Курашева Жапырақ

Рейтинг:
 
                   

 МАҚСАТЫ АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН  
 
      Жоғары білімді маман атану қағаз жүзінде маңызды болған заманда мұғалім – көп, ұстаз – аз. Иә, ол – шындық. Кез келген білімді адам мұғалім бола алады, ал ұстаз атану екінің біріне беріле салмайтын қасиет. 
      Ел баласының ертеңін ойлаумен өз баласының жанына терең үңілуге уақыт таппайтын, алтын басына ақ түсірген жанды – ұстаз деп тануға болады. Ұстаздықтың бірінші сипаты – батыл бейне. Шәкірт санасына үлкен із қалдыру үшін ең алдымен білім керек. Көкіректе ой самсап тұрғанымен, оны жеткізетін сана болмаса, ұстаз дәрісі далаға аққан судай емес пе? Екінші сипаты – білімді жан. Әр баланы өз баласынан кем көрмей, нұрлы жүзбен бауырына басқан ұстаз ғана шәкіртке сүйікті жан бола алады. Өз шәкіртінің әр ісіне байыппен қарап, бала тілін таба білу арқылы оқушы қателігінің сырын ұғынуға болады. Бұл – ұстаздың үшінші сипаты.
      Білім беру кеңістігінде тәжірибелі, білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Маңғыстау көпсалалы «Келешек» колледжінің физика пәнінің оқытушысы Курашева Жапырақ Өтесбайқызы. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Жапырақ Өтесбайқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Жапырақ Курашовадай ұстаздың өмірі – болашақ ағартушылар үшін үлкен өнеге. 
      Ол бала санасына білім нәрі құйған маңғаз Маңғыстау жерінің тумасы. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары. Олар өз бауыр еті балаларының жоғары білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Әсіресе, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарының ішінен Жапырақтың болашағына үлкен үмітпен қарады. Жастайынан білімге құштар Жапырақ ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес. Мұғалім боламын деген арманы оны мектеп бітірісімен Гурьевтегі педагогикалық институты қабырғасына әкеледі. 1978 жылы Жапырақ институттың «физика-математика» факультетін бітіріп, жоғары білімді жас маман ретінде ұстаздық еңбек жолын өзі білім нәрімен сусындаған Жармыш ауылдық мектебінен бастайды. Сол кезден бастап, қазіргі таңға дейін Жапырақ Өтесбайқызының тағдыры білім саласымен тығыз байланыста.
      Заманымыздың заңғар жазушысы атанған М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп көрегенділікпен, дәл тауып айтқан. «Жас келсе, іске» дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, түйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Бойынан жастық жігердің ұшқыны жалындаған жас ұстаз Жапырақ Өтесбайқызы өз ісіне деген сүйіспеншілігін нақты істер арқылы көрсете алды. Қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы оны өзгелерден ерекшелендірді. Ағартушының қайсар мінезі, ақжарқындығы мен қызметіне адалдығы үлкен-кішіні баурап алатын. Әйтеуір, онымен сөйлескен адамның көкірегіне жылылық сезімі орнайтын.
      Жапырақ Курашева 1986 жылы Қызылтөбе елді мекеніндегі №18 орта мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, Жапырақ Өтесбайқызына аталған пән бойынша әдістемелік жұмыстарды жүргізу де сеніп тапсырылады. Себебі, мектепте әдістемелік қызметтің озық тәжірибелері мен дәстүрлерін сақтау және дамытудың маңызы зор. 
      Сондықтан Ж.Курашева білікті физика, математика мамандарының педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде зерттеу, жинақтау және тарату, жұмыс тәжірибелерін жариялау; педагогика ғылымының жетістіктерін жұмысқа қолдану қызметінде инновациялық бағыттылықты қалыптастыру; мұғалімдердің пәндік және психологиялық-педагогикалық дайындық деңгейін көтеру, өзіндік білімін жетілдіруді ұйымдастыру, теориялық және әдістемелік семинарлар өткізу; жаңа оқу бағдармаларын, жоспарларын, мемлекеттік білім стандарттарын оқып, үйренуді өз дәрежесінде ұйымдастырады.
      Физика-математика бағытындағы пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек беруде, олардың мамандық шеберлігін арттыруда шығармашылықпен жұмыс жасап келе жатқан, өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген маман Жапырақ Өтесбайқызы үшін бұл жұмыстың қиынға түспегені анық.
      Жапырақ Өтесбайқызы жоғары сынып оқушыларының білім сапасын көтеруді басты мақсат етіп алады және білім сапасының оқушыға білім беретін ұстазға тығыз байланысты екеніне аса мән береді. Мектептегі сынып мұғалімдері шығармашылық тобына жетекшілік ете жүріп, жаңа буын оқулықтары бойынша талдау жасап, тест тапсырмаларын құрастырады. Әр тоқсан сайын білім сапасына талдау жасап, кемшіліктерді жою бағытында түрлі жұмыстар атқарады. Сабақтарында жаңа технология элементтерін қолданып жүрген ұстаздың үлгілі сабақтарын семинар, секция жұмыстарында өзгелерге үлгі ретінде көрсетіп, жаңашылдыққа үйретуден жалықпады. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. 
      Білім берудің ұлттық моделіне көшкен мектептегі ойшыл, зерттеуші, жаттандылықтан аулақ, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім Ж.Курашева ата-аналардың құрметіне бөленді. 
      – Жапырақ Өтесбайқызының балаларға деген сүйіспеншілігі мол. Ол шәкірттерінің пәнге деген қызығушылықтарын арттыра алады. Қандай тынымсыз бала болса да, кез келген оқушымен тіл табысуды көздейді. Барлық балаларға бірдей көңіл бөледі. Балаларға онымен бірге уақыт өткізген қызықты. Небір ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, өзінің тұщымды пікірін, ойын білім саласына сіңіріп жүрген мұғалім. Міне, Жапырақ Өтесбайқызындай тәрбиеші, дос және көмекші ұстаз болу бәрінің қолынан келе бермейді», – дейді бір ауыздан ата-аналар ол туралы.
      Өз пәнін терең меңгерген, кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштап, шыңдап отырудан жалықпайтын ұстаз – Курашева Жапырақ Өтесбайқызы оқушыларды сапалы білім алуға, функционалдық сауаттылыққа жеткізу жолында жемісті еңбек етіп жүрген білікті де білімді жан. 1998 жылы ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
      Мұғалімнің кәсіби білік дағдылары оның жеке кәсіби педагогикалық мәдениетін көрсететін өлшем. Жаңаша өмірге бет бұрып, жаңаша ой түзеген егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындататын саналы тәрбие, сапалы білім беретін жеке тұлға, мәдениеті мен кәсіби шеберлігі шыңдалған Ж.Курашева 2002-2003 оқу жылында Маңғыстау политехникалық колледжіне «физика, электротехника, теориялық механика» пәндерінен дәріс беруші оқытушы болып қызметке қабылданады. 
      Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ол алғашқы күндерден бастап-ақ ізденімпаз, қазіргі ұғыммен айтар болсақ, креативті мұғалім ретінде сабақты түрлендіріп, қызықты өткізе алатын, шәкірт жүрегіне жол таба білетін маман екендігіне әріптестерінің көзін жеткізеді. 
      Жапырақ Курашева физиканы оқыту арқылы студенттердің ғылыми көзқарасының қалыптасуына, ой-өрісінің дамуына жәрдемдесіп, оларды өнегелі-үлгілі болуға баулыды. Ол оқу үрдісін, оқу жоспарында қарастырылған зертханалық жұмыс өткізудістуденттердің өзіндік ізденісін арттыру арқылы жүргізді.Студенттердің кәсіби білімін шыңдауда теккен тер зая кетпей, жұмысы нәтижелі болды. Жапырақ Өтесбайқызының шәкірттері Ақтөбе қаласында жыл сайын өткізілетін студенттердің шығармашылық жұмыстарының байқауларында жүлделі орындарды иемденіп, арнайы марапаттарға ие болып келеді. 
      Жапырақ Өтесбайқызына 2012 жылы 23 қарашада Ақтау қаласында Маңғыстау политехникалық колледжінің 40 жылдық мерей тойына орай өткізілген «Мұнай-газ кешенінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқаны үшін ардақты тұлғаға сертификат берілсе, осы жылы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Физика пәнін оқытуда жаңа технологияларды енгізу білім сапасын арттырудың тиімді шарты» біліктілік курсынан өтіп, сертификатқа ие болды.
      2015 жылы Ж.Курашеваға кәсіптік білім берудегі шығармашылық жетістіктері, жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының «Алғыс хаты» және Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Дуалдық оқытуды енгізу жағдайында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы физика, математика, информатика пәндерін оқытуда интербелсенді әдістерді пайдалану» тақырыбы бойынша сертификат табыс етілді.
      Белгілі педагог К.Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатса оның мұғалімділігі де тоқтайды», – деген. Сондықтан «ұстаз-шәкірт-ұстаз» болуы қажет деген ұстанымдағы Ж.Ө. Курашева 2016 жылы Маңғыстау көпсалалы «Келешек» колледжінің физика пәнінің оқытушысы қызметіне ауысып, қазір де аталған ұжымда физика пәнінен дәріс берумен қатар, әдістемелік жұмысты да абыроймен атқарып жүр.
      Жапырақ Курашева студенттердің логикалық ойлау қабілеттерін, есептеу дағдыларын жетілдіру, белсенділіктерін арттыру, пәнге деген қызығушылықтарын дамыту, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту, ой-өрісін кеңейту, жаңашылдыққа, ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалануға тәрбиелеу мақсатында ғаламдасуға байланысты «Ғаламтор» жүйесін жетік меңгеріп қана қоймай, кәсіби білім-білік дағдыларын да жетілдіріп отырады. Ол сонымен қоса, ұлттық құндылықтарды, яғни этнопедагогика, этнопсихология негіздерін меңгерген оқытушылардың қатарында. Қазіргі қоғамға қажетті мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, шәкірттерімен тіл табысудағы қасиетімен, өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана педагогтік мәртебесін биік ұстай алады. 
      Колледж қабырғасында қызмет ете жүріп тәжірибелі оқытушы Жапырақ Өтесбайқызы физика пәні бойынша 2016 жылы «Термодинамиканың бірінші заңын изороцестерге қолдану» тақырыбы бойынша, ал 2017 жылы «Электромагниттiк толқындар шкаласы, жоғары жиiлiктi электромагниттiк толқындардың биологиялық әсерлері және олардан қорғану»тақырыптары бойынша ашық сабақтарды жоғары деңгейде өткізіп, өзінің білім көкжиегінің қаншалықты кең екендігін көрсетті. 
      Ашық сабақтар барысында әртүрлі деңгейдегі физикалық есептерді шығарған шәкірттердің оқу материалын өте жақсы меңгергендігі байқалды. Сонымен қатар, студенттер білім, білік, дағдыларды игеруге қоса, физикалық мәселелерді өз білім, білік, дағдыларын пайдаланып, тиімді шеше білуді үйренгенін, зерттеу, талдау, есте сақтау, логикалық және шығармашылық қабілеттерінің жақсы дамығанын көрсете алды. Жапырақ Курашева сабақ беру барысында интерактивті тақтаны, электрондық оқулықтарды пайдаланды. Бұл – студенттердің бойында ынтымақтастық педагогикасының жүзеге асуына, бірлесіп әрекет етуге, сабақта жайлы да жағымды психологиялық жағдай орнауына мүмкіндік берді. Ақпараттық-комуникативтік оқыту технологиясын шебер қолданған тәжірибелі ұстаз ашық сабақтары үшінәріптестерінің оң бағасын алды.
      Колледж студенттерін Отанды сүюге, құрметтеп қастерлеуге, өз елін, елінің тарихын білуге тәрбиелеу мен олардың таным белсенділіктерін, қызығушылықтарын дамыту және патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру мақсатында Жапырақ Курашева «Ел бірлігі тәуелсіздік тұғыры», «Өз Отанының патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіне ұялату», «Тәрбие отбасынан басталады» тақырыбында ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Жапырақ Өтесбайқызының ойынша, ашық тәрбие сағаттары жастардың әлеуметтенуіне көмектеседі. Оларды қоғамның мәселелеріне енгізеді, сезімталдықты дамытады, салауатты өмір салтын дәріптейді, өзара қарым-қатынас жасауын нығайтады, бос уақытын тиімді пайдалануға, жоспарлай білуге баулиды.
      Жапырақ Өтесбайқызы өзіндік іс-тәжірибесін тарату мақсатында баспасөз беттеріне жиі жариялап тұрады. Атап айтқанда, бір ғана 2017 жылдың ішінде «Конспекты уроков» сайтында: «Өз Отанының патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіне ұялату»; Интернет-копилка сайтында: «Копилка уроков – сайт для учителей» ашық сабағы: «Термодинамиканың бірінші заңын изороцестерге қолдану»; Интернет-копилка сайтында: «Копилка уроков – сайт для учителей» ашық сабағы:«Электромагниттік толқындар шкаласы»; «Білімге сапар» ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналының №1 санында «Республикам – Қазақстан»; «Қазақстан патриоты» журналында «Мен – Қазақстандықпын», «Тәуелсіздік – тұғырым» атты мақалалары жарық көрген.
      Елбасы Н.Ә.Назарбаев Білім және Ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде: «Мұғалімдердің жаңа ұрпағы білім деңгейі жөнінен әлдеқайда жоғары болуы керек. Ол үшін жаңа формацияның педагогы қажет», – деген болатын. Кәсіпқой мұғалім өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әрбір қатынасушысының орнын білуі керек. Жаңа педагогикалық технологияның ерекшелігі – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан-жақты дамыту.Бұрынғы оқушы тек қана тындаушы, орындаушы болып келген. Ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беретін Жапырақ Курашева үнемі ізденіп, өз білімін жетілдіріп отырады. Ол «Оқу үрдісінде ақпараттық технологиялар мен жаңа педагогикалық әдістерді тиімді пайдалану» атты әдістемелік он күндікте үлгілі ашық сабақ өткізгені үшін Мақтау қағазымен марапатталған.
      Білім сапасының қандай елдің болмасын келешегінің, оның өркендеп-өсуінің, мемлекеттік қауіпсіздігінің түп қазығы екені баршаға мәлім. Себебі, мектепте жақсы білім алған бала қай мамандықты болса да жақсы игере алады. Соның әсерінен кадр тапшылығы азайып келеді. Ал, ол өз кезегінде еліміздің адами капитал деңгейінің жоғарылауына әкелетіні сөзсіз. Ж.Курашева қай жерде қызмет атқарса да, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруге бар күш-қайратын жұмсап, еселі еңбек үлгісін көрсетіп жүр. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. 2013-2014 оқу жылында білім сапасының көрсеткіші оқушылар санының 66%-ын құраса, 2014-2015 жылдары бұл көрсеткіш 76% -ға өскен. Ал, 2015-2016 оқу жылы білім сапасы 83%-ға дейін жақсарған.
      Кемел ойлы Елбасының «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғамда өмір сүргіміз келсе, балалардың алдында жауапкершілігімізді күшейтуіміз керек» деген сөзі бар. Ендеше ойлы ұрпақ тәрбиелеу – білім беру саласы қызметкерлерінің басты міндеті болып табылатыны хақ. Демек, әрбір ұстаз тәрбиеші болумен қатар, өз пәнінің жақсы маманы болуы тиіс. Шәкіртінің идеалы бола білген ұстаз ғана өз еңбегінің нәтижесін көреді. Ұлағатты ұстаз бұл күнде өз еңбегінің ең жоғары бағасы – шәкірттерінің алғысы деп біледі. Шынында да Жапырақ Өтесбайқызы – шәкірт алғысына бөленген бақытты ұстаз. Олай деуімізге негіз бар.
      Алдынан мыңдаған шәкірттер түлеп ұшқан Ж.Курашева сауатты шәкірт тәрбиелеп, сала жұмысына қомақты үлес қосқан ұстаздардың бірі. Оған дәлел, оқушылары әрқашан өздерінің жетістіктерімен қуантып жүреді. Бұл күнде жер-жерде өзіне жүктелген өмір жүгін арқалап жүрген түлектері ұстаздарын мақтанышпен еске алып, жүрек түкпірінде сақтап жүретіні көңілге қуаныш ұялатады. Әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, бұл күнде түрлі саланың мамандары болып жүрген қоғамға пайдалы азаматтар болып қалыптасқан. Осыдан 20-30 жыл бұрын мектеп бітірген шәкірттері де хабарласып, үнемі ақыл-кеңес сұрап тұрады. Мереке сайын құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Солардың бірі – Қауылтаев Сейтқалимен кездейсоқ жолығысып қалған сәтінде шәкіртінің хал-жағдайын сұрасқаны күні бүгінге дейін есінде. Жапырақ Өтесбайқызы Сейтқалиды заң саласының қызметкері болар деп ойлап жүрген болатын. Өйткені, мектеп қабырғасында жүргенде заң қызметкері болуға қызығушылық танытатын еді. Шәкіртінің жауабы ұстазын таңғалдырды әрі қатты қуантты да: «Сіз мені үлкен өмірге қанаттандырдыңыз. Физиканы соншалықты жақсы оқытқаныңыздан болар, менің физикаға деген қызығушылығым оянды. Жоғары техникалық оқу орнын бітірдім. Қазіргі кезде Шетпедегі цемент зауытында  инженермін. Сіздер біздің жасаған әрбір үлгілі істерімізбен мақтансаңыздар, біз де өз ұстаздарымыздың ұстаздық қасиеттерімен мақтана аламыз. Шәкірт жүрегіне тек қана ізгілік нұрын сеуіп, техника, аспан әлемі, табиғаттың өзімен етене сырластырып, құпиясы мол қызықты пәндерді жалықпай үйретіп жүрген ұстаздарымызбен қалайша мақтанбаспыз. Мен Сізді мақтан тұтамын және құрметтеймін», – деген болатын. Ұстазға шәкіртінің берген осы бағасынан асқан бағаны кім бермек дейсіз?!
      2016 жылы өткізілген «Кәсіби білім алушыларға сапалы білім беруді ұйымдастыру» тақырыбындағы облыстықсеминар-практикум, «Бәсекеге қабілетті бүгінгі маман – ертеңгі Қазақстанның болашағы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушы, 2017 жылы «EXPO – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында шебер-сынып байқауы қатысушыларының алдыңғы қатарында болды.
      Қанша мақтасаң да артық етпейтін ардақты жанның өмір көрсеткен іскерлігі, білімділілігіне ешкімнің дауы жоқ шығар. Өйткені, Жапырақ Өтесбайқызы өз ісіне жан-тәнімен берілген, абыройлы,өнегелі, ардақты жан. Әріптестері үшін ғана пір тұтатын жан емес, барлық мұғалімдердің пір тұтар ардақты адамы.Сан жылдар бойы білгенін үйретіп, білмегенін үйренуден жалықпаған, мейірім шуағын төге білген жоғары санатты әдіскер, тәжірибелі оқытушыЖапырақ Өтесбайқызы Курашева білім жолында ізгілік нұрын шашып, шығармашылық жолын, ұстаздық жолын жалғастырып келеді.
      Ахмет Иүгінеки бабамыз «Бақыт жолы тек білімнен табылар» дегенде, сол білім дәнін егуші ұстаздың ұстамдылығы мен шеберлігін де айтса керек. Жоғары санатты ұстаз – ізгі жүректі, ізденімпаз, жан-жақты дамыған, тынымсыз еңбеккер, терең қазыналы білімпаз, кез келген ортаның ұйытқысы, ұйымдастырушысы, рухани-адамгершілігі жоғары, заманауи техника шебері, бәсекеге қабілетті, жаңашыл шәкірт дайындауды мақсат етіп отыр. Болашағы жарқын, мақсаты айқын, келешегі кемел ұлағатты ұстаз алдағы күндерге үлкен сенімімен, ізгі ниетімен, терең біліммен қарай отырып, ұшқыр ой,талмас қанат, таудай талапты кейінгі ізбасар шәкірттерінен көруді қалайды.
 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...