![]()
Ұлағатты ұстаз
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық десек артық айтпаған болар едік. Себебі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелеп шығады. Тарыдай кезінен балаларды оқытып, үйретіп, таудай қылып, білімді, мейірімді етіп тәрбиелеп шығады. «Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» деген ғой, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ деуге болады. Қандай білімді тұлға болмасы
![]()
н ұлағатты ұстаз алдынан тәлім алады. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» - деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, әрбір ұстаз еңбегі ерен. Оқушы санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Сондықтан да оқушы жүрегіне жол таба білетін ұстазға тең келер жан жоқ. Ол жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып ғана қоймай, үлкен өмірге бағыт-бағдар береді. Демек ұстаз болу шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский: «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы әдеттерден аулақтатушы адам» деп жазып қалдырған екен. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Міне, осыдан-ақ, «ұстаз» деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен де биік тұрады. Кейіпкеріміз Мейрамбала Байтанқызы 45 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі талай шәкірттің жұлдызын жаққан, өзінің ізін басатын шәкірт дайындай білген ұстаз.
Баймолданова Мейрамбала Байтанқызы 1956 жылы 7 қарашада Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кальпе елді мекенінде өмірге келген. Ақылды да зерек Мейрамбала 1963 жылы 1-сыныпқа барып, 1973 жылы В.В.Куйбышев атындағы орта мектепті үздікке аяқтады. Мектеп қабырғасында үлгілі оқушы болуымен қатар, белсенді,
![]()
ұйымдастырушы, жан-жақты ізденімпаз, көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мектепте математика пәнін өте жақсы ерекше ықыласпен оқыды. Есеп-қисапқа жақын ол күрделі есептердің өзін мүдірместен, қатесіз орындай білетін. Мектептің, ұстаздарының мақтанышы болып, мектепті аяқтаған жылы Талдықорған педагогикалық институтының физика-математика факультетінің математика мамандығына оқуға түсті. Өзінің сүйікті мамандығы бойынша аталмыш жоғары оқу орнын 1977 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Жас маман 1977-1980 оқу жылында алғашқы ұстаздық қызметін Талдықорған облысы, Көксу ауданының, Мамбет ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектептен бастады. Жас та болса, өзінің саласына деген махаббатының арқасында ұжымға бірден-ақ сіңіп кеткен Мейрамбала Байтанқызы өз ортасына сыйлы болды. Екі жыл аталған мектепте ВЛКСМ-нің бірінші хатшысы, екі жыл тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет жасады. 1981-1987 жылдары Көксу ауданының Ф.Энгельс атындағы орта мектебінде мұғалім болып қызмет жасады. 1987-2001 жылдар аралығында осы ауданның Шаңырақ ауылының Егінбаев атындағы орта мектебінде жұмыс жасады. 2001-2005 жылдар аралығында Абылай хан орта мектебінде, 2005-2008 жылдары Б.Майлин атындағы орта мектепте, 2008-2017 жылдары Рақымжан Тоқатаев атындағы орта мектепте, 2017 жылдан бастап қазірге дейін Рахат №1 орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп келеді.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім ғой. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің
![]()
өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
Иә, қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше, кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылғанын білеміз. Ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім-тәрбие алған шәкірттері де бүгінгі күні ұстаз жолын қуып, осы салада жемісті еңбек етіп жүргені жанды жадыратады. Абдуллаев Нұрболат есімді шәкірті бүгінде мықты математик, Мейрамбала Байтанқызының жолын қуған ұстаз.
- «Менің алғашқы шәкірттерімнің өзі 1961 жылғылар болатын. Олардың өзі де бүгінде егделенді ғой. Жолымды қуған шәкірттерімді мақтан етемін. Менің еңбегімнің қайтқанының дәлелі де осы емес пе?! Өзім әлі күнге дейін сабақ беріп келемін. Кәрілікке беріліп үйде отырғым келмейді. Тағы бір шәкіртім мықты стоматолог. Ол Талдықорғанда тұрады, есімі Күздікбаев Ұлан 1978 жылғы. Менің ең сүйікті қымбатты шәкіртім болатын. Өзім барлық шәкіртіммен мақтанамын», - дейді ұстаз.
Оқушылары үнемі мереке, туған күндерінде құттықтап отырады. «Өзіңізді іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер, білімді де білікті маман ретінде танимыз. Бiлiм саласындағы қызметіңіз бен ұтымды істеріңіз, аса қарапайым мінезіңіз бен байыптылығыңыз көпке өнеге. Азаматтық бітім-болмысыңыз да үлгі тұтарлық. Сізге жүрер жолыңыздың ұзақ, асар асуларыңыздың биік, көрер қызықтарыңыздың мол болуын тілейміз!» деген сынды құттықтаулар легі үздіксіз жолданып жатады.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім.
![]()
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Ұлағатты ұстаздың еңбегін бағалап, 1997 жылы 27 маусымда «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2001-2002 оқу жылында Еңбекшіқазақ ауданы №4 Абылай хан орта мектебінде бастады, 2002 жылы Алматы облысы бойынша облыстық ИУУ-да ұйымдастырылған математиктердің олимпиадасына аудан атынан қатысып, ІІ орын алып, дипломмен марапатталды. 2001-2005 жылға дейін қызмет жасады. 2005-2008 жылдар аралығында Б.Майлин орта мектебінде сабақ берді. 2006 жылы Астана қаласының №10 мектебінде оқытудың кредиттік технологиясы бойынша 26.10-29.10 аралығында тренинг өткізді. 2013 жылы 29 қазанда Өскемен қаласында өткен жаңашыл ұстаз ретінде форумға қатысып, шығармашылық еңбектерін таныстырып ең үздік жұмыс деген мақтау қағазымен марапатталды. 2014 жылдың шілде айында математика пәні бойынша мұғалімдерге көмек ретінде өз тәжірибесімен бөлісіп, Кеген ауданында өткен курста ұстаздарға дәріс берді. Аудан оқушыларын жылда математика және математикалық сауаттылық бойынша ҰБТ-ға дайындайды. Республика көлемінде шыққан журналдарда іс тәжірибелері мен мақалалары бар. 2005-2020 жылдар аралығында «Тамыз кеңесінде» математиктердің секция жетекшісі болды. Аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясының, кәсіподақ ұйымының, аудандық оқу бөлімінің мақтау қағаздарымен және де алғыс хаттарымен марапатталған. 27-28 наурыз 20019 жылы математика, физика, информатика пән мұғалімдерінің I облыстық шығармашылық байқауына қатысып, мақтау қағазымен марапатталды. Оқушылары республикалық «КИО», «ТИО», «NIO», «GLEVER», «Mуn bala», «ККО» қашықтық олимпиадаларының, «Кенгуру», «Ақбота» зияткерлік конкурстардың жеңімпаздары. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2019 жылы математика пәні мұғалімі лауазымы бойынша «Педагог-шебер» біліктілік санатын алды. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (27.06.1997 ж.), «Білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін» медаль (27.12.2017 ж.), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық шығармашылық бірлестігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, Республикалық «Білім шыңы Ғылым сыры» журналы редакциясының 2020 жылы 10 қаңтарында №001 шешімі бойынша «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» төсбелгісімен марапатталды.
Тағылымы терең, парасат пайымы келіскен ұлағат иесіне мықты денсаулық тілеп, ұстаздық жолындағы еңбегіне тек ғана сәттілік тілейміз. Ел баласына береріңіз таусылмасын ұлағатты ұстаз.