Оспанова Айгерим

Рейтинг:


ӨМІРДЕН ӨЗ ОРНЫН ТАПҚАН

Ақырын жүріп анық бас, 
Еңбегің кетпес далаға.
 Абай Құнанбаев

     «Мен балаларды жанымдай жақсы көрем... Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы...». Бұл – біздің кейіпкеріміз Оспанова Айгерімнің жүрек сыры.
      Әр кезеңнің алмағайып күндерін өз абыройына, адами биіктігіне сай өткере білу, азаматтық таным-пайымына сәйкес етіп тіршілік кешу — шын мәнінде, қажырлы да табанды кісілердің еншісіндегі қасиет. 1974 жылдың қыркүйек айының 15 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген Оспанова Айгерім талайы тірлікке, құндылық пен құбылыстарға куә болған нәзік жандылардың бірі.
      Ата-ана үшін бала бақыты, Абайша айтар болсақ, «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі, көкірегіне жұбаныш, гүлденіп ой - өлкесі». Айгерімнің ата-анасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, солардың жеткен жетістіктеріне қуанып жүрген бақытты ата-аналардың қатарында. Анасы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, 45 жыл ұстаздық жолында қызмет етіп, беделді ұстаз атанып, алғысқа бөленген жан. Еңбекқор, талапшыл әкесі Кеңес үкіметі кезеңінде түрлі қызметтерді абыроймен атқарып, еңбегінің арқасында бедел биігінен көріне білді. Ата-анасы қазіргі кезде – құрметті еңбек демалысында.
      Айгерім хакім Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген қанатты сөзін тұсбағдар еткен. Жасынан білімге, білуге құмар талапшыл жан – Семей Мемлекеттік университетін және Қазақстан инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірген қос диплом иегері және заң ғылымдарының магистрі. 
     1996 жылдан бастап Оспанова Айгерім түрлі салада қызмет атқарады. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатымен мектеп, колледжде ұстаздық қызмет атқарып, көптеген түлектерге бағыт-бағдар беріп, абырой мен беделге ие болады. Түлектері әр түрлі салаларда қызметтер атқаруда. 2007-2016 жылдар аралығында мемлекеттік кадр қызметінде жемісті еңбек етеді.
      Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едік. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса – міне, нәтиже. 2017 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет ету барысында осы мезгілге дейін мемлекет тарапының қолдаумен Оспанова Айгерім екі балабақша ашып, қолданысқа енгізеді. 
      Балабақша ашылған кездегі ішкі толғанысы мен толқуын ол былайша әңгімелейді: «Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді... 
      Әр бала өзінше бір әлем... Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл... Алғашқы сәбилердің сыңғырлаған күлкісі, балдай тәтті сөздері, мөлдіреген көздері бәрі - бәрі өте қызықты сәттер болды. Бала өмірдің гүлі, отбасы дәнекері, ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы, біздің қоғамымыздың алға қарай дамытушы болашағы. Сондықтан да жас ұрпақты заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу – басты міндет. Педагог К. Д. Ушинскийдің егер педагогика адамды жан-жақты тәрбиелегісі келсе, оны жан-жақты білуі керек деген терең мағыналы сөзін жадыма сақтай отырып, білімімді тереңдетіп, ізденуді мақсат еттім. Кішкене сәбимен сөйлесе білу де – үлкен өнер. Олар бір нәрсені естігені мен көргендерін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, мейлінше сенгіш, барынша таза, адал көңілді, білуге, тануға құмартқыш келеді. Менің педагогикалық ұстанымым – кішкентай бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Болашақта тәрбиеленушілерімнен Қазақстан елінің жарқын да белсенді балалары болады деген үлкен үміт күтемін».
       Адам психологиясы туралы қызықты деректерді іздеп жүріп оқуды әдетке айналдырған Оспанова Айгерім 2017 жылдан бастап қызығы мен қиындығы қатар жүретін мектепке дейінгі тәрбие саласында құрылтайшы және директор қызметін атқаруда. Бала бағбанына айналған аяулы жан өзі де отбасын құрған. Өмірлік серігі ішкі істер қызметінде көп жылдан бері қызмет атқарып жүрген өз саласының маманы. Шаңырақтың шаттығына айналған ұлдары Астана қаласындағы Еуразиялық университетті тамамдап, магистр атағын алған білімді жас. Қазіргі таңда басқа мемлекетте білім алуын жалғастырып, біліктілігін арттыруда. 
       Адамдардың барлығы өмірден өз орнын тапқысы келеді. Мансаптың өсуі жеке таныстықтарды, адамдар арасындағы байланыстарды әрқашан қамтамасыз ете алмайды. Өз жұмысын ерекше ықыласпен, шығармашылықпен және адалдықпен атқарып жүрген адам ғана табысқа жететіні хақ. Осындай өмірден өз орнын тапқан, айналасына қуаныш сыйлап жүретін, өз биігіне адал еңбегімен жеткен жандардың бірі – Оспанова Айгерім. Оның осы биікте қалатынына сенімдіміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

5 января 2026 11:54
Ердаулет Татеков
Мың жасаңыз!!!...
30 декабря 2025 21:16
Камила
Чудесная и достойная история👍 Огромная Вам благодарность, Бану Бияновна! ...
28 декабря 2025 01:12
Гулнар
Саламатсызба +77083784410 осы номерге хабарласыңызшы қолыңыз тисе рахмет ...