Дәрменқұлова Рая

Рейтинг:

Ана тілінің жанашыры

       Өзінің тіліне жанашыр болу әрбір жан үшін парыз. Себебі, тіл қоғамдық құбылыстардың қатарынан орын алатын қыр-сыры мол, күрделі де өзекті мәселенің бірі. Қоғамның қажеттілігі мен заман талабын қатар ескеріп дамыған тілдің қолданыс өрісі кеңейе береді. Ұлттың әлеуметтік сұранысын өтеген кез келген құбылыс сол кезеңнің өзіндік келбетін анық аңғартады. Иә, кез келген тіл ұлттың негізгі рухани айнасының бірі ретінде сол мәдениетке, өркениетке, әдебиетке, ұлтқа қызмет етеді. Тіл мәселесі тереңнен тартылған тарихи теперіштер тежегіш күш болып отырғандықтан да жалаң жанашырлықпен жақсара қояр жайт емес. Тіл үшін күресіп, тіліне жанашыр болып жүрген жандар ортамызда аз емес. Әңгімемізге арқау болып отырған «Тіл ардагері» және ҚазҰМУ «Күміс медалінің» иегері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ тіл білімі кафедрасының доцент міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Дәрменқұлова Рая Нұрсұлтанқызы. Білікті маман өзінің аймағына ғана емес, тұтастай қазақ еліне аты таныс жан. Оның еңбек жолымен қатар, жазған еңбектері, елге бергенінен әлі берері көп деуге болады.
       Рая Нұрсұлтанқызы 1968 жылы 20 тамызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. Ол 1976 жылы Жанқожа батыр ауылындағы № 94 орта мектептің 1-сыныбына қабылданды. Кішкентай күнінен білімге құштар, ынта-ықыласы зор Рая мектепте өте белсенді оқушы болды. Мектептің қоғамдық іс-шараларына қатысып, көшбасшылар қатарынан көріне білді. Талабы таудай қыздың өжеттігі, қайтпас қайсарлығы, алғыр да зеректігіне тәнті болған ұстаздары оның болашағынан зор үміт күтетін. Ол 1978-1980 жылдары Қазалы ауданындағы №226 орта мектептің 3-4 сыныбында оқыса, 1980-1984 жылдары Шәкен кентіндегі №134 орта мектепте оқып бітірді. Раяның әкесі Дәрменқұлов Нұрсұлтан Ізбасқанұлы 30 жылға жуық автодүкен меңгерушісі қызметін атқарса, анасы «Алтын алқа» иегері Дәрменқұлова Айымқамал Абылақызы дүкенде қызмет жасады. Қарапайым да қазақы отбасында тәлім-тәрбие алған Рая әкесінен еңбекқорлықты, уәдеге беріктікті үйренсе, анасынан мейірім мен қамқорлықты көріп есейді. Арманы асқақ, қиялы жүйрік қыздың алға қойған мақсаттары көп болды. Алтын ұя мектебін үздікке аяқтап шыққан жас түлек, арман жетегімен мұғалімдік мамандыққа бет бұрды. Осы мақсатпен Рая Нұрсұлтанқызы 1984 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Білімге құштар жас, тәжірибелі оқытушылардан өте жақсы білім алып, аталмыш оқу орнын 1988 жылы үздік дипломмен бітіріп, «Бастауыш сыныптың мұғалімі» мамандығын алады. Жас маман алғашқы еңбек жолын 1988 жылы Шәкен кентіндегі №134 орта мектеп-интернатта тәрбиеші болып бастады. Алғашқы еңбек баспалдағын имене басқан Рая, ұжымға тез үйренісіп, өзінің алған білімін шыңдай жүріп, тәжірибелі аға-ұстаздардың ақыл-кеңесіне ден қойып, мақтаулы мамандар қатарына қосылып, жемісті еңбек ете білді. Мектеп-интернат ұжымымен ауызбіршілікте болып, балалардың да жүрегінен жол таба білді. Білімді жас өзінің жан-жақты ізденімпаздығының арқасында үздіксіз оқуын жалғастырып, білімін жетілдіре түсті.
       Табанды іскер жас білім алудан, ізденуден шаршамады. Сәт сайын жаңарып, жаңғырып жатқан жаңалықтарға ден қойып, оны іс жүзінде асыруға тырысты. Өзінің сабағында жаңа тақырыптарды түрлендіруімен ерекшеленді. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде білім ала жүріп, Алматыдағы орыс мектептерінде алғашқы қазақ сыныптарының ашылуына да атсалысқан ұстаздардың бірі болды. Ғалым-ұстаз Дәрменқұлова Рая Нұрсұлтанқызы 1989-1990 оқу жылында Алматы қаласы Орбита шағын ауданындағы №45 жалпы білім беретін орыс мектебінде алғашқы қазақ сыныбына сабақ беріп, бастауыш сыныптың мұғалімі болып қызмет атқарды.
       Ұрпақ тәрбиесімен айналысудың шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол емес пе?! Ол үздіксіз оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» - дейді қазақ даналығында. Мұндағы «мықты ұстаз» жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жетемін деп талпыну ғой. Алда тұрған небір кедергілер мен ауыр асуларды бағындыра алу және оған қарсы тұра білетін ерік-жігер, мықтылық, сабырлық пен төзімділік. Осы қасиеттерді өз бойына ұштастыра білген Рая Нұрсұлтанқызы нағыз өз ісінің маманы деуге болатын жан. Иә, мұғалім мектептің жүрегі болса, оның беделі мектептің беделі болып саналады. Ал, мектеп мемлекеттің басты тірегі. Қай уақытта да болмасын мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Бұл ретте білікті маман сол айтылған үделерден шыға білді.
       Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашыла бастағаны белгілі. 1993-1994 оқу жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, ардагер ұстаз М.Көккөзованың ұсынысымен Алматы қаласы, Дорожник шағын ауданындағы №87 жалпы білім беретін орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істеді. Білікті ұстаз Рая Нұрсұлтанқызы осы аталмыш орыс мектебінде де алғаш ашылған қазақ сыныбына сабақ беріп, орыс балабақшасында тәлім-тәрбие алған бүлдіршіндерге алғаш рет қалам ұстатып, қазақ тілінде жазуға және сөйлеуіне көп ықпал етті. Бұл шаруа сол уақытта оңай болмады. Тіл үйрету ісі бола қалатын дүние емес. Алайда, білікті мамандар бұл жағдайды да өткере білді.
       Дәрменқұлова Рая Нұрсұлтанқызы 1989 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы «үздік» дипломмен бітіріп, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, филолог мамандығын алып шықты. Осы жылы жолдамамен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың қазақ тілі кафедрасына оқытушы болып орналасты. 1999-2005 жылдары аға оқытушы болып қызмет атқарды. Қазақ тілі кафедрасында 10 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, ғылыми және әдістемелік жұмыстарға жауапты болды. 2005 жылы ф.ғ.д., профессор Р.С.Әмірдің жетекшілігімен «Қазақ тілі синтаксисі жүйесіндегі норманың сипаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің 2005 жылғы 28 қазандағы шешімімен Дәрменқұлова Рая Нұрсұлтанқызына филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
       2005-2019 жылдары С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да қазақ тілі кафедрасында доцент болып жұмыс істеді. Қазақстанда және алыс, жақын шетел журналдарында, халықаралық, республикалық конференцияларда, 85-тен аса ғылыми-әдістемелік тақырыпта мақалалары жарияланды. Ғалым-ұстаз Дәрменқұлова Рая Нұрсұлтанқызы білім беру саласында жұмыс істеген жылдары қазақ тілі пәні бойынша типтік оқу бағдарламасын құрастырып, медицина жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге арналған 4 оқу құралын және 2 көмекші оқу құралын жазды. Олар: «Медициналық мәтіндер жинағы.» Медицина жоғары оқу орындары мен медколледждерге арналған. Бұл оқу құралы медицина ЖОО-ның жалпы медицина, педиатрия, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика мамандықтарына арналған медициналық мәтіндерден құрастырылған алғашқы оқу құралдарының бірі. «Дәуір» баспасынан шыққан аталмыш оқу құралы ҚР Ұлттық кітапханасында тіркелген. Доцент Б.Ж.Исханмен бірлесіп қазақ тілі пәні бойынша медицина жоғары оқу орындарына арналған типтік бағдарлама құрастырды. «Қызықты қазақ тілі». (Көмекші оқу құралы). Бұл көмекші оқу құралында студенттердің қазақ тілінен алған білімдерін пысықтап бекітуге, ой-өрісін кеңейтуге және тәжірибелік дағдысын қалыптастыруға арналған алуан түрлі грамматикалық ойын түрлері ұсынылған. «Қазақ тілі сабақтары». Медицина жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған. Бұл оқу құралы тіл үйренушілердің сөздік қорын байытып, сөйлем құрастыра білуге, болашақ мамандықтарына қатысты қазақша сөйлей алу қабілетін қалыптастырып, одан әрі дамытуға арналған. «Қазақ тілі». Медицина жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған. Бұл оқу құралында медициналық мәтіндер мен құрмалас сөйлемдердің жасалу түрлеріне берілген жаттығу жұмыстары, студенттердің білімін тексеруге бағытталған тест тапсырмалары және тіл дамытуға арналған мәтіндер қамтылған. Бұл студенттердің сөйлеу мәдениеті мен пікір алмасу дағдысын, ақпараттық-танымдық танымын арттыратыны сөзсіз. «Қазақ тілі пәнінен тест тапсырмаларының жинағы». Жалпы медицина факультетіне арналған. Бұл көмекші оқу құралын құрастырудағы мақсат студенттердің жыл бойы алған білімдерін тексеру барысында олардың ауызекі сөйлеу тілін, қазақ тілінің грамматикалық құрылымын қаншалықты меңгергенін бақылау, өтілген медициналық мәтіндердегі сөздер, сөз тіркестері мен синтаксистік оралымдарды, мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерді орынды қолдануды тексеру. Осы бағытта құрастырылған тест тапсырмалары студенттердің білімін бақылап тексерумен қатар, болашақ мамандығына қатысты кәсіби лексиканы меңгеруге, тіл заңдылығын білуге үйретеді. «Кәсіби бағдарлы қазақ тілі». Медицина университетінің студенттеріне арналған. Аталмыш оқу құралының ерекшелігі үш тұғырлы тіл саясаты негізінде кәсіби мамандықтарына байланысты жұмыс түрлері 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) берілген. Болашақ мамандығына қатысты сөздерді (лексиканы) игеру, сұхбат өткізе білу, тіл заңдылықтарын білу мақсатында берілген тапсырмалар студенттердің білім деңгейлеріне қарай іріктеліп алынған. Осы аталған оқу құралдарын республикамыздағы медицина жоғары оқу орындарының студенттері пайдаланады.
       С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жұмыс істеген 25 жыл ішінде болашақ дәрігерлерге қазақ тілінен сабақ берудегі еңбегі еленіп, бірнеше марапаттарға ие болды. 2000 жылы университеттегі оқу-тәрбие жұмысының озаты үшін марапаттау грамотасымен марапатталды. 2005 жылы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 75 жылдығына орай жоғары білікті мамандар дайындауға қосан үлесі үшін «Алғыс хат» берілді. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай кәсіподақ жұмысындағы ерекше белсенділігі үшін Алматы кәсіподақтары одағынан «Құрмет грамотасы» берілді. 2013 жылы университеттің өркендеуіне үлес қосып, еңбек, оқу, тәрбие, ғылым және әкімшілік-шаруашылық қызметі жолындағы жетістіктері үшін «Алғыс хат» иеленді. 2015 жылы ҚазҰМУ-дың 85 жылдығына орай университеттің өркендеуіне үлес қосып, еңбек, оқу, тәрбие, ғылым және әкімшілік-шаруашылық қызметі жолындағы жетістіктері үшін «Алғыс хат» және «Құрмет грамотасын» алды. 2017 жылы 24 қарашада Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Мәңгілік ел: Қазақстанның кемел болашағы» атты екінші республикалық байқауда «Тіл ардагері» медалін алды. 2017 жылы 15 желтоқсанда С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткен мерекелік іс-шарада «ҚазҰМУ Күміс медалін» алды. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессор-оқытушы құрамына жазғы және қысқы мектептері аясында өткізілген курстарға арнап бағдарлама құрастырып, мемлекеттік тілде оқытуда белсенділік танытып, медицина қызметкерлерінің алғысына бөленді. 2019 жылдан бастап қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты қызметін атқарып келеді.
       Доцент Рая Нұрсұлтанқызы Дәрменқұлова көптеген халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, зерттеу тақырыбына сай мақалалар жазып, ғылыми ортаға өзін таныта білді. Студенттерге мемлекеттік тілді үйретудегі әдістемені өте жоғары дәрежеде меңгерген білімді ұстаз, кафедра, факультет, университеттегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстармен жан-жақты айналысады. Ол өз жұмысына шығармашылықпен, ұқыптылықпен қарайтын білікті маман.
       Жолдасы – Сұлтан Әбіш Сұлтанұлы жеке кәсіпкер. Бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп отырған жандар көпке үлгілі отбасы.
       Білімді де білікті, парасат-пайымы келіскен, елге белгілі тұлға, ұстаздардың ұстазы, тіл жанашыры Рая Нұрсұлтанқызы қоғамдық жұмыста да белсенді. Ол сонау жас күнінен бастап қиындықты жеңіп шығуға талпынып жүретін, ерік-жігері мықты нәзік жан. Оның осынау нәзік те қайсар мінезіне қызықпайтын адам жоқ. Қолынан оқулықтары, буда-буда қағаздары түспейтін жаны жақсылық пен жаңалыққа құмар жанның әр күні күреске толы десек артық айтпаған болар едік. Тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді басқаның бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде оның еңбегі расында ерекше бағалауға лайықты. Себебі, ол мамандығын қателеспей таңдаған жан. Адами тұлғасын сақтап, шыдамдылығын, сабырлылығын, ақылдылығын бір арнаға тоғыстыра алған адам ғана биік шыңдарды бағындырады. Біз әңгімелеген жан міне, сондай. Ол ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұлы ұстаз және сонысымен де әрқашан қадірлі.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...