Ұстаздық - ұлық емес, ұлы қызмет
Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласы ұлы ұстаздардың ұлағатты өсиетінің, үлгі-өнегесінің арқасында небір қиындықтарды орынды жеңіп, ұлттық тәрбие құралдарын ұтымды пайдалану нәтижесінде қандай да болмасын асқаралы асулардан жол тауып, белді белестерден
![]()
даналық арқылы дамып, дәуір сынын сапалы, саналы түрде артқа қалдыратындығы жасырын емес-ті. Оның бәрі ұрпағын ұқтырып оқытатын, тәрбиелеп жетілдіретін ұстаздың өзіндік ерекше сипаттағы шәкіртін баули алу жүйесінің мықты да, мығым болғандығының арқасы. Бүгін біз сөз ететін кейіпкеріміз де осы мамандықтың тізгінін ұстай білген ерекше жандардың бірі Өмірзақова Өлмес. Кейіпкеріміз 1942 жылы 23 қазан күні Шымкент облысы, Қаратас (Қазығұрт) ауданы, Карл Маркс атындағы колхозда (Шарапхана ауылы) шаруа отбасында дүниеге келген. Аталмыш ауылда Өлмес ханым 1949 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің бірінші сыныбына қадам басып, оны 1960 жылы абыроймен тәмамдап шығады. Мамандық таңдау – болашақты таңдау демекші, жас түлек сол тұста өз өмірін бала тәрбиесінің бағбаны болумен байланыстырып, 1960 жылы шырайлы Шымкент қаласындағы Н.К.Крупская атындағы, Шымкент педагогикалық институтының «Тарих және қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіне жоғары оқу орнына түсіп, 1965 жылы іргелі оқу ордасын бітіріп шығады. Кейіпкеріміздің алғашқы еңбек жолы 1965 жылдың 15 тамызынан сол кездегі Ленин ауданы, Ленин селосындағы В.И.Ленин атындағы орта мектепке тарих және география пәнінің оқытушысы болып жұмысқа орналасумен басталады. Жас маман бола тұра іс-қағаз барысында сауаттылығын білдіріп, көптің көңілінен шыға білген Өлмес ханым 1965 жылдың қыркүйек айында мектеп комсомол ұйымының жиналысында 0,5 жүктемемен арнаулы комсомол ұйымының хатшысы болып сайланып, біршама істің басын қайырады. Осы ретте, 1967 жылдың қаңтар айының 14 жұлдызында Ленин ауданының өз алдына аудан болып құрылуына байланысты, 1967 жылы 28 қаңтардан Ленин аудандық Комсомол комитетіні
![]()
ң екінші хатшысы, 1967 жылдың ақпан айынан Бірінші хатшы және Ленин аудандық Коммунистік партия комитетінің бюро мүшесі болып тағайындалады.
Өз ісінің шебері һәм әрқашан бірінші болу – әр адамның арманы. Арман жолында адам қандай бел-белестерден болмасын еш тоқтаусыз өтері анық. Арман жолын мақсатқа айналдыру бір бөлек дүние болса, өз мақсатыңызға жету үшін іс-әрекетіңіз қарқын алып, дамуы өзінше бір төбе демекпіз. Міне, кейіпкеріміз Өлмес ханым да еңбек жолында тәжірибе жинақтай келе, 1970 жылдың 4 тамызында Шымкент облыстық оқу бөлімінің бұйрығымен С.М.Киров атындағы орта мектеп директоры болып тағайындалады.
Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиет. Өлмес Өмірзаққызы үнемі ұстазға тән сергек ойдың иесі болды. Әрбір табыстарына тоқмейілсу мен тоқырау ол кісіге жат, керісінше жаңа ізденістерге жол ашты. Ол өз қоғамының ұрпақтан не талап етіп отырғандығын жіті аңғара алды. Бойындағы білім мен білік дариясын солай қарай бұрды, жас шыбықты солай қарай иді. Еңбек жолы барысында кейіпкеріміз балаларының жастығына байланысты өз өтінішімен 1973 жылдың 14 шілдесінде №11 санаторий типтегі мектеп-интернатқа тәрбие жөніндегі директор орынбасары болып ауысады.
Ұстаздың ұстамдылығының арқасында болар, талай шәкірті бабы келісіп, бәйгеге шапқанда асқан сабырлылықпен әліптің артын бағып иеленген әрбір марапаты мен мадағына іштей үлкен қуанышпен қарайтындығы тағы бір майталмандықтың бөлшегі демекпіз. Сондай шәкірттердің шамшырағы бола жүріп, Өлмес ханымның еңбегі еленген сәттер деаз болмады. Бұған дәлел, білім мен біліктің арқасында кейіпкеріміз 23 ақпан 1978 жылы Жаңа-Базар ауылдық советіндегі Абай атындағы орта мектеп директоры болып танылады.
Адам баласы өз өмірінде қиындығы мен қызығы, жақсы менен жаманы, ақ пен қарасы араласқан кезде сонау мектептегі ұстаздарының айтқан ақылын еске алып дұрыс шешім қабылдауға бел байлайды. Ал мектеп баланың қалыптасуындағы орта кезең дейтін болсақ, ата-анасының таңдауымен бөбекжай-балабақшаға əкелінген бала үшін бұл ең алғашқы баспалдақ екені даусыз. Тілімізге тиек еткен балабақшаны айтуымыздың өзінде мән бар. Оған себеп елімізде 1980 жылы бүкіл Кеңес одақтық балалар жылы болып жариялануына байланысты, Ленин аудандық партия комитетінің ұйғаруымен Ленин селосынан ашылатын 280 орындық балалар бақшасын жабдықтау-сметалық құжаттарын әзірлеуден бастап, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалап, бітіріп ашу үшін Өлмес ханым 1980 жылдың 20 мамырында «Таңшолпан» балалар бақшасына меңгерушісі болып тағайындалады. Аталмыш балабақшаны 1980 жылы 14 қазанда ашып, оның толыққанды жұмыс
![]()
істеуі үшін бар күш-жігерін сарп етеді. Білім саласында біліктілігімен дараланған кейіпкеріміз екі рет Шымкент облысы, Ленин ауданында депутат болып сайланып, халық қалаулысы болып, ел игілігі үшін барынша қызмет етеді.
Адал еңбегіне ғана сүйеніп, адам баласына қастандық жасауға жаны қас, пендешіліктен адамдық арын жоғары қоятын өресі биік жандар қызмет жолында жоғары белестерді бағындырса, қуанарлық әрі құптарлық іс. Қатардағы мұғалім кезінде асқан еңбекқорлығымен қоса адамгершілік қасиеттерімен танылған Өлмес ханым өз еңбек жолын 1986 жылы желтоқсан айында жұбайы Орынов Қалдыкөздің төсек тартып науқастанып, денсаулығы болмауына байланысты өз өтінішімен №11 санаторий типтегі мектеп-интернатына оқытушы болып ауысып, кейіннен 1992 жылы зейнетке шығумен тәмамдайды. Өзінен гөрі өзгенің баласын бірінші орынға қойып, жауапкершілікпен қарайтын ұстазымыз өз отбасында аяулы жар, ардақты ана, бес перзенттің өмірлік сарқылмас бұлағы. Өлмес ханым 1968 жылы Орынов Қалдыкөз деген азаматпен тұрмыс құрып, 29 жыл бірге өмір сүрді. Балаларын аялап, өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, ел азаматы болып қазіргі таңда еңбек етіп жүрген жайлары бар. Аяулы ана бойындағы жақсы қасиетін ұрпағына сіңдірді. Ана ретінде Өлмес ханым балаларының әрбір жетістігіне өзі жетістікке жеткендей қуанады. Өйткені, бұл – ұстаздың көп жылдық еңбегінің жемісі. Отбасына тоқтала өтсек, ұлы Орынов Бақытжан Қалдыкөзұлы 1970 жылы дүниеге келген, ішкі істер органдарында ұзақ жылдары қызмет атқарып, полковник шенінде абыроймен 2015 жылы зейнетке шыққан.Жары – Алиева Әлима Полатқызы екеуі қазір төрт перзент тәрбиелеп, немерелер сүюде. Екінші ұлы – Орынов Ғалымжан Қалдыкөзұлы 1975 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы салық, мемлекеттік кірістер органдарында қызмет атқарып келеді. Жары – Мақсұт Айман Әбдіжүсіпқызы екеуі үш ұл тәрбиелеуде. Қыздары мен күйеу балалары Орынова Гүлжан – Байтықов Сұлтан, Орынова Айжан – Бегалиев Азамат және Орынова (Батырбаева) Ж
![]()
анар – Батырбаев Мүсілім, барлығы жоғары білімді, тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, түрлі салада жұмыс атқарып, тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тағдырдың жазғаны болар, Өлмес ханымның жұбайы Қалдыкөз мырза 1997 жылдың мамыр айында кенеттен (кеңейтілген миокард инфарктісі) 55 жасында дүниеден өтеді. Ақ жаулықты анамыз барша мұсылман азаматы мен азаматшаларының арманына айналған дүние, 2008 жылы мұсылмандықтың бес парызының бірі, Қажылықты өтеуге Сауд Арабия елінің Мекке қаласына барып, үлкен парызын өтеп «қажы» болып қайтады.
Бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты анамыздың аймақтың білім беру ісіне осыншама еткен ерен еңбегі ескерусіз қалып көрген емес-ті. Атап айтсақ, Өлмес ханым еңбек жолында еңбегі ескеріліп, 1967 жылы Кеңес Үкіметінің 60 жылдығына байланысты, Ленин ауданы комсомолдарының жемісті еңбектерінің көрсеткіштеріне лайықты Қазақстан Орталық Комсомол комитетінің, Шымкент облыстық Комсомол комитетінің «Құрмет грамоталарымен», 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуына арналған мерекелік медалімен, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт аудандық мәслихатының «Құрмет грамотасымен», 2008 жылы Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің «Мақтау қағазымен» марапатталған. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» атағын иемденді. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың «Құрмет грамотасымен» марапатталып нағыз ұстаз екендігі тағы бір мәрте дәлелденді.
Қорыта келе, еңбек жолын адал атқарып, оқушыларға білім беру және тәрбиелеу ісінің жай-күйіне жаны ауыра білген нағыз ұлағатты ұстаз, мерейлі басшы бола білген Өлмес Өмірзаққызының ғибратты өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айта отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!