Айнұр Қартаңбайқызы

Рейтинг:

Білімді маман, 
Білікті педагог

      Ұрпақ тәрбиесі өмірлік тақырып қой. Саналы тәрбие мен сапалы білімге ие ұрпақ қалыптастырудың жүгі ауыр екені айтпаса да белгілі. Бала тәрбиесінде ата-анадан кейін ұстаз еңбегі зор. Жарты күнін, кейде одан да ұзағырақ уақытын білім ордасында өткізетін бала жанын ұстаздың да ұстазы, мамандығын жанымен сүйіп, адал атқаратын педагог қана түсіне біледі. Баланың ғұмырына азық болар білім де сондай ұстаздан дариды. Мұғалімнің бойында болуы тиіс ізгі қасиеттердің барлығы тал бойына тоғысқан жандар аз емес. Ұрпақ тәрбиесі жолында талай белестерді бағындыру керек. Білім жолы ұзақ, әрі шексіз. Қалам тербеуге себеп болған жан Айнұр Қартаңбайқызы білімді де білікті педагог ғана емес, өз ортасында сыйлы да қадірлі көшбасшы, ақылшы. Өз бойындағы төзімділікті, тазалықты, сабырлықты, адамгершілік пен мейірімділікті паш етіп, қызмет етіп келеді. Ұжымды ұйыстырып, ауызбіршілікті бекем ұстап, жас мамандарға еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойларына сіңіріп, ақыл-кеңесін айтып отырудан жалықпайтын басшы. Рас, бала тәрбиесі өте күрделі, әрі көпсалалы. Баланың жеке басының дамуын, қалыптасуын, білім берумен тәрбие және оқу процесін басқару сөзсіз жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да мұғалімнен жан-жақты терең ғылым, білім, жоғары педагогикалық шеберлік, отансүйгіштік, табандылық пен қоса ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етіледі. Мұғалім еңбегі өзінің мақсаты, мазмұны және қоғамдағы алатын орны жағынан ең құрметті болып танылады. Д.И.Менделеев: «Ғылымды өзі жетік білетін, оны меңгерген және оны жақсы көретін ұстаз ғана шәкірттеріне жемісті қызмет ете алады» деген екен. Бұл ретте Айнұрдың беделі биік, етіп жүрген еңбегі көпке аян.
      Айнұр Қартаңбайқызы 1975 жылы 6 қаңтарда Қызылорда қаласы, Қармақшы ауданы, қазіргі Ақтөбе (бұрынғы Чапаев) ауылында дүниеге келді. Әкесі – Шахиев Қартаңбай 1948 жылы дүниеге келген. Ауыл-аймағына сөзі жүретін, парасатты, өзінің ісін жақсы білетін, отбасының асқар тау тірегі бола білген азамат еді. 2021 жылы дүниеден озды. Анасы – Бисова Бибісара 1949 жылы дүниеге келген. Ағайын-туғанына сыйлы, қадірлі, отбасына қамқор, балаларына тәлімді тәрбие берген жан. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиеленген Айнұр табиғатынан биязы мінезді, көпшіл жан. Ол 1982-1992 жылдар аралығында №109 Чапаев атындағы қазақ орта мектебінде оқып, білім алды. Мектептің қоғамдық жұмысынан тыс қалмайтын оқушы сынып көшбасшысы болуымен қатар, ұстазының оң қолы да бола білді. Кез келген тапсырманы аяғына дейін жеткізбей тынбайтын тиянақты әрі жауапкершілікті түсіне білетін шәкіртін сынып жетекшісі үнемі мақтап отыратын. Мектепті ойдағыдай жақсыға аяқтап шыққан жас 1993-1996 жылдар аралығында ауыл шаруашылық астық қоймасында және мәдениет үйінде кітапханашының көмекшісі болып жұмыс жасады. Жұмысқа деген қызығушылығының арқасында аға мамандардан тәжірибе жинақтады.
      Білімге құштар жас 2001 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2004 жылы аталған колледждің «Бастауыш сыныпта оқыту» мамандығы бойынша толық курсын бітіріп шықты. 2007 жылдан бастап №85 мектебіне қарасты «Шағын комплектілі мектепке» жұмысқа орналасты. 
      «Ұстаз жолы – ұлы жол» демекші, өзі тәлім берген оқушыларға жан-жақты, сапалы білім, жақсы тәрбие беруді басты міндеті екенін білетін білікті маман өзінің мамандығын мақтанышы санады. Мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін саланы барлық жан-дүниесімен қабылдап, сүйе білуінің арқасында көптеген жетістіктерге де жетті. 
      Мұғалім болу бір не екі баланы тәрбие беру емес. Ондағы әр түрлі қабілеті мен бейімділігі, қызығушылығы, мінез-құлқы мен әдет-ғұрпы, түсінігі мен көзқарасы түрлі деңгейдегі әр үйдің бір-бір еркесін тәрбиелейді. Мұғалім еңбегінің ерекшелігі де сол, оның баламен үнемі қарым-қатынаста болуымен қатар рухани араласумен сипатталады. Әр баланың көңілін, тілін таба білу керек. Өзінің оқушыларымен жиі сырласып, дос сияқты ақылдасып отыру, бір-біріне сеніп, көмектесудің өзі ұстаз бен оқушы арасында сыйластық орнатады. Кез келген уақытта баланың көңіл-күйін байқап, ақылын айтып, көмек қолын созу тек қана өнегелі, тәрбиелі, білімді ұстаздың қолынан келетін іс деуге болады. «Адамының адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы ғой. Қазіргі заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру ұстаздың міндеті. Бүгінгі ұстаз балаларға білім беруші ғана емес, сонымен қатар, олардың жаңа қалыптасып келе жатқан сана-сезімін жоғары дәрежедегі рухани байлықтармен байытушы, балаларға қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық көзқарастың қажеттілігін оятушы, оларға өз бетінше жаңалық ашуға, жаңалық жасауға үйретуші болып саналады.
      Айнұр Қартаңбайқызы қай кезде болмасын өзінің білімін жетілдіріп отырудан бір жалыққан жан емес. Жұмыс жасап жүріп те біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту курстарын оқыды. 2009 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Өзін-өзі тану» курсындағы өзара ынта-ықылас (интерактивті) әдістері атты біліктілік курсын оқыды. 2012 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында өз білімін көтерді.
      - «Біздің міндетіміз – біліммен бірге тәрбие беру. Сондықтан басты бағытымыз – оқыту, білім беру. Ал басты міндет болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім бере отырып тәрбиелеу. Соның ішінде, мен өз басым әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін. Оқу мен тәрбие егіз ұғым дейміз ғой. Тәрбиелі жас тиянақты білім алып шықса, келешектегі еңбегінің жемісі де, жеңісі де мол болады. Сол үшін менің ең басты мақсатым – балапандарымды заманауи ілім-біліммен қоса ата-баба салт-дәстүрімен қоса тәрбиелеу. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де тәрбиелеп шығатын біздер емес пе?! Мұғалім мамандығын мәңгілік деп айтады. Өзімнің тағдырыма, таңдаған мамандығыма шын разымын. Адамзат өзі өмір сүргеннен бері әрдайым оқып-білуге, өз тәжірибесін жас ұрпаққа таратуға өмір тәжірибесімен санаса, мақсаткерлік тұрғыда меңгеруге талпынады. Мұғалім болашаққа ұмтылған жеке тұлғаны қалыптастырушы болғандықтан, сол жауапкершілікті түсіне отырып барынша еңбектеніп келеміз», - дейді ол.
      Тәжірибелі маман 2012 жылы «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін дамыту, педагогикалық іс-тәжірибе жинақтау мақсатында өткізген «Тәжірибе алаңында өзіндік ізденісімен» көзге түскені үшін мадақтама алды. 2012 жылы 13 қазанда аудандық «Зерттеуші мұғалім – 2012» байқауында І орын алғаны үшін мақтау қағазымен марапатталды. 2012 жылы №85 орта мектебінің директорының атынан мадақтама иеленді. 2013 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударды. 2017 жылы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің кәсібі бойынша толық курсын бітіріп шықты. 2018 жылы «Сыр балдырған» жекеменшік балабақшасына меңгеруші болып орналасты. 2019 жылдан бері «Сыр балдырған» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы әрі меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
      Көзінен оты, бойынан қайсарлық байқалып тұратын іскер Айнұр Қартаңбайқызы 1996 жылы қаңтар айында тұрмыс құрды. Жолдасы Төребаев Данабек Қармақшы ауданы, Диірментөбе станциясының тумасы, мұнай саласында жұмыс жасайды. Екеуі бүгінде екі қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған өнегелі отбасы, 2 немеренің әжесі.
      «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, саналы ғұмыр жолын ұрпақ тәрбиесіне арнаған білімді жанға денсаулық пен еңбегінің жемісін көре берсін деген тілек білдіреміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...