Амантаева Ляззат

Рейтинг:

Білікті басшы - мектеп мерейі

      Басқа дауа жоқтай, жер басып жүрген пенденің шаттанған шақта өлеңнен қуаныш тауып, қайғырған кезде шерлі жүрегін неге өлеңмен жұбатады? Құдіреті күшті Алла тағала жер патшасы – адамды жаратқаннан бері мына жалған дүние мың-сан өзгеріп, уақыт тасқыны талай ғасырды ағызып әкетіп, әлем бірнеше рет жаңарып, бәрін танып-біліп, екі аяқты саналы тіршілік иесінің құдіретіне таң қалуды қойсақ та, өлеңмен сырласқанда әлі ешкім көрмеген ғаламның табалдырығынан аттағандай, жанымыз тыныштық таппай, аласұрады. Дүние есігін ашқаннан бері үнемі тынымсыз ізденістің жалына жабысқан адам баласының таппаған құпиясы, ашпаған жаңалығы қалмаған шығар, сірә?! Жарық әлемге бейкүнә сәбидің кіндігін кескен де – ән мен күй. Көретін жарығы таусылған адамның өмірі де оның кеудесінен өлең болып ұшып кетеді. Ән мен күй Алланың нұрына шомылған өмірдің алтын шуағы. Сол алтын шуақ өне бойына қуат беріп, қантамырында бүлкілдеп жататын Амантаева Ляззат Алтынғалиқызы оның құпия-сырын анық біледі. Ол кеудеңдегі сағыныштың отын маздатып, көңіл-күйіңді алай-дүлей қылып, гүлдей нәзік сезіміңді желқайықтай шайқап жіберетін ән мен күйдің құдіретінен жанына дауа іздейтін жан.
      Ляззат Алтынғалиқызы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында туған. Бала кезінен еңбекқор болып өскен өрімдей жас қыз әр іске қабілетті болып өсті. Мейірімді, балажандығы бір бөлек қасиет. Ата-анасы бала кезінен әр іске сабырлықпен қарап, төзімділікке үйретті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп атқаратын. Үй шаруасындағы тірліктің көптігіне қарамастан оқуға да аса көңіл бөлді. Ойынның соңына көп түсіп кетпейтін, сабақтан бос кезінде көбіне әр түрлі пайдалы істермен шұғылданатын. Ата-анасы бала Ляззатты 8 жасынан бастап музыкалық мектепке береді де, кішкентайынан өнерлі қыз түрлі конкурстарға қатысады. Музыкалық мектепті фортепиано класы бойынша оқиды. 
      Мектепті ойдағыдай бітіріп, М.Әуезов атындағы ОҚМУ (Әл-Фараби атындағы ШПМУ) Музыка және ән айту мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуда жүргенде іске тиянақты араласуы, адал берілгендігі, мәдениеттілігі басым бойжеткен барша ұстаздар үшін сүйкімді қалпынан тайған емес. Оқуға құштар талапкердің оғаш қылығы жоқ, тәртіптілігі тәрбиесінен көрінсе керек. 1997 жылы оқу орнын үздік аяқтап, алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы №42 жалпы орта мектебінде ән-күй мұғалімі болып бастайды. Ұстаздық ұстанымның құпиясы салмақтылықтан сая тапқан сабырлылықта дер едік. Жұмысқа жаңадан араласқан жас ұстаз қай істе болсын Абай айтқандай: «Ақырын жүріп, анық басты» негізге алып, өз ісіне деген жауапкершілікті бір сәтке болса да босаңсытпай, шәкіртіне білгенін «үйретуден жалықпауды» әдетіне айналдырған абзал ұстаз. Жас маман болған соң сабаққа кіру, тәжірибе алмасу сияқты қажетті міндеттерді атқаруға тиістісің. Ол ән-күй сабағынан сыныпқа кіргенде оқытушылық міндетті орындау үшін емес, ойға жиған, жүрекке түйген білік-білімнің жарығын шашу үшін кіретін. Дәріс оқу, көп адамға дәрісханаға кіріп, шамасы келсе, оңды-солды сөйлеп кету, шамасы келмесе, алдындағы ақ қағаздан ежіктеп оқи беру болып көрінетіні рас. Бірақ, жас ұстаз үшін бұл мүлдем басқаша еді. Ол өзіне үміттене қараған шәкірттің жүрегіне жетер, көңіліне қонар, есінде қалар сөз тауып, сол арқылы оның ойын тербетіп, жан жүрегін әлдилеп, ән мен күй сабағын өзінің ар-ұжданының адалдығымен атқарып шығады. Жас маман болса да дәріс берген әр сабағында өзіндік атмосферасын орнатып, оқушыларға тамаша көңіл-күй сыйлауға тырысатын.
      Ұстаздық жүгі ауыр, жауапкершілігі зор жұмыс. Дәріс пен сабақты былай қойғанда, күнде сан түрлі мінезбен таласып, сан тағдырдың тілек-тынысына куә боласың. Оны дәріптеп, солды сынап, талап қойып, бәрінің көңілін таба біліп, орайына жағу оңай шаруа емес. Әрбір шәкіртінің сенімді серігіне айнуға тырысатын Ляззат Алтынғалиқызы 1999 жылы №355 «Азамат» бөбекжай-балабақшасы музыка жетекшісі болып қызмет жасайды. Өзінің еңбекқорлығы, жан-жақты ашықтығы, ұйымдастырушылық қабілеті, ұжым мүшелерімен емін-еркін араласуы алдағы қызметіне жол ашылуына сеп болады. Бұрын оқушыларға сабақ берген жас ұстазға балабақшадағы тәтті бүлдіршіндермен бірге жұмыс істеген жанына жылулық сыйлайды. Өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасаған Ляззат Алтынғалиқызы балалардың бал тіліне сүйсініп қарайтын. Оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкірттеріне өнеге бола білді. Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, бүлдіршіндерді білдірмей жетелеп, байқатпай бағыт-бағдар береді. Әр кезде ізденуден жалықпайтын кейіпкердің жаңалыққа жаны құмар. Оқушылардың мектепте алған білімдері олардың бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп беру, оны өмірге дайындау мәселесі ол үшін негізгі ұстаным болды. Кішкентай бөбектердің жетістіктеріне жаны жадырап, балаша қуанатын. 
      2001-2007 жылдары Астана қаласы Оқушылар сарайында ұйымдастырушы әдіскер болып еңбек етеді. Сол қызмет аралығында екінші мамандықты бітіріп алуды ойға алады. 2004 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алады. Білікті заңгер болып қоғамдағы әлсіз жандар мен балаларды қорғағысы келеді. Оқуын үздік бітіріп белгілі заңгер болып ата-анасы, бауырлары мен туыстарына қамқорлық танытуды мақсат етеді. Ән-күйден жырақ кеткісі келмейтін нәзік аруға жанына салмақты қызметтің жай-күйі алыс көрінеді. 2007 жылы қызмет барысымен Шымкент қаласына қоныс аударады. 2011 жылға дейін №64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп-гимназиясы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ақылы мен айласын, жігері мен абыройын бірге пайдалана білген азаматша осы уақытқа дейін қызметте қиыншылықты да көрді. Десе де тығырықтан талмай шығып, алға қойған мақсаттарын орындады. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, алға қойған мақсаттарына жетуге талпынды. №64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп-гимназиясы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалғанда қиындықтан қашпайтын, шешім тапқыш Ляззат Алтынғалиқызы бірден іске кірісіп кетті. Бірге қызмет жасаған ұжымда бойдан бөгделік білдірмей, бұрыннан істеп келе жатқан адамдай жұмыстың қалың қойнауына араласып, кірісіп кетті. Бұл жұмысты ақсатпай, керісінше, асқақтатып алға жылжытып бара жатқандығын байқаған білім ордаларынан білікті маманға шақырту келіп түсті. 2011 жылы №2 Балалар саз мектеп директоры болып жаңа қызметке ауысты. 33 жасында музыкалық мектептің директоры болады.
      Ата-бабаның өсиет қылып қалдырған мұрасы «Әділ бол, адал бол!» деген қағидасын өмір бойы бұлжытпай орындауға тарысқан Ляззат Алтынғалиқызы қызметі қанша жерден өссе де адалдықтан бір қадам аттаған емес. Мектеп директоры болғанымен қатар өзінің жанұясын, жолдасымен үш баласының сүйеніші болды, ақылын ортаға салып, бар білгенін, тапқан-таянғанын солардың болашағына жұмсады. Балаларын тәрбиелеп, солардың болашақта білікті маман болуларына серпін береді. Ой-өрісі кең, терең білімді, әр оқиғаға, әр адамның сөзі мен ісіне, қоғамдағы, не саясаттағы әрбір өзгеріске өз өлшемі, өз түсінігі мен шешімі анық, сенімді басшы болатындығына достары нық сеніммен қарайтын. Жан-жақты терең, эрудиясы мол, салмақты, өте мәдениетті, өз ойын ұсыныс-пікірлерін анық мағынасына жеткізіп айтатын Ляззат Алтынғалиқызы №2 Балалар саз мектебінде өнегелі, өнімді қызмет етіп келеді. Басқаратын мәдениет саласында әр мәселені қадағалап, сарапқа салады. Директор болған осы жылдар аралығында 2 буын оқушылар алдынан өткен. Бүгінде олар жоғарғы оқу орындарында, өнер ордаларында білім алып жатыр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, шәкірттері шығармашылық өнер бәйгелерінен жоғарғы лауреат атанып, ән байқауларында жүлдегер атанып жүр.
      - «Мен бала кезімнен музыканы бар жан жүрегіме сіңіріп өскендіктен ол менімен бірге. Өйткені, музыка мәңгі өмір сүреді. Оның үстіне менің шығармашылығымды ата-анам, жақындарым, жолдасым, отбасым қолдайды», - дейді кейіпкеріміз. Парасатты, жайсаң жанды, жұмсақ мінезді көрінгенімен, жұмыс, жауапкершілік талабына келгенде өзін қатал ұстайды. Әр мәселені жауабына жеткенше қатты ескереді. Сөйлесе тек білгенін, анық мәселені қоятын және өз пікірінен айныған емес. Әсіресе, музыканы, өнерді, поэзияны қастерлеп, биік қояды. Шығармашылыққа жаны құштар жан өзі де анда-санда ән салып, ортаның шырайын келтіреді. 2011 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық қазақ консерваториясында Хор дирижерлеу мамандығы бойынша білімін толықтырады. Сол жылы №2 Балалар саз мектеп директоры болып қызметке тағайындалған сәттен бастап, көсіле, емін-еркін қимылдады. Өзі терең түсінетін бұл басқару қызметін ұршықтай иіріп келеді десек болады. Жақсы адам қай істе де жақсы істің басында, қасында жүреді. Ол – өмірінде тәлім-тәрбие беретін тәжірибе жинады, жинақтады, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды. Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі ол – ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық тәрбие-тағылым екендігін түсінді. Таусылып еңбек етіп келеді. Еңбектің наны тәтті демекші, атқарған қызметі үшін алған марапаттары толассыз. Ең ірілері 2016 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен Облыстық халық шығармашылық үйінен «Алғыс хаты».
      Ляззат Алтынғалиқызы өз мүмкіндігін пайдалана отырып, еліме қызмет ету менің азаматтық парызым деп саясатқа араласып, халыққа етене жақын болуды өзіне міндеттеп алған. Қызметке қалтқысыз беріліп, ешкімнен ештеңе күтпейтіндігінен болар, 2017 жылы жан-жақтан мақтау қағаздары ағылып келіп жатты. Басшының жеке басының жетістіктері өз алдына бір төбе... Әрине, ізденімпаз ұстаздың алар асуы мен бағындырған белестері біршама. Мектеп – барлық өркениеттің ошағы десек, әрбір мектеп басшысы - өзі басқарған ұжымның шырағы. Аталған уақыт аясында Ляззат Алтынғалиқызы өз қызметін, оқу-тәрбие процесін шеберлікпен ұштастыра білді. Тіпті өзінің қарамағындағы қызметкерлерге кішіпейілділік танытып, адал болып келеді. Сондықтан болар жанындағылар кейіпкердің бойынан кеңпейілділікті жиі аңғарады. Тіпті жомарттығының арқасында көп адамдарға көмектесіп, ілтипаттылығын көрсетіп жүреді. Әрбір мұғалімге көңіл аударып, кез келген қиыншылықты шешіп береді. Сондықтан болар, оны мектеп ұжымы қолы ашық, жомарт адам дейді. Басшыны ұжымның ақылшысы, туындаған мәселені дер кезінде шеше алатын ұйымдастырушы ретінде құрметтейді. 2017 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі атынан «Құрмет грамотасы» берілді. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан Білім басқармасы атынан «Мадақтама» табысталды. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан Облысының әкімдігі, ЮНЕСКО клубының дипломымен марапатталды. 2017 жылы ОҚСК, Облыстағы балалар саз мектептері арасындағы өткен музыкалық-теориялық олимпиадасынан «Алғыс хат» алды. 2017 жылы V Республикалық «Жұлдызға жол» балалар мен жасөспірімдер байқауынан «Алғыс хат», 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан Облысы, Шымкент қалалық мәслихаты атынан «Алғыс хат» табысталды. Оңтүстік Қазақстан Облысы Білім басқармасы атынан «Құрмет грамотасы» берілді. Жақында Ляззат Алтынғалиқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінен «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
      Бойында қазақилық тәрбиесі басым азаматша салт-дәстүрді берік ұстанады. Ән мен күйді ұрпаққа насихаттап, жиі айтады. «Уақыт мейлінше күрделі. Өнер табиғатының, оның ішінде күй құдіретін өскелең ұрпаққа сезіндіруді парызындай санайтын Ляззат Алтынғалиқызы тарихи орындарға жиі саяхаттайды. Тырнақталып жиған дүние етектеліп, төгіледі де кетеді. Ал тынымсыз ұмтылыс жолында жинақталған телегей-теңіз білім мен ақыл-ой келесі ұрпаққа аманат етіледі. Бауырмал, ақкөңіл, мейірбан жан айналасына шуағын шашып, жан-жағын нұрландырудан жалыққан емес. №2 Балалар саз мектеп директоры Ляззат Алтынғалиқызы үнемі ұстаздарына «Ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі» рухани сенімі мол ұрпақты тәрбиелеу келешектің бізге артқан міндеті екенін айтып, ұдайы ескертіп отырады. Оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетін басшы сырт көзге қатал көрінгенімен, іштей жаны нәзік, сезімтал. Ол тек білікті басшы, ұстаз ғана емес, отбасында сүйікті жар, сүйкімді келін. Ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы жан. Жанұяда алтын асықтай үш бала тәрбиелеп отырған аяулы ана.
      Қазіргі таңда өзінің білімділігімен, жан-жақты ізденімпаздығымен, жаңашыл ұстаз ретінде, шәкірт бойына білім нәрін сусындатып, өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті басшы. Оқытушы ұстаз ретінде қанат қақтырған шәкірттері қазіргі таңда өмірден өз несібесін алып, ел үшін еңбек етіп жүр. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста секілді, не істесе де келістіріп істейді» - деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. 
      Білікті басшы, шығармашыл тұлға білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан Ляззат Алтынғалиқызының өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...