Парасатты жан, ұлағатты ұстаз
Ұстаздық ете білу, сол жолды таңдаудың өзі де нағыз батылдық. Өйткені, адамзатты тәрбиелеп шығару оңай емес. Оның ұшар шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен көз жастың жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ даналығы. Демек, «мықты ұстаз» жаңағы айтылған ұлы жолдың шыңына жетемін деп талпына береді. Алда тұрған небір кедергілер мен ауыр асуларды бағындырып, соған қарсы тұра білетін ерік-жігерінің болуы, бойындағы мықтылық, сабырлық пен төзімділіктің сарқылмауы ұстазды ұлы ете түседі. Осы қасиеттерімен ұстаз нағыз өз ісінің маманы болады.
Қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында үнемі
![]()
толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүретін Гүлбағира Махатқызы өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздыққа арнаған ардақты жан. Білім берудің небір қырлары мен сырларын игере отырып, оны өз тәжірибесінде орынды, тиянақты, дұрыс әрі дәл пайдаланып, қолдана білетін ұстаз, шәкірттерінің сүйікті оқытушысы атанды.
Білімді беру аз, ал оны қайтарып алу міне, басты мақсат осы болмақ. Ұстаз туралы сөз бастау қиынның қиыны ғой. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп айтылатын нақыл сөздегі төрдегі орын дәл осы ұстазға лайықты секілді. Иә, ол жай ұстаз емес, ұлағатты, кемел ұстаз. Теориялық білімі терең, ұйымдастырушылық қабілеті, ой-өрісі, әдістемелік шеберлігі өте жоғары, жаңаша негізде жұмыс жасап талап қоя білетін өз ісінің шебері, іскер басшы.
Иә, ұстаз үшін берілген білімнің қаншалықты оқушысының санасына жетіп, көкейінде қалуы маңызды. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Ал ұлы жолдың бойымен келе жатқан ұлы ұстазды ұлықтау ол тұтас елдің парызы болмақ. Тарихымызға
![]()
үңілсек, ұлы ғұламалардың өзі ғылым жолын ұстаздықтан бастаған. Ардақты ұстаздың ұлы еңбегі тиісінше ұлылықпен бағалануы керек. Өзгенің баласын өз баласындай көріп, оның әрбір басқан қадамы мен жеткен жетістігіне шынайы қуана білген ардақты ұстазды сондықтан да болар екінші анасындай көріп, құрметтейді.
Спабекова Гүлбағира Махатқызы 1 сәуірде 1971 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, (Энгельс совхозы) қазіргі Қарақұр ауылдық округінде, Қаратаудың етегінде, көктемнің әдемі күнінде дүниеге келген. Әкесі – Махат Ахатайұлы халық соты болып, бірнеше ауданда қызмет атқарған. 1997 жылы 49 жасында дүниеден өтті. Анасы – Балсара Қанқожақызы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, кезінде есепші бухгалтер болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, 18 немере, 16 шөберенің әжесі. Бақытты ана ұрпақтарының ортасында. Осындай өнегелі отбасында туып-өскен Гүлбағира Махатқызы бала күнінен өте алғыр, елгезек, ақылды болып қатарластары арасында ерекшеленіп тұратын. Еңбекқор, жан-жақты, көп ізденіп оқитын. 1978 жылы Шымкент қаласындағы №29 орта мектепке барып, 1988 жылы Мақтаарал ауданы, Славян елді мекеніндегі Октябрьдің 50 жылдығы мектебін «Күміс медальмен» бітірген ол, мектепте белсенді оқушылар қатарынан көрінді. Әрдайым мектептік шаралардан қалмай қатысатын. Қандай да іс-шара болмасын ұстазының оң қолы болып жүретін. Мектепті ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін, жас түлек 1988 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
![]()
«Математика» факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнында да өзінің оқу-білімге деген құштарлығымен көзге түсіп, мақтанышы атанды. 1993 жылы аталмыш оқу орнын үздікке бітіріп, «Ғылыми математик» мамандығын алып шықты. Дипломды маман өзінің еңбек жолын 1993 жылдан оқытушы болып бастады.
- «1991 жылы Түлкібас ауданы, Дауан ауылына келін болып, сүйген жарым Спабеков Әмірхан Төрегелдіұлымен бас қосып, жанұя құрдым. Жанұямда 3 қыз, 2 ұлды дүниеге әкелдім. Жолдасым Әмірхан Төрегелдіұлы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шымкент қаласындағы департаментінде полковник қызметін атқарады. Үлкен қызым Әселім – Алматы Қазақ-Британ Университетін бітірді. Тұрмыс құрған, күйеу балам Ербол. Немерем бар жиен Разияшым. Үлкен ұлым Әсетім үйленген. Алматы Сәулет-құрылыс Университетін бітірді, келінім Мадинам бар. Ұлымнан екі немере сүйдік Қайсарым мен Кәусарым. Ортаншы қызым Айя Алматы қаласы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің заң факультетін бітірді. Кішкентай қызым Алия сол КазҰМУ-дің қаржы факультетінде 2-курста оқиды. Ең кенжем Темірханым 8-сыныпта оқиды. Жолдасым әскери қызмет атқарғандықтан көп көшпелі өмір сүрдік. Дегенмен, мен үшін өмірім жақсы өріліп келеді. Аллаға сансыз шүкір етемін! Мен екі есе бақытты адаммын! Біріншіден, бақытты жар, ана, әжемін, екіншіден, өз мамандығымды шексіз сүйетін жан ретінде бақыттымын. Ұстаздық жолында талай шәкірт алдымнан тәлім алды. Олар да менің балаларым болып саналады. Күні бүгінге дейін алғашқы шәкірттерім аман-саулығымды сұрап,
![]()
хат жазып, хабарласып тұрады. Мен үшін талай жылдан бері атқарып келе жатқан қызметімнің марапаты емес, «ұстаз» деген атым қымбат», - дейді кейіпкеріміз.
Гүлбағира Махатқызы 1993-1996 жылдары Ванновк агроөнеркәсіптік техникумында математика пәнінің оқытушысы, 1996-1998 жылдары М.Әуезов атындағы Техникалық университетінде оқытушы, 1998-2001 жылдары Арыс Теміржол колледжінде оқытушы, 2001-2002 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразиялық университетінде оқытушы, 2002-2003 жылдары Түркістан қаласы Х.А.Яссауи университетінде оқытушы, 2003-2005 жылдары Шымкент қалалық университетінде оқытушы қызметінде болды.
Білімді де білікті ұстаз 2006 жылы 27 қаңтарда Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің ғылыми советінде «Ауытқыған Аргументті Лаплас және толқын теңдеулері үшін регулярлы шеттік есептердің түбірлік векторларының қасиеттері» тақырыбында 01.01.02 дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін ғылыми диссертациясын қорғап шықты. Ғылыми жетекшісі: академик НАН РК физика-математика ғылымының докторы, профессор Қалменов Тынысбек Шарипұлы болды. Ал 2007-2022 жылдары сол Шымкент қаласы М.Әуезов университетінің информациялық технология кафедрасында доцент, оқытушы қызметін абыроймен атқарып отыр.
Қарамағына тәжірибелі, жаңашыл ұстаздарды топтастыра білудің, еркін жұмыс істеп, жас мамандардың шығармашылық тұрғыда жетілуіне мүмкіндік туғызудың өзі білгірлік. Гүлбағира Махатқызының өмірі мен еңбек жолына назар аударсаңыз – ұстаздық қызметте де, басшылық міндетінде де өз қадірін жоғалтпағандығын, азаматтық қадір-қасиетін сақтай білгендігін бағамдайсыз. Ол жаңашылдық пен оқу-тәрбие үрдісін асқан шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті уақыт сынағында танылған, жас мамандарға айрықша көңіл бөліп, шебер ұстаз болып қалыптасуына ұйытқы бола білген қамқоршы жан. Иә, бұл жазбамызда аяулы ұстаздың үлгі-өнегесін қысқа ғана қайырып өттік. Ұлағатты ұстаздың аялы алақанынан шыққан мыңдаған оқушылары өміріне азық болар ұлттық тәрбиені бойларына сіңіріп, уақыт талабына сай маман атанып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында үлестерін қосып келеді.
Барлық істе жауапкершілік пен адалдықты талап ететін Спабекова Гүлбағира Махатқызы сынды қайраткер жаннан үлгі-өнеге алып, оның мектебінен өткен кез келген жаннан ел үмітін ақтайтын азамат шығары анық.
Тәуелсіз еліміздің бәсекеге қабілетті, білімді, елін, ана тілін сүйетін, салауатты өмір салтын насихаттайтын саналы да жаңашыл жеке тұлғаны тәрбиелеуді көкейкесті мәселе ретінде басшылыққа ала отырып, педагогикалық ұжым мүшелерімен, ата-аналар жұртшылығымен де, қоғамдық ұйымдар және оқушылармен жоғары деңгейде тіл табысып, ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс атқарудағы білікті маман Гүлбағира Махатқызының еңбегі ұшан-теңіз. Марапаттың ең үлкеніне лайықты дер едік.
Алла берген абыройыңыз артып, көптің алғысына бөленіп, ұрпағымен мың жасасын деген тілектеміз.