Базарбаева Бикамал

Рейтинг:

Бала бағбаны   

  Балабақша бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын адамгершілігі мол, үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін және баланың алғашқы тәрбие орны болып саналады. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы дейміз. Таңғажайып балалар әлемімен терең танысып, өз өмір тәжірибесін, бүкіл білімін арнап, мейірімінің дәндерін сеуіп келе жатқан жанның бірі, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі, көпжылдық тәжірибесі бар білікті маман, беделді көшбасшы – Базарбаева Бикамал Жансұрқызы жайлы қалам тербемекпіз. 
      Базарбаева Бикамал Жансұрқызы 1973 жылы 10 желтоқсанда Алматы облысы, Сарқан ауданы, Антоновка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы осы ауылдағы мектепке оқуға қабылданды. Мектепте үздіктер қатарынан көрініп, ұстаздарының оң қолы, сыныбының көшбасшысы бола білді. Қай кезде де мектептің қоғамдық іс-шараларынан қалмай белсенділік танытып жүрді. Кішкентай кезінен бастап-ақ әдептілігімен, сыпайы да биязы қалпымен көзге түсіп, мектеп мақтанышы болды. Ол 1989 жылы 8-сыныпты ойдағыдай жақсыға аяқтап, Есік қаласындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсті. 1993 жылы осы аталған училищені жақсыға аяқтап шықты. Еңбек жолын 1993-1998 жылдары Сарқан ауданы, Садовый ауылында бастады. 1998 жылдың қазан айында Іле ауданы, №39 бастауыш мектепте жалғастырды. 2008 жылға дейін жұмыс істеп, ғимаратты балабақшаға ауыстырып, сонда меңгеруші болып қалды. Жас та болса, өзінің ынта-ықыласының арқасында ұлағатты ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе жинақтады. Жоғары білім алу мақсатында Алматы Үздіксіз білім беру университетіне 2008 жылы оқуға түсіп, оны 2013 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша жақсыға аяқтады. Білімге құштар жан 2019 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2021 жылы осы аталған университетті «Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі» мамандығы бойынша тәмамдады. Білімді, білікті, тәжірибесі бар педагог 2008 жылдан бастап Байсерке ауылдық округінің «Ақбота» балабақшасына меңгеруші болып тағайындалып, осы уақытқа дейін сол мекемеде абыройлы қызмет атқарып отыр.
      - «Мен балаларды жанымдай жақсы көремін. Өйткені, бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы... 
      Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза десеңші. Әр бала өзінше бір әлем. Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл. Менің мойнымдағы міндетім де, мамандығымның киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс-бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?! Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалады. Балалармен болған әрбір уақытымда мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқап жүремін. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін. Күндері қызықты өту үшін оқу қызметін, ойын түрлерін қалай өткізу жайлы тәрбиешілермен пікірлесеміз. Әр күннің сәтті шығуы, әрине, өзіңе байланысты. Жасөспірімдерді тәрбиелеу-де ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Тәрбие отбасынан басталатындықтан қашанда тәрбиеленушінің ата-анасымен, жанұясымен жете танысып, үнемі қарым-қатынаста болуды өзіме басты мақсат етіп қойғанмын. Тәрбиелеп жатқан кішкентай бүлдіршіндерім ата-анасымен қоса маған да ортақ деп сезінемін. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде, елін сүйген азамат болып шығады. Мен бірнеше бала тәрбиелеп жатырмын, олар өсе келе, бірнеше мамандық иесі болып шығатынына сенімім мол. Болашақ заңгерлерді әділдікке үйрету, дәрігерлерді жауапкершілікке баулу, мейірімділікке үйрету, құрылысшыларды нақтылыққа тәрбиелеу барлығы тәрбиешінің қолында. Сондықтан да өз бойымызда әділдік те, мейірімділік те, жауапкершілік те болу қажет», - дейді кейіпкеріміз.
      Бикамал Жансұрқызының жеткен жетістіктері өте көп. Ол 2016 жылы «Үркер» ІQ орталығының дипломын алды. 2016 жылы Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің «Алғыс хатын» иеленсе, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының «Алғыс хатын», 2017 жылы Іле ауданының әкімдігінің «Құрмет грамотасын», Алматы облысының әкімдігі тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ Іле аудандық филиалының мадақтамасын, Алматы облысы Іле ауданының әкімдігінің І дәрежелі «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауының дипломын иеленді. Сонымен қатар, 2018 жылы Халықаралық Олимпиадалық комитетінің мақтау қағазын, 2019 жылы І дәрежелі диплом «Мектепке дейінгі ұйымның іскер көшбасшы» облыстық байқауынан ІІ орынды, Іле ауданының әкімінің «Алғыс хатын», 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатын», аудан әкімінің 16 желтоқсанға орай мадақтамасын, Халықаралық дамыту орталығы «Be Clever» «Үздік меңгеруші» І орынды, 2021 жылы Халықаралық шығармашылық және Білім академиясы 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне мадақтамасын алды. Білім алушылардың аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысуы жоғары. Балабақша ұжымы Халықаралық «Үркер» зияткерлік орталығының «Алғыс хатымен» ізденіс және ұрпақ тәрбиесінде жеткен жетістіктері үшін марапатталған. 
      Балабақша басшысы, мықты педагог Бикамал Базарбаева облыс, аудан, округ көлеміндегі мәдени шараларды ұйымдастырып, округ әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Қызмет жасап отырған ұжымның ішкі тынысына, олардың әлеуметтік жағдайларына үнемі көңіл бөліп отырады. Үлгілі ана, білікті көшбасшыға тәрбиеленушілер мен ата-аналар ризашылықтарын білдіреді. Осы жетістіктердің бәрі балабақша басшысы Бикамал Базарбаеваның жоғары ұйымдастырушы, өз ісінің білікті маманы, жауапты қызметкер екендігінің дәлелі.
      «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле», - дейді дана халқымыз. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына балабақша бағбандарының сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да сөзіміз – түзу, еңсеміз – биік, рухымыз – мықты болсын десек балабақша еңбегін ұлықтай білуіміз керек. Жүзіне үңілсең – мейірімді, жанына үңілсең – шуақты көре алатын кейіпкеріміздің өзіне жарасымды кербездігі, кішіпейілдігі, мейірімділігі, бастысы адамгершілігі жайлы әлі талай қалам тербей беруге болады. Еңбегіңіз жанып, әрдайым бедел биігінен көріне беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...