Сатыбалдиева Дания

Рейтинг:

Ұлағатты ұстаз

      Ұстаздық жолының ұлы да қасиетті екенін айтудан ешқашан жалықпаймыз, себебі адамзат баласының санасына білім нәрін себетін, әрбірінің қабілет-қарымын бағамдап, жол сілтеуші жан. Ата-анадан кейінгі адамға жақын жанның бірі ол ұстаз деп сеніммен айта аламыз. Ата-ана үйде баласының тілеуін тілеп отырса, мектепте баланың жан-жақты білімді, тәртібі орнықты болуы үшін барлық күш-жігерін салып еңбектеніп, әрқайсысының жеңісімен мақтанып, марқайып отырады. Білікті де білімді, 38 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар, зерттеуші ұстаз Сатыбалдиева Дания Ахметқалиқызы жайында әңгіме өрбітпекпіз.
      Дания Ахметқалиқызы 1964 жылы 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Отбасында 3 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген ата-анасы ауыл-аймағына сыйлы, абыройлы жандар болды. Әкесі Ахметқали құрыш қолды құрылысшы болса, анасы – Ғұбашева Мүслима ұлағатты ұстаз болды. Анасының бойындағы барлық ізгілік қасиеттерді бойына жиып бойжеткен Дания ұстаздық жолды бала күнінен таңдады десек те болады. Анасы оның өмір жолындағы үлгі тұтар жаны болды. 1971 жылы Сакко атындағы орта мектебінің 1-сыныбына қабылданған Дания мектепке алғаш барған сәттен-ақ оқу-білімге өте ынталы қырымен көрініп, ұстазын тәнті етті. Сыныбын, жетекшісін, сыныптастарын жақсы көріп, барлық сабағына тас түйін дайындықпен баратын. Сол кездері мектеп кітапханасынан күн құрғатпай кітап алып оқу дәстүрі оқушылар арасында кеңінен тараған еді. Әркім өзінің оқығанын сайрап айтып беріп, ұстаздарынан мақтау еститін. Ондайда Дания алдына жан салмайтын. Балалар әдебиетін сүйіп оқитындықтан авторларын шатаспай айтатын. Шығармашылыққа жақын болды. Қолы қалт еткенде отыра қалып, мектептің қызықты оқиғаларын қағаз бетіне түсіретін. Мерекелі даталарда өлең шығарып, сыныптағы туған күн иелеріне өлең арнайтыны бар еді. Пәндік олимпиадалардан, мектептің қоғамдық өмірінен тыс қалмайтын. Алтын ұя мектебін 1981 жылы 10 сыныпты ойдағыдай бітіріп шықты. Арман жетегімен, қатарластары секілді сол жылы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсті. Оқу орнын 1984 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді. Білімді жас маман алғашқы еңбек жолын туған ауылындағы Ю.А.Гагарин атындағы бастауыш мектебінен бастады. Жаңа ортаға қосылған жас маманды ұжымы жылы қабылдап, жұмысқа үйретіп, ақыл-кеңестерін айтты. Жас болса да өзінің жауапкершілігін жақсы білетін Дания ортасында беделді болуға тырысып, берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап, өзін жан-жақты көрсете білді. Табанды, іскер жас 1985 жылы аудандық «Пионер Үйінің» директоры болып тағайындалды. Қашанда күн ұзақ жұмыстан босамайтын Дания жаңалыққа жаны құмар, жаңашылдықты жақсы қабылдай білетіндігімен де ерекшеленетін. Ол үнемі оқып, әріптестерімен тәжірибе алмасып отырудың арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізе алды. 1986-1996 жылдары С.Киров атындағы орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1997 жылы Ю.А.Гагарин атындағы бастауыш мектебінде психолог міндетін атқарды. 1998-2004 жылдары Ю.А.Гагарин атындағы бастауыш мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасты. 2005 жылы осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, 2006 жылы қосымша білім беру педагогы қызметтерінде болды. Оқу-білімге құлшынысы зор Дания Ахметқалиқызы 2002 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсіп, оны 2005 жылы «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша жақсыға бітіріп, жоғары білім алып шықты. 2005 жылы оқу ісінің меңгерушіcі, 2007-2010 жылдары №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі қызметін, 2010-2011 жылы аудандық білім бөлімінде бастауыш сыныптар бойынша және мектепке дейінгі ұйымының әдіскері болып қызмет жасады. 2012-2014 жылдары бастауыш бірлестігінің жетекшісі, 2021 жылдан бері №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі және сынып жетекшілік міндетін абыроймен атқарып келеді. 2013 жылдан бастап аудандық әдістемелік кабинет жанынан құрылған шығармашылық топтың, 2014 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Білімді педагогтің проблемалық тақырыбы «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» болып табылады. Ұстаз өз пәнін оқытуда инновациялық әдістердің тиімді тұстарын пайдалана отырып, күрделі, қиын тақырыптарды меңгертудің жеңіл жолдарын таба біледі. Осы тақырып бойынша баяндамасы 2018 жылы облыстық тамыз конференцияда тыңдалып, жоғары бағасын да алды. Білімге құштар жан әр кезеңдерде оқу курстарына қатысып, білімін жетілдіріп отырады. Атап айтқанда, 2007 жылы «Компьютерлік сауаттылық», 2008 жылы «12 жылдық жалпы білім беру жағдайындағы бастауыш мектепте тәрбие мен білім берудің тұжырымдамалық негіздері», «Білім беру үрдісінің жаңару жағдайында мектептегі әдістемелік қызметті ұйымдастыру», «Бастауыш сыныптарда заманауи білім беру технологияларын қолдану», 2018 жылы «Жаңартылған білім беру мазмұны» бастауыш сынып бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша курсынан, 2019 жылы «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайындағы  білім беру ортасының мазмұны» бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша курсынан, 2020 жылы республикалық онлайн «Қашықтықтан оқытудың жаңа форматты және Online платформалар мүмкіндіктері», 2020 жылы Назарбаев зияткерлік мектебі жанынан ұйымдастырған «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» 40 сағат, 2021 жылы «Педагогтердің цифрлық құзырлығын дамыту» біліктілікті арттыру курсынан өтті. Шығармашыл жанның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ашық сабақтары мен өнеге сағаттары, мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарық көріп келеді. Атап айтатын болсақ, қаламы қарымды ұстаздың «Ұстаз мақтанышы», «Жаңалыққа жаны құштар жан», «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан болады», «Қариялар – асыл қазынам», «Ұстаз тұлғасы» атты мақалалары жарық көрді. «Жаңақала – гүл қала», «Өрт», «Өрттен сақтан» өнеге сағаттары, «Сан есім», «Қызықты математика», «Бб дыбысы мен әрпі», «Білімді тиянақтау», «Етістіктің жіктелуі», «Санды 6-ға көбейту мен бөлу», «Ауылым – алтын бесігім», «Менің отбасым» ашық сабақтары, «Тіл білгірі» интеллектуалды ойын, «Өрлеу» порталы онлайн сайты «Біз біргеміз, біз үйдеміз» бейнеролигі жарияланған. Сонымен қатар, Дания Ахметқалиқызы әрдайым өтетін конференция, семинар, педагогикалық оқуларға қалмай қатысып отырады. Мәселен, 2012 жылы «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» инновациялық білім беру технологиялары, 2013 жылы «Инновациялық технологиялардың бастауыш мектептегі білім сапасын арттырудағы маңызы», «Шағын жинақты мектеп: Қазіргі жайы мен болашағы» тақырыбындағы облыстық семинарларға, 2014 жылы «Ұстаз беделі – біліктілігінде» облыстық әдістемелік семинарға, 2018 жылы «Педагог қызметкерлердің кәсіби ықпалдастығы: облыстық конференция: Ізденіс және тәжірибе» тамыз кеңесінде педагогикалық инновациялық жәрмеңке «Оқушыны бақылаудан іс-тәжірибені зерттеуге дейін» тақырыбында стендтік таныстырылымда, «Тиімді жұмыстың теориясы мен практикасы» аудандық конференцияға қатысып, өзіндік ой-пікірімен бой көрсетіп, үн қосты. Тәжірибелі педагог үнемі кәсіби конкурстарға қатысып, білімін жетілдіруден шаршамайды. Ол 2014, 2015, 2016, 2017, 2018 жылдары облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімдерінің» байқауына, республикалық бастауыш пәні бойынша қашықтық олимпиадасына, 2018 жылы республикалық қашықтық «Үздік педагог портфолио» байқауына, республикалық Дәстүрлі Интернет олимпиада байқауына, 2019 жылы ІІ республикалық «Үздік сынып жетекшісі» олимпиада байқауына, 2019 жылы республикалық бастауыш пәні бойынша қашықтық олимпиадасына, 2021 жылы республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасына, 2021 жылы республикалық Бастауыш сынып мұғалімдерінің қашықтық олимпиадасына, республикалық «Үздік – педагог» қашықтық онлайн олимпиадасына, республикалық «Ұстаз тілегі» ғылыми-әдістемелік онлайн сайты мұғалімдер олимпиадасы, «Педагогика» пәні бойынша, республикалық «Ұстаз тілегі» ғылыми-әдістемелік онлайн сайты мұғалімдер олимпиадасына «Математика» пәні бойынша курстарға қатысты. Сонымен қатар, ұстаздың таратылған әдістемелік бағдарламалары да жетерлік. Яғни, 2008 жылы аудан  көлемінде «Бастауыш сыныптағы «Ана тілі» және «Қазақ тілі» пәндерінен оқушы шығармашылығын дамыту жолдары» баяндамасы, 2014 жылы аудан көлемінде «Тест» жинағы, 2014 жылы облыс көлемінде «Бастауыш және орта буындағы қазақ тілін оқытудың сабақтастығы» баяндамасы, 2019 жылы облыстық оқу әдістемелік кабинеті хаттамасының шешімімен «Туған өлке» тақырыбындағы әдістемелік жинақтары таратылды. Дания Ахметқалиқызы рухани дүниесі бай, ой-өрісі кең, қызығушылығы тұрақты, толық мінезді, парасат-пайымы, ой-өрісі биік жан. Оның мінез сапаларының бірі ретінде сабырлығы мен байсалдылығын баса айтуға болады. Қандай ортада болса да өзін еркін ұстап, қарым-қатынасқа тез түсіп, әріптестерімен, ата-аналармен және шәкірттерімен жақсы тіл табыса біледі. Табиғатынан мінезі бірқалыпты, ашық, тіл байлығы зор, жүрегі жұмсақ, қайырымды, қамқор пейілді ұстаз. Сонымен қатар, Дания Ахметқалиқызы бойындағы табиғи дарындылығымен, шығармашылығымен көптің арасында ерекшеленіп тұрады. Бұл оның ақыл-ой әрекетінің белсенді жүріп отыратындығын, жалпы дүниетанымының кеңдігін, жаңаны тез қабылдай білетіндігін айқындайды. Өзінің пікірлесімен асықпай отырып, жай сөйлесе біледі. Қанша жерден жоспарлы жұмыстары күтіп тұрса да сұхбаттасының көңілін жықпай, дұрыс жауап беруге тырысады. Білімді ұстаз өзінің әр сабағына үлкен жауапкершілікпен қарай біледі. Оқушыларына жоғарғы талап қоя отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда жаңаша әдіс-тәсілдерді, жаңа технологияларды үнемі пайдаланып отырады. Әр сабағында оқытудың білім берушілік, дамытушылық және тәрбиеленушілік функцияларын жүзеге асыруда, оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру процесіне кешенді тұрғыда қамтамасыз етуге аса көңіл бөледі. Сабақ барысында баланы оқуға ұмтылдыратын мотивтерді жиі қолданады. Мысалы білім мазмұнының қызықты материалдармен байытуда жеке танымдық тапсырмалар, қызықты сауалдарды қолдануы, оқушылардың танымдық сұраныстарын қанағаттандыруы, ойлау сезімдерін байытып, білуге деген құштарлығын оятады. Дания Ахметқалиқызының бойынан қажырлылық, белсенділік сияқты жақсы қасиеттерді іздемей-ақ, бірден байқай аласыз. Өзіне тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындайтын, ұжымның арасында беделді, сыйлы жан қашан да күлімдеп, өз жұмысына сүйіспеншілік сезіммен келеді. Ұжымының мақтанышы, отбасының ақылшы, данасы. Бүгінде мерейлі отбасында бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсіріп, немере-жиендердің қызығын көріп отырған бақытты әже. Қолындағы баласы Бекбол мен келіні Эльмира, немересі Бекнұр, басқа елдің шырағын жағып отырған қызы Диляра мен күйеу баласы Елнұр, Ахмад, Омар атты жиендері өмірінің мәні мен мағынасы. Ұстаздық жолынан бағы жанған Дания Ахметқалиқызы бүгінде толық бақытты жандардың қатарында. Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға, - деп ұлы Абай жырлағандай, ұстаздық жолындағы еңбегіңізді шәкірттеріңіз ақтай берсін демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...