Білім мен білік ұштасса...
Бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында жетекшi рөл атқарады. Осы негізде белгілі бір деңгейдегі жұмыс
![]()
жоспарын, мақсаты мен міндетін, бағытын тиісінше ұйымдастырып, ұсына білу нағыз мамандардың тізгініндегі дүние демекпіз. Бүгін біз сөз еткелі отырған кейіпкер елімізде сұранысқа ие мамандықтардың бірі - Ұстаз атты ұлы тұлғалардың қатарынан оза шауып, қазіргі таңда өз әріптестері үшін аянбай еңбек етіп жүрген Мақсұтова Зейнеп Әбдіжүсіпқызы.
Зейнеп ханым 1970 жылдың ақпан айының 13-ші жұлдызында Алматы қаласында дүниеге келеді. 1987 жылы шырайлы Шымкент облысына қарасты Ленин ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті жақсы бағамен тәмамдап шығады. Заман көшіне орай кейіпкеріміз мектеп қабырғасын аяқтағаннан кейін еңбек жолына қадам басып, 1987 жылы Шымкент облысы,Ленин ауданындағы В.И.Ленин атындағы орта мектептің физика кабинетінің лаборанты болып алғаш жұмысқа орналасады.
«Мамандық таңдау - өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау» демекші, кейіпкеріміз бір жылдық еңбек жолынан кейін болашақ мамандығына таңдау жасап, 1988 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Қара сөздің қаймағынан сусындап, өткен күннің тарихына көз жүгіртіп, білім нәрімен сусындап жүрген шағында 1991 жылы тұрмысқа шығып, Шымкент қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне ауысады және 1993 жылы оқуды нәтижелі
![]()
аяқтайды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1993-1996 жылдар аралығында осы университетте филология факультетінің заманауи орыс тілі кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеуге қалады.
Білім мен білікті қатар алып жүріп, теория жүзіндегі білімін жетілдіре түсу мақсатында 1996 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей білім академиясының Жалпы орта білім беру институтының (ИОСО РАО) мемлекетаралық аспирантурасына түсіп, 1999 жылы диссертацияны сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағына ие болады. Білім көкжиегінде Зейнеп ханымның есімі республикалық конференциялар мен форумдарда, дөңгелек үстелдерде, 20-дан астам жарияланымдар мен ғылыми мақалаларда жарияланып үлгерді. Кейіпкеріміз аталмыш оқу ордасында 1999 жылдан 2002 жылға дейін Ресей білім академиясында педагогика саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, К.Д.Ушинский атындағы ғылыми педагогикалық кітапхананың бас библиографының жұмысын үйлестірумен шұғылданады. 2002 жылы елімізге, Елордасы Астана қаласына оралады.
Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – жас ұрпақты, тұлғаны ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін жан. Міне, Зейнеп ханым да осы салада қызметін жалғастырмаққа, 2002 жылдан 2006 жылға дейін іргелі оқу ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орыс тіл білімі кафедрасының оқытушысы болып жұмыс атқарады. Жинақтаған тәжірибесі мен білімділігінің арқасында Зейнеп ханым 2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шақыртуымен конкурсқа қатысып, «Мектепке дейінгі және орта білім» департаментінің бас маманы болып тағайындалады.
Кейіпкеріміздің өмірге деген және еңбек жолына деген көзқарасы мүлде ерекше. Өмір көкжиегінде жеңіске жету үшін бір бағытта өмір сүруден гөрі, ізденімпаздық пен әрдайым дамуды жөн санайтын Зейнеп ханым 2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы
![]()
Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы академиясында экономика және бизнес бакалавры мамандығы бойынша екінші жоғары білім алып, 2012 жылдан 2015 жылға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің «Стратегиялық жоспарлау, талдау», «Интернаттық ұйымдар, арнайы және инклюзивті білім беру», «Білім беру жүйесінің мониторингі» басқармаларының басшысы болып қызмет атқарады. 2015 жылы Лондон қаласында менеджмент бойынша тағылымдамадан өтіп, 2015 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп ханым Білім және ғылым министрлігіндегі еңбек жолында отандық білім беру жүйесін дамытуға, оның ішінде: оқулықтар, мектепке дейінгі және орта білім беру статистикасы, инклюзивті және арнайы білім беру, мектептерде мектеп формасын енгізу, педагогтардың біліктілігін арттыру, «Өрлеу» БАҰО АҚ құру, білім беру мен үштілді білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу, білім беру жүйесін мониторингілеу және талдау, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бесжылдықтар бойынша білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуге және іске асыруға, білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын, «100 мектеп және 100 аурухана салу», «200 мектеп салу» мемлекеттік бағдарламаларын, «Үздік педагог» жобасын әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысып, басшылардың және әріптестерінің алғысына бөленді.
Ел азаматшасы – Зейнеп Әбдіжүсіпқызы, өзіне міндеттелген жұмыстарды өте үлкен жауапкершілікпен орындайды. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп гүлденуіне, берекелі елдігіміз бен бірлігіміздің нығаюына және өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі қосқан еңбегі біршама. Оған дәлел кейіпкеріміз 2006-2008 жылдары жаңа буын оқулықтарын әзірлеу бойынша жұмысты үйлестіріп, 2007 жылдың қазан айында 20-дан аса ел қатысқан Мәскеу қаласында өткен «БиблиОбраз» Халықаралық мектеп кітапханалары фестивалінде Қазақстан делегациясын басқарып, маңызды жобаның қатысушысы атанып келді. Аталмыш фестивальдің басты мақсаты мектеп кітапханаларын қолдау және жасөспірімдерде кітапқа деген қызығушылықты қалыптастыру болатындығын Зейнеп ханым естен шығарған емес-ті. Бала
![]()
жанының бағбаны атанып үлгерген ел азаматшасы заман көшіне орай, жас ұрпақты заманауи жабдықтармен жабдықтау мәселелерін қашанда алдыңғы орынға қойып қарастырып келеді. Осы ретте кейіпкеріміз 2009 жылы Қазақстанның 1000 мектебінде алғашқы интерактивті тақталарды жабдықтау бойынша жобаға қатысты, сондай-ақ, 2014 жылға дейін республика мектептерін жаңа модификациядағы физика, химия, биология кабинеттерімен және лингафонды-мультимедиялық кабинеттермен кезең-кезеңмен жабдықтау бойынша жұмысты үйлестіріп, қазіргі таңда сол мәселелердің әлдеқашан орындалғандығының да куәсі болудамыз.
«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» - дегендей жастайынан елдің ісіне араласып, ұрпақ тәрбиелеп, қарапайым ұстаздықтан бірнеше қызметтерде жүріп, елдің,халықтың ортасында адал қызмет етіп келе жатқан Зейнеп Әбдіжүсіпқызы шетелдік әріптестерімен етене жақын араласып, барынша қолдау көрсетіп, өз біліктілігін әрдайым дамытып жүретіндігі жасырын емес-ті. Сөзіміздің дәлелі, кейіпкеріміз 2010 жылы Лондон қаласында ұйымдастырылған халықаралық білім министрліктерінің білім беру жүйесіндегі IT-технологиялар жетістіктерінің сұрақтары бойынша съезіне, көрмесіне қатысушылардың қатарында болды. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Орталық Азия елдерінде көптілді және көп мәдениетті білім беруді ілгерілетуді қолдауға Орталық Азия білім беру бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның ұлттық мектептерінің (өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқыту) жұмысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесімен біріге жұмыс атқарса, 2016 жылғы наурызда Қазақстан делегациясының құрамында Анкараға
![]()
(Түркия) барып, онда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысып, отырыс барысында талқыланған білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерді қарастырып келді. 2017 жылы Тбилиси қаласындағы (Грузия) УЕФА Форумына қатысып, мектептерде футбол сабағын енгізу мәселесін қарастырып, еліміздің білім беру жүйесінде ұсынылып, қазіргі сәтте үйірме ретінде қарастырылуда. Зейнеп ханым 2018 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасында Берлин қаласында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі қазақстан-герман үкіметаралық комиссиясының отырысында баяндама жасап, көпшіліктің көңілінен шыға түсті.
Міне, осындай ізгі істердің басы-қасында жүрген Зейнеп Әбдіжүсіпқызы 2020 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың бұйрығымен осы министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып тағайындалып, аумақтық құрылымды дербес басқаруда.
Бала жанының жанашыры болып, ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымының қалыптасуына өз күш-қайратын жұмсайтын ұлы тұлғаларға әрдайым құрмет пен қошемет білдіру артықтық етпесі анық. Кейіпкеріміз бірнеше жылдық еңбегінің жемісі мақтау мен мадақтауларға ие болғандығы. Әрі әрдайым өз білімін жетілдіру мақсатында түрлі біліктілікті арттыру курстарына қатысқандығын дәлелдейтін бірнеше Сертификаттар иегері. Еңбек жолында қол жеткізген жетістіктері үшін 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2012 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, 2013 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, 2017 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» және 2018 жылы «Астананың 20 жылдығы» медалімен марапатталған.
![]()
Тұлғасынан тұнып тұрған тектілікті көре отырып, еңбек жолынан бөлек бұл кісі отбасында қандай екен деген сұрақ кімді болсын мазалайтындығы хақ. Қазіргі таңда, Зейнеп Әбдіжүсіпқызы білдей бір қасиет пен кие тұрақтаған әулеттің келіні. Жолдасы Талғат Лесұлы Мамаев 1965 жылы туған, Қазақ химия-технологиялық институтының түлегі, техника ғылымдарының кандидаты, Мәскеу бетон және темірбетон институтының аспиранты, қазіргі уақытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» кәсіпорнында қызмет атқарады. Үш балапанның аяулы анасы. Зейнеп ханым нәзік жанды әйел адам болғанына қарамастан, өзіне жүктелген жауапты қызметті асқан кәсібилікпен шебер атқарып қана қоймай, отбасы мен жақын-жуық ағайындары мен дос-жарандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, үлкен татулық пен береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр десек, қателеспесіміз айдан анық. Жолдасы Талғат мырзамен бірге бүгінгі таңда екі қыз бен ұлды тәрбиелеп, үлкен қыздары Мақпал күйеу баласы Мақсат екеуі бірге үш немеренің ата-анасы атанып, екеуі де «Теңізшевройл» халықаралық мұнай компаниясында менеджер болып қызмет атқаруда. Екінші қыздары Гүлнұр 2019 жылы Магдебург қаласындағы (Германия) Отто фон Герике университетінің бакалавриатын және 2020 жылы Гамбург университетінің (Германия) магистратурасын аяқтап, Нью-Йорк қаласындағы (АҚШ) Wall Street-те «NCheng LLP» қаржы компаниясында тағылымдамадан өтті. Қазақстанға оралып, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында «Agip Eni S.p.A.» мұнай компаниясында еңбек жолын бастауда. Ұлдары Дінмұхамед 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 12-жылдық орта білім алып, Ингольштадт қолданбалы ғылымдар техникалық университетінің (Германия) Электротехника және информатика факультетіне оқуға түсті. Мақсаты айқын, армандары биік, жастайынан ата-анасының білімге деген құштарлығы мен тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіре білген балалары әлі талай белестерді бағындырарына сенім артамыз.
Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында ұжым арасында сыйлы, білімді маман, инабатты да сенімді әріптес, жібек мінезді, ашық жүректі, әрқашанда үлкенге құрметі бөлек, кішіге ізет білдіретін жүрегі кең, пейілі ақ, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң адамның ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға қашанда үлгі бола бермек.
Зейнеп Әбдіжүсіпқызы, Сіз, өз білімділігіңізбен, тәжірибелігіңізбен, адал еңбегіңізбен ерекшеленіп келесіз.
Сізге таза көңілден шыққан ізгі ниетімізді білдіре отырып, өмірдің барлық қуанышын қызықтап, Алланың берген жасын жасап, кісілік келбеттеріңізден танбай, несібе-дәулеттеріңіздің арта беруіне ақ тілегімізді білдіреміз. Отбасыңызға бақыт, өзіңізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, барлық істеріңізге табыс тілейміз!