Педагог-ғалым, құрметті ұстаз
Дүние есігін ашқан әрбір адамның тек қана өзіне тән болған ешкім қайталай алмайтын жолы қалыптасатыны – өмірдің өз заңдылығы. Ол мына үш жолдың тоғысуы: ұрпақтар жалғастығындағы өмір жолы, еңбек жолы, адамгершілік бағытындағы тұлғаның қалыптасу жолы. Осы жолдардан тынымсыз еңбек пен тоқтаусыз ұмтылыс арқылы лайықты өтуді мақсат еткен және ұстаздық етуді жүрек қалауымен таңдап, жастарды білім нәрімен сусындатуды өмірінің ажырамас мәніне айналдырған абзал жандардың бірі – Хайруллаева Венера Хибадуллақызы.
Ұрпақтың болашағы, халықтың келешегі – білімді ұстаз қолында. Жастарды заман талабына сай бағыттау, баулу және замана
![]()
уи білім беру бүгінгі нарық заманында өте қиын міндеттердің бірі. Сондықтан, ұстаздық етуді жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Әңгімемізге арқау болып отырған Хайруллаева Венера Хибадуллақызы – тәжірибесі мол ұлағатты ұстаз, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, Ұлыбританияда Лондон қаласында Брунель университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өткен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиясының иегері және халықаралық «Сорос қоры», «Eurasia Foundation» жапондық білім беру қоры, «Ага Хан» қоры т.б. гранттық бағдарламалардың стипендиаты, «Үздік педагог», «Педагогика саласының үздігі», «Шебер педагог», «Абылай хан», «Білім көшбасшысы» төсбелгілерінің, ҚР БҒМ және Алматы қаласы әкімдігінің бірнеше «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарының» иегері.
Венера Хибадуллақызы 1964 жылы 25 маусымда Өзбекстанның Нөкіс қаласында математиктер отбасында дүниеге келген. Бұл жанұяны «оқытушылар династиясы» деп атауға әбден лайық, өйткені атасы Есов Хайрулла өз өмірін оқытушылыққа арнаған, бірнеше жыл Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде білім алып, Ақтөбе қаласында ұстаздық еткен. 1943 жылы Ұлы Отан соғысында елді қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан. Ал әкесі – Есов Хибадулла Хайруллаұлы 1940 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген және бүкіл ғұмырын жастарға математика сияқты ең қиын да, қызықты пәнді үйретуге арнады. Анасы – Наурызалиева Марияш
![]()
Төремұратқызы педагогикалық институтты Лениндік стипендиясымен оқып шыққан және ол кісі де өмір бойы математика пәнінен мұғалім болды. Екеуі де өз саласының үздік мамандары, талай мемлекеттік атақтарға ие болған, әсіресе, шәкірттерінің алғысына бөленген құрметті ұстаздар. Олар өз балаларын да оқытып, оларды адалдыққа, шыншылдыққа, білімге, ғылымға баулыды. Ата-ананың дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар бере алуы – перзент үшін үлкен бақыт, ол өмірге үлкен жолдама іспеттес. Сондықтан осындай білімге құштар отбасында дүниеге келген Венера, Тамара, Бақытжан, Қуатбек, Рахмет және Сара есімді азаматтардың қазіргі таңда еліміздің ғылымы мен өндірісінің түрлі салаларына жоғары үлес қосып жүргендері таңданарлық жай емес.
Венера Хибадуллақызы 1971 жылы Нөкіс қаласындағы №4 Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1981 жылы «Алтын белгіге» бітіріп шықты. Мектепте оқыған жылдары математика, физика пәндерінен қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардың жеңімпазы болды. Ол тек қана жаратылыстану емес, гуманитарлық білім салаларын да қызыға үйренді, әсіресе қазақ әдебиеті мен тарих пәндерінен ерекше жетістіктер көрсетті. Жас түлек мектеп бітірген жылы яғни, 1981 жылы Бируни атындағы Ташкент политехникалық институтына инженер-экономист мамандығына оқуға түсіп, оны 1986 жылы үздік «қызыл дипломға» бітіріп шықты.
![]()
Студенттік жылдары түрлі ғылыми үйірмелерге қатысты, тіпті кеңестік жүйенің кезеңінде БҰҰ-нан келген жас өкілдермен кездесіп дебатқа қатысты, комсомол комитетінде «Үздіктер кеңесінің төрайымы» болып қоғамдық жұмыстарға белсенді ат салысты. 1985 жылы Мәскеудегі жастар мен студенттердің XII дүниежүзілік фестиваліне де қатысып қайтты. Білімді де білікті жастың философия деген ғылымға қызығушылығы да студент кезінен бастау алды. Бұл пәннің барлық ғылым саласын тоғыстырушы дүниетанымдық мәніне, адамның әлемді ғылыми және мәдениет тұрғысынан мәндік феномен ретінде сипаттау мәселелеріне назар аударған жас студент өзінің жаратылыстану және гуманитарлық салалардағы білімдерін бір арнаға осы ғылым арқылы тоғыстыра аларын, оның жалпы интегративті білім үшін маңызы зор боларын армандады.
Университетті бітірген соң барлық ғылым саласының түйіні болған, адамзатқа ой салатын осы салаға келу және жаратылыстану саласындағы білімін трансценденттік проблемаларды зерттеуге ұштастыру мақсатында Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасына «Философия» мамандығы бойынша оқуға түсіп, «09.00.01 – Диалектика және таным теориясы» бағытында «Гибкость мышления и её методологическое значение» («Ойлаудың икемділігі және оның әдістемелік маңызы») тақырыбында зерттеу жүргізді және кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Білімді педагогтың зерттеулері адам санасын, ойлау феноменін жан-жақты, түрлі ғылым салаларының тоғысуына және қазіргі ғылымның алдыңғы жетістіктеріне негізделе қарастырудан тұрады. Өйткені оның пікірі бойынша «Философ өз дәуірінің мәдени және ғылыми жетістіктерін бойына сіңіре білген және өз дәуірінен ары қарай келешекке қадам жасай алатын, дүниеге құс ұшар биіктен қарай алатын адам болу керек». Сондықтан оның еңбектері де отандық ғылым шеңберінен шығып түрлі шетелдік басылымдарда жарық көрді.
Ғалымның бастапқы зерттеу бағыты ғылымда адам ойлауының инерциясын стандарттық болмаған жағдайларда тоқтата алу және ақиқатты тануға икемділік қасиетін дамыту, оның ғылым әдістемесіндегі рөлін, ғылыми парадигмалар ауысуындағы маңызын философиялық тұрғыдан анықтаудан бастау алған болса, кейін ғылым кандидаты дәрежесін алған соң да оны трансперсоналдық деңгейде дамытып, сана мәселесін холизм тұрғысынан қазіргі заманғы түрлі постклассикалық парадигмалар шеңберінде қайта қарастыру мен зерттеу мәселелерімен ұштастырды. Атап айтқанда қазіргі заманғы синергетиканың кванттық физика, трансперсоналды психология және философия салаларының байланысында туындайтын холистік сана метапарадигмалары туралы әлемнің көптеген елдерінде ғылыми еңбектерін жариялады.
Өзінің 35 жылға жуық ғылыми-педагогикалық тәжірибесінде жалпы саны 85-тен астам ғылыми еңбектерін, соның ішінде 6 монография, 3 оқу қолданбасы және 75-тен астам ғылыми мақалаларын жарыққа шығарды. Оның ғылыми мақалалары АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Бразилия, Австрия, Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Венгрия, Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және т.б. елдердің ғылыми басылымдарында жарық көрді. Сонымен қатар ол соңғы жылдары қазақстандық қоғамның басты мәселелерін қозғайтын әлеуметтік сипаттағы мақалалар мен монографиялар, жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік құралдар жазуды да қолға алып жүр.
Венера Хибадуллақызының өз пікірі бойынша мамандық таңдауға саналы түрде келді және еңбек жолының иерархиясында ұстаздық қызметін бәрінен жоғары қояды. Бүкіл ғұмырын жоғары оқу орындарында педагогтық қызметке арнаған ұстаз соңғы 25 жылға жуық Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жастарға тәлім-тәрбие беруде. Осы кезең аясындағы бірнеше жылдарда ол оқытушылықтан тыс университет Ғылыми Кеңесінің ғалым-хатшысы, кафедра меңгерушісінің қызметін атқарушы, Халықаралық қатынастар факультетінің деканы қызметтерін де абыроймен атқарды.
Жаңалыққа жаны құмар педагог қашанда уақыт көшіне ілесіп, әлемдік білім беру талаптарына сәйкес болуға тырысады. Осы орайда «Үш тұғырлы тіл» саясаты да, жастардың ағылшын тілін жетік меңгеруге деген қажеттіліктері де Венера Хибадуллақызын жаңа асуды бағындыруға шабыттандырғанын ерекше атап өткен жөн. Ұлағатты ұстаз философия сияқты қиын да күрделі пәнді студенттерге қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, Шекспир мен Ньютонның тілінде де жеткізуді мақсат еткен. Осы арман мен мақсат оны орта жасқа келгенде қайтадан университет қабырғасында шәкірт ретінде білім алуға жетелеген еді. Жаңа мамандық алу жолында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ЖОО-нан кейінгі білім беру факультетіне «Шет тілі: екі шет тілі (ағылшын/француз тілдері)» мамандығына оқуға түсіп, оны табысты тәмамдап шықты. «Өмір бойы оқу. Өмір бойы үйрену» қағидасын ұстанған білікті маман, бүгінгі таңда өзі дәріс беретін пәндерін, яғни бакалавриатта «Философия», «Әлеуметтану», магистратурада «Ғылым тарихы мен философиясы» пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді.
Жоғары оқу орнында компетентті ұстаз болу оқытушыдан қозғалыс траекториясында түрлі векторлар (бағыттар) бойынша құзыреттілікті талап етері бүгінгі XXI ғасырда өте өзекті. Әсіресе жылдам өзгеріп бара жатқан уақыт көшіне, әлемдік білім беру талаптарына жауап беру оңай шаруа емес. Заманауи Болонья процесінің талаптарына сай бола алып жастарға әлемдік үдерістер деңгейінде білім беру құзыреттілігін арттыру мақсатында Венера Хибадуллақызы Қытайда Пекин жастар саясаты Институтында бекітілген «Заманауи білім беру: XXI ғасырдың сын-қатерлері» атты ғылыми тағылымдамадан (Бейжің, 27.03.2012-05.04.2012), Ұлыбританияның Бристоль қаласында лингвистикалық курстан (12.01.2013-08.04.2013), ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша «Білім берудің теориясы мен әдістемесі» ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан (Ұлыбритания, Лондон қаласы, Брунель университеті, 16.06.2014-17.10.2014) және Малайзияның Куала-Лумпур қаласында педагогикалық-лингвистикалық тағылымдамадан (16.07.2018-10.08.2018), Біріккен Араб Әмірліктері Дубай қаласында педагогикалық-әдістемелік біліктілікті жетілдіру курсынан (17.10.2021-25.10.2021) және көптеген посткеңестік елдерде тағылымдамалардан өткен. Сондықтан оның ғылым мен білім жолындағы жетістіктері талай түнгі ұйқысыз еңбегі мен үздіксіз ізденістерінің нәтижесі екені аян.
Бар ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалымның жүріп өткен жолы да болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Венера Хибадуллақызы қарапайымдылығы, кішіпейіл мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы, жоғары мәдениеттілігі, оқуға талапшылдығы арқылы әрқашан өз шәкірттері мен әріптестері арасында да жоғары құрмет пен бағаға ие.
Әрбір азаматтың өмір жолында жанұяның маңызы ерекше. Венера Хибадуллақызының өмір жолының ғибратты тұстарына оның отбасын да қоса кеткен жөн. Қазіргі таңда өнегелі отбасында ол жолдасы Уббиев Бақтиярмен бірге Гауһар, Эльмира, Нұрсұлтан есімді ұл-қыздар тәрбиелеп отыр. Жолдасы Бақтияр Мәскеудегі Н.Э.Бауман атындағы жоғары техникалық университетін бітірген. Ал Гауһар қызы Сеулде, күйеу баласы Ғайни мен Эльмира қызы Чехияның танымал университеттерінде, Нұрсұлтан ұлы Қазақ-Британ университетінде оқып тәмамдап, Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Бүгінде үлгілі өнегесімен көпке етене таныс отбасы Аян есімді немересінің қызығын көріп отыр.
Осындай өз өмірлік мақсатын халықтың қажеттілігімен ұштастыра білген Венера Хибадуллақызы қазіргі заманның уақыт талабына сай, халқына адал қызмет еткен рухы биік тұлғасының көрінісі деп атауға әбден лайық.