслихатына депутат етіп сайлады. Ол 2012 жылы «Қазақстан маслихатына - 20 жыл» медалімен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатын» иеленді
      Ұлжалғас Бурасанқызы Дюсебаева 2013 жылы «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық форумға облыстық спикер ретінде қатысып, Н. Ә. Назарбаевтың қолтаңбасы қойылған «Қазақстан жолы» кітабын сыйға алды. Ұлжалғас Бурасанқызына 2014 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
      Ұ.Дюсебаева 2015 жылы Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Құрмет грамотасымен», ал 2016 жылы ҚР-ның «Тәуелсіздігіне - 25 жыл» медалімен марапатталды. Сол жылы Алакөл ауданы әкімі Ә.Жақанбаевтың алғыс хатын иеленді. Дюсебаева Ұлжалғас 2017 жылы Қазақстан ардагерлері ұйымының «Құрмет белгісі» медалімен марапатталды.
      Ол еңбек еткен ұжымының қолдауы мен қуатының арқасында шығармашылық-педагогтік табыстарға жетіп, елдің құрметіне бөленді. Ал, ең бастысы ол шәкірт жүрегіне жол таба білді. Міне, оның ең басты байлығы да, қазынасы да осы!
      Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Ұлжалғас Бурасанқызының алдынан көптеген түлектер жаңа өмірге қадам басты. Ұстаздан білім алған сандаған шәкірттер әртүрлі пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларының жеңімпаздары атанды. Бұл күнде ұстаздың жолын қуған оннан астам қыз бен жігіттер еліміздің мектептерінде филолог мамандығы бойынша қызмет етеді.
     «Кітап-адамның досы» деген тағылымды есті жан есінен шығармауы керек дейді ардагер ұстаз. Зейнет жасына  келсе де Ұлжалғас Бурасанқызы кітапханаға барып, тарихтың тарғыл беттерін парақтауды ұнатады. «Әрине, кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді, ішкі жан дүниесі байиды, есте сақтау қабілеті артады, ақылдырақ болады дегендей. Сондай-ақ, оқу логикалық ойлауды дамытады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың» - дейді ол кітап оқудың пайдасы жайында.
       Ұстаз – өмірдің тұтқасы. Ұлжалғас Дюсебаева өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі жан. Бейнеттің зейнетін көріп отырған абзал ұстаз білгенін, өмірден түйгенін үйретуден әлі де болса жалыққан емес. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналар қоғамдық істе де белсенді. Ұлжалғас Бурасанқызы тірлікте талай тауы шағылған шаңырақ пен жүдеген жандарға жәрдем беріп, ел бірлігі мен қоғам тыныштығы үшін де барын салуда.
      Дюсебаева Ұлжалғас - Алакөл аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы, қоғамдық кеңестің мүшесі. Белсенді қоғам мүшесі, ұлағатты ұстаз ретінде ол бабаның қаны, ананың жасымен келген тәуелсіздіктің қымбат екенін, сол құндылықты жастарға ұғындыруды өзіне парыз санайды. Салт-дәстүрді дәріптеп, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына да қосқан үлесі қомақты. Мұнымен қоса, ұйым жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында да бірталай жұмыстарға мұрындық болған. Қоғам өміріндегі «Аналар кеңесінің» басты міндеті - қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды тарату бойынша шараларды жүзеге асыру болып табылады.  
      Тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде  Ұлжалғас Бурасанқызына  жолдасы Дюсебаев Әшімхан Мәлікұлы әрдайым дем беріп, қолдау көрсетіп келеді. Шаңырақ құрғалы ширек ғасырдан астам өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келе шатқан ерлі-зайыптылар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп жеткізді. Жолдасы Дюсебаев Әшімхан Мәлікұлы Алматы құрылыс институтын бітіріп, ұзақ жылдар инженер-құрылысшы мамандығы бойынша еңбек етті. Әртүрлі құрылыс кәсіпорындарын басқарды. Сонымен қатар, Кеңес одағы партия мектебін бітіріп, партия-кеңес органдарында қызмет етті. Қазіргі кезде құрметті демалыста.   
      Өресі биік парасатты әке мен педагог-ананың тәрбиесін бойына сіңірген перзенттері саналы тәрбие, биік адамгершілік үлгісін көріп  өскен, еліне еселі қызмет етіп жүрген жоғары білімді, қоғамға кірпіш болып қаланып, өмірден өз орнын тапқан азаматтар. Шаңырақтың тұңғышы Арман Әшімханұлы Алматы қаласында тұрады. Мамандығы – заңгер, полиция майоры. Қалалық ішкі істер бөлімінде өз қызметін абыроймен атқарып жүр. Жұбайы Дәметкен екеуі Аян, Айдана, Айсұлан атты екі ұл, бір қыз өсіріп отыр.
      Жанұяның қырмызы гүлі Ардақ Әшімханқызы Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында тұрады. Қос дипломды ұстаз бүгінде Омар Молдағожин атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Анасының жолын қуып, білім саласының маманы болуды қалаған Ардақ бүгінде отбасылы, өмірлік серігі Олжас екеуі Мирас, Ілияс, Елжас атты үш ұл тәрбиелеп отыр.
      Ұлдары Ербол Әшімханұлы Талдықорған қаласында тұрады. Энергетик және заңгер мамандығын қатар меңгерген  талапты ұл Алматы энергетикалық институты мен М.Жолдасбеков атындағы Заң академиясын бітірген қос дипломды маман. Заман ағымына сай біліктілігіне білімі сай келген Ербол Әшімханұлы қазіргі кезде Талдықорғандағы «ТАЭТК» акционерлік қоғамында вице-президент болып қызмет етеді. Зайыбы Дина екеуі төрт баланың ата-анасы атанып, Назерке, Асылмұрат, Ерасыл, Айзере атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.
      Қазақи дәстүрге сай шаңырақ ұстар ұл, отбасының кенжесі Саян Әшімханұлы Өскемен қаласында тұрады. Қазақ мемлекеттік Заң академиясын және аспирантурасын бітірген. Мамандығы – заңгер. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының прокуроры қызметін атқарады. Шаңырақтың кенже келіні Қарлығаш екеуі Ермұрат, Ердаулет атты болашақ Отан қорғаушылар мен Айғаным есімді қыз өсіріп отыр.     
      Дос-жарандарының арасында да Ұ.Дюсебаева ақжарқындығымен, мейірбандығымен, адамгершілігімен ерекшеленеді. Мәртебелі мұғалім мамандығын құрметтеген асқақтық пен өрлік, ірілік пен ізгілік, қайсарлық пен өткірлік, қажыр мен жігер, кесектік пен кішілік бір бойынан табылған Ұлы Ұстаздың дара тұлғасымен ерен еңбегі мәңгі тарихта қалмақ. Ұстаз мамандығын бар жанымен жақсы көріп, бар ғұмырын халық баласына арнаған білікті де білгір, сыйлы да беделді, өз мамандығын жете меңгерген ұжым арасында үлкен құрметпен беделге ие жан, «Алакөл ауданының Құрметті азаматы» Ұлжалғас Бурасанқызы Дюсебаева төңірегіндегілерге тұшымды ақыл-кеңес, тәлімді тәрбие беріп жүргендігімен биік тұрады. Ендігі ғұмырыңызды немере-шөбере тәрбиесіне арнап, туған-туыстың ынтымағын жарастырып жарқырап жайнап жүре беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

1 ноября 2025 08:58
Назым
Гульбану Жоламановна творит чудеса.  Она знает ключ к счастливой жизни — и щедро делится им с другими. Классная женщина...
16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...