Қазина Гүлжамерия

Рейтинг:

Кітапхана ісінің үздігі

      Адам рухани қазынаға толы байлықты кітаптан алатыны бәрімізге аян. Қазақтың ойшылдары кітапты барлық ілімнің қайнар көзіне балаған. Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы дер едім. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ел көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
      Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман, ҚР мәдениет қайраткері, кітапхана ісінің үздігі Гүлжамерия Ғалиасқарқызы Қазина әңгімемізге арқау болып отыр.
      Қазина Гүлжамерия Ғалиасқарқызы 1956 жылдың 8 тамызында Қостанай облысы, Боровской ауданы, Балықты ауылында мал дәрігерінің шаңырағында дүниеге келген. Ал анасы аспазшы болып еңбек етіп, кейіннен отбасының шаруасына байланысты еңбектен қол үзеді. Әкесі мен анасының нағыз еңбекқорлығын, адалдығын, шыншыл да әділдігін көріп есейген Гүлжамерия да кез келген мәселеге бейжай қарамай, адал еңбектенуді үйреніп өсті. Оқу-білімнен бас алмайтын Гүлжамерия жан-жақты ізденуден жалықпайтын. Оның айнымас серігі кітап болатын. Ой-қиялы ұшқыр жастың арман-мақсаты да көп еді. Мектепті ойдағыдай бітірген жас түлек арман жетегімен Арқалық педагогикалық институтының «Филология» факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай 1982 жылы бітіріп шығады. Жауапкершілігі мол, жан-жақты ізденімпаз жастың алғашқы еңбек жолы институтты бітіргеннен кейін, кітапхана табалдырығынан басталған еді. Гүлжамерия Ғалиасқарқызы алдағы өмірін Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапханамен байланыстырды. Жаңа өмірге аяқ басқан ол алғашқы кәсіби жұмысын ұйымдастыру бөлімінен бастап, қысқа мерзім ішінде жаңа мамандығының негізін игеріп және әріптестерінің құрметіне ие болып үлгерді. Өзінің жоғарғы оқу орнында алған білімін біліктілігімен ұштастыра отырып, жұмысына барынша ынтасымен кіріскен жастың сол қызметіне деген қызығушылығы күннен-күнге арта түсті.
      Елмен жұмыс жасау, оларға қажеттісін тауып беру, басқаға пайдалы болу жас маманды шыңдай түсті. Ол өзінің қол жеткен жетістігімен тоқтап қалмауды және өзінің біліктілігін көтеріп отыруды ұнататын. Жан-дүниесі шығармашылыққа жақын жас қолы қалт еткенде қалам да тербейтін. Осылайша, ол 1988 жылы Л.Н.Толстой атындағы ОӘҒК абонементтер бөліміне ауысады. Абонемент бөлімінде жұмыс істей жүріп, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысты. Жергілікті радио бойынша жиі хабарға шығып тұрды, облыстық газеттерге мақалалар жариялады. Қазақстандық жазушылар Д.Снегинмен және Р.Сейсенбаевпен хат алысып тұратын. Олардың шығармаларының тұсаукесерін дайындау барысында жазушылардың пікірлерін магнитофонға жазып алып, әдеби-музыкалық композицияларды дайындады. Горбачевтің жариялылық кезеңінде «ақтаңдақтарды» белсенді зерттеп, оқырмандарға ұмыт болған есімдерді жеткізуге тырысты. Шолуларды, оқырман конференцияларын, қолданбалы өнер шығармашылығы көрмелерін ерекше шабытпен өткізіп жүрді. Мұның өзі кітапхана оқырмандарының Наурыз, Тәуелсіздік күні секілді мерекелерді тезірек тануларына көмектесті.
      Гүлжамерия Ғалиасқарқызының ашық-жарқын да өзгелерді өзіне тарта білетін қасиеттері, ұйымдастыра білу қабілеті қысқа мерзім ішінде өзіне тапсырылған бөлімнің жұмысын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Кітапхананың абонементтер бөлімінің көптеген оқырмандары оны ерекше құрметпен еске алады.
      Қазақ тілін насихаттаудың маңыздылығын түсінген Гүлжамерия Ғалиасқарқызының бастамасымен 1991 жылы облыстық кітапханада қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімі ашылды. Оның кітапхана қызметкерлеріне қазақ тілін үйрету үшін курстар ұйымдастыруға сіңірген еңбегін орасан зор деуге болады. 
      Қостанай қаласы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері үшін қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімі олардың білікті көмек алатын, өздерінің ойларымен бөлісетін орындарына айналды.
      Гүлжамерия Ғалиасқарқызы бөлім жетекшісі ретінде кітап қорын, республиканың мемлекеттік тілін, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға қыруар күш жұмсады. Бөлімнің барлық бұқаралық жұмыстары оның бастамасының арқасында мерзімді басылымдар мен теледидардан беріліп жатты және мұның өзі сол кезең үшін жаңалық болып табылды. Кейін мұндай пиар-акция облыстық кітапхананың барлық бөлімшелерінде кеңінен қолданыла бастады. Оның кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттері ескеріліп, 1997 жылы директордың кітапхана істері жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Білікті маманды танитын кісілердің барлығы оның өзгелерге ғана емес, бірінші кезекте өзіне талап қоя білетін, өзінің абыройын ойлайтын адам екендігін айтады. Ол өзінің әріптестеріне үлгі болуды ойлап, 1998 жылы Мәскеудің өнер, мәдениет және туризм академиясына оқуға түсіп, оны 2000 жылы сәтті аяқтап шығады. Сондай-ақ, кітапханалық білім беру мәселесінің жүзеге асуына себепші болды. Облыстық мәдениет басқармасы алқасының ұзақ жылғы мүшесі бола жүріп, кітапханалық білім беру, біліктілікті көтеру мәселесін күн тәртібінен түсірмеді. Осының арқасында 2010 жылы педагогикалық колледжде кітапхана ісі бөлімінің ашылуына ықпал етті. Студенттерге жыл сайын өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасалып, соның қорытындысы бойынша кітапханаға 2008 жылы 10 жас маман қабылданды. Челябі мемлекеттік мәденииет және өнер академиясымен қосымша кітапханалық білім беру туралы, 2011 жылы кітапханалық жоғары білім туралы шарт жасалынды. Соның бастамасымен 2012 жылдың шілдесінен бастап, қазақ тілінде облыстық және аудандық семинарлар өткізіле бастады. Л.Н.Толстой атындағы ОӘҒК директорының кітапхана істері жөніндегі орынбасары ретінде Гүлжамерия Қазина кәсіби тұрғыдан жетілу тек жақын және шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатқанда ғана мүмкін екендігін түсінді. Кітапханашы әріптестерінің алдыңғы тәжірибелерімен таныса жүріп, ол өзінің көргендері мен алған әсерлерін жеткізуден жалыққан емес және мұны қызметкерлердің өз жұмыстарында қолдануларына кеңес беріп отырды.
      Гүлжамерия Ғалиасқарқызы республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, республикалық және облыстық семинарлардың, «Оқитын қоғам – бәсекеге қабілетті елдің негізі» халықаралық кітап оқу конгресіне, кітапхана астаналарының жұмыстарына, ресейлік-қазақстандық «Шекарадағы кездесулер» жобасына қатысты. Л.Н.Толстой атындағы ОӘҒК директоры ретінде ИФЛА-ның Миланда (Италия, 2009 ж.), Гётеборгте, Швеция (2010 ж.), Сингапурде (2013 ж.), Лионда (Франция 2014 ж.) өткен Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресінің жұмыстарына қатысты. Өзінің білімділігі мен жан-жақтылығының арқасында Гүлжамерия ханым үш дүркін Қырым конференциясына қатысты. Модератор болып кітапхана кадрлар туралы үлкен секцияны абыройлы басқарды.       Білікті басшының игілікті істері мен жасаған қызметтері мұнымен шектеліп қалмай, өз облысындағы наурыз мерекесіне қатысты комиссия мүшесі болып бүкіл мәдени шараларға сараптама жасайтын топта бірнеше жыл қатарынан мүшелік етті. Облыстық ассамблеямен көп жылдар тығыз жұмыс жасап көпұлтты елдің тыныштығын, ынтымағын қалыптастыруға да септігін тигізген.
      Облыстық кітапхана Л.Н.Толстой атында болғандықтан Гүлжамерия ханым көптеген сауалдарға жауап беретін мәліметтер іздестіруге ықпал жасап кітапхананың тарихын зерттейтін бастама жасады. 2-3 жыл қатарынан материалдар жинастырып көптеген тың ақпараттарды жинауға басшылық етті. Кейін кітапхана мұражайын ашып көне кітаптарды бір жерге топтастыруда табанды жұмыстар атқарды.
      Кітапханада 2009 жылы Америка елшілігінің қолдауымен «Американдық бұрыш» ашылды. Жаңа технологияны, online-тәртібін, түрлі көрсетілімдерді, жарнамалық роликтерді енгізу басшылық назарынан тыс қалған емес. Соңғы жылдары бұл дәстүрге айналып, Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты В.К.Степановпен, «әдеби көпір» аясында ҚР көптеген ақын-жазушыларымен, «Америка бұрышында» АҚШ өкілдерімен вебинарлар жиі өткізілетін болды. 
      2012 жылдың 29 мамырында Америка елшілігінің шақыртуымен бір топ Қазақстанның кітапхана директорлары Американың 6 штат 8 қаласын аралап, үш апталық тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша кітапхана жұмысымен танысып келді. 
      Гүлжамерия Ғалиасқарқызының кітапхананың беделін көтеруге көп көңіл бөлетініне әріптестері куә болып келеді және мұның өзінің «ішкі қатынас» деген ұғымға сай келетіндігін айта кету керек. Егер әрбір кітапханашы өзін кітапхананың бір бөлшегі ретінде санайтын болса, оның мақсаттары мен құндылықтарын білетін болса, онда кітапхананың қоғам үшін атқаратын жұмысы осы ішкі мақсаттармен және міндеттермен үйлесіп жататындығы сөзсіз. Кітапхана қызметкерлер үшін де, оның оқырмандары үшін де туған үйлеріндей болып кетті. Бұл жерде демалу, жұртпен қарым-қатынас жасау және жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Жайлы залдар, гүлге оранған орта мен кітапханашылардың кәсіби біліктіліктері жаңа оқырмандар легінің үзілмеуіне септігін тигізіп келеді.
      Жаңа жиһаз бен жабдықтарға тапсырыс берілді. РАБИС бағдарламасының сапалы жаңа модульдері жұмыс істей бастады. Пайдаланушылар мен келушілер санын электронды есепке алу жүйесі енгізілді. Қостанай облысы бойынша толық мәтінді деректер базасын қалыптастыру басталды, облыстың ОКЖ мен ҚБКО (Қазақстан бірлескен каталогтау орталығы) арасында тәжірибе алмасу жолға қойылды. Деректер базасының редакторы және т.б. жаңа лауазымдар енгізу үшін кітапхананың штаттық кестесіне бірнеше рет өзгертулер енгізілді. Жаңа әдебиеттерге штрихты кодтар түсірілетін болғандықтан оларды оқи алатын құрылғы енгізілді. Пайдаланушыларға жаңа үлгідегі оқырман билеттері берілді. Компьютерлер 34-тен 98-ге, принтерлер 15-тен 35-ке, сканерлер 2-ден 36-ға дейін артты. 
      Облыстың соғыс жылдарындағы мерзімді басылымдарының деректер базасы жаңғыртылып жасалып, кітапхана қорларының ескірген, тозған әдебиеттерінен тазартылып, жаңа басылымдармен толықтыру жұмыстары сәт сайын белсенді жүргізіліп келеді. Білікті көшбасшыны танитындардың барлығы оның жұртпен тіл табыса білу және айрықша ұйымдастырушылық қабілеттерін, білімділігі мен өзін үнемі жетілдіруге деген ұмтылысын, өз жұмысына деген жоғары жауапкершілігін ерекше атап айтып, үлгі етіп отырады. Ол кез келген қызметкерді немесе келушіні тыңдай алады және кез келген қиындықтан шығар жолды таба біледі. 
      Өзінің қызметіне сай Гүлжамерия Ғалиасқарқызы кітапхананың барлық баспа жұмысын редакциялап отырады. Бұдан басқа ол қала мен облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болған «Тобыл толқындары» альманахын шығаруға бастамашы болған жан. Облыстың түрлі ОКЖ өтіп жататын семинарлар, ақындық десанттар, байқаулар, КТК-лар, жекелеген аудандардың жұмыстарын (Қамысты – 18 кітапхана, Алтынсарин – 13 кітапхана) жан-жақты саралаулардың барлығы кітапхана директорының бастамасымен дүниеге келген шаралар деуге болады. Кітапханашылардың ай сайынғы біліктіліктерін арттырулары, кітапхана қызметкерлері мен ардагерлері үшін өткізілетін көңілді де мағыналы мерекелер кітапхана жетекшісінің шығармашылық тұрғыдан қосқан үлесінің бір мөлтегі ғана. Айта кету керек, Л.Н.Толстой атындағы ОӘҒК ұжымы өздерінің директоры Гүлжамерия Қазинаның жетекшілік етуімен бірге жұмыс істеуді үйренді. Сондықтан да жұмыс нәтижелі болып, жұмыстың жаңа түрлері мен жаңа идеялар енгізіліп келеді. Соның арқасында кітапханаға келіп жататын оқырмандардың жаңа толқыны еш кеміген емес. 
      Гүлжамерия Ғалиасқарқызының белсенді де, жемісті еңбегі көптеген грамоталармен, дипломдармен және алғыс хаттармен толығып, лайықты бағасын да алды. Ол 2001 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы медалін және 2007 жылы М.Шолоховтың 100 жылдығына арналған Мәскеу муниципальды академиясының естелік медалін омырауына жарқырата тақты.
      Қағаз бен қаламды серік еткен жанның мерзімді басылымдардағы жарияланған мақалаларын атап айтып кететін болсақ, 2014 жылы «30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу – басты мақсат», 2007 жылы «Әйел – шаңырақ ұйытқысы», 2011 жылы «Әл-Фараби және рухани жаңару», 2007 жылы «Компьютер кітапты ысырмауы керек», 2009 жылы «Кітапхана – экологиялық және ақпараттық мәдениет орталығы», 2011 жылы «Өз таңдауымызды жасайық!», 2004 жылы «Парасат ордасына айналды», «Тау алыстаған сайын асқақтай түседі», 2012 жылы «Ынтымағымыз арта берсін!» секілді авторлық жазбалары бар.
      - «ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп Елбасы атап өткен болатын. Бүгінгідей ғылым мен техника, технологияның қарыштап дамыған заманында да кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, оқырмандармен біте қайнасып, қызметін жаңартып, түрлендіріп жалғастырып келеді. Кітапхананың жұмыс жоспарына сәйкес оқырмандарды кітапханаға тарту, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі тақырыптағы көрмелер, атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналып инновациялық-көпшілік іс-шаралар, тақырыптық көрмелер, ақпараттық хабарламалар, ақпараттық сағаттар, танымдық сағаттар, әдеби-музыкалық композициялар, кездесу кештері, викториналар, жыл сайын жолданатын Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау жұмыстары үздіксіз өткізіледі. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың мына сөзімен ойымды түйіндесем деймін. «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын». Иә, рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жоймайды. Мен өз мамандығымды, қызметімді мақтан етемін», - дейді кейіпкеріміз.
      Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленетіні рас. Себебі, мұнда күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни, жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Кітап сырына үңіліп, рухани байлықтың қазынасын тапқан кейіпкеріміздің 34 жылдан аса еткен еңбегінің қойнауында қаншама сыр жатыр. Осындай сыр сандықтың шетінен әңгімемізге тұздық болар бір бөлімін ғана алып шерттік. 
      Айтылмаған әңгіме қаншама...
      Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» - дейді. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
      Алла берген абыройыңыз ортаймай, бедел биігінен көріне беріңіз құрметті Гүлжамерия Ғалиасқарқызы!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...