![]()
Ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек
Елбасы айтқандай, қай қоғамда да еңбек адамды алға жетелейді. Қазақ қашан да еңбектен бас тартпаған. Әсіресе, еліміз жаңа
![]()
белеске көтеріліп отырған қазіргідей шақта білікті мамандарға деген қажеттілік туындап отырғаны белгілі. Қай қызметте болмасын, жетістікке жетіп, биік шыңдарды бағындыра білу үшін адамзат үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Аянбай, адал еңбек етіп, адамгершілік, әдептілік қасиеттерді бойына сіңірген жанның ешуақытта ұтылмасы анық. Саналы өмірі адал еңбекпен өріліп, маңдай тердің, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында абырой тұғырына көтерілген ардақты азаматтар мен азаматшаларды қай қырынан болса да үлгі тұтуға болады. Міне, сондай абзал жанның бірі де бірегейі ЖШС Нұргүл Менесбаева атындағы «Алмалы», «Сезім» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі – Молдыбай Сандуғаш Көшербайқызы.
Сандуғаш Көшербайқызы 1981 жылы биік таулы аймақта яғни, Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Райымбек ауданындағы картоп өсіретін кеңшардың орталығы болған Текес ауылында дүниеге келген. Білімге құштар Сандуғаш осы аталған ауылда 7-сыныпқа дейін оқып, содан соң Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектепке ауысып, 1997 жылы жақсы аяқтап шығады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде арманшыл бойжеткен білім қуып Алматы қаласындағы №1 педагогикалық колледжіне түсіп, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» бөлімін қызыл дипломмен аяқтайды. Сонымен бірге, Шымкенттегі Академиялық әлеуметтік инновациялық университетті де тәмамдаған. Кеудесіне диплом қысқан жас маман еңбек жолын Алматы облысы, Еңбешіқазақ ауданы, Есік қаласындағы Сәбилер үйінде 2000-2012 жылдар аралығында тәрбиеші және әдіскер ретінде 12 жыл жұмыс атқарады. Бойында жастық жігері бар, санасында алған білімі бар Сандуғаш Көшербайқызы қызметіне белсене араласып, соның арқасында жақсы жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық мадақтамалар, алғыс хаттар, құрмет грамоталарына ие болады. Соның нәтижесінде,
![]()
мәртебесі өсіп, мықты маман болып қалыптасып, ары қарай қызмет жолын 2012-2016 жылдар аралығында Қызылжар ауылындағы «Нұр -Дәулет» балабақшасында әдіскер ретінде жұмыс бастап көреді. Бұл жерде де жалындап тұрған жас маманның іскерлігі көзге түсіп, аудандық, облыстық мадақтамалар, алғыс хаттар, құрмет грамоталарымен еңбегі бағаланады. Осылайша еңбек жолында тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинақтап үлгерген жас маман 2016 жылы «Мектепке дейінгі ұйымдарда серуенді ұйымдастыру әдістемесі» атты кітап құрастырып шығарады. «Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз кəсібінің қыр-сырын жетік меңгерген Молдыбай Сандуғаш білімді де білікті маман ретінде таныла біліп, лауазым биігіне сатылай көтерілді. Бүгінгі күнде 2017 жылдан бастап Алматы облысы, Еңбешіқазақ ауданы, Алмалы ауылында орналасқан Нұргүл Менесбаева атындағы «Алмалы», «Сезім» бөбекжай-балабақшаларында меңгеруші қызметін атқаруда. Әрине, қызмет жоғарылаған сайын қойылар талап, жүктелер міндет, атқарар шаруа да ауқымды болары заңдылық. Меңгеруші қызметінің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Тек адал еңбек қана абыройға жеткізетінін жас кезінен-ақ көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен Сандуғаш өзіне сеніп тапсырылған осынау міндетті үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді. Түрлі салада абыройлы қызмет жасап, елінің өркендеуіне біршама үлес қосып келген Сандуғаш Көшербайқызы жоғарыда аталған балабақшаның атынан да түрлі аудандық, облыстық мадақтаулар мен марапаттар алған. Сонымен қатар, 2018 жылы «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ Творчествалық Бірлестігінің дипломымен, «Лидер образования» медалімен марапатталған. «Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» дегендей, Сандуғаш Көшербайқызы білікті маман ғана емес, ең бастысы үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген аяулы ана, отбасының ұйытқысы. Ол жолдасы екеуі алтын асықтай төрт ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, үлкен шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған үлгілі отбасы. «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» демекші, Сандуғаш Көшербайқызының жоғарыда аталған балабақшада атқарып отырған ауқымды істеріне халқы да ризашылығын білдіруде.
Сандуғаш Көшербайқызы ерекше шешім таба алатын, ақылымен, мәдениеттілігімен, кәсіби біліктілігімен толықтай жұмысына беріліп еңбек етіп жүрген өз ісінің маманы. Жетістікке жету – сарқылмас сабыр мен темірдей төзім әкеледі. Қайтпас қажыр-қайрат пен зор ізденіс және де ең бастысы өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілік арқылы ғана қол жеткізер құндылық. Түйіндей айтқанда, маңызды салада қызмет ету жолында Сандуғаш Көшербайқызы бүгінгі бедерлі белесті үлкен абырой-беделмен қарсы алып отыр.
![]()
![]()
![]()