Агроном
«Көп істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» дейді қазақ. Өмірден көргені мен түйгенін, санада ой сүзгісінен өткізген өнегелі тәжірибесін бір сөзге сыйғызып. Адам бойындағы алпыс екі тамыры иігенде ғана, жүрек дүрсілі соғатыны секілді, өмір сүру үшін де, адамзат қажеттілігі үшін де түрлі мамандар, тұрмысқа қажетті саланың кәсіби білімді адамдары керек. Сондықтан, аталарымыз болашағынан үміт күткен перзентінің өзіне, еліне, пайдасы тиюі үшін бір іске баулып, икемі мен ебі бар салаға дайындап, өз саласының білікті де, білімді, нағыз маманы болуы үшін бар күш-жігері мен қажыр-қайратын жұмсаған. Сол кезде ғана ол, өзі таңдаған саланың шырқау биіктігіне көтеріліп қана қоймай, артында із қалдыратын істер жасап, өзі қоршаған ортасының дамуына, алға жылжуына үлесін қосып, көптің алғысына бөлене білген. Міне, заты нәзік болса да, арқаға ауыр тиер агрономия саласын қолға алып, болашақ ауылшаруашылығы саласындағы мамандарды даярлауға күш салып, өзі де осы бір әлі толық зерттелмей жатқан салада еңбек етіп келе жатқан ғалымдарымыздың бірі Мырзабаева Гүлнар Азимбайқызы.
Кейіпкерімізді таныстырып өтсек, танып-білгенімен өмірден түйгенін, мол тәжірибесін ғылымға бет бұрған жастар мен ауылшаруашылығы мамандарын оқытуға арнап келе жатқан Гүлнар Азимбайқызы 1960 жылдың 3 қарашада айында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы) Жамбыл ауылында дүниеге келді. Жүйріктің жалына жармасып жүйіткіген уақытпен таласа, тарих тартпасын тартып қалсақ, өнер мен мәдениеттің шоқжұлдыздарына айналған дарындар мен тектілердің табаны тиген қасиетті топырақ Түркістанның саф ауасын кере жұтқан Гүлнар көктемгі көк кілемдей жайылып жатқан сайын даланың самалымен жарысып өсті. Перзент бойынан қабілет пен алғырлықты бірдей байқап, бейімі бар бағытқа икемдей беретін ел емеспіз бе, кішкентайынан алғыр, зерек, зейіні мол шәкіртті мектепке дейін-ақ әріп танытып, санатып үйреткен ата-анасы өрен бойына өнегелілікті сіңіріп, тәрбиелей білді.
Болашаққа бағдаршам болып, жөні сілтейтін білім ордасының табалдырығын Жамбыл ауылындағы «Жамбыл» орта мектебінде щырайлы Шымкент қаласындағы №56 кәсіби орта мектебінде аттап, білім нәрімен сусындай білген Гүлнар сыныптағы белсенді оқушылардың алдыңғы сапында болды. Ұстаз айтқанын тез қағып алатын ұғымтал, мектепке үлкен дайындықпен келетін қабілетті, сабақ барысында өзін жақсы жақтарынан көрсете білген жас, білім тереңіне сүңгіп кетті. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық, кісі көңілін қалдырмайтын кішіпейіл, досына деген адалдығы сөйлеген сөзі мен көмектескенінен сезіліп тұратын шәкірт мекте
![]()
птің қоғамдық өмірімен араласып, спорттық іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Мұғалім тапсырмасын екі айтқызбай орындап, ұстазы мен оқушылардың мақтанышына айнала білген Гүлнар Шымкент қаласындағы №56 кәсіби орта мектепті бұрынғы (№29 В.И.Ленин атындағы орта мектепті) үздіктер қатарында тәмамдады.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген, жұмыр жүрегінде дүрсілі соғып тұрған әрбір жанның өз арманы, алдына қойған мақсаты болады. «Тау баласы тауға қарап өседі, Қыр баласы қол созады аспанға» деп ақын өлеңі әнде айтылғандай, өзінің жарқын болашағына ерекше ұмтылыспен бет бұрған, ауылдық жерде кіндік қаны тамған Гүлнардың да үлкен армандарының бірі ауылды көркейтетін ауылшаруашылығы мамандарының бірі болуы тұрды. Сол кездегі саясатттың желі де ауылшаруашылығына қатысты мамандықтардың байрағын желбіретіп, үздік, мықты деген мамандықтар сол ауылшаруашылығында еді. Осылайша, алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбектеніп, ізденетін жас талапкер Гүлнар Азимбайқызы Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне түсіп «Ғалым агроном» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Бір істің білімді де білікті маманы болу – өзін құрметтейтін, өзгелерге ізет көрсете алатын, жауапкершілікті жақсы көріп, адами құндылықтарды қастерлейтін әрбір пенденің арманы. Елге қызмет етемін деген әр азамат, өз саласын толық оқып-зерттеп, танып-біліп, қиындығы мен қызығын көріп барып, мамандық тізгінін қолына алу керек. Осыны таным-түйсігімен түсінген Гүлнар жоғарғы оқу орнында жүргенде де, өзі ұстанған бағыттан таймай, кітапханаларда көп уақытын өткізіп, түсінбегенін зерттеп, ізденіп тауып, таңдаған саласының маманы болу жолында аянбады. Талаптыға тау да биік болмайтыны секілді, қайсарлық пен өжеттілікті қос қанаты еткен Гүлнар Азимбайқызы, білім ордасын аяқтап шыққан соң, өзінің алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тәтті ауылындағы №13 М.Мәметова атындағы орта мектепте мұғалім болудан бастады. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, оларды күтіп ұстау, табиғаттың адамзатқа берген сансыз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жасыл желекке айналдыруды әр адамға түсіндіре білу, мектеп партасынан басталады.
Қоршаған ортаны танып білу мақсатында дәрістер жүргізіп, тілсіз табиғатты шәкірттермен үндестіре білген Гүлнар Азимбайқызы білім ордасына келген соң да тоқтап қалмай, шәкірт тәрбиелей жүріп, өзінің таным көкжиегін одан әрі арттыра түсті. Үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек, қайтпас қайсарлық пен сабырлылықты жан жолдас еткен табандылығының арқасында ұжымдастарының құрметіне бөленіп, абыройы артқан жас ұстаз қызметте көтеріліп, 1989 жылдан бастап Қазақтың Еңбек қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтының «Өсімдік шаруашылығы» кафедрасының ассистенті болып қабылданды. Міне, осы жоғарғы оқу орнында қызмет етіп, араға уақыттар салып, қызметте де көтерілді. Гүлнар Азимбайқызы үшін іздену екінші орынға ысырылып қалған емес. Жыл санап емес, күн санап дамып келе жатқан жаһандық ілгерілеуден қалып қоймау жолында еңбектеніп, соңғы үлгідегі оқулықтарды қолдана отырып қызмет етіп, өзі де білімін толықтырып отырды. 1998 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының аспирантурасына түсіп, 2000 жылы «Агрономия» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарған білікті маман 2008 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанып, «Өсімдік шаруашылығы» мамандығы бойынша ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болып, 2011 жылы доцент атағын алып, қазіргі уақытта «Агрономия» кафедрасында профессор қызметін атқарады.
Мұғалім үшін перзент тәрбиелеу, спортшы үшін ел абройын көтеріп жеңіске жету, ақын үшін ел мұңын жырлау міндет болса, ғалым үшін елге, салаға пайдасы тиер ғылыми еңбектер жазу маман иесінің жауапкершілігіндегі іс. Бұл жағынан келгенде Гүлнар Азимбайқызының еңбек қоржыны кең десек те болады. Жарыққа 200-ге жуық еңбектер жазып шығарып, оны қоғам игілігіне, ғылым жолына түскен студенттерге пайдалануға берген ғалым бүгінде әлі де ізденіс үстінде. Әр еңбектің, қызметтің өз өтеуі болады. Еліме пайдам тисін, ілім мен ғылым ізденген жасқа жарық жол сілтеп тұрсын деген мақсатта жазылған құнды дүниелері мен өзге де ғылыми еңбектері, атқарған қызметі арқасында түрлі марапаттарға ие болып, елдің алғысын алды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, Жаманның жамандығын айт құты қашсын!» демей ме қазақ даналығы, Гүлнар Азимбайқызының өмір жолын сарп еткен ғылым жолында алған марапаттары мен алтыннан да қымбат уақытын арнап қол жеткізген жетістіктеріне көз жүгіртіп көрсек:
✦ 1989, 2000, 2008, 2018 жылдары университетте қызмет еткен, қол жеткізген ерекше табыстары үшін Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ректорының Мақтау грамотасы;
✦ 2005, 2009, 2017 жылдары университеттің 75 және 85 жылдық мерей тойларына орай тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары және оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің «Құрмет Грамотасы»;
✦ 2015 жылы ҚазҰАУ «Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл» Алтын медалі;
✦ Тұрар Рысқұлов ауданының ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі үшін Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің аппаратының «Алғыс хаты»;
✦ 2019 жылы Білім беру саласында қол жеткізген ерекше табыстары үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» медалі;
✦ «Білім беру саласының үздігі» қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңесі төсбелгісі және сертификат;
✦ Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің «Еліміздің оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалі;
✦ 2020 жылы «Ғылым және мәдениет: қазіргі таңдағы өзара әрекеттестігінің мәселелер болашағы» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқаны үшін «Құрмет Грамотасы»;
✦ «Инновационный преподавания области в земледелие и растениеводства» «Алғыс хаты»;
✦ «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгісі;
✦ 2021 жылы университеттің «Зимный школа» «Алғыс хаты»;
✦ «Құрметті ардагер» төсбелгісі;
✦ «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл»: Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауылшаруашылығы саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсының әділқазы алқасының мүшесі болғанына «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Оған қоса, Гүлнар ғалымның Оңтүстік Қазақстандағы Жетісай өңіріне алғаш рет зәйтүн ағашын әкеліп отырғызған еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашыпжұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп білім мен ғылымды жырлаған Ыбырай Алтынсарин мен «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес. Дененің барша қуаты, Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін» деп Абай Құнанбаевтың іліміне ұмтылған Гүлнар Азимбайқызы ел экономикасы, ауыл шаруашылығы жолындағы мамандарды даярлауда әлі де қызмет ете береді. Ғылым жолындағы 43 жылдық еңбек өтілінде өзінің адами асыл қасиеттерді жоғары қойып, өзгелерді сыйлай, құрметтей білгенінің арқасында өзі де бедел биігіне көтерілген абзал жан жолдасы Идрисов Бейбіт екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірді. Екеуі отбасылы, әрқайсысы өз саласының білікті мамандары болса, кенже қызы Идрисова Алтынай Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университетінде 2-курс PhD докторанты.
Ғылым мен өнер, мәдениет пен экономика қарыштап дамып келе жатқан бүгінде мәңгілік ел болуға бет бұрған жас Қазақстанның болашақ мамандарын даярлап, оларды еңбекке, іске белін бекем бууға тәрбиелеп келе жатқан Гүлнар Азимбайқызының деніне саулық, отбасына береке, қызметіне табыс тілейміз!